Ақша талантты тудыра алмайды, керісінше, шын талант ақшаны құл ете алады
Майра ІЛИЯСОВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші, продюсер:
– Бір кездері қазақ эстрадасына «продюсер» деген терминнің өзі таңсық естілетін болса, бүгіндері продюсерсіз әнші бар десе, таңғалатын дәрежеге жеттік. Көптеген танымал продюсер есімі брендке айналып, олар әншілік әлемінде танымалдықтың, табыстың кепіліндей болып кеткені рас. Алайда осыған қарап, бізде шоу-индустрия қалыптасты деп айтуға келе ме?
– Шынында да, қызық сұрақ екен... Өйткені бұл – өзгені айтпағанда, өнерде жүргендердің өзі бірі түсінсе, бірі әлі күнге түсіне алмай жүрген жайт. Тек продюсердің өзіне келсек, бұрындары тек Ресей шоу бизнесіне қатысты әңгіме қозғалғанда ғана, мысалы, Валерия, «Тату» тобы т.б. көптеген топты продюсерлері алып шыққаны жайлы еститінбіз. Өзімізге де сол жағдай келді, бірақ әлі күнге бізде шоу-бизнес, шоу-индустрия қалыптасып, дамып кетті дей алмаймын. Біз әлі бейне бір бірінші сыныпқа енді ғана барып, жаңадан әріп үйреніп жатқан бала секілдіміз. Өйткені продюсер деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық бірді-екілі есіммен ғана тоқтап қаламыз. Алғаш продюсерлікті қолға алып, жобасы бірден халықтың жүрегін жаулап алған адам деп мен Қыдырәліні айтар едім. Оның бір ғана «Ұлытауының» өзі – бүгінде халықаралық деңгейге шығып кеткен топ. Сондықтан Қыдырәлінің жұмысы үлкен бағаға лайық деп білемін. Өзімді де продюсермін деп есептемеймін. Мен – жастарды тәрбиелеп жүрген ұстазбын. Өйткені продюсер деген – қомақты қаржы салу, сосын алған әншіңді жоғарғы деңгейге көтеру, онымен келісімшартқа отыру, сол шартты бұлжытпай орындап, ол бұзылған жағдайда соттасу, сондай көптеген жауапкершілікті талап ететін мехнатты жұмыс. Осы талап тұрғысынан келгенде, мен ешкіммен ешқандай шартқа отырмаймын, ешқашан ешкіммен соттасқан жоқпын, ауыз толтырып айтатындай қаржы құйған жоқпын. Менің топтарыма келсек, мысалы, «Ерке» тобына үш жылдың ішінде жұмсаған қаржым ары кеткенде 60 мың долларға жетуі мүмкін. Соншалықты көп емес те. Сондықтан мен өзімді ұстаздық, бағыт сілтеушілік жолда жүрмін деп түсінемін. Сондай-ақ менің орталығымдағы Бейбіт Алдаберген – 2007 жылғы «Жас қанаттың» бас жүлдегері, сол жігіт Маңғыстау облысынан өзі қоңырау шалып «Майра апай, менің арманым – Алматы, көмектесіңізші» деген соң, тыңдап көрдім де, алдым. Онда да жұмыс істеп жатқаныма төрт-бес айдың жобасы ғана болды. «Сақ» этно тобы бар, олар да әлі қалт-құлт етіп жүрген сәби сынды, аяғынан нық тұрған жоқ. Жалпы, осы этно топ деген бізде әлі игерілмеген тың сияқты. Қай жағынан қалай шығып, қайткенде сол тыңнан дән өсіріп, өндіріп шығарарымды білмей жүрмін. Яғни этно топты алға жылжытудың тетігін таба алмай жатырмын.
