Ақпараттық технологияны тиімді пайдаланғанымыз абзал

Ақпараттық технологияны тиімді пайдаланғанымыз абзал

Альмира Тәжіғұлова, Ұлттық ақпараттандыру орталығының президенті, педогогика ғылымының докторы, академик:

– «Электронды оқу жүйесі дегеніміз не?» деген сауалға көпшілік ұстаздарымыз еркін жауап бере алмай, күмілжіп қалады» дейді біреулер. Әлбетте, қолданысқа енді енгізіліп жатқан бастаманы толықтай меңгеріп алу – қиындық туғызып жататыны заңдылық. Алайда оқушыларды электронды оқу жүйесіне бейім­деу үшін, ең алдымен, мұғалімде­ріміздің өзі сауатты болуы тиіс. Осы негізде, яғни мұғалімдердің білімін жетілдіру мақсатында не істелініп жатыр?
– Оныңыз рас. Мұғалімдер атына сын айтылып жатады. Әрине, ағарту саласы мамандарының талапқа  сай білімді-білікті  болулары тиіс. Бірінші кезекте мұғалім­дер­дің үздіксіз ізденіп жүргендері жөн. Қазір оған барлық жағдай жасалуда.
Бәрі бірдей емес, бірақ бүгіндері элект­рон­ды оқулық жүйесін бес саусағындай білетіндер баршылық. Оны білудің, тіпті еш қиындығы жоқ. Еліміздегі орта мектеп­тердің  элект­ронды оқыту жүйесіне көше бастағандары кеше емес, екі-үш жыл бо­лып қалды. Ме­нің білетінім, бүгінгі күні  мұғалім­дер оқушылардың үлгерімін арнайы бағ­дар­ла­ма арқылы қадағалап отыру тәжіри­белері алға басып келеді. Тіпті ата-аналар үйде отырып, балаларының үй тапсырма­лары мен бағаларын ғаламтор арқылы тексеруге мүмкіндік алып жатқан мектеп­тер де бар. Былайша айтқанда, оқушы­ларға оқулық­тар мен тапсырмалар элект­ронды түрде беріле бастады. Айта кетейін, элект­рон­ды жүйе арқылы мұғалім­дер өз­де­рінің сабақ кестесін жасап қана қоймай­ды, оқу жоспа­рын құру үшін де өте тиімді.
Деректерге сүйенсек, электронды оқыту жүйесіне 2011-2012 жылдары Республика бойынша 581  мектеп қосыл­ған екен. Биыл тағы 600-ге жуық мектеп оқушылары электронды оқыту бағдар­ла­масын меңгереді деп күтілуде. ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл  жобаны 2016 жылға дейін  қарқынды түрде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Көш жүре түзеледі. Кемшіліктер бар, әрине. Әсіресе шалғай ауылдарда жағдай, шынымен, қиындау. Алайда Үкімет қаржыдан сараң­дық танытып отырған жоқ. Керек қаржы бөлініп жатыр.
Сауалыңызға толыққанды жауап бере кетейін, мұғалімдерді жетілдіру үдерісіне біз де атсалысып жатырмыз. Біздің негізгі міндетіміз – білім беру жүйесін ақпараттан­дыру. Бұған мектепке дейінгі білім беру  жүйесінен бастап, ЖОО-дан кейінгі білім беруді жетілдіру кіреді. Біз білімді ақпарат­тандыру саласындағы мамандарды да­йын­дап, түрлі методикалық әдістемелерді жасап шығарудамыз. Сонымен қатар мульти­медиа индустриясын дамытуға, яғни электронды оқулықтарды білім беру үдерісіне қосуға айтарлықтай күш салу­дамыз. Ол үшін бірінші кезекте, жоғарыда сөз болғандай, мұғалімдердің білімін жетілдіруге тиіспіз. Осы мақсатта тренинг­тік курстар өткізуді жолға қойдық. Міне, осы тренинг кезінде мұғалімдерге, жалпы, осы электронды оқыту дегеніміз не, бұл жаңа инновациялық әдістемені қалай қолдану керек  деген сияқты түрлі сұрақтар төңірегінде айтылады.
Электронды жүйені жүзеге асырудың тағы бір көкейкесті мәселесі, ол – мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ақпараттық-коммуникациялық техноло­гия­ларды игеру деңгейінің әркелкілігі. Бәрі болмаса да, кейбір мұғалімдер бұл  жүйемен жұмыс істеуге қиналып жатады. Олар компьютерді қолданып, жаңа техно­ло­гияларды игеруге  дайын емес. Компью­терлік бағдарламалардың барлығын жетік меңгерген жоқ.   Басты мәселелердің бірі –  ауылдық жерлердегі ғаламтордың жоқтығы. Бұл проблеманы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірігіп шешуге келісіп отырмыз.  Қазіргі уақытта оқу орындарының 50 пайыздайы ғаламторға  қосылған. Бірақ оның көбісі қалалық жер­лер­де. Сол себепті алдағы уақытта «Ақпа­ратты Қазақстан» жобасын іске қосып,  оқушыларды планшетпен жабдық­тауды жоспарлап отырмыз. Құдай қаласа, ол күн де алыс емес.
