Әлеуметтік педагогтің қызмет аясының кеңдігіне қарамастан, оның рөлі туралы дұрыс көзқарас қалыптаса қоймаған сияқты
Гүлмира Шырынбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, педагогика ғылымының кандидаты:
– Мойындау керек, әлеуметтік педагог пен өзін-өзі тану мұғалімдерінің қоғамдағы рөлі дұрыс айқындалмай отыр. Қаншалықты қажет екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Оның мәртебесінің көтерілмей отыруының бірден-бір себебі сол шығар, бәлкім?
– Республикамыздың бірқатар жоғары оқу орындарында, соның ішінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дің педагогика-психология факультетінде 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы бойынша әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімдерін даярлау жүйесі қазіргі таңда ғылыми жаңа бағыт болып табылады. Сондықтан бұл екі мамандықтың, яғни әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімінің қажеттілік рөлі мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесіне сай анықталған тәжірибелерге, бүгінгі қоғамдық әлеуметтік мәні бар өзекті мәселелерді қамтитын мына төмендегі аса маңызды екі факторға сүйеніп айтар едім.
Біріншісі: Иә, қараусыз қалған балаларды көзден таса қылмауға әркез мән беріліп келді. Алайда әртүрлі себептермен ата-анасынан айырылған немесе панасыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі мүгедектер т.с.с жасөспірімдер мәселесін еліміз әсіресе Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мықтап қолға алды. Осы мақсатта Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Балалар үйінің жарғысы», «Мұқтаж азаматтарға олардың білім алу кезеңінде әлеуметтік көмектің мөлшері мен көздері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы, «Бөбек» республикалық қоры, Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы», Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы», ҚР «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз, панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңдары жарық көріп, түрлі бағдарламалар, тағы да басқа әлеуметтік маңызы бар шаралар жүзеге асып жатыр. Бұл қабылданған заңдардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде әлеуметтік педагог, өзін-өзі тану мұғалімдерінің қызметі дұрыс ұйымдастырылуда. Осы тұста айта кетейін, негізі, әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімі мамандарының кәсіби іс-әрекет саласына жоғарыда аталған мемлекеттік заңнамалар бағытталған білім беретін ұйымдар, арнайы білім ұйымдары, пенициатрлық типтегі мекемелер, сауықтыру орталықтарындағы әлеуметтендіруге арналған әлеуметтік-педагогикалық жұмыстар жатады. Ал қазіргі дайындалып жатқан болашақ әлеуметтік педагог мамандарының жұмыс істейтін орындарына мемлекеттік құрылымдар, яғни ҚР Білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті, әлеуметтік бағыттағы мекемелер мен әлеуметтік қамсыздандыру, атап айтсам, жұмыссыздарға, жағдайы жоқтарға, еңбекке жарамсыздарға, еңбек ету мүмкіндігі шектеулілерге, қарт-қарияларға қолдау көрсету мен көмектесу органдары, мемлекеттік және мемлекеттік емес білім беру мекемелері (мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, мектептер, балалар үйі, интернаттар, арнайы білім беру мекемелері), қоғамдық ортада тәрбиелеу проблемаларымен, айналысатын мекемелер, сонымен қатар қоғамдық ұйымдар, балалар клубы, студиялар, сауықтыру лагерлері сияқты балалардың бос уақыттарын ұйымдастырумен, қолдаумен, толыққанды әлеуметтенуімен, дамуымен айналысатын мекемелер т.б әлеуметтік институттар жатады. Аталған әлеуметтік педагог жұмысының кәсіби іс-әрекет саласы мен жұмыс орны ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындары үшін дайындалған ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көрсетілген. Демек, бұл құжаттар әлеуметтік педагог мамандарын даярлау жүйесінде еліміздегі қажеттілік рөлін айқындайтын жоғарыда аталған маңызды факторлардың негізі болып табылады.
Енді өзін-өзі тану пәні бойынша мамандардың қажеттілік рөліне келсек, бұл пән адамның рухани мүмкіндіктерін дамыту жағынан жалпыұлттық қазақстандық идеалдармен сәйкес келетін мәдениет пен әлеуметтік нормаларды қалыптастыру мақсатын көздейді. Әрбір адам баласы материалдық және рухани өмірдің ортасында тіршілік етіп отырғандықтан, әлемде болып жатқан өзекті мәселе үшін өзінің әлеуметтік жауапкершілігін түсінуі қажет. Осыған орай, республикада аталған тәрбие жүйесін құру мақсатында 2001 жылдан бері Сара Алпысқызының бастауымен «Өзін-өзі тану адамгершілік-рухани білім беру» бағдарламасы бойынша ашылған эксперименттік алаңдарда, нақтырақ айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептерде, жетім балаларға арналған мектеп-интернаттарда жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 2010 оқу жылында республиканың мектептеріне өзін-өзі тану оқу пәні ретінде енгізілді.
– Әлеуметтік педагог қызметінің даму үдерісі тұрғысындағы көзқарасыңызды білгіміз келеді...
– Егерде республикамыздың кейбір ЖОО-ларда осы сала бойынша маман даярлау жүйесі сонау 1992 жылдан бастау алғанын ескерсек, еліміздегі әлеуметтік педагог қызметі іс жүзінде өте баяу, тек теориялық тұрғыда ғана дамыды және бертінге дейін осы саласы үлгі елдердің тәжірибелерін жинақтаймыз деп ілдалдап қалдық десем, дұрысы сол. Біздің қоғамда әлеуметтік педагогтың қызмет аясының кеңдігіне қарамастан, ол жұмыстың мәні, мәртебесі, рөлі туралы халық арасында дұрыс көзқарас қалыптаса қоймаған сияқты. Әлеуметтік педагог жұмысының қаншалықты деңгейде дамып отырғанын шетел тәжірибелеріне салыстырмалы талдау жасау арқылы ғана көруге болады. Атап айтсақ, Ресей, Батыс елдерінде «әлеуметтiк жұмыс» деген атаумен қабылданған әлеуметтік педагогтер білім беру ұйымдарына әлдеқашан енгізіліп, ол өміршеңдігін дәлелдеп қана қоймай, қоғамдық ортада әлеуметтік педагог мәртебесі кәсiби деңгейге көтерiлген-ді. 2009 жылы Копенгаген (Дания) қаласында өткен әлеуметтік педагогтердің XVII Халықаралық конгресс жұмысына әлемнің 42 мемлекетінен, соның ішінде Ресей Федерациясының да өкілдері қатысып, 2 қазан – Әлеуметтік педагогтердің халықаралық күні деп белгіленуі және шешім қабылдануы – осының бір айғағы. Мәселен, Ресейде 20 жыл ішінде әлеуметтік нысандарға кадрлер дайындайтын тәжірибелік алаңдар жұмыс істеп, онда жинақталған теориялық білімдер практикалық тәжірибеге ұласып, әлеуметтік педагог жұмысын дамыту мәселесін шешу нәтижелері нақтыланған. Сол сияқты Польшада 1920 жылдан бастап қоғамға енгізілген әлеуметтік қызметкерлер жүйесі тиімді әрекет етсе, АҚШ-та «Әлеуметтік жұмыс» бағдарламалары полицияның және кәмелетке толмағандардың ісі бойынша соттардың, сонымен қатар орта білім мекемелерінің базалық бағдарламалары бойынша құрылып, балаларға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетудің нәтижелі деңгейде мол тәжірибесі жинақтаған. Швецияда әлеуметтік педагогтің қызметіне жоғары өкілеттіктер жүктелгендіктен, қоғам алдында зор жауапкершілікке ие әлеуметтік қызметкердің ресми мәртебесі өте жоғары, кәсібі беделді, әлеуметтік қызмет муниципальді болғандықтан, полицияға немесе сотқа тәуелсіз болып табылады.
Бұдан түйетін ой мынаған саяды: сөз болып отырған елдерде әлеуметтік педагогтер мемлекет тарапынан мықты қолдау табуда, әлеуметтік іс-шаралар дұрыс жолға қойылып, оның дамуына барлық жағдай жасалуда, тіпті мемлекеттің өзі мүдделі болуда. Сол себепті де бұл саланың қоғамдағы рөлі сөз болған елдерде айрықша әрі сұраныстағы мамандық иелері қатарында.