«Қыздар-ай» – сонау Қыдырәлі «АБК»-ны алғаш алып шыққан кезде ойламаған жерден өзінен-өзі туып кеткен топ. Ешқандай да бір жоба жасап, сахнаға алып шығамын деген ой, шыны керек, сол тұста үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Тек барған жерімде мен ән айтамын, екі келінім екі жағымнан қосылады. Содан дауысымыздың керемет үндестігін байқаған елдің өзі бізді шақыратын болды. Тіпті ат та қойған жоқпыз өзімізге, алғаш орындағанымыз Жәудір Артықбаеваның «Қыздар-ай» әні еді, содан ел солай атап кетті. 1993 жылы дүниеге келген топ әлі күнге өз танымалдығын жоғалтқан жоқ. Және сол тұста бейнебаянсыз-ақ бір-ақ айдың ішінде танылып кетті. Қазіргідей бес-алты бейнебаянды айлап айналдырып, содан зорға көтерілетін тұста, әлгіміз тіпті адам сенгісіз жағдай секілді. Гастрольдерде халық өте жақсы қабылдайды. Ал енді продюсерлікте Қыдырәліні мақтап жатқан себебім, оның ең бірінші жақсы жобасы – «АБК», сосын «Ұлытау», тіпті Қарақатты да дәстүрлі әннен эстрадаға алып келген – сол азамат. Қарақаттың жеке орындауы, кейде екеуінің бірігіп айтуы, жетігенмен, фольклорлық ансамбльмен ән орындауы – Қыдырәлінің идеясы, соның тікелей ұйытқысымен болып жатқан жұмыс. Қазақтың өзінің төл қуыршағын шығаруының өзі – сондай бір ұлтжандылық пен жанқиярлық әрекеттің жемісі. Міне, сізге шоу-индустрия! Сондай-ақ кейінгі кездегілерден Ерік Тастамбековтің жобалары да жаман емес. Қазақшаны шалалау айтып кететін әншілері кездесіп қалатынын ескермесек, тәп-тәуір жұмыс істеп жатқандардың бірі – осы жігіт.
– Айтқандай, осы қазақтілді, орыстілді болып бөліну құбылысы қазіргі кезде әншілердің арасында қатты байқала ма, әлде олар біртіндеп бір арнаға тоғысып, өзара ымыраға келіп жатыр ма қайта?
– Қазір бізде екі топ бар: оның бірі – қазақ эстрадасына, екіншісі Қазақстан эстрадасына қызмет етіп жатқандарын алға тартады. Қазақстандық эстрада әншілерінің қазақ әншілеріне мұрын шүйіре қарайтын кездері байқалады. Меніңше, бұл жерде кінә өзімізден де бар. Жасыратыны жоқ, Қазақстан эстрадасына қарап отырсаңыз, әнші қыздардың киімдері де өздеріне жарасады, шаштары да соңғы үлгіде, макияждары, жасап жатқан бейнебаяндары қазақ эстрадасынан көш ілгері. Осыны біз еріксіз мойындауға мәжбүрміз. Бұл пікірім үшін қазақ эстрадасындағы әншілер өкпелемей-ақ қойсын, себебі ішінде өзім де бірге жүзіп жүрмін. Қазақ эстрадасын кемсіткендермен ұрсысып та жүрміз. Бірақ өзімнің ұйымдастыратын жобаларымда өзіміздің көптеген мінімізді көзбен көріп жүрмін. Кемшілікті бетке айтқан орынды, сынды көтере білу керек және ол үшін «сен солай дедің» деп жаға жыртысқанша, сол олқылықты түзеуге тырысуға тиіспіз. Ол қандай кемшілік? «Жан анама» болсын, «Сағындырған әндер-айға» болсын қатысушылардың әнінен бөлек, түр-келбетіне, киіміне қатты мән беремін. «Он арзан көйлек алғанша, бір жақсы, сапалы көйлек ал, он арзанқол аяқкиім алғанша, бір қымбатын ал» деп отырғанның өзінде кейде әлдебір әнші сахнаға шыға келгенде, көйлегін көріп, талып қала жаздаймын. Анадай