Атақ, сыйлық үшін жұмыс істейтін ғалым ғылымға ешқандай жаңалық енгізе алмайды

Атақ, сыйлық үшін жұмыс істейтін ғалым ғылымға ешқандай жаңалық енгізе алмайды

Темірғали КӨКЕТАЙТЕГІ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атағының иегері:

– Темірғали Әбілдаұлы, «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атағын жеңіп алған тұңғыш қазақ өзіңіз­сіз. Әлемді мойындатқан тұлғасыз. Бірақ мұныңызды Алаш­тың бірі білсе, бірі біле бер­мей­ді. Ғасыр адамы атану 100 жылда бір бұйыратын атақ қой. Бұл – күллі қазаққа ортақ қуаныш. Әлем елдерін аузына қаратқан қазақтың қара баласы қалайша ғасыр адамы атанды? Әңгімеңізді осыдан бастасаңыз...
– Жалпы, қазақ – өте қабілетті халық. Тез ұққыш, өте зерек. 50-60 жылдары ғы­лым­ға берілген қазақ ғалымдары дүние­жүзі деңгейіндегі ғалымдармен иық тірес­тіріп жүре алатын деңгейге қол жеткізді. Ғылымның маңайына қазақтың басы істей­тін жастары көп шоғырланды. Мен сол орта­да қайнап өстім. «Ғасыр адамы» ата­ғын 1999 жылы алдым. Жасыратыны жоқ, бұл мен үшін күтпеген жағдай болатын. Еуропа төрінде орналасқан Англиядағы Кембридж университетінде күллі дүниежү­зіндегі ғалымдардың еңбегін бағалап, тізімге алып отыратын орталық бар. Атауы – Халықаралық биографиялық орталық. Жыл соңына қарай әлемнің қай түкпіріндегі болсын қай ғалымның қандай жаңалық ашқанын анықтап отырады. Әр ғасырдың соңында ғалымдардың ашқан ғылыми жаңалықтарын анықтап, сараптайды.
1994 жылы Кембриджден үйге «сіз «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атағына ұсыныл­ған үміткерлер ішіндесіз» деген хат кел­ді. Бұл біреудің мені қылжақтап жазып жібер­гені деп ойладым. Жыртып, лақтырып жібер­дім. Сол беті ұмытылып қалды. Арада екі ай өтті. Тағы хат келіп тұр. Тағы да Кем­бридж­­ден. Қызым бірінші хатқа жауап жаз­ған-жазбағанымды сұрағанда: «Маған оның не керегі бар?» – деп қоя салмақ бо­лып едім, ол қоярда-қоймай жүріп,  физи­ка­ның қатты денелері бойынша ашқан ғылыми жаңалығымды ағылшын тіліне ау­дарып, салып жіберді. Қош. Сонымен, уа­қыт зы­мы­рап өтіп жатты. 1999 жылдың шілдесін­де «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанға­ным туралы хат келді. Ел-жұртқа ай­тар-айтпасым­ды білмей ойланып жүргенде  әлгі хатты жоғалтып алдым. Тірі жанға тіс жарған жоқ­пын. Сол жылы желтоқсанның соңына таман, аспиранттарым бар, кафед­раға кел­ген хаттарды қарастырып отырған­быз. Шәкірттерімнің біреуі: «Сүйінші!» – деп айқай салды. Сөйтсек, поштамен «ХХ ға­сыр­дың ғұлама адамы» деген атақтың ме­далі, дипломы келіпті. Медалі 350 грамм таза күмістен жасалған. Сонда бақандай бес жыл бойы кімнің лайық екенін әбден таразыға тартқан екен ғой.
2003 жылы халықаралық конфе­ренция­­да жүргенімде  Жапонияның физи­ка институтының бір ғалымы келіп: «Сіз Темірғали Көкетаевсыз ба?» – деп сұрады. Сөйтсем, ол мені таныпты. Өйткені менің ғылыми жаңалығымды «ғасырдың үздік жаңалығы» деп ұсынған Жапонияның физика институтындағы ғалымдар екен.
–  Қазір сіздің дәрісіңізді дүниежүзінің физиктері тыңдауға құмартып жүргенін естідік. Франция, Германия, Қытай қолқа салып, ғалымдарына дәрісіңізді тыңдатты. Оксфордта 70 профес­сорды өзіңізге телміртіп, дәріс оқыдыңыз. Әлем елдері аузының суы құрып мақтайтын, қалаған­ның табаны тие бермейтін Окс­форд университетінде бұрын-соңды қазақтың дәріс оқығанын естіген емеспіз. Төрткіл дүниенің төрт бұрышынан жиналған кіл мықтылар мен білім жолын қуған жастарға дәріс оқығанда қандай сезімде болдыңыз?
–  Ол рас, көптеген елде дәріс оқыдым. Бәрінен әсерлі болғаны – Оксфорд уни­верситетіндегі дәрісім. Аттай қалап, арнайы шақырды. Атақты университет жайында ежіктеп жатудың өзі артық сияқ­ты. Мен шілде айында, Оксфордтан дәме­лі­лер емтихан тапсырып жүрген уақытта бардым. Бізде тест арқылы жоғары оқу ­ор­нына түседі ғой. Бұл – ескірген әдіс. Англия­­лық­тар тестің ауылынан баяғыда-ақ ұзап кеткен. Шын мәнінде, тест – адам­ның өз білімін өзі тексеру әдісі. Ал Еуро­па мемле­кет­терінде оқуға түсу үшін дүниежү­зінен келген студенттердің барлы­ғы бір тақырып­қа шығарма жазады. Тақырыбы – «Мен неге осы мамандықты таңдадым?» Әрқай­сысы өзі таңдаған мамандықтарына қатыс­ты шығарма жазады. Сол шығарма арқылы оның сауаттылығын, ойлау дең­гейін тек­сере­ді. Тек физикаға келгендерге екі про­фес­сор отырып, есеп шығартады. Талап­керлердің көбі оқуға түседі. Оқу жүйесі біздегіден мүлдем басқа. Мәселен, 100 пайыз ақшасын төлеген студенттер үлгерімі үздік болса, ақшасы қайтарылады. Жақсы оқығандарға пайыздап қайтарады. Окс­форд университетінде 39 колледж бар. Әр колледж әр мамандық бойынша жоға­ры білімді маман дайындайды. Мен дәріс оқыған бір колледждің кітапханасында 7,5 млн кітап бар екен.  Ал біздің университеттің кітапханасының кітаптары – 1 миллионның ар жақ, бер жағында.
Ашқан ғылыми жаңалығыма байланыс­ты дәріс оқуға ұсыныс келгенде келісімімді бердім. Соңын ала қай тілде дәріс оқиты­ным туралы сұрақ хат келді. Менің жауабым дайын еді. «Қазақ тілінде», – дедім. Үш айдан кейін хабар келді. «Біз физика сала­сы бойынша қазақ тілінен ағылшыншаға ау­да­ратын аудармашы таба алмадық» депті. Басқа амал бар ма?! Амалсыз «орыс тілінде» деп нұсқадым. Бір  күннің ішінде Мәскеудегі Ломоносов атындағы оқу орнынан ағыл­шын тілінде кандидаттық диссертация қорғаған аудармашы келді. Синхрон да­йындады. Содан дәрістерімді орыс тілінде оқып шықтым. Аудиториядағылардан: «Мені қандай ұлттың өкілі деп ойлайсың­дар?» – деп сұраймын. Барлығы «орыс» деп жауап береді. Франция, Германия, Англия, Жапония сынды азуын айға білеген елдер­ден келген 70 шақты профессор, 30 шақты студент отыр. «Мен орыс емеспін, қазақ­пын!» – дедім. Өмірімде бірінші рет мақтан­ғаным бар осылай. Тегімді 1997 жылы Көкетайтегі деп өзгертіп алғанмын. Олар аң-таң. «Ол қандай ұлт, ол қай жер» деген сұрақтардың астына ала бастады. «Онда сіздерге Қазақ мемлекеті туралы дәріс оқиын», – дедім. Мені шақырған курато­рым: «Олай болмайды. Сіздің әр дәрісіңізге ақша төлеу керек болады», – деп қипақтай бастады. Оларда бәрі – ақша. «Ақша төле­мей-ақ қойыңдар, тегін дәріс оқи­мын», – дедім. Сөйтіп, бас-аяғы екі сағат­тан артық қазақ туралы, Қазақстан туралы дәріс оқыдым. Өмірімде ешқашан кеудемді бұ­лай мақтаныш кернеген емес. Масаттанып, марқайып тұрдым. Кеудемді қуаныш қарс айырып жіберердей күй кештім. «Әй, жапондар, немістер, француз­дар, сендерге лекция оқып, телміртіп отырған  – қазақ» дедім.
Кеңестік тарих «мал жайғап жүрген сен­дерді адам қылдық» деп оқытқан еді бізді. Осындай масыл психологиядан сол сәтте, шынымен де, азаттанған едім. Жүрегім елжі­реп, көзіме жас келді.
–  Ғылым ұлтқа немесе мемлекетке бөлінбейді. Десек те, Қазақстандағы ғылымның қазіргі ахуалын қалай бағалайсыз?
–  Ғылымның түрлі салалары бар ғой. Барлығы үшін жауап бере алмаймын, өз салам – физика саласына қатысты айтарым бар. Бұл салада қазіргі ахуал өте нашар. Ке­ңестік уақытта елде бой көтерген зертхана­лар­дың дені қазір сын көтермейді. Кеңестік жүйені жерден алып, жерге салып жатамыз ғой. Анығында, ғылым саласына қатысты дұрыс саясат жүргізілген еді. Соның негізін­де Қазақстандағы ғылым, білім, меди­цина саласы керемет дамыды. Ал қазіргі білім­нің, ғылымның, медицинаның деңгейі сол кездегі өреге жетпейді. Бұл – менің жеке пікірім.
80-жылдары Қазақстанда қатты дене физикасы бойынша конференция өткіздік. Ол кезде Қазақстанда 27 зертхана бо­ла­тын. Сонда 27 зертханадан 200-ден астам ғалым келіп, жиынға қатысты.  Қазір солардан үш-төрт зертхана ғана қалды. Олардың өзі қалт-құлт етіп тұр. Баяғы керемет зертханалардың бәрі құрыған, ізі де қалмаған. Мәселен, осы қара шаңырақ­та кезінде 96 адам жұмыс істеген. Қаншама ғылым кандидатын, ғылым докторын тәр­биелеп шығарды. Содан бері аттай 20 жыл өтті. Бұл зертханаға бір шеге де қағыл­мады. Құрылғылардың барлығы ескірді. Жаңадан алынған құрылғыларды өз басым көрмедім. Бұл – біріншіден. Екінші мәселе, жаңадан құрылғылар алған күннің өзінде оларды орналастырып беретін маман жоқ­тың қасы. Осы мысалдардан соң Қа­зақ­стан­­дағы ғылым саласының ахуалы ту­ра­лы сөз етудің өзі күлкілі.
– Ғылым саласындағы мұндай түйткілді мәселелерді талқылап, ғалымдардың ұйытқысы болған Ғылым академиясы болатын кеңестік жүйе кезінде. Қара шаңы­рақтың маңайында өрбіген дау оны жауып тынды. Қазіргі «Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігі, Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ғылым комитеті қайда қарап отыр сонда?
– Алматыдағы қара шаңыраққа, Ғылым академиясына қатысты түйткіл менің жүре­гімде қалып қойды. Себебі Қазақстандағы бүкіл ғылымды басқарып отырған ұйым келмеске кетті. Ғылым қалай дамып жатыр? Алдағы бесжылдықта, үшжылдық­та қан­дай табыстарға қол жеткізуге бола­ды? Ғылымды қалай дамыту керек? Міне, осы сұрақтарға ғалымдар жан-жақтан жина­лып, бір ортада бас қатыратын. Қазір со­лар­дың барлығын реттеп отыратын ұйым­дардың  аты бар болғанымен, заты жоқ.
Кезінде отандық ғалымдар КСРО акаде­миясына бағынатын. Сол кездегі ғылымның дамуына, бағытына мықты бақылау, тыңғылықты реттеулер жасалып отыратын. Мәселен, Қарағандыда жеті зауыт болған кезінде. Қазір солардан біреуі де қалмады. Бұқар жырау көшесінде самсаған супер­маркет, гипермаркеттеріңіз – бұрынғы зауыт­­тардың ғимараттары. Сол кездері зауыт­та­ғы­лар біздің ғылыми жұмыстары­мызға, деректерімізге жүгінетін. Ұсыныс жасайтын. Ғылымға деген сұраныс бола­тын. Қазір Қарағандыда бір зауыт жоқ. Болса да, заң­ды тұрғыдан бәрі жекеменшік. Ал оларға ғылымның қажеті жоқ. Олардың басты мүд­д­есі – баю, ақша табу. Бұрынғы­дан ме­тал­лургиялық комбинат қана қал­ған еді, кезінде олар да бізбен тығыз қа­рым-қатынаста болатын. Қазір олардың біреуі де есігімізді қақпайды. Қазақстанда ғы­лым­­ға деген сұраныс жоқ қазір. Міне –  сіз­ге ащы шындық.
– Осының салдары ма, қазір атақ, сыйлық үшін ғылымның айналасында кәкір-шүкір еңбек жазып, ғылыми атаққа белшесінен батып жүргендер көп. Билік тізгінін ұстаған екеудің біреуінде ғылыми атақ бар. Бұған қалай қарайсыз?
–  Дұрыс айтасыз. Кейінгі кезде сыйлық, атақ, ғылыми дәреже алу үшін ғылымға келетін көлденең көк аттылар көбейіп кетті. Тіпті облыстық деңгейдегі бастықтар да – ғылым кандидаты, ғылым докторы. Бірақ барлығы – қып-қызыл өтірік атақтар. Атақ, сыйлық үшін жұмыс істеген ғалым ғы­­лым­­ға ешқашан да жаңалық енгізе ал­май­ды. Ғылым қасиетті. Киелі. Қазір оның айнала­сындағылар – «кандидаттығым­ды қорға­сам, болды, бұдан былай ғылымды жел­кем­нің шұңқыры көрсін» деп жүрген­дер. Ал жаңалық ашу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұған үлкен дайындықпен келеді. Бір сөзбен айтқанда, ғылыммен шұ­ғылданған адам ғылым үшін жұмыс іс­теуі керек. Жаңалықты ғылымға шын ниетімен берілген адамдар ғана ашады.
Қазір ғылыми мектеп ашу да мүмкін болмай кетті. Оны тек ғылымға бүйрегі бұр­ған  ғалым ғана ашады. Ол адам еште­ңе­ге алаңдамас үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуы керек. Мәселен, бұрын ғылыммен шұғылданған адамның кәдімгідей беделі болатын. Айталық,  мен ғылыми атағымды қорғағаннан кейін айлығым 640 сомға өсті. Ал бізді сол кезде басқарып тұрған обкомның басшысы 500 сомдай ғана айлық алатын. Міне, мәселе қайда жатыр! Қазіргі әкімдердің жалақы­сы­мен менікін салыстыруға да келмейді.
Жалпы, ғылымды іргелі және қолдан­балы деп бөліп, жіктеп жүр. Шенеуніктер болса бүгін-ертең немесе бір-екі жылда нәтиже беретін ғылым керек деп кеуде кереді. Ол мүмкін емес. Қолданбалы ғы­лым­ды дамыту үшін іргелі ғылымды дамы­ту керек. Көгілдір жәшіктен кейбір «ақ жа­ға­лылардың» «ғылымның қажеті жоқ, тех­нологияны шетелден сатып аламыз» де­ген сөздерін құлағым шалып қалды. Ше­телдіктерді ақкөңіл деп кім айтты?! Олар жақсы технологиясын сыртқа бермейді. Берсе, 50-60 жыл бұрынғы ескірген техно­логияларын қыруар ақшаға сатады. Ал бізге шетелдің қаңсығы керек пе?! Ел бо­лып, іргеміз бекісін десек, ғылымды дамы­ту керек. Ол үшін ғалымдардың әлеуметтік жағдайын көтеру қажет.
Қазақстан ғылымының дамуы көңілді алаңдатарлық. Егер мемлекет ғылымды қаржыландырудың көлемін ЖІӨ-нің 1 пайы­зы­нан төмендетсе, ғылым құлдырауға ұшырайды екен. Ал 0,5 пайыздан төмен­десе, алдағы 50-60 жылда ғылымның жү­йесі қалпына келместей құлдырайды. Мәселен, дамыған елдерде, атап айтқанда, Жапонияда – 3,1 пайыз, Ресейде – 1,2 пайыз. Ал бізде бұл көрсеткіш – 0,24, яғни 0,3 пайызға түскен. Шетелде не көп? Қор  көп. Олар жүздеген, мыңдаған, мил­лион­даған қаржысын ғылымға құяды. Бұған Үкімет тарапынан көрсетілетін матер­иал­дық қолдауды қосыңыз. Ал біздің елде мил­лионер де, миллиардер де бар. Тек олар ашқарақ адамдарша өз аранын ғана толтырады. Ғылымға да, білімге де көк тиын шығармайды. Біздің қоғамда ғылым­ға деген оң көзқарас қалыптаспайынша, ғылым өркен жаймай­ды. Маған ақша бер, ғылымды дамыта­йын деп ғалымдар көрін­генге алақан жая алмайды ғой. Ащы болса да, айтайын, Қазақстандағы ғылым саласы 50-60 жылға кенже қалып барады.
– Қазақ баласына «мұғалім бол», «ғалым бол» деп бата беруші еді. Оқысын, ғылыммен айналыссын, ақиқатты танысын дегенінен болар. Ғылымға ден қоюдың баспалдағы жастардың ынтасынан басталады емес пе?! Жыл сайын ЖОО-лардан түлеп ұшқандардың қатарынан ғылым жолын таңдайтындары – мыңнан бірі ғана. Бұған не себеп?
– Жастардың ғылымға деген ынтасы жоқ. Қайдан болсын?! Бұған мен түсініс­тік­пен қараймын. Төменгі айлықпен күнелтіп жүрген ғалымдар жастарды ғылымға кел деп қалай үгіттейді?! Бұрын басы істейтін жастардың барлығы физика-математика саласына келетін. Қазір олар заң, эконо­ми­ка факультеттеріне барады. Оларды кінә­лау­ға болмайды. Жастардың ішінде талант­ты,  зеректері бар. Ғылымға ден қойған күн­­нің өзінде олар  қондырғылары ескірген зертханаларда дәріс алып жарытпайды. Кезінде зауыт-фабрикаларға барып, тәжі­рибелік жұмыстармен шұғылданатын. Қа­зір қайда барады? 

Алашқа айтар датым...
Ғалым ретінде айтар болсам, Алаш айбарынан жел ескен, айбынды ел болсын десек, ең алдымен, білім, ғылымға деген көзқарас өзгеруі керек. Білім, ғылымсыз қандай ақша, байлық болса да, өреміз өскен өркениетті ел бола алмаймыз. Ата-бабаларымыздың қалдырған байлығы бір мемлекет емес, бірнеше мемлекетке жетеді. Бір ғана мұнайдың өзі неге тұрады?! Қазақтың жерінде Менделеевтің кестесіндегі барлық элемент кездеседі.  Соның барлығы – қазақтың маңдайына біткен байлық. Міне, осыларды игеріп, халықтың игілігіне жарату үшін ғылымды дамыту керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста