Ауылда стоматологиялық кабинеттер түгіл, тіс дәрігерлері де жоқ
Құрал ҚҰРАҚБАЕВ, Тіс дәрігерлері ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Медицина саласында ең алдымен, жекеменшіктің қолына беріліп, халыққа ақылы қызмет көрсете бастаған – стоматология саласы. Мұның артықшылығы мен кемшілігі неде болды?
– Кеңес Одағы кезінде стоматологиялық кабинеттер әр емханада, әр мекемеде кездесетін. Ал бүгінде мекемелер тұрмақ, емханаларда тіс кабинеттері жоқ. Елімізге нарықтық экономика келіп жеткеннен кейін стоматология саласы нарықтық принциптерге тез бейімделіп жекешеленіп кетті. Шыны керек, сол кездегі жағдай солай бейімделуге ықпал етті. Мемлекет алдында денсаулық сақтау саласының қай бөлігіне қаржыны жеткізе аламыз, ал қай сала халықтың өз қалтасынан қаржылануы керек деген сұрақ туындағанда алдымен, стоматология саласы жекешелендіруге ұшырады. Өйткені адам денсаулығына аса маңызды басқа дене мүшелерінің ауруы тіс аурулары мәселесінен басым түсті. Осылайша, халық онсыз да дәріні сатып алып үйреніп қалды ғой деп, фармация мен стоматология саласын жекеменшік қолына бере салды. Стоматология саласының жекеменшікке берілуінің пайдалы жағы бізге шетелдік заманауи қондырғылар қолжетімді бола бастады. Оған дейін стоматология саласына қатысты заманауи қондырғыларды ұстап көрмек түгілі түстеп тани алмайтынбыз. Осылайша, халыққа тиімді, жоғары деңгейде қызмет көрсете алатын, заманауи қондырғылармен жабдықталған стоматологиялық кабинеттерді ашуға мүмкіндік туды. Еліміздегі стоматология саласы жаңа технологиялық жабдықтармен толықты. Бұл стоматология саласының жекеменшікке берілуінің пайдалы жағы болса, зиянды жағы – халықтың тісі күрт нашарлап кетті. Ақылы стоматологтардың қызметіне жүгінуге қала халқының мүмкіндігі бар. Өйткені қала тұрғындарының жұмысы бар және қалада стоматологиялық кабинеттердің де саны жеткілікті. Ал ауылда стоматологиялық кабинеттер түгілі тіс дәрігерлері де жоқ, ақылы тіс дәрігерінің қызметіне жүгінуге тұрақты жұмыстары да болмағандықтан, ауыл тұрғындарының тістері күрт нашарлап, тіс арқылы туындайтын аурулардың да саны артып кетті. Сондай-ақ балалар стоматологиясы да құлдырап кетті. Өйткені балалардың бала кезіндегі тіс өзгерісінің дұрыс қалыптасып, тіс ауруларының алдын алуға тиісті мектептердегі тіс кабинеттері жабылып қалған еді. Уақытылы тексеріп отыратын емханалардағы тіс кабинеттері де жекешеленіп кеткендіктен балалар тісі қараусыз қалды. Нәтижесінде, ұрпағымыздың тісі дұрыс қалыптаспай, тіс мәселесі күрделене түсті. Сондықтан біз мемлекетке ұсыныс жасап, мемлекеттік кепілдемелі тегін медициналық көмегінің ішіне балалар мен жүкті әйелдерді енгізу туралы ұсыныс жасадық. Біздің бұл ұсынысымыз қабыл болып, бүгінде 18 жасқа дейінгі балалар мен аяғы ауыр әйелдер тегін стоматологиялық қызметтерге жүгіне алады. Әйтсе де 2000 жылдан бастап мемлекет тарапынан қабыл алынып, қаулыға енгізілген бұл ұсынысымыздың іс жүзінде орындалуы қуантпай тұр. Әрқашан бар нәрсені жоқ ету оңай да, жоқтан бар жасау қиынырақ қой. Осыған орай кезінде емханаларда жабылып қалған стоматологиялық кабинеттерді де қайта ашу оңай болмай тұр.
– Кеңес Одағы кезінде балалардың тіс дәрігері мен ересектердің тіс дәрігері бөлек болатын. Ал қазір бұлай бөліне бермейді. Бұл кадр тапшылығынан туындап отырған мәжбүрлік пе?
– Шетелде әмбебап дәрігер жүйесі қалыптасқан. Ал біз сол Кеңес Одағы кезіндегі тәжірибеден арыла алмай жүрміз. Кезінде 32 тісті бөліп алғандай қылып балалар тіс дәрігері, ересектердің тіс дәрігері, хирург стоматолог, стоматолог ортопед деген дәрігерлерге бөліп тастаған едік. Бұл дұрыс емес, негізі. Сондықтан бізге де әмбебап дәрігер жүйесіне көшетін кез жетті.
– Жалпы, бүгінгі күні тіс ауруының деңгейі қандай дәрежеде?
– Бұл – бүгінде бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Шыны керек, қазір елімізде тісі ауырмайтын адам жоқ деуге болады. Халықтың 98 пайызының тісі сау емес. Ал тіс ауруының асқынуы асқазан, жүрек, бүйрек сияқты өзге ағза мүшелеріне де залал келтіреді. Сол себепті сырқатқа стоматологиялық көмекті дер кезінде көрсетудің және тіс ауруларының алдын алудың маңызы зор. Дерттің бәрі ауыздан басталады. Ауру тістер қатерлі микробтардың жиналатын ұясы десе болғандай. Қазақ тіс ауруын ауру санай бермейді де, тістің ауруы асқынған кезде ғана стоматолог алдына келеді. Ал ауруы асқынған тісті емдеу де оңай емес. Тісі ауырған адамның барлық жері ауырады деуге болады. Өйткені тіс ауырғандықтан, адамның бет келбетінің бұзылатынын айтпағанда, денсаулыққа да келер зияны орасан. Тістің қызметі денсаулықпен тікелей байланысты. Мәселен, ауызға алынған ас дұрыс шайналмағандықтан асқорыту жүйесі ауруға шалдығады. Айта кетер жайт, халқымыз оңайлықпен дәрігер алдына бармауға дағдыланған. Тіс үш-төрт күн қатарынан ауырса дәрі басып, шөп салып, әйтеуір өзінше емін жасап, ауруын басады. Ары қарай тіс іштен шіри береді де, басқа тістің бәрін бүлдіреді. Ауырған тістің астындағы инфекциялар денеге жайылады. Осылайша, ол адам денесіндегі басқа аурулардың ушығуына алып келеді. Негізі, адам денесінде кездесетін ең зиянды инфекция осы тіс астында тұрады. Осы орайда салыстырмалы түрде айтсақ, біз жанған отты өшіре алмай арпалысып жүрміз, ал шетелде сол отты жандырмауға, тұтандырмауға тырысады. Яғни олар әрқашан кез келген аурудың алдын алуға ұмтылады. Ал біз ауру асқынып кеткен соң күресіп, жеңіліске ұшырап жатамыз. Негізі, асқынған ауруды жеңу қиын.
Мен жақында Түркияда халықаралық конгресте болып қайттым. Сонда баяндама жасаған шетелдік ғалымдар мынандай мысал келтірді: Швецияда тісін емдетуді қажет ететін балалар саны небәрі 6-8 пайыз ғана екен. Өте қызығарлық көрсеткіш. Бұл оларда ерте жастан бастап тіс ауруларының алдын алу жұмыстарының жоспарлы түрде жүргізілетінінің айғағы. Ал бізде бұл көрсеткіш олармен салыстырғанда айтуға ұят деңгейде. Негізі, құрамында фторы бар тіс пасталарын күніне екі рет тұрақты түрде пайдаланып тұру тіс ауруларын 40 пайызға азайтады екен. Осы орайда қазақи менталитетке сай ішкі тәртібіміздің қалыптаспауының өзі тісіміздің жағдайын күрделендіріп отыр. Бізде ата-аналар да балалардың тісіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлмейді. Өйткені сол ересектердің өзі тісіне жете мән беріп үйренбеген. Тіс тазалағанда оған кем дегенде үш минут уақыт бөлу керек.
Осылайша, не мамандар тарапынан, не халқымыз тарапынан қадағаланбаған тістің ахуалы төмендеп барады. Бір қызығы, дәл осы тісті қалай күту туралы декларация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен 1980 жылы қабылданған. Ол декларация біздің елімізде Алматыда өткізілген. Алайда Алматыда декларация өткізілгенмен ол, ең алдымен, шетелде қолданысқа енгізіле бастаған. Осы орайда біз істен гөрі сөзге жүйрік халықпыз демеске лаж жоқ. Өзіміз бастап айтып, іс жүзінде орындауда көш соңында қалып отырмыз.
– Осыған дейін жекеменшік стоматологиялық кабинеттерде бірнеше рет адам өлімі тіркелді. Осы орайда жекеменшік клиникалардың санитарлық деңгейіне сіздің көңіліңіз тола ма?
– Жасыратыны жоқ, алғашқы кездері стоматологиялық кабинеттер оңды-солды ашылып, оларды бақылау мүмкін болмады. Олар да санитарлық нормаларды сақтауды ақсатып алды. Нәтижесінде әртүрлі келеңсіз жағдайлар тіркелді. Ал бүгінде стоматологиялық клиникаларға қойылар талап жоғары. Стоматологиялық кабинеттерден А, С гепатиттерінің жұғуы туралы қауесеттердің шығуы да бақылаудың күшейтілуіне мұрындық болды.
– Бүгінде еліміздегі мектептердің стоматологиялық кабинеттермен жабдықталу деңгейі қаншалықты?
– Өте нашар деңгейде. Қолда бар деректерге сүйенсек, елімізде сегіз мыңнан аса мектеп, екі жарым миллиондай оқушы бар екен. Осы мектептердің бес-ақ пайызында ғана стоматологиялық кабинеттер бар. Осы орайда ұрпағының денсаулығына алаңдаған жергілікті билік өкілдері мектептер жанынан стоматологиялық кабинеттер ашуға мұрындық болса дұрыс болар еді. Айта кетер жайт, Алматы облысының әкімі арнайы бағдарлама жасап, үш жылдың ішінде қарамағындағы 135 мектепте стоматологиялық кабинеттердің ашылуына жағдай жасайды. Бұл қазір Алматы облысы бойынша бір ауданда екі стоматологиялық кабинеттен бар деп, ауыз толтырып айтуға тұратындай дерек. Олар балаларға тісті қалай тазалауды үйрете отырып, тіске қатысты үлкен мәселенің алдын алады. Тағы бір келтіре кетер дерек, Оңтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының бастығы облыс бойынша атқаруға тиісті жеті іс-шараның бірі ретінде стоматология саласын енгізіп отыр. Яғни аталған екі облыста осы салаға байланысты жұмыстар атқарылып жатыр деуге болады. Демек, ниет болса, жергілікті басқарушы орындарға да көп нәрсе байланысты. Әрқашан мемлекетке иек артып отыра бермей, істің қиюын таба білсе ғой шіркін! Негізі, жергілікті билік талапқа сай жұмыс істесе, аймақтардағы кез келген ахуал бүгінгідей күрделенбес еді.
– 2010 жылғы мәліметтерге жүгінсек, тіс ауруларының алдын алуға бюджеттен 500 миллион теңге бөлініпті. Бұл еліміздегі халық санына шаққанда 53 теңгеден келеді екен...
– Не айтпақ болғаныңызды түсіндім. Біз бүгінде сол 53 теңгенің «рақатын» көріп отырмыз. 53 теңгенің арқасында 32 тістің мәселесі күрделеніп кетті. Дегенмен біз тиісті орындарға осы соманы көбейтуге өтініш жасап жатырмыз. Осы өтінішіміздің негізінде 2011-2012 жылдары сәл де болса осы салаға бөлінетін қаржы көбейді. Дегенмен оны әлі де болса 3-4 есе көбейту қажет. Мәселен, қазір жекеменшік стоматологиялық орталықтардағы тісті жөндеудің ақысы өте қымбат. Стоматология саласындағы мұндай сапалы қызметтің ақысы арзан болуы да мүмкін емес. Сондықтан мемлекет оған өзі қолдау көрсетуі керек еді. Өкінішке қарай, ондай қолдау аурудың алдын алуға емес, керісінше асқынғанда ғана жасалуда. Өйткені мемлекеттік тегін медициналық қызмет көрсету кепілдігі қазір ауруы асқынған адамға ғана берілген. Айта кетер жайт, негізі асқынған ауруды емдеуден гөрі мемлекетімізге аурудың алдын алу әлдеқайда арзанға түседі. Бұл әлдеқашан дәлелденген нәрсе. Әйтсе де медицина саласы «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» қағидасымен дамуда.
– Елімізде стоматолог мамандар жеткілікті ме?
– Жоқ, жеткіліксіз. Ақылы түрде қызмет көрсететін стоматологтар жеткілікті. Ал мемлекеттік медициналық орталықтарда жұмыс істейтін мамандар саны аз. Стоматологиялық кабинеттер де аша алмай отырғандықтан, бұл салаға мамандар тарту да мүмкін болмай отыр. 16 миллионнан астам халқымызда 18 мыңдай ғана тіс дәрігері бар. Бүгінгі күні мамандардың барлығы қалалық жерге жиналып қалды. Ауылдық жерлерде стоматологтардың саны күрт азайып кеткен. Стоматолог тұрмақ, шалғай елді мекендерде дәрігердің өзі қат. Сонда тісі сырқырап, жанын қоярға жер таппаған ауыл жұрты кімге жүгінбек?
– Дүниежүзі стоматологтарын алаңдататын қандай мәселе?
– Тіс ауруларының санын азайту үлкен мәселе болып отыр. Әлем бойынша тісжегімен ауыратын халық саны жоғары күйінде қалуда. Біздің елімізде де халықтың 80-90 пайызы тісжегіге шалдыққан. Бір жүректің ауруымен ауырудың өзі қиын болғанда, 32 тіспен алысу тіпті қиын ғой.
– Еліміздегі денсаулық сақтау саласын жаппай ақылы ету мәселесі де көтеріліп жүр. Стоматология саласы секілді жаппай ақылы етудің пайдалы жағын көре аламыз ба?
– Жоқ, жаппай ақылы ету ақылға қонымсыз нәрсе. Ақылы ету пайдалы болса мемлекетке, ең болмаса, аяғы ауыр әйелдер мен балаларға тегін қызмет көрсету жайлы «сауын» айтар ма едік?! Мен де бұл ұсыныстың шет жағасын естіп қалдым. Мамандар мұндай ұсыныстың шығу төркіні халықтың денсаулығына деген жауапкершілігін арттырудан туындап отыр деп түсіндірді. Мұндай жағдайда медициналық қызмет көрсетудің елу пайызын мемлекет, елу пайызын тұрғындар қалтасынан өтейтіндей жүйе кірістіруіміз керек. Мәселен, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы халықтың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға болады. Бірақ бұл халықтың қалтасына күш салмайтындай болуы керек. Мәселен, егер бір жыл ішінде денсаулығыңыз сыр бермесе медициналық сақтандыруға бөлген ақшаңыз өзіңізге қайтып келетіндей болуы керек. Германияда осындай жүйе қалыптасқан. Бүгінде дүниежүзі осындай принциппен жұмыс істеуге көшкен.
Алашқа айтар датым бар
Негізі, әр адамның денсаулығы – өз қолында. Бізде халық зейнетке шыққан соң ештеңеге жарамайтындай халге жетіп, үйде отырып қалады. Ал шетелде 70-80 жасқа жеткен қарттар саяхаттап ел аралап, өмірдің қызығын көруге ұмтылады. Сондықтан медицина саласына бөлінетін қаржының белгілі бір бөлігін халқымыздың денсаулығына деген көзқарасын өзгертуге, өмір сүру салтын түрлендіруге жұмсасақ дұрыс болар еді. Бүгінде ұзақ өмір сүрмеудің «сылтауын» әркімнен іздейтін кезең өтті. Өмір сүру деңгейі бізден де төмен елдің тұрғындары ұзақ өмір сүріп жатыр. Сондықтан денсаулық сақтау саласында қолға алынатын ең бірінші шара – халықтың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталуы қажет. Тұрғындар жас кезінен бастап денсаулығын нығайтуды, сақтауды үйренуі керек. Қарапайым мысал келтірсем, тістің өзін күте білсек, мұнтаздай етіп, маржандай тізілген қалпында 100 жасқа жеткенше сақтауға мүмкіндік бар.