түрімен сахна түгіл, көшеде көрінудің өзі – ұят. Жалпы, жобаның барлық жағына өзім жүгіремін, сондықтан үнемі бақылай алмаймын ғой. Өткен жылғы «Сағындырған әндер-айда» мен осы жағынан өте үлкен сынға ұшырадым. Ондай жағдайдың болғаны рас. Алайда осы ретте Рамазан Стамғазиев інімнің «әншілерді топырлатып шығара береді, әннің қадір-қасиеті кетіп жатыр» дегеніне өз басым қосыла алмаймын. «Жастар көп шығып, әннің сапасын солар түсіріп жатыр» дегенді қабылдаймын. Себебі мәселе топтасуда емес, мәселе – жастар арасында әнді түсінбей орындай беретіндерде. Себебі біз де әндерді екшеп, сұрыптап, көп дауысқа келетін әндерді ғана береміз. Жақсы қабылданғаны шығар, сол әндер хитке айналды және «Сағындырған әндер-айға» халық ағылып келіп жатыр, жаман болса, келер ме еді солай?! Үшінші бір дәлелім, менің сол топтастыруыма қарап, елордамыздағы мемлекеттік дәрежедегі Елбасымыз қатысатын концерттерге әншілер екіден, үштен, төрттен, тіпті оннан да топтасып шығатын болды. Осының бәрі «Сағындырған әндер-айдан» кейін шықты, мен бұған автор ретінде толық кепілдік бере аламын. Әрине, менің ең бір үлкен кемшілігім әлі күнге соған авторлық алмағаным, бірақ ел-жұрт көріп отыр ғой бәрін. Сондықтан «топырлап шығып, әннің қадірін қашырып жатыр» дегенді бауырымның өзіме келіп айтуына болар еді. Не жетпейді бізге?! Пендешілік қой, басқа түк те емес.
– Бізде бәсеке бар ма?
– Нақты айта аламын, бізде бәсеке жоқ, көре алмаушылық қана бар. Ресейде осы 10-15 ретро концерт өтіп жатады, әншілер соның бірінен жүгіріп шығып, екіншісіне қатысып, бір концертте айтқанын екіншісінде қайталамай, бірінде киген киімін екіншісінде кимей, солай бірімен-бірі бәсекелесе отырып, екінші жағынан, бірін-бірі қолдап жатады. Эстраданың басында – Кобзон, оның жоғарысында Алла Пугачева отыр, солайша олар топтасып, бірігіп жатыр. Ал бізде – керісінше, тек етектен тарту. Басында жалғыз «Жан анамнан» бастасам, қазір оған «Сағындырған әндер-ай», «Алтын домбыра» қосылды, шүкір. Бәрінің де басынан аяғына дейін жүгіріп өзім жүремін, кейде тіпті әл-дәрменім қалмай шаршаймын. Бірақ ешқашан мойыған емеспін. Тек әлгіндей тіпті Халық әртісі дәрежесіндегі әртістеріміздің талғамсыз киініп шыға салуына қынжылмасам, аттарын да атап бере алар едім, бірақ одан не ұтамыз? Текке жеккөрінішті боламын, жаны ашығаннан айтып тұр деп ойламайды. Ал енді Роза, Мақпал, Мәдина Сәдуақасова, Қарақаттар үшін мен ешқашан да алаңдаған емеспін, олар өздерін қалай ұстауды, қалай сахнаға киініп шығу керектігін өздері біледі. Имидж, стиль деген әннен артық болмаса, кем рөл ойнамайды сахнада. Қазақстандық эстраданың қазақ әншілерін менсінбей, көзге шұқып көрсете алатыны – осы тұсымыз. Қазақ эстрадасында талғамсыз киінетіндер көп. Мүмкін, жақсы ақша салуы да мүмкін өзіне, бірақ талғамсыздық сол ақшаны жұтып, жетістігін көзге көрсетпей тастайды.
– Сіздің жобаларыңызға шығу өте қиынға ұқсайды. Нендей талаптар қоясыз? Әншілерді қалай таңдайсыз? Танымал әншілерді тегін шақырасыз ба?