Әлеуметтiк жұмыстар – қоғамдағы рухани құндылықтарды дамытып, адамдар арасындағы ізгі қасиеттерді биік қоюдың маңыздылығын арттыру қажеттiлігінен туындаған және ол сонау ежелгi дүниеден бастау алады, бір сөзбен айтқанда, тарихы тым тереңде. Қайсы мемлекет, ұлт болмасын, оның өркениеттілігі, ең алдымен, ізгілігімен айқындалады. Адами қарым-қатынас бәрінен биік тұруы тиіс. Міне, осы тұрғыда әлеуметтік педогогтің ел ретінде дамып, жетілуі үшін маңызы аса зор. Олай болса, халықтың әлеуметтік те, рухани да, адами да деңгейін көтеруді мақсат тұтқан Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында әлеуметтiк жұмыс алдағы уақыттарда қоғамдық кәсіп түрінде танылатын мүмкіндіктерге ие болады деп ойлаймын. Адам қоғамға тәуелді мына заманда жан-жақты көмек беруге маманданған әлеуметтік педагогтердің қызметтік рөлі мемлекеттік тұрғыда қолдауға ие болуы тиіс. Ол үшін әлеуметтік педагог мамандардың жұмыс істейтін нысандарын көбейту қажет. Нақтырақ айтсам, жетім балалар үйлерін, мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру орталықтарын, қарттар үйлерін т.б. халықтың қорғансыз бөлігіне арналған мекемелерді қажетті мөлшерге дейін ашып, әлеуметтік педагогтің қызмет саласының мүмкіндігін кеңейту мәселесі қарастырылуы керек. Бұл болашақта осы мамандық бойынша диплом алғалы отырған ЖОО түлектері үшін жұмысқа орналасу мәселесін шешудің оңтайлы жолы болып табылар еді.
– Мамандар өзін-өзі тану пәні бойынша мұғалімдер тапшы деп жатады...
– Ол рас. Осы мәселе қазір өзекті болып тұр. Білім беру мекемелерінде бұл пән бойынша маман тапшылығы айқын сезілуде. Себебі пән адамтанудың құрамы ретінде психология, философия, әлеуметтік педагогика ғылымымен байланысты әлеуметтік мәні бар күрделі мәселелерді қарастырып, адамдардың әлеуметтік жауапкершілік, адами ізгі қасиеттерін қалыптастыруға негізделеді. Сол себепті де пән өз деңгейінде өту үшін ұстаз оқу әдістемесін толық меңгерген маман болуы тиіс.
Еліміздің білім саласы үшін әлеуметтік педагогика ғылымын ендіру жалпы қолданылғанымен, педагогика-психология факультетінің мектепке дейінгі, бастауыш білім беру және педагогика кафедрасында ашылған әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы үшін студенттерді дайындаудың нормалық, стандарттық деңгейде алғаш 2010 оқу жылынан бастап біздің университетте ендіріліп отыр. Аталған мамандықты таңдаған жастар санына келсек, қазақ, орыс тілдерінде оқытудың күндізгі бөлімінде қазір – 58, сырттай бөлімінде жеті студент бар. Ал 2011 оқу жылы күндізгі бөлімге 100 адам, ал сырттай бөлім бойынша сегіз адам түсті, яғни қазір 1-2-курс бойынша жалпы саны – 173. Негізі, бұл алғаш ашылып отырған мамандық үшін жаман емес, жоғары көрсеткіш десек те болады.
Қазір ЖОО-ларда осы мәселеге айрықша мән беріп отыр. Дайындалып жатқан өзін-өзі тану мұғалімдері мен әлеуметтік педагог мамандар әрбір мектеп, отбасылары, жетім балалар мен қарттар үйлері, сауықтыру және бейімдеу орталықтарында жүргізетін өзін-өзі тану мен әлеуметтік-жұмыс қызметтері арқылы адамгершілік-рухани білім беруге, әлеуметтік орта құруға бағытталған өзара үйлесімді жұмыстарымен аталған қажеттіліктерді толықтай орындай алады деп сенім артып отырмыз. Оған негіз де жоқ емес.
– Кейбір сарапшылар әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімі бойынша маман дайындаудың сапасына сын көзбен қарайды. Жалпы, сапаны жақсартудың тетігі қайда деп ойлайсыз?
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің тұтас қоғамдық ортасын құруға байланысты 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарындағы басымдықтардың бірі – адами ресурстарды дамытуда ең алдымен оның әлеуметтік капиталының қалыптасуына ықпал ететін әлеуметтік функцияларды жүзеге асыратын факторлар төмендегідей:
• Девиантты және деликвентті балалармен жұмысты күшейтуді жоспарлау;
• Отбасы, мектеп, бос уақыттағы орта және тұтас қоғам құру;
• Арнайы және ерекше режимде ұстайтын білім ұйымдарына баса назар аудару;
• Кәмелетке толмағандарды дағдарыс жағдайынан шығуға және өмірін орнықтыруға, баланы отбасымен қосуға көмек көрсету мен отбасын әрі қарай сүйемелдеу.
Міне, осылардың барлығы әлеуметтік педагогтерге жүктелетін міндеттер. Қазір мемлекеттің әлеуметтік саяси рөлінің күннен-күнге арта бастағанын ескерсек, отандық ЖОО-лардағы әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы бойынша даярланып жатқан жастар жоғарыда айтылған Елбасы қабылдаған бағдарламаның даму үдерістерін жүзеге асырушы кәсіби мамандар болмақ. Сондықтан да жоғары білім ошақтары мемлекеттің әлеуметтік саяси іс-әрекеттер жүйесін ұйымдастырушыларының бірі ретінде қоғамның әлеуметтік басымдықтарын, яғни экономикадағы осы мамандықтарға деген сұранысқа сай оқытудың кредиттік жүйесі негізінде білім беру, тәжірибе жинақтау мамандықты одан әрі ғылыми жетілдіруге бағыттайды. Педагогика-психология факультетінің әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімі бойынша мамандар даярлау жұмыс берушілермен сыртқы байланыс орнату арқылы жүргізілуі тиіс. Былайша айтқанда, түлектердің жұмыс беруші мекемеде тәжірибеден өтуін де алдын ала қарастырып отыруымыз керек. Бұл мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында бекітілген оқу жоспарлары Қазақстан Республикасының білім беру аймақтарының бірлігін, әлеуметтік жұмыс сабақтастығын қамтамасыз етеді. Бұл – әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімі мамандарын дайындау сапасының жүйесі әлемдік тәжірибелерге сай келетін білімдерге негізделіп ұйымдастырылады деген сөз. Сондықтан арнайы әзірлеген білім беру бағдарламалары студенттердің қажеттілігіне, қоғамның, еңбек нарығының сұранысына сәйкес құрылмаса болмайды. Сол себепті де қазір студенттердің мамандыққа сай жаңа пәндер циклдері бойынша білім алуларын көздеп отырмыз. Мәселен, әлеуметтік педагогика, отбасымен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс, өзін-өзі тану, әлеуметтік-педагогикалық жұмыс технологиясы т.б. Тағы бір маңызды мәселе – бұл пәндерді оқыта отырып, студенттің осы мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, машықтандыру мақсатында психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік-педагогикалық, педагогикалық өндірістік тәжірибе түрлерін мейлінше арттыру. Неге? Өйткені студенттердің кәсіби дайындығы алған теориялық білімі мен практикалық біліктілігі арқылы анықталады. Әлеуметтік педагогтің теориялық дайындығының мазмұны оның әлеуметтік жұмысты жүргізуде сүйенетін заңнамалық, құқықтық актілер туралы біліктіліктерінің анықталуынан байқалса, практикалық дайындығының мазмұны әлеуметтік жұмыс жоспарларын іске асыру барысында әлеуметтік-терапевттік даму дәрежесімен айқындалады. Бұл әлеуметтік педагог маманына нақты берілген теориялық білімді белгілеуде әлеуметтік жұмыс технологиясын жүзеге асыру біліктілігінің бірлігі ретінде кіріктірілген сапалық ерекшеліктерін көрсетеді. Әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімін кәсіби қалыптастыру бірнеше кезеңнен тұратын үдеріс. Мәселен, әлеуметтік педагогикалық мамандыққа түскенге дейін кәсіби-педагогикалық дайындық кезінде және әлеуметтік маман ретінде өз бетінше жасаған жұмыс кезеңі деп. Бірақ осы кезеңдердің арасында маманды кәсіби әлеуметтік педагог тұлғасына дейін дамытатын әлеуметтік кәсіби іс-әрекет, яғни практика арасында өзара педагогикалық сабақтастық болуы шарт. Әлеуметтік педагог, бір жағынан, өмір сүріп отырған кезеңнің қажеттілігіне, әлеуметтік жағдайына, қоғамның нақты сұранысына қарай оқытылып тәрбиеленсе, екінші жағынан, қайырымдылық, ізгі іс-әрекет арқылы әлеуметтік маңызды идеяларды, дәстүрлерді қолдайтын, мәдениет жетістіктерін сақтаушы және оны халыққа жеткізуші маман ретінде қоғамға қызмет ететін болып дайындалуының да маңыздылығы зор. Қысқасы, маман дайындаудың сапасын жақсартудың механизмі – теория мен практиканы қатар алып жүру.
– Біздің дәл осы кафедра жұмысына қызығушылық танытуымыз жайдан-жай емес. Естуімізше, педагогика-психология факультетінің мектепке дейінгі, бастауыш білім беру және педагогика кафедрасының студенттері «Мейірім» клубын құрыпты. Клуб жұмысының тиімділігі қазір жақсы бастама ретінде қолдауға ие болып жатыр. Одан біз де хабардармыз. Осы клуб жайында толығырақ айтсаңыз...
– Иә. Клуб әлеуметтік теориялық білім мен практиканы ұштастыру мақсатында біздің кафедра студенттерінің ерікті бастамасымен құрылды. Клуб мүшелері волонтер ретінде көмекке зәру адамдарға өз еркімен қолдау көрсету сияқты әлеуметтік жұмыстармен айналысуда. Студенттердің әртүрлі мекемелермен қоян-қолтық қарым-қатынастары оларды кәсіби шыңдап, тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, қоғамдық ұйымдарда да іркілмей жұмыс істеулеріне мүмкіндік берері сөзсіз. Мұндай тәжірибе аса қажет, студенттердің волонтерлік жұмыстары бір ғана акциямен шектелмей, үзіліссіз жалғасын тапса, әлеуметтік жауапкершілікті талап ететін дәстүрлі мұрат-міндетке айнала ма деймін. Қазір клубтың мүшелері болашақ әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пәнінің мамандары ретінде өзінің кәсіби іс-әрекет теориясына негізделген әлеуметтік-педагогикалық білімдерін жетілдіре отырып, әлеуметтік жауапкершіліктерін абыроймен жүзеге асыруда. Маман дайындаудың сапасын осы сынды шаралармен де көтеруге болады. Мәселен, «Мейірім» клубы кезінде студенттер оқу мен тәжірибені қатар ала жүріп, білім-біліктілігін жан-жақты ұштады.
«Мейірім клубы» үлкен жұмыстар тындырды десем, асыра айтқандық емес. Тәжірибесі бай қоғамдық ұйымдар қолға алып жүрген іс-шараларды дөңгелетіп әкетті. Оның аясы да кең болды: әлеуметтік-педагогикалық, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелік, ұйымдастырушылық-әдістемелік, жарнамалық-насихаттаушылық бағыттарды қатар алып, «Қарт адамдар», «Балаларға көмек», «Мүгедек балалар үшін» сияқты қайырымдылық акцияларын өткізуге мұрындық болды.
Педагогика-психология факультетінің мектепке дейінгі, бастауыш білім беру және педагогика кафедрасында дайындалып жатқан әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандарының білім-біліктілігін, отандық білім беру саласының әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімдерінің қажеттілік рөлін, оның даму барысын осы сынды шаралармен де белгілеуге болады. Себебі «Мейірім» клубының барлық жұмыстары әлеуметтік білім беру шарттарына сәйкес белгіленген стандарт аясында жүзеге асып, студенттердің білім деңгейі мен әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімінің кәсіби іс-әрекет түрлеріне бағытталған барлық әлеуметтік жұмыс кешенін меңгеру негізінде құрылған.
– Әңгімеңізге рақмет!
Тілек
Абай атындағы ҚазҰПУ-де оқып жатқан болашақ мамандар, яғни әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пәндерінің ертеңгі ұстаздары өз кәсіптеріне жаңа көзқарас, заманауи түсінік қалыптастырып, қиындығына бейімделіп, әлеуметтік жұмыстар атқарып, тәжірибе түрлерін жинақтап жатыр. Олардың қаншалықты деңгейде сапалы білім алып шыққаны туралы біз болашақтың еншісіне қалдырайық, яғни оқуларын бітіріп, өз мамандығы бойынша әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімі ретінде жұмысқа тұрып, кәсіби біліктілігін көрсетуге мүмкіндіктер алып жатса, біздің еңбегіміз еш кетпегені.