Астанамен бірге солтүстігімізге қазақтың тәуелсіз рухы да келді

Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты, жазушы:

– Алдан Зейноллаұлы! Сізбен әңгіме Ас­тананың ұлтқа берген тағылымы жайын­­да өрбитіндіктен, ең әуелгі са­уал­­­ды осы төңіректе қойсақ... Астананың мем­­­лекет тарихындағы рөлі қандай деп ой­лай­сыз?
– Жалпы, әлемде «астаналар тәлімі» деп ата­­латын зор философиялық ұғым бар. Бұл – тек түркі дүниесіне ғана емес, Азияға да, Еуропаға да – бүкіл адамзат баласына тән ортақ ұғым ретінде қалыптасқан құ­бы­лыс. Өйткені «Сенің астанаң географиялық жа­ғы­нан қай жерге орналасады? Сол ас­та­на ұлт­ты, мемлекеттің тәуелсіздігін қалай қам­та­масыз етеді? Астананы қалай салу керек, ас­танаға қан­дай мұрат, міндеттер жүк­телуі керек?» деген мәселені сонау перғауындар дәуірінен бері қарай зерттеуге болады. Бәлкім, кәрі та­рих­ты қаузайтындар одан да ары­ға үңгіп кете берер. Сонда әлем­дік тә­жі­рибені зерделеп қара­саңыз, ас­танаға өр­кениеттер дамуы ба­ры­сында, негізінен, үш талап қойылып отыр­ға­нын анық байқайсыз. Бірінші талап – астана қа­ра­пайым болуы ке­рек. Кезіндегі пер­ғауын­дар қолымен салын­ған пирамиданы көп­те­ген ғалым зерттеп жа­тыр. Солар тәп­сір­леген қол­жаз­баларды тарқатып көрсек, ас­таналарға қойы­латын талаптың ал­ғаш­қы­сын содан табамыз. Яғни та­лаптың бірін­ші­сі астананың қара­пайым­ды­лығы болды. Бұл «астана бүкіл халыққа тән болуы шарт» дегенмен қабысады. Аста­наны халық жат­сын­бағаны ләзім. Өзінің ор­да-шаһарын қалың жамағат елінің алтын бе­сігі ретінде сезінуі, бас қаланы, ең ал­ды­мен, «халыққа қызмет ететін қала» деген ұғым­­мен қалып­тас­тырғаны абзалырақ бол­ды. Пер­ғауын­дар дәуірінде астанаға осы­лай­ша ал­ғаш­қы талап қойылып, соның ая­сын­да көне еги­пет­т­іктердің пирамиданы те­гіннен-тегін сал­мағанын білеміз. Пи­ра­ми­да, бір жа­ғынан, халық талабының үдесінен туған құ­былыс. Халықтың өз құдайына сыйы­­на­тын рухани талабын перғауындар ес­керді. Сөйтіп, сол дін арқылы астана мен ха­лықты жа­қын­дас­тыру үшін пира­ми­да­лар­ды сал­ды. Осы­лайша еги­пет­тік астанадағы пи­ра­ми­далар жұртты құ­дай­ға шығаратын заң­ғар жол ретін­де саналды. Жергілікті ха­лық осындай сенім­мен пира­ми­да­ларды қа­сиет тұтып, ондай нысаны бар қалаларды киелі деп санады. Ал одан кейін, беріректе пайда бол­ған екінші талап «астана халыққа қыз­мет етуі керек» деген ұғыммен үндеседі. Бұл – орта ғасырда пай­да болған талап. Ас­тана «халыққа қалай қызмет етеді?» Ас­та­на­дағы бүкіл саясат, қабыл­данатын, жүзеге асатын іс-шаралар тұтастай халық үшін бо­луы тиіс. Ендеше, бас шаһардағы саясат қа­ра халықтың мақсатымен, мүддесімен қа­бы­суы шарт. Қазіргі тілмен айтсақ, астана – ұлттық идеяның ордасы бо­луы керек. Ұлт­тық идея дегеніміздің өзі – ұлт тәуел­сіз­ді­гін сақтау, оны нығайту, халықты көр­кейту мен дамытудан тұрады. Қалың жұрт­шы­лық­ты бір бағытқа ұйытып, басын біріктіріп, аста­на­ны дамыту арқылы бұқараны, бүкіл елді да­мытуды жүзеге асыру. «Халыққа қызмет ете­тін қала» дегеніміз – осы. Үшінші талап – кейіннен пайда болған еуропалық үрдіс. Еу­ропа елдерінде ілгеріде «Қалалар фо­ру­мы» деген конференция дәстүрі болған еді. Бертінге дейін осы форум үш жыл сайын жиы­лып тұрды. Сондай мәжі­ліс­терде «Еу­ро­паның астаналары қандай болуы керек?» деген сұрақ ортаға тасталып, соған Еуропа жұрты жұмыла жауап іздеуші еді. Ақыр ая­ғында сол форумның то­қай­лас­қан соңғы ұйғарымы бойынша, ХХ-ХХІ ғасыр­лар­дың астаналары «ха­лық­тың өміріне аса жай­лы болуы керек» де­ген ұғымды ұс­тан­дырады. «Жайлының» ау­қымы кең. Үңілсек: мұн­да жұртқа жұмыс ұдайы болуынан бас­тап, астаналықтардың үрейсіз, қамсыз, алаң­сыз өмір сүруі қам­ты­лады. Мәселен, қа­рапайым мысал, көшеде түннің жа­ры­мын­да келе жатқан ас­та­налықтың ойында «бі­реу ұрып кетпесін» деген секілді үрей мүл­дем болмауы шарт. Көше тәртібінен бас­тап, жүріс-тұрыс, мінез-құлықты қалыптастыруға назар ауда­рыл­ды. Астанаға сырттан келген қонақтар да со­лай алаңсыз әрі емін-еркін жүріп-тұруы қа­жет. Сосын астанада тұрмыстық қызметтің ең жо­­ғары деңгейі қалыптасуы керек. Оның тұр­ғын­­дары тұрмыстық-коммуналдық ша­руа­шы­лық­тан ешқандай кемдік көрмеуі ке­рек. Әлем­дік тәжірибе астаналарға қатысты осы үш мәселені алдымен тартатыны тарихтан бел­гілі.
– Ендеше, осындай ежелден қалып­тас­қан бас қала туралы тәлімдерді есепке ала оты­рып, Тәуелсіз Қазақстанның ас­та­на­сы­на қойылған талаптар қандай болды деп ойлайсыз?
– Әрине, біздің астанаға қояр талабымыз да, оның орнын таңдауымыз да мүлдем бас­қаша, бірақ жүзеге асырудағы тарихи маңызы аса жоғары болды. Соншама жылдар бойы бо­дандықта болып келген Қазақ елі ХХ ғасырдың соңына таман егемендікке қол жеткізіп, Тәуелсіздік алды. Сол Тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқының жаңа, дербес астанасы туралы мәселені Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Елбасының идеясы бойынша жаңа астана Тәуелсіздіктің тұғыры болуы керек еді. Бұл – ең бірінші талап. Ал Президент ойлаған екінші талап одан кем емес. Қазақ елі – ұзақ жылдар бойы бодан­дық­тың салдарынан жасыған халық. Ұлтымыз бабадан жалғасып келген дәстүрінен ғана емес, рухани құдіреттілігінен қол үзіп бара жат­қандай еді. Ендеше, тәуелсіз жұрттың еңсе­сін тіктеу, намысын қайрау, өз алдымызға ел болып, әлеммен тереземіздің тең екенін сырт­қа ғана емес, ең алдымен, өзімізге де таныту керек болды. Яғни астана арқылы халықтың рухын жанып, баяғыдай өрлігін өсіру талап етілді. Өйткені өзінің мұқалған рухын қайта жани алмаған халықтың Тәуел­сіздікке ие бола алмай қалуы да ғажап емес еді. Сондықтан да, Елбасының ойынша, жаңа астана халықтың ұлттық сенімін қайтарып беретін қала болуы шарт еді. Президенттің астананы таңдаудағы үшінші талабы – ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысты болды. Осы ұлттық қауіпсіздіктің өзі – бір-бірімен салалас-сабақтас болып табылатын үш талаптың ішіндегі ең маңыздысы.
– Сонда ұлттық қауіпсіздігімізге қатер қай жақтан төнді?
– Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жағ­дайды жұрт терең түсіне бермейді. Әсіресе осы орталық Қазақстандағы, солтүстіктегі Ресей­мен шектес аудандардағы саяси шие­леністер туралы әлі де кем айтылып жүр. Сол кезде өңірде көптеген солшыл күштер пайда болды. Бұрыннан үстемдікпен жұртты билеп келген топ, бір жағынан, Одақтың ыдырауына қарсы болса, екінші жағынан, Қазақстанға һәм қазақ халқына жасап келген билігінен еш айырылғысы келмеді. Қазақтарға «Тәуелсіздік сендерге қол емес» дегенді алға тартып қа­ла­тындар да болды. Тәуелсіздік жария­лан­ға­нынан бөлек, оны ұстап тұрудың өзі де қыруар шараны талап етті. Сол кездері Қазақстанды Ре­сейдің уысынан шығарғысы келмеген Сол­же­ницынның сойылын соғатындар тың иге­рушілердің бас қаласы болып келген Це­ли­­но­градта да, елдің солтүстік облыстарында да аз емес еді. Міне, дәл осы кезде астана ру­хы сол кездегідей оңтүстіктегі Алматыда қала беретін болса, солтүстік шытынап кетуі де мүмкін еді. Астана ауыспаса, елдің бүтіндігі туралы дау-дамай ешуақытта тоқтамайтын еді. Ол жайын­да Президенттің: «Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дархан даланы дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, сол­түстіктегі шұрайлы өңірге көзінің сұғын қадай­тындар бар кезде, біз мына жерде, әсем қала Алматыда тыныш оты­ра алмас едік» дегені бар емес пе? Шынымен-ақ сұқ көз­дер­дің сұғанақтығына қарсы Ал­ма­тыдан бас қаланы ауыстыру арқылы қазақ­тың тәуелсіз рухы әкелінді. Елбасы айтпақшы, дар­хан дала­да дау-дамай қай кезде тоқтайды? Хру­щевтің кезінде бес облысымыздың басы тың­ды игеру идеясымен бірігіп кетті де, тың өлке­сінің бас қаласы Целиноград болды. Енде­ше, осы Целиноградты құлатып, оны Тәуел­сіз Қазақ елінің астанасы ету ғана дау-да­майға тос­қауыл болатын еді.
– Дегенмен қазақтың ұлан-ғайыр да­ла­­сында көптеген астананың бой кө­тер­ге­­ні анық қой. Бұлар жайында не ай­та­сыз?