– Әрине, қиын. Себебі талап өте жоғары. Жасырмаймын, менде өзі үнемі жобаларымнан қалдырмайтын танымал әншілердің тізімі де бар. Себебі оларға халық көп келеді, солардың арқасында билет сатылады. Өңшең танымалдарды ғана қамтиды деп сынамасын деп, соңғы «Сағындырған әндер-айда» мен 60 пайыз жастарды қатыстырдым. Содан мен не таптым? Бар тапқан «пайдам»: жоғарыда айтқандай сынға ұшырадым. Расында, кемшілігі өзіме де байқалды, әдетте екі сағатта өте шығатын концерт төрт сағатқа дейін кетіп қалды да, халық жалықты. Осы маған үлкен сабақ болды.
– Сіздің былтыр эстрадамен қатар, дәстүрлі әнді де қолға алып, «Алтын домбыра» жобасын жасағаныңызды білеміз, оған деген халықтың ықыласы қалай?
– Шынын айтсам, «Алтын домбыра» маған өте қиынға түсті. Өзім дәстүрлі әншімін. Домбырамен керемет ән салатын әншілер көп бізде. Концерт жоқ. Сондықтан сағынасың оны. Бірақ, әттеген-айы, сондай оймен халық сағынды ғой деп, арнайы концерт ұйымдастырғанда, былтыр халық тым аз келді. Неге? Өйткені домбыраның жарнамасы жоқ. Бізде осы уақытқа дейін дәстүрлі әннің кешін екі жерден шам іліп қойып, екі жерден дауыс зорайтқышты қойып, сондай бейшара халде өткізіп келген ғой. Халықтың санасында домбыра десе, сол бір сүреңсіз көрініс қалып қойған ғой, сол себепті келмейді деп ойлаймын. Дәстүрлі ән кешінің өзін шоу қылып жасау керек. Шоу деген қалай? Әлдекімдер ойлағандай, ол дәстүрлі әнді эстрадаға айналдырып жіберу емес, ол – жарық, ол – сапалы дыбыс, ол – сахнаны безендіру. Осыларға ақшаны аямай салу керек.
– Шамамен алғанда, бір концертті жасауға қанша қаржы кетеді? Және ол қандай шығындарға?
– Минимум, осы қысып-қысып жеткіздім дегенде 25-30 мың доллар ойланбай кетеді. Осының бәрін талдап түсіндірер болсам, мәселен, жарыққа – 10-15 мың доллар, сахна безендіруге – 7-10 мың доллар, дыбыс қоюға – тағы 5-10 мың доллар. Мен былтыр шоу қылып жасадым, жақсы шықты. Тек, өкініштісі, жарнамамыз болған жоқ. Сол себепті бар тапқан «пайдам»: небәрі 1000 билетті әзер саттық, қалған 2000 билетті таратып бердік те, 9000 долларды мен өз қалтамнан төледім. «Жан анам» мен «Сағындырған әндер-ай» осы шығындарды толығымен жабады. Бір қуаныштысы, былтыр «Алтын домбыраны» жалғыз өзім ұйымдастырып, үлгере алмай, жанталасып жүргенімді байқаған бауырым, белгілі меценат Нұртай Сабильянов концерт біткен соң жаныма келіп: «Майра апай, бұдан былай мен сізге тұрақты демеуші болайын», – деп азаматтық қол ұшын ұсынды. Сонымен, биыл екінші жыл «Алтын домбыраны» ұйымдастырамыз. Қазірдің өзінде ол бізге 700 мың теңге аударып үлгерді. Көп емес, бірақ осының өзі – мен үшін үлкен көмек. Солғұрлым қалталы азаматтар баршылық, бірақ олар үндемей, бұғып қалады көбіне.
– Қазіргі қазақ эстрадасының басты мұңы не?
– Ең үлкен проблема: бізде қаржы жоқ. Қаржы көзін кім қалай қолынан келеді, солай тауып жүр. Халыққа танымал, халық аңсап шақыратын әнші бізде жақсы өмір сүріп жатыр. Тойы бар, концерті бар, гастролі де – бәрі бар, әншінің жағдайы жақсы. Танымалдық көп рөл ойнайды, негізі. Танымал әншіні сонау Батыс Қазақстан, Шығыс, Солтүстік Қазақстан бар ма, барлық жақтан адамдар хабарласып, тойларына шақырады. Сондайға халық 5000 доллар төлейтін де әнші бар, 500 долларға шығатын, тіпті 50 доллардың өзін қанағат тұтатын да әншілеріміз бар.
– Танымалдық шешетін болса, танылудың, онда да жай көрініп қана қоймай, халық тарапынан мойындалған әнші болудың қазіргі талаптары қандай? Қарым-қабілет әлі де болса құнды ма әлде бүгінде тек қаржы шеше ме бәрін?
– Өнерде қай кезде де ең басты құндылық – Алла берген дарын. Танымал болу үшін өте талантты әнші болу керек. Көп ақша болса, дарынсыздан да әнші шығарып, ол халыққа өтеді дегенге өз басым келіспеймін. Ақша талантты тудыра алмайды, керісінше, шын талант ақшаны құл ете алады. Ондай әншіге Роза жатады, ондай әншіге Мақпал жатады, Мәдина Сәдуақасова. Өзім де, шүкір, ешқандай шағым айта алмаймын ол жағынан. Халық барын аямайды, кейде тіпті жағдайын айтқан адамдардан бір тиын да алмай баратын да кездеріміз болады. Жастардың арасында да халықтың өте үлкен сұранысына ие әншілер деп Айгүл Иманбаева, Айгүл Қосанова, Ерболат Құдайбергенов, Бейбіт Қорған, Еркін Нұржанов, Нұржан Қалжандарды ерекше атай алар едім. Тіпті кейінгі шыққан Қайрат Нұртастың өзі қандай! Содан соң, тағы бір айтарлығы, бүгінде дәстүрлі әнге деген де сұраныс аз дейтіндер бар, мен оған қарсымын. Олай деушілердің өздері мықты әншілерден емес. Себебі домбырамен де халықтың жүрегінен орын алып, қолдан-қолға тимей, тойдың да, сахнаның да төрінен түспей жүрген дәстүрлі әншілер бар.
– Жұмыс ретімен кейде өнерге енді қадам басып жатқан жас өнерпаздармен де сөйлесуге тура келеді. Сонда басым көпшілігінің бойынан «әттең, маған жақсы продюсер табылмай жүр, болмаса эстрадада құр жүрген талайларды жолда қалдырар едім, мені сондай біреу көрмей, қор болып жүрмін ғой» деген сыңай байқадым. Бұл деген масылдық психология емес пе? Сіз продюсерсіз ғой, осыған не дер едіңіз? Бұлай деушілер кімдер?
– Ол – өз деңгейін білмейтін, әншіліктен құр дәмесі бар адам. Маған күніне кемінде бес адам «продюсерім болыңызшы» деп хабарласады. Мүмкіндігінше тыңдаймын, шын дауысы керемет әнші ілуде біреу. Таяуда мен «Ерке» тобына бір қызымның орнына әнші іздедім. Сонда 50 қыздың ішінен бір әнші таппадым ғой, сенесіз бе? 51-қызды алдық. Талант жоқ қазір, оны іздеу деген үйілген шөп арасынан ине іздеумен бірдей. Сондай-ақ дәстүрлі әншілер тобын құрғым келді де бірде консерваторияға бардым. Домбырашы ұл-қыздарды тыңдап, біреуін таба алмаған соң, сонда дәріс беретін ұстаздары Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосановаларға «қайда Қайрат Байбосынов, қайда Бекболат, қайда Сәуле, қайда Айгүл, қайда Майра» деп қарным ашып шықтым. Сосын, бір қызығы, ана туралы ән жазса, бітті, маған алып келеді. «Жан анама» шығарады дегені ғой. Ана туралы әннің бәрін шығара беру шарт емес, егер ол талапқа сәйкес келмесе, жақсы ән болмаса. Қазір халық сүйіп тыңдайтын әншілердің бәрі – талантының арқасында жарқ етіп шыққандар. Ал енді әлгіндей «маған продюсер болмай жүр» дегендер әнші емес, себебі мықты әнші продюсерсіз-ақ жарып шығады. Оған тіпті продюсердің қажеті де жоқ. Қайта продюсер боламын деп, соның арқасында нан жеуді ойлайтындар кездесуі мүмкін.
– Бізде де қазір продюсер мен әншінің екі жаққа кетуі ұшырасып жатыр ғой. Соның себебін немен түсіндіруге болады?
– Ең бірінші себебі, бізде өзін продюсермін дейтіндердің көбі басында аз ғана тиын-тебен салады-дағы, есесіне содан соң әншіні теспей сорады. Мықты продюсер болсаң, әншіңді ешбір келісімшартсыз ұстап көр. Егер келіспей жатсаң, батаңды бер де өз жайына жібере сал. Ешқандай қағазбен тізгіндеп, «мен саған осынша ақша салдым, қайтарып бер» демей-ақ. Продюсер адал болса, шын талант үшін жүгіріп, қаржысын аямай салуы керек. Продюсердің мықтылығы – көп ішінен шын талантты адаспай таба білуінде.
– Бүгінде аранжировка мен ән бір-бірімен біте қайнасып кеткен егіз ұғымдар іспетті. Өңделмеген әнді әнші де орындап шыға алмайды, тыңдаушы да қабылдай қоймайды. Әннің тағдырына жауапты, әнге баға тағайындайтын – бүгінде осы аранжировщиктер. Солардың кейбірінің өте қымбат баға сұрауының себебі неде? Жалпы, осы ән өңдеуге қатысты өзіңіз қандай мәселемен ұшырасып қаласыз?
– Жақсы өңдеуші өз қызметіне ешқашан арзан сұрамайды. Онысы өте орынды да, себебі ол өзінің еңбегін, өзінің талантын төмен бағаламауы тиіс. Қоғам мойындаған мықты әрлеушілердің қатарында бүгін Бағлан Омаров, Арман Бексұлтан, кейінгі кезде маған қатты ұнап жүрген Бақыт деген жігіт бар. Олардың қызмет ақысы жоғары, сондықтан кез келгеннің қолы жете бермейді. Мәселе дегенге келер болсақ, біздің көптеген әрлеушіміздің көбінің қолын ескі техника байлап тұр. Олар қанша жақсы жұмыс істегенімен, техникасының үні ескі. Техника мен технология күн санап дамып жатқан тұста бір жылдың өзінде музыка қаншама алға жылжып кетеді, ал ол техника қолында жоқтар қатардан қалып қояды. Бізде қазір әншілер кезекке тұрып ән жаздыратын екі-үш студия бар, ол – Арман Бексұлтан жұмыс істеп отырған Беляевтің студиясы, «МұзАрт» сонда шығармашылықпен айналысады. Ол – Melomen жұмыс істейтін Жаннаның One студиясы. Ең мықтылар – осылар. Неге? Себебі олар 200-300 мың доллар салған. Осынша ақша тұратын студия жабдықтап алуды біздегі барлық аранжировщиктің қалтасы көтере бермейді. Және осы студияларда музыка өңдеуші болып өзбек ағайындар отыр. Өйткені олар өте жоғары деңгейде өңдейтінге ұқсайды. Міне, осы жүректі ауыртады. Қазақ балалары неге соған талпынбайды екен?
Алашқа айтар датым...
– Мен бір нәрсені түсінбеймін: халықаралық сайыстар, олимпиадаларда жүлде алып келіп жатқан спортшыға Алматы не Астанадан пәтер береді де, дәл сондай дүниежүзілік дәрежедегі ән байқауынан бас жүлде алған бірде-бір әншіге үй бермек түгіл, елемейтін де кездер аз емес. Әлі күнге талай байқаудың жүлдегерлері, мықты әншілер пәтер жалдап тұрады. Ең болмағанда, Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың бас жүлдегерлеріне пәтер беруге болады ғой. Мәселен, Ахат Жақсыбаев деген дарынды жігіттің сол байқаудан бас жүлде алғанына бес жыл болды, әлі күнге бір рет теледидардан көрсеткен де жоқ. Осы әділетті ме?!