– Альмира Ізбасарқызы,  түсін­геніміз көп мәселе компьютер мен ғаламторға келіп тіреліп тұр ғой?
– Иә. Әрине, электронды оқу жүйесін енгізуде әлем елдерімен салыстырғанда ілгерілеушілік бар. Нәтиже жаман емес. Ал барлық мектептерді компьютермен жабдықтауда көп елдерден біршама артта қалып қойдық дер едім. Мысалы үшін айта кетейін, Ұлыбритания, Корея, Норвегия сияқты елдерде бес-алты оқушыға бір компьютерден келеді екен.  Дамыған елдер­де сымсыз ғаламтор сияқты соны технологиялар кеңінен қолданылуда. Бір айта кетерлігі, техника жеткілікті болу – бір әңгіме, оны сауатты жұмыс істету – басқа мәселе. Міне, бізге әзірге бар техника мен жасалынып жатқан методикалық әдісте­мелерді тәжірибеге енгізу міндеті тұр.
– Әлі мектептерді толық қамти алмай отырғанымызда «электронды оқыту жүйесіне балабақшаларымызды енгіземіз» деу асығыстық емес пе? Оны сұрап отырғанымыз, мектепке дейінгі мекемелерге де электронды оқыту жүйесін енгізбек көрінеді.
– Асығыстық демес едім. Өз кезегімен, кезең-кезеңімен мектеп жасына дейінгі балаларымызды да баули бастасақ,  оның артықтығы жоқ. Әлбетте, бұл жерде бала­лардың жас мөлшеріне қарай олардың шама-шарқы да ескерілетін болады. Байқаған боларсыздар, бұрынғыдай емес, ҰБТ-ға оқушыларымыз дағдылана баста­ды. Өйткені, міне, бірнеше жыл болды, қазір мектеп қабырғасында жүргенде оқушылар тест тапсырып жүр. Тәжірибе жемісін бере бастады. Бұл да сол сияқты. Балалар электронды оқыту жүйесін бала­бақша жасында меңгере бастаса, ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Айта кетейін, электронды оқыту жүйе­сін мектепке дейінгі мекемелерден бастап, ЖОО-дан кейінгі салаларға енгізу ҚР Білім беру саласын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасында қарастырылған. Егер сөз болып отырған Қазақстан Республи­касында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылса, отандық білім саласы әлемдік білім жүйесімен бәсекелес бола алар еді.
Бұл бағдарламаның мені қуантқан тұстары жетерлік. Интернет желілеріне білім беру ұйымдарының 90 пайызынан астамы қосылатын болады. Бірінші кезекте ресурстық орталықтардың пилоттық бағдарламасы бойынша мектептер жұмыс істей бастайтын болады.
Ал кең жолақты интернетке қосылу, электрондық білім беру жүйесі үшін жабдықтармен қамтамасыз ету және жеткізушілердің қызмет көрсетулерін таңдау мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін болады.
Білім беру ұйымдарының барлығы дерлік қажетті оқу базалары бар интернет-ресурстарымен жабдықталмақ. 2015 жыл­ға қарай жалпы білім беретін білім беру ұйымдарының барлық оқушысы жергілікті бюджет есебінен тегін оқулық­тармен және сандық білім ресурстарымен қамтамасыз етіледі.
– Сандық білім беру ресурсы демекші, оның әдістемелік құрал екендігін білеміз. Бұл да бір ғылыми жаңалық. Біздің білім беру жүйесі сандық білім беру ресурсын қолдануға қаншалықты дайын?
– Сандық білім беру ресурстарының тиімділігі мен артықшылығы орасан. Соның арқасында  білім алушылар  әлемнің ең үздік білім ағарту орындарымен қалаған уақытында, еш қиындықсыз байланыса алатын болады. 
Сандық білім беру ресурсы – әдіс­темелік құрал. Мұндай әдістемелік құрал­ды жасау оңай шаруа емес. Бір ресурсты жасау үшін тек қана педагог мамандар ғана емес, түрлі сала бойынша онға жуық адам жұмыс істейді. Атап айтсам, суретші, анниматор, режиссер, білікті дикторлар, сондай-ақ бірнеше саланы қамтыған программистердің қатысуымен жасалатын ғылыми еңбек десем де болады. Негізі, сандық білім беру контентінің құрамына компьютерлік ойындар, электронды оқу­лық­тар, виртуалды жаттығу әдістері және ғылыми-әдістемелік зерттеулер сияқты дүниелер кіреді. Қазір көпшілік  электрон­ды оқулық пен  сандық білім беру ресурсы­ның айырмашылығын шатастырып алып жүр. Элек­тронды оқулық – мектеп бағдар­ламасын түгел қамтитын мультимедиялық оқулық. Былайша айтқанда, оқушы элект­ронды оқулық арқылы білімін жетілдіріп, интерактивті тапсырмаларды орындайды. Ал сандық білім беру ресурсы белгілі бір пәнді түбегейлі зерттейді, интерактивті тапсырмаларды орындаған оқушы сандық білім беру ресурсы арқылы тест сұрақ­та­рына жауап береді.
Мойындау керек, бүгінгі күні Елбасы мен Үкімет балаларымыздың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасауда. Алдағы уақытта сандық білім ресурсы да тәжірибеге ене бастайды. Әрине, ол үшін барлық мектептерге арнайы инфрақұры­лым енгізілуі тиіс.
Ұлттық ақпараттандыру орталығының сан­дық білім беру ресурстарын шығарумен айналысқанына бірер жыл болып қалды. «Қазақстан тарихы» пәні бойынша екі тіл­де 5-11-сыныптарға арналған сан­дық білім беру ресурсын шығардық. Өткен жылы 1-11-сыныптарға арналған «Математика», 7-11-сынып­тарға арнал­ған «Физика», 2-11-сынып­тарға арналған «Қазақ тілі» пәні бойынша сандық білім беру ресурстарын қос тілде дайындадық. Мектеп бағдарламасынан бөлек, 36 пән бойынша жоғары білім беру мекемелеріне де оқулық дайын­даймыз.
Жалпы алғанда, орталық 7043 сандық білім беру ресурсын шығаруды көздеп отыр. Ха­лықаралық электронды білім беру тә­жірибесімен  алмаспасақ тағы болмай­тыны белгілі. Осы мақсатта Румыниядағы мемлекеттік деңгейде жұмыс істейтін  SIVECO компаниясымен, әлемге әйгілі Young Digital Planet (Поль­ша) компаниясы­мен және тек «математика» пәні бойынша сандық білім беру ресурсын дайындайтын ағылшын­дық Whizz Education Limited (Ұлы­британия) компа­ниясымен іскерлік байланыс орнатқанбыз. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ма­темати­ка және механика ғылыми-зерттеу инсти­туты», Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық уни­вер­ситетінің ІТ ма­мандарын дайындай­тын факультеті, «След» продюсерлік орта­лығы, I-QAZAQ компаниясы Ұлттық ақпа­рат­тандыру орталығымен қоян-қолтық жұмыс істеу­де.  
Көп ұзамай бұл жобалардың да жүзеге асырыла бастайтынына сенімдімін. Мен өз ойымды ортаға салсам ба деймін: Үкімет үшін барлық баланы компьютермен жаб­дықтау оңай емес. Сол себепті жағ­дайы бар ата-аналар баласын білім берудің жаһандық жаңалығы – электронды оқу­лық­пен қамтамасыз етуді өз міндетіне алып жатса, құба-құп болар еді.  Әрине, бұл әркімнің өз құқы. Ақпараттық техноло­гияны тиімді пайдаланғанымыз абзал. Сол себепті ұстаздар қауымы оқушыға заман талабына сай білім беру үшін ақпараттық технологияларды меңгеруге барын салып, жұмыс істеуде.  Құзырлы министрлік элек­тронды оқыту жүйесін мектепке және кәсіптік білім беру саласына енгізген кезде халықаралық тәжірибеге жүгінуді ұмыт қалдырған жоқ. Сол себепті де ҚР Білім және ғылым министрлігі біздің елімізде халықаралық консорциум құру туралы шешім қабылдаған болатын. Консорциум­ға 13 компания кірсе, оның жетеуі – ха­лықаралық деңгейдегі компа­ния­лар. Егер компаниялар ІТ технология саласындағы тың идеяларды ізденумен айналысса, консорцуим соның қайсысын дамыту керектігіне таңдау жасайды.
– «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ-ы «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің еншілес компаниясы екендігін білеміз. Міне, «Парасат» бес жылдық мерейтойын тойлауда. Қандай жетістіктерімен мақтана алады екен?
– «Парасат» ұлттық ғылыми-техноло­гиялық холдингі» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылы «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі»,  «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі», «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционер­лік қоғамдарын құру туралы» қаулысына сәйкес құрылды.