– Шыңғыс ханға дейін де, одан кейін де қазақ даласы астанадан кенде болған емес. Де­генмен қазақ асылдарының қай-қайсысы да ас­таналық рухты ұлттық рухтың байрағы ете біл­ген. Күлтегін үшін Өтүкен бүкіл түркі ұлы­сы­ның темірқазығы болды. Қыпшақ би­леу­ші­лері Сығанақты қасиет тұтты. Ақ орда хандары Сауранның қақпасынан енерде аттан түсіп, тізе бүккен деседі. Сарай Беркенің даң­қы өткенін құрметтей білетіндердің жүрегін әлі күнге жылытады. Ал Әз Тәуке ордасын ел кіндігі деп Арқаға, Ақмоланың іргесіне, Есіл мен Нұраның қос арнасы бұрылып келіп тіре­ле­тін тұсқа тікті. Яғни бұл қалалардың бар­лы­ғы өз дәуірінің алтын шаңырағы болды. Тарих­ты тереңірек қазып отыратын болсақ, бір әулеттің, бір хандар династиясының қай­сы­сы үстемдікке ие болса, солар өз астанасын жасады. Аттарын шығару үшін қалаға көп мән берілді. Сон­дық­тан да қай ханның қандай аста­насы бол­ған­ды­ғы тарихтан белгілі. Де­ген­мен ашығын ай­та­тын болсақ, аталған аста­налардың еш­қай­сысы да сол кездері бүкіл түркі жұртының ба­сын қосып, ұлттық деңгейде түбі бір жұрттың басын біріктірген астана бола алған жоқ. Біз мұны ашық айтуымыз керек. Алайда Ұлы даладағы бір ғана астана қазақ халқына һәм бүкіл түркі жұртына қызмет етті, әлі де етіп келе жатыр, келешек тұғыры да берік. Ол – түр­кі жұртының киелісі Түркістан. «Ер түріктің бесігі болған Түркістан» біздің рухани аста­на­мыз болды. Оның мәні жойыл­ған жоқ. Де­ген­мен біз әлі күнге қазақ халқын біріктірудегі Түр­кістан шаһарының рөлін толық айтып та, жазып та біткен емеспіз. Қазақ­тың ұлттығын сақ­тап қалудағы Түркіс­тан­ның маңызы ерек­ше. «Ат айналып қазығын та­бады» демекші, Алаш жұрты алмағайып за­манда өзінің рухани астанасына қайта-қайта оралып отырды. Түркістанда Ту көтерді, бас біріктірді. Тағдыр­дың тәлкекті тұсында Түр­­кіс­танда тізе бүгіп, Алаш баласы пәтуаласа ал­ды. Қазақтың маң­дайына біткен зиялылары, тек­­ті тұлғалары, асылзадаларының көпші­лігі­нің сүйегі қасиетті Түркістанда жерленуі де со­ған біршама айғақ болса керек. Сондықтан да ұлы даладағы астаналардың ішінде Түр­кіс­тан шаһарының алар орны ерекше демек­ші­мін.
Ал кешегі Кеңес Одағы тұсындағы аста­на­лар тарихы белгілі ғой. Алғашқы астана – Орын­бор, одан кейін Ақмешіт, сосын Алматы. Бірақ бұл үшеуі де астана болып қала беруге географиялық тұрғыдан лайық емес еді. Мәсе­лен, Орынбор қазақ даласының бір шетін­де орналасқан. Кейін Ресейге жұтылып кетті. Қызылорда да, Алматы да шекарадан қашық емес. Жоғарыдағы талаптармен ұш­тас­тырсақ, елдің орталығында тұрған аста­на ғана ұлттық астана бола алатындығын тарих талай дәлелдеген. Өйткені елдің жүрек тұсын­да ор­на­ласқан астанада Тәуелсіздік рухы еш сөн­бейді, еркіндік сезімі берік болып, шаһар­ға сырттан келіп шаңырағын шайқалту мүмкін болмайтын еді. Сондықтан да ылғи да ылдиға орналасқан астаналардың жолы болмай келді. Тек қана Тәуелсіздік жылында қазақ өз ас­танасын таңдап, орда тігуге бекінді. Ал сонау Алаш қайраткерлері тұсында да ұлттық Тәуелсіздікке ұмтылыс болғаны белгілі. Онда да бас шаһарға қатысты мәселелер болды. Сондағы ұлттық қайраткерлеріміздің мұра­ла­рын зерттесеңіз, астананың орталықта болуын олар да қатты құптаған. Тіпті ол кезде астанаға лайықты екі қаланың аты аталатын, оның біреуі Семей болса, екіншісі – Ақмола қаласы. Яғни Алаш зиялыларына Тәуелсіздік бұйырып, астананы таңдау мүмкіндігі туса, осы екі қала­ның бірі астана болатыны сөзсіз еді. Өйткені екеуі де географиялық орталықта тұр әрі бұған дейінгі талаптарға сай келеді. Осы­лар­дың бәрін ойлай келе, астананың Ақ­мо­лаға ауысуын, шын мәнінде, тарихи маңызы аса зор оқиға деп бағалағанымыз жөн. Ра­сын­да да, Астана арқылы қазақ халқы, шын мәнінде, кез келген елмен терезесі теңескенін сезінді. Тәуелсіз ел ретінде тізгінді өзіміз қолға ала отырып, еш қиындыққа қа­рамастан, ас­та­намызды, оның ішінде сырт­та­ғы жат жұрт қызыға қарайтын Астананы сала алаты­ны­мыз­ды әлемге паш етіп, он жылдың жүзінде-ақ дәлелдедік. Астана қазақ халқының, әл­сі­реп қалған, жұтаңданған, сөнуге тақаған ру­хын қайта тірілтіп, өзіне деген ұлттық сенімін қайтарып берді. Президенттің «Ұлттың беде­лін қалпына келтірдік. Қазақ баласы жердің иесі, сайын даладағы ұлы тарихтың мұрагері екенін, осы елдегі жақсыға да, жаманға да жауапкер екендігін енді сезінетін болады. Біз ұлт­тық рухты қастер тұтатын халықтық қал­пы­мызға қайта оралдық» деуі – соның айғағы. Біз қазіргі күні Астанамен мақтанатын дең­гей­ге жеттік қой, әлі талай толқын мұның ма­ңы­зын айтып мақтанып отыратын болады.
– Сіз Астананың байырғы тұрғынысыз. астананы ауыстыратын мәселе көтерілген тұста өңірдегі жағдай қандай еді?
 – Бұл Ақмола жұрты үшін ғана емес, бүкіл қазақ үшін маңызды оқиға екенін еске салғым келеді. Әйтсе де 1994 жылы 6 шілдеде Елбасы Жоғарғы Кеңесте мәселе қойғаннан бастап, астаналық талаптарға қазақ зиялыларының өзі кең ауқымда қарай алмады. Сол кездегі баспасөзді ақтаратын болсаңыз, Алматыдан астананы ауыстыруға үлкен қарсылықты кө­ру­ге болады. Оның материалдық-экономи­калық шығынға әкелетіні, әлеуметтік көтерем халге түскен халыққа соққы жасалатыны туралы мәлімдемелер дүркін-дүркін болды. Ақ­мо­ланы астанаға айналдыру үшін қар­жы­лық қана емес, зор рухани, мәдени шаралар ал­ды­мен керек деген сылтаулар айтылды. Бас шаһарды көшіру біраз уақытты қажет ететінін алға тартып, сондықтан оны «ХХ ғасырдың табалдырығында емес, Қазақстан экон­о­ми­ка­сын дамытып алып, содан кейінгі ХХІ ғасырдың ішінде ойлану керек» деген мақа­ла­лар да шық­ты. Тіпті арзанқолдылыққа салып, өз өңі­рі­не тартқылағандар да болды. Біреу Ұлытау деп ұрандады, екіншілері Бура­байға бұра тарт­қысы келді. Осының бәрі сол кезде-ақ «Неге біз ұлттық деңгейде ойлауға дайын емес­піз? Бастан көп қиындық өтті, бодан­дық­тың бұғауы әлі санадан өшкен жоқ. Біреуге отар болудың зардабын жүрекпен де, ақылмен де сездік. Осындай халықтың зиялы қауымы бір жерден ұстауы керек еді ғой. Неге астанаға бола айтысып-тартысып жатырмыз?» деген қынжылыс болды. Ал орталық Қазақ­стан мен елдің теріскейіндегі жағдай да, мұн­дағы зиялы қауымның әңгімесі де ерекше еді. Мен 1971 жылдан Ақмола тұрғынымын. Ор­та­­лық Қазақ­стан­дағы, шығыс пен солтүстік Қазақстандағы қазақ зиялылары Президенттің астананы Ақ­молаға ауыстырудағы түпкі аста­рын, ең ал­ды­мен, сезіндік. Өйткені 90-жыл­дары Қазақ­станның Тәуелсіздігіне, елінің, жерінің тұ­тас­тығына қатысты мәселе өте өткір болып тұр еді. Астыртын шаралардың көп­ші­лігі теріс­кей­д­егі көршілердің Қазақ елін уыс­тан шығармау, ең құрығанда, «тыңы иге­ріл­ген» жерлерді алып қалу туралы солже­ни­цын­дық пікірмен ұш­тасатын қозғалыстар қап­тап кетті. Ресеймен одақта болуды құп­тайтын сондай бір топ «Қа­лалар одағы» деген ұйымды құрды. Ал оның жарғысын сол кездегі Целиноград облыстық кеңесі өз мәжілісінде бекітіп жіберді. «Қалалар одағының» қойып отырған талабы аса қауіпті еді! Біріншіден, олар былай дейді: «Жалпы, Қазақстан – өн­ді­рісті, индустриялық-тех­ни­калық дамуды иге­ретін ел емес. Сондықтан да Қазақ­станның Теміртау, Өскемен, Қарағанды, Павлодар секіл­ді өнеркәсіптік қалалары өзін-өзі басқара алмайды! Оларда жұмыс істеп тұрған зауыт­тардың барлығы жойылмас үшін, Қазақстанды экономикалық жағынан құт­қа­рып қалу үшін тоғыз индустриялық қаланы Екатеринбург қа­ласындағы «Қалалар ода­ғы­ның» құрамына беру керек». Ал ұйымның шарты бойынша, Қазақстан олармен тек келі­сім ғана жасайды. Яғни «Қалалар одағы» ұйы­мы әлгі қалаларды басқарады, бай­ла­ныс­тардың барлығын ұйым шешеді. Мінеки, бұл – қазақтың ұлттық Тәуел­сіздігін көргісі кел­мей­тіндердің жасаған айла-шарғылары ғана. Тәуелсіздігі енді ғана қолына тиген, ұлттық бюджеті қауқарсыз, құлдырауға жақын елді одан сайын құлатып, Тәуелсіздіктен айыру үшін бастағы қиындықты сылтауратып Қазақ­стан­ның өнеркәсіптік қалаларын Ресейге мәж­бүр­леп қосу астары болды. Бірақ Целиноград облыстық кеңесінің мәжілісінде қабылданып кеткен осы қаулы аяғына жете алмай тынды. Мен сол кездегі «Егеменді Қазақстан» газетіне «Қазақтың сыртынан тон пішіп..» деген атпен үлкен ма­қа­ла жаздым, мәселенің бәрін ашық айттым. Ұйымды дер кезінде тоқтатпасақ, зар­дабы қалай болатынын ашық жеткіздім. Кейін ұйым мені сол үшін сотқа берді. Екі жарым ай соттастық. Рухани қыспақтар да болды. Бірақ, ең бастысы, мемлекеттік органдардың наза­рын осыған аудара алдық. Ақыр аяғында Об­лыс­тық кеңестің «Қалалар одағын» тіркегені, олардың жарғысын мақұлдағанының бар­шасы қайта күшін жойды.
«Қалалар одағының» сыртында көптеген қоғамдық ұйым бірінен соң бірі құрылып, олардың біршамасы этникалық ұлтшылдық сипатта болды. Кейбіреулері астананың Ақ­мо­лаға ауысуына қарсы болып, «қазақтар Ақ­мо­ланы астана етіп үлгергенше, біз оларды ав­то­но­миялық аудан етіп, соның астанасы жа­­сай­мыз» деп ұрандады. Облыстағы тұр­ғындар арасында қарсылығын білдіру үшін ре­ферендум өткізуге ұмтылғандары қаншама. Одан кейінгі кезеңде бес облыстың тың игеру­шілері: «Ақмоланы тыңгерлер түлетті, сон­дықтан да оның тағдырын тек қана тың игерушілер шешуі керек» деп қисайды. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегеннің керімен Ақмола іргесіндегі Степногор қала­сы­ның, қазіргі тілмен айтқанда, мәс­ли­хат­шы­лары, яғни қаланың бетке ұстарлары дүрмекке қосыла кетті. Қалалық кеңестің депутаттары Степногордың Кеңес Одағы кезінен бері тікелей Мәскеуге бағынғандығын, сондықтан әлі де Мәскеуге бағынуды қалайтынын алға тартты. «Қазақстанның жарлығы да, үкімі де бізге жүрмейді, Степногор өзін-өзі билейтін қала болады» деп шіренді. Мінеки, мұның бәрі нені білдіреді? Тәуелсіздік қолға тигеннен бастап, орталық Қазақстанда, әсіресе Ақмо­ланың айналасында үлкен саяси шайқастар жүріп жатты. Қазіргі елдің біразы мұны білмеуі де мүмкін. Астананың Ақмолаға ауысуының мәнін толық түсіну үшін біз сол кезде осы өңірде іштей бұлқынып жатқан барлық оқи­ғаны терең танып, сараптап, зерделеуіміз керек еді. Сонда ғана біздің ұлттың зиялылары бұған бірауыздық танытар еді. Сол кездегі көпшілігі айтылмай, жарияланбай қалған саяси сілкіністерді түгел тәптіштеп шықсаңыз, астананы Ақмолаға ауыстырудың астарына толық баға бере алар едіңіз. Бізде осыны жете түсінбейтіндер сол кезде көп болған еді, әзір де толық жойылды деп айта алмаймыз.
Сондықтан да Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігін сақтап қалудың бірден-бір жолы  астананы ауыстыру екендігіне толық көз жеткізді деп білемін. Екіншіден, ел ордасын ауыстыру Елбасыға үлкен сын болды. Өйткені егер астананы көшіру өзі ойлағандай болмай шығып, дұрыс жүзеге аспай қалса, оның зардабы тіпті де жаман болатын еді. Пре­зи­дент осыны түсіне отырып, тәуекелге барды. Мен Президенттің бұл қадамын саяси қай­рат­кер­лік батылдығы деп те, азаматтық тұлға ретіндегі батылдығы деп те есептеймін.
– Дегенмен мәселе көтерілген тұста Ақмола-Қараөткелдегі қазақ жұрты мұн­дай жаңалықты қалай қабылдады?
– «Ақмоланы Астанаға ауыстыру керек» деп Елбасы мәселе қойған кезде қалаға қарап тұрып ойланатынбыз. Әбден жүдеген, ешқан­дай да болашағы жоқ секілді еді. Іліп аларлық архитектуралық ғимараты болмады. Бұл қалай астана болмақ? Бір жағынан, қаланың 17 пайызы ғана қазақтар. Осы ат төбеліндей 17 пайыздың өзінде әртүрлі түсінік болды. Сол 17-нің біреуі кеше ыдыраған одақты жақ­тап «айқайласа», енді бірі «қарын тоқтығын ғана ойлап тыныш отырайық» дейді. Үшіншісі жүрекпен болса да Президенттің идеясын түсініп жүрген қазақ еді. Жалпы жұрт жүдеу тартып тұрған. Сауда-саттық құрып, өндіріс тоқ­таған кез. Соған қарап тағы да ойла­на­тынбыз: «Президент қалайша мынадай тың иге­рушілерден қалған ескі-құсқы қаланы астана етем дейді? Қолдан келе ме?» Де­ген­мен тәуекелді жақтадық. Президент идеясын терең түсінген қауым Құдайдан Н.Назар­баев­тың тек осы ойынан айнып қалмауын тіледік. Тәуе­келге барғанын қаладық. Қар­сы­лық­тар­дың ортасында жүрген өзге ұлттың қоз­ға­лыс­тары қарсы шықты, казак ұйымдары жұрт арасында үрейге толы парақшалар да таратты. Бұған қарсы шығып, біз де қатерге бас тіккендей едік. Осындай аласапыран кезінде Президенттің айтқаны болып, тілегеніміз келді. Астана Ақмолаға ауысатын болды. Бірақ жұртшылық бұған да жығыла сенбейтін тәрізді күйде жүрді. Ең ақыры 1996 жылғы күзде Президенттің штандарттары ресми түрде Астанаға әкелінді. Қазіргі қалалық әкімдіктің алдында соған орай үлкен жиын болып, штандарттардың Астанаға әкелуін жұрт мерекеледі. Мінеки, дәл сол күнге дейін Ақмола тұрғындары қаланың астана бол­ған­дығына шын көңілмен сенбей келгендей еді. Содан кейін барып толық сенім орнады. Мен сол жылдары облыстық телерадиокомпания төр­аға­сының орынбасары қызметінде бола­тын­мын. Кейіннен астана ауысқан соң, облыс­тық телевизия тарқап, біз Қазақстан теле­ра­диокомпаниясының құрамына ендік. Соның Астанадағы бас директоры едім. Президент штандарттарының әкелінуіне орай ұйым­дас­ты­рыл­ған мерекеге опера­то­рымызды, жур­налисті жіберіп, жедел хабар әзірлейтін болып жатқанбыз. Алаңнан әкелінген бейне­мате­риал­дарды қарап отырып тебіреніп кеттім: бір ақсақал ағыл-тегіл жылайды. Сақалы жасқа шыланған оған қасындағы кейуана да қосылып еңкілдейді. Күннің суығына екеуі де қарамайды. Сосын журналисіміз сұхбат­тас­пақ болып: «Ақсақал, әже, неге жылап тұр­сыздар?» деп сұрайды. Сөйтсек, әлгі ақсақал: «Мен осы күнге дейін астананың Алматыдан осы жерге келетініне сенбеп едім. Құдайдың көзі түзу екен, Астана орталыққа орнықты, ар­маным жоқ. Қазақтың мұңын Құдай естіпті. Менің елімнің бірлігі артатын болды, енді азаттыққа сызат түсірілмейді», – деп сұхбат беріп тұр. Осыны көрген адамның толқымай шы­дап тұра алмасы тағы анық. Мінеки, Ас­тана халқы елорданың оңтүстіктен Арқаға ауы­суын осын­дай үлкен сезіммен, ыстық жү­рек­пен қабылдап, жылы шыраймен қарсы ал­ды.

Алашқа айтар датым...
Қазақ халқының маңдайына біткен зор бақыт – Тәуелсіздік. Екіншіден, ме­нің халқым – өте иманды, адамгершілігі жоғары ұлт. Елдің осындай пейілінің ар­қасында дамып келеміз. Үшіншіден, ұлан-ғайыр жеріміздің асты-үсті – бай­лық. Мұндай дәулет еш елде жоқ. Осындай ұлы бақытты біз дұрыс пайдаланып, бұдан әрі дұрыс дамытуға тиіспіз. Сол үш байлықты да ұлтқа қызмет ететін деңгейде бейімдеуіміз керек. Ол үшін мықты ұлттық идея керек. Бір кездері Астана да ұлттық идеяға айналды, тыныштық сақтау да ұлттық идея болды. Ас­тананы салдық, тұрақтылық орнықты. Елдің ауқаты да жоғары. Ендеше, Тәуелсіздік ұсынған осындай жер байлығын, тұрақтылық байлығын, ең ал­дымен, қазақ ұлты терең сезінуіне жағдай жасау керек. Қазақ халқы осыны жақ­сы сезінбейінше, еліміздегі басқа ұлттар да көркейе алмайды. Біз ендігәрі өзі­міздің жеткен жетістігіміздің барлығын қазақ халқының дәулетімен, қазақ хал­қының білімімен, қазақ халқының әл-ауқатымен өлшеуіміз керек. Алаш­тың кез келген азаматы осы мақсатқа жұмылса игі.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста