Аударма мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән беретін кез жетті
Әнуар ТАРАҚ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Ұлттық әдебиетіміздің қуатын өзгелерге таныту үшін аударма ісін жетілдіріп, дамытып отыру қажет екендігі анық. Тіл маманы ретінде, әдебиетші ретінде сіз бұл мәселенің жолға қойылуы қазіргі уақытта қандай деңгейде тұр деп ойлайсыз?
– Аударма, ол, ең алдымен – халықтар арасындағы қарым-қатынастың күшті құралы, түрлі мәдениеттердің рухани байланысының басты көзі. Аударма саласы қай заманда да ғылымның өркендеуінің негізі болған. Бір тілдегі дүниені келесі бір тіл арқылы ұсыну қай қоғамда да, қандай дәуірде де ел мәдениетін дамытуға, халықтың басқа ұлттың мәдениетімен танысуына, сөйтіп, өркениеттің жаңа биігіне қадам басуына ықпалы басым екені даусыз. Кезінде неміс ақыны Гете аудармашыны пайғамбарға теңеген. Өйткені аудармашылар адамзат мәдениетінің өркендеуінің әр кезеңінде елдің әдебиет пен өнерінің бетбұрысында алғашқы жолбасшылары бола білді. Кез келген өркениетті ел мәдени-рухани өміріндегі жетістігін сан-салалы ғылым, әдебиетімен бірге тәржіма өнерінсіз елестете алмайды.
– Қазақ әдебиеті мен ғылымындағы тәржіма жұмыстары қай кезеңнен бастау алады? Білуімізше, Кеңес Одағы тұсында аудармаға аса қатты көңіл бөлінді. Қызыл саясатқа қызмет еткен аударма әдебиет өзіміздің ұлттық дүниелеріміздің жарыққа шығуын тежеп тастаған жоқ па?
– Әдебиетті идеологияның маңызды саласы санаған кеңестік коммунистік жүйе социалистік қоғамда аударманы алғашқы орынға қойғаны белгілі. Қазақстанда 1920-30-ыншы жылдары орыс және шетел әдебиетін аудару құлшыныспен қолға алынды. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында да аударма ісі тоқтаған жоқ. Халықты жігерлендірген, намысын жанып, қайратын қуаттандырған, патриоттық, ерлік рухындағы шығармалар бірінші кезекте тәржімаланды. Жамбылдың «Ленинградтық өренім» жыры М.Тарловскийдің сәтті аударуымен қаһарман қаланы қорғаушыларға қуатты толқындай дем берді. Көркем әдебиеттің қай жанрында да отаншылдық сезім мен жауға деген ыза-кекті, өндірістегі, тылдағы жанқиярлық еңбек пен ұрыстағы батылдықты, ерен ерлікті насихаттаған туындылар халықтың және майдандағы жауынгерлердің қалың ортасынан табылды.
Герман фашизмі жеңіліп, социалистік құрылыстың жетіжылдық, бесжылдық белестеріндегі көпұлтты совет халқының ауыл шаруашылығы мен өндірісіндегі, экономикасы мен ғылымындағы, мәдениетіндегі қандай да бір жетістіктер мен жеңістерді насихаттауда баспасөз басты сипат алса, әдебиет онымен қанаттаса жаңа қоғам адамын тәрбиелеудің күшті құралы бола білді. Шетелдің өмірі мен тұрмысын, тарихы мен мәдениетін білу мақсатында аудармаға кең мүмкіндік берілді. Сонымен бірге қоғамдық және техникалық, басқа да әдебиеттер түрлерін аударуға қатты көңіл бөлінді. Алайда бұл мүмкіндік көркем аударма саласында белгілі бір идеологиялық шектеулер мен капитализмді әшкерелейтін, социализмді қолдап, қуаттайтын туындыларға қатысты жіктелген еді. Аты классика болғанымен, заты коммунистік саясатқа жат шығармалар шеттеп қалды. Осы кезеңде КСРО-да көркем әдебиетті аудару жан-жақты сипат алды. Мұның өзі өзге мемлекеттермен саяси-идеологиялық бәсекеге де айналды. Белгілі бір идеология шеңберінде қолға алынғанымен, 1960-80 жылдары көркем аударманың әр салада дамуы сол кездегі КСРО халықтарының әдебиетіне, өнеріне, ғылымына айтарлықтай өзгеріс енгізді деп айтуға болады. Қалай десек те, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері осы аударма арқылы өзгелерге танылып жатты. Мұны жоққа шығара алмаймыз.
– Жалпы, осы бағыттағы аяқалысымыз бізге не берді? Аударма ісінде әттеген-айларымыз да жоқ емес шығар?
– Жалпы, әдеби аударманың кәсіби түрде мектебін қалыптастырған – Абай. Кейін кеңестік дәуірде жоғары деңгейде қолға алынды. Осыдан келіп әдебиет жаңара бастады, жанрлық жағынан жетілді, мазмұндық сипатта жан-жақты дамыды. Тіпті шағын ұлттар мен ұлыстардың да ақын-жазушылары шығармашылық қадамын бастады. Дәл осы кезеңде қазақ әдебиеті де өзінің деңгей-дәрежесін көрсетуге күш салды. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан бастап, басқа да классикалық құндылықтарымыз алдымен орыс тіліне, содан кейін бірқатар шетелдерде тәржімаланды. Бірақ тәржімалану сапасы, аударманың теориялық заңдылықтары мен ережелері, талап-шарттарына сәйкестігі сараланбады. Өзбекстан, Кавказ елдері, Балтық жағалауы республикаларында төл туындыларды ұлт тілінен, түпнұсқадан басқа тілге тікелей тәржімалау тәжірибесі кең сипат алды. Өкініштісі, осындай үлгілі үрдіске ілесе алмадық. Қазақ аударматану ғылымына С.Талжанов, Р.Хайруллин, Ә.Сатыбалдиев, Қ.Нұрмаханов, Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, М.Әлімбаев, М.Құрманов, Г.Бельгер және т.б. әдебиетшілер, ақын-жазушылар айтулы үлес қосты.
– Дегенмен қазіргі уақытта мұндай аудармашылардың жаңа шоғыры толыққанды қалыптасып үлгермеген сияқты. Болса да, олардың жемісті еңбектері көріне бермейді...
– Бүгінде бұрынғы сол үрдістер жаңа сипатта дамуда. Біздің қаншама көркем құндылықтарымыз орыс тіліне жолма-жол, еркін аудару тәсілінен зардап шекті. Ұлт мақтанышына айналған, халық таңдана оқыған тартымды туындылар көркем мазмұнынан, тілдік байлығынан, ең бастысы, ұлттық өзгешелігінен, болмысынан айрылып қалды. Абайдың өлеңдерін аударған аудармашылардың ұлы классиктің талантымен теңдесе алмақ түгіл шендесе алмайтынын ескерсек, аударманың қандай деңгейде орындалғанына енді көз жеткізіп отырмыз.
– Сонда сіздің айтпағыңыз, қазақ өлеңінің басында тұрған ұлы Абайымыз орыс тіліне сәтсіз аударылған ба?
– Абайдай асқақтата айтқан алып ақынымыздың поэзиясы орыс тіліне ғана емес, осы тіл арқылы өзге де шет тілдеріне нашар аударылған. Өйткені кезінде ұлы ақын туындыларын жабыла әрі жарыса аудару белең алды. Онда да Абайдың ақындық талантымен шендеспейтін аудармашылар тәржімалады. Оның үстіне, тікелей қазақ тілінен емес, жолма-жол нұсқадан аударылды. Аударманың көркемдік, мазмұндық, мағыналық деңгейі туралы ешбір ғалым батылы жетіп айта алмады. Идеология билігі қолындағы орталық кез келген ұлт әдебиетіне өзінің үстемдігін жасады.
Енді, міне, талай ғасыр ата-бабамыз армандап, арпалысқан қасиетті Тәуелсіздік таңы атып, дербес, егеменді ел болған кезімізде, өткенімізді өнегелеп, келешегімізге кемел жол сала бастадық. Нарықтың алуан ауыртпалықтарымен арпалыса жүріп, кешегі әдеби, мәдени құндылықтарымызды електен өткізіп, елдік рухани деңгейімізді саралау қажеттілігі де күн санап артып келеді. Сан салалы мәдени өміріміздің алуан бағытының бірі ретінде аударма ісіне, аударматану ғылымына кенжелеп келіп, жоғымызды енді іздеп, олқылықты бүтіндей бастадық. Сондықтан да әлдебір империялық пиғылдың ығына қарай жығылып, аударылған құнды шығармаларымызды жаңаша, ұлттық сипатта, түпнұсқаны ескере отырып, қайыра бір қарап шығатын кез келді.
– Аударма – шығармашылық мүмкіндікпен қоса, қыруар еңбекті, терең білімді, жан-жақты ізденісті талап ететін үлкен сала. Осы орайда өзіңіз қызмет етіп жүрген оқу орнында болашақ сауатты аудармашыларды дайындау ісі қалай жүргізілуде?
– Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетіндегі «Аударма ісі» бөлімінде болашақ аудармашы мамандар даярлануда. 1986 жылы негізі қаланған аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасы еліміздегі жазбаша, ауызша аударманың ғасырлар бойы жинақталып, қозғалмаған мәселелеріне қызу араласуда. Факультет деканы, филология ғылымының докторы, профессор Қ.Әбдезұлының басшылығымен оқыту және тәрбиелеу үдерісі жаңа бағытқа жүйеленуде. Кафедра қазақ көркем аудармасын зерттеу ісіне тиянақты көңіл бөліп келеді. Студенттердің дипломдық жұмысы шетел және орыс классиктерінің, таңдаулы туындыларының қазақша тәржімалануы мен қазақ көркем шығармаларының орыс тілдеріне аударылу сипатын, деңгейін зерттеп, талдап, саралады. Абай, Шәкәрім, М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов т.б. классиктеріміздің әр кезеңдегі аудармалары ғылыми-зерттеу нысанына айналды. Абай мен М.Әуезовтің аудармашылық таланты, шеберлігі жаңа зерттеулермен жалғасуда. Соңғы жылдары Абай поэзиясы мен қарасөздерінің шет тілдеріне аударылуы аударматану тақырыбына айналса, М.Әуезовтің сан салалы шығармашылығы аударматанудың жаңа беттерін толықтыруда. Мұнымен бірге студенттер мен магистранттар қазақ ақын-жазушыларының ағылшын, қытай, француз, неміс тілдеріндегі аудармаларын талдауда. Ағылшын, француз тілінен тікелей қазақша тәржімаланған туындылар талданып, сарапталуда. «Аударма ісі» бөлімінде магистранттар әзірленсе, соңғы екі жылда РhD жүйесінде докторанттарды әзірлеу қолға алына бастады.
Кафедра аударманың басқа да түрлері мен теориясын оқытумен бірге, аудару тәжірибесін қалыптастыруда біршама істер атқаруда. Шәкірттер ғылыми-көпшілік, ғылыми-техникалық, газеттік-публицистикалық материалдар аударып, аудару техникасын үйренуде.
– Сіз айтып отырған бұл мәселелер әдеби-көркем, ғылыми жұмыстардың жазбаша аудармасына қатысты дүниелер. Бізде ақсап тұрған тағы бір мәселе – ол әртүрлі деңгейдегі жиындарда, кинозалдар мен театрларда қолданылатын ілеспе, яғни ауызша аударманың әлсіздігі. Қазіргі тілмен айтсақ, бізде синхронды аудармашылар мектебі қалыптасқан ба?
– Ауызша аудармашы әзірлеу – аударма саласындағы ең қиын мәселенің бірі. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан әлем елдерімен диалог орната бастады. Қатардағы кездесулерден бастап жоғары деңгейдегі ресми жиындардың барлығына дерлік кәсіби синхроншылар ауадай қажет. Бұл салада арнайы оқу құралы жазылғанымен, студенттердің аудару үдерісіне дайындалатын, тәжірибелік қырларын жетілдіретін арнайы техникамен жабдықталған лингофондық кабинет жоқ. Бұл мәселе шешімін тапса, елімізде үш тілде еркін аударатын кәсіби мамандар даярланып шығар еді. Оқытушыларымыз соңғы он жыл көлемінде қазақша оқу құралдарын, тәжірибелік құралдар жазуда, аударматану сөздіктерін құрастыруда. Қазіргі уақытта әрбір пәнді, курсты оқу құралымен қамтамасыз ету – басты мәселе. Өйткені шетел және орыс аударматану ғылымының қазіргі жетістіктері отандық аударма ісі мен аударманы зерттеуге батыл бетбұрыс жасауды талап етуде.
Десек те, кафедра оқытушылары мемлекеттік стандартқа сай сапалы, білімді, білікті мамандар даярлауға жұмыла отырып, тәрбие жұмысына да жіті назар аударып келеді. Жас аудармашылар даярлау мақсатында құрылған Tarzhiman club бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс істеуде. Бұл бағытта «Көкжиек» деп аталатын аудармашылар клубы да белгілі бір нәтижелерге қол жеткізе бастады. Бұған қоса, жастарға әр кезде танымал тәржімашылардың тәжірибесін үлгі етіп, кәсіби аудармашылармен арнайы кездесулер өткізіп тұрамыз. Бұл да өз нәтижесін беретін қосымша дәріс деуге болады.
Біз аударманың халықтардың өзара жақындасуының, рухани жаңаруының, ұлттық тілдерін дамытып, байытудың мықты дәнекері ретінде мемлекеттердің адамзат игілігіне ортақ мүдделеріне қызмет ететін қуатты құрал екендігін естен шығармауымыз керек. Қарап отырсақ, соңғы жылдары аудармашы мамандығының мәртебесі барған сайын биіктеп келеді. Егемен еліміздің шет мемлекеттермен сан салалы қарым-қатынасының жыл сайын кеңейе түсуіне байланысты осынау абзал мамандықтың қажеттілігі де арттырылуда.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Қыжыл
Жаңа дәуір оқырманының кітапқа деген қызығушылығы азайды. Кітапқа қол соза бермейтін адам оның аудармасына қаншалықты көңіл бөле қояр екен?! Қазір көптеген баспалар бұрынғы аударма туындыларды қайталап басып шығара беруге құмар. Бүгінде біз оқып жүрген шетелдің аударма кітаптары бізге орыс тілі арқылы тәржімаланған дүниелер. Одан да есімдері дүниежүзіне танымал классиктердің шығармаларын, мықты ғалымдардың еңбектерін өздерінің тілінен тікелей аудару анағұрлым тиімді емес пе. Дегенмен қазіргі көп аудармашылар ағылшын тілін жетік білгенімен, әдеби тілді меңгермеген. Сондықтан да шет тілін білгеннің бәрін аудармашы деуге болмайды. Қазіргі кезде бірнеше жоғары оқу орындары аудармашылар даярлағанымен, мәселенің түбегейлі шешімін тауып отыр дей алмаймыз.
Кейбір жекеменшік оқу орындары, колледждерде де аударма ісі бөлімі жұмыс істейді. Жекелеген ақылы курстар да бар. Ол жерлерде аудармашылар даярланып жатқанымен, оқыту үдерісінде бір жүйелілік, нақты бағыт-бағдар қалыптаспаған. Осы мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беретін кез жеткен сияқты. Меніңше, заман сұранысына сай жазбаша және ауызша аударма мамандарын оқытатын дербес институт ашуға да болады.
Мысалы, дамыған кейбір шет мемлекеттерде әр аударма түрінен аудармашы даярлайтын арнайы университеттер бар. Бұл дегеніңіз – мемлекеттік мәселе әрі саяси дипломатияны жандандырып, рухани байланыстардың артуына мүмкіндік туғызатын құрал емес пе?! Ал аудармашылардың мүмкіндігін пайдаланбаған мемлекеттің өзгелермен қарым-қатынасы әлсірейді.