«Парасат» ұлттық ғылыми-технология­лық холдингінің еншілес компаниялары мыналар: «Ұлттық ақпарат орталығы» АҚ, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өнді­рістік холдингі»,  «Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байтыу орталығы» АҚ, «Ғылым қоры» АҚ, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ,  «Физи­ка-техникалық институт» ЖШС, «Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты» ЖШС, «Сейсмология институты» ЖШС, «География институты» ЖШС, «У.М.Ахмедсафин атындағы Гидро­геология және геоэкология институты» ЖШС, «Алтай геология-экологиялық институты» ЖШС. Байқап отырғандары­ңыз­дай, барлығы – білім, іліммен айналы­сатын ғылыми жобалар. Оның өзінде  олардың әрқайсысы инновациялық жоба­лармен жұмыс істеуде. Ал мына жаһан­данған заманда инновацияның қанша­лық­ты маңызды екендігі баршаға аян. Сол үшін де ҚР Мемлекет басшысы келелі тап­сырмалар жүктеп, үлкен үміт артып отыр.
Холдинг міндеті  – ұлттық экономи­каның бәсекеге қабілеттілігін көтеру және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру,  ел экономикасына заманауи технологиялар­ды әзірлеу.  Бір ауыз сөзбен айтқанда, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі – ғылыми және ғылыми-техни­калық қызмет нәтижелерін коммерциялан­дыру мен ендіру бойынша отандық және әлемдік инновациялық жүйеге интегра­ция­ланған басқарушы компания.
Экономиканы тұрақты дамытуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын құралдардың алғашқысы инновация мен инновациялық жұмыстар болмақ. Инно­вация өндірістің техникалық және техно­логиялық базасының үздіксіз жаңарып отыруын қамтамасыз етіп қана қоймай, бәсекеге қабілетті жаңа өнімді игеруге және өндіруге, тауарлар мен қызметтердің әлемдік нарығына тиімді енуге ықпал етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республи­касындағы инновацияны әзірлеп, оны игеру­­мен айналысатын отандық кәсіп­орындардың үлесі 5 пайыздай ғана. Ал көрші Ресейде бұл көрсеткіш – 10 пайыз. Шығыс Еуропа елдерінде 40 пайызға де­йін көтеріліп кеткен. Өзінің макроэко­номи­калық көрсеткіштері бойынша Қазақстан орта табысты елдер қатарына жатады, алайда KEI (білімді экономикада пайда­лану деңгейі) индексі бойынша елімізде халықтың табысы анағұрлым төмен. Әри­не, жас мемлекет үшін бұл заңды құбылыс. Десек те, Қазақстан әлем көшіне ілесу үшін барлық жағдайды жасауда.
Өндірістік кәсіпорындар мен ғылымды  ұштастыруға да қазір ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ өндірістік салаларға инновация енгізуге талпынудамыз. Егер бүгінгі күнге дәл осы тұсымыз ақсап тұрса, бұл дұрыс жасалған механизмдердің болмауы дер едім. Сонымен қатар жаңа­лықтарды енгізу үшін кәсіпорындардағы ынталандыру тетіктерінің жасалмағаны да жасырын емес. Осыған орай Инновация­ларды дамыту бағдарламасы жасалған болатын. Аталмыш бағдарлама  жоғарғы технологиялық шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасауға бағыттал­ған. Қазақстан Республикасының  Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік қайта құру және даму банкімен бірігіп, технологияларды коммерцияландыру жобасын іске қоспақ. Ал бұл жобаның мақсаты – ғылым жетістіктерін коммер­циялық істерге жаратуда тиімді жүйелерді ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесін игеру.
Республикамыздағы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және диверсификациялауды қамтамасыз ету мақсатында дүниеге келген «2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республи­касының Үдемелі индустриалды-иннова­циялық дамуы туралы мемлекеттік бағ­дар­ламасы» аясында Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Үкіметі салалық бағдар­ламалар да бекіткен болатын. Олар, негізі­нен, минералды-шикізаттық кешенді, фармацевтикалық, химиялық өндірісті, тау-металлургиялық сияқты маңызды салаларды дамытуға негізделген. Ал «Пара­сат» холдингі сөз болып отырған, мұнай-газ және тау-металлургиялық, гео­логия, агроөнеркәсіптік  салаларын техно­ло­гиялық көшбасшыларға айналдырудың негізін қалауды жылдамдату іс-шараларын жүзеге асыруға  белсенді түрде қатысады.
Холдинг компаниясының құрамында 2091 қызметкер еңбек етеді, соның ішінде 102 ғылым докторлары,  231 ғылым кандидаттары бар. Мен холдингті кілең ғалымдар мен білімді-біліктілер бас қосқан ғылыми орта дер едім. Оларға жүктеліп отырған міндет пен сенім зор.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста