Қайрат ҚАБУЛБАЕВ, Қазақстан нефрологтары қауымдастығының бас хатшысы, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Қайрат Абдуллаұлы, дәл қазіргі таңдағы нефрология саласының негізгі мәселесі деп нені айтар едіңіз?
– Нефрология – бүйрек аурулары жөніндегі ғылым. Бүйрек кіп-кішкентай ағза болғанымен, адам денсаулығында оның атқаратын қызметі зор. Бүйрек адамның бойындағы бүкіл қанды сүзгіден өткізіп, ағзаға керексіз сұйықтықты сыртқа шығарып тастаумен айналысады. Егер бүйрек істен шықса, ол улы заттар адам денесіне жайылып, денені ісіріп жібереді. Былайша айтқанда, бүйрек істен шықса, адам денесі уланады. Сол үшін жұдырықтай болса-дағы, үлкен іс тындырып тұрған бүйректі уақытылы тексеруден өткізіп, дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Бүйрек істен шықса, адамдар диализдік құрылғыға таңылады. Яғни диализдік құрылғы бүйректің қызметін атқарып, адамның қанын тазалап, өзіне қайта құяды. Мұның соңы бүйректі ауыстыруға әкеліп соғуы мүмкін. Соңғы кездері бүйрекке қатысты түрлі аурулардың көбеюі мамандарды алаңдатып отыр. Бүйректің жұмысы басқа органдардың дұрыс жұмыс істеуімен тығыз байланысты. Яғни бүйректің қызметіне тікелей әсер ететін ауру түрлерінің көбеюі бүйректің де істен шығуына, дұрыс жұмыс істемеуіне әкеліп соғады. Мәселен, қант диабеті науқастарының 50 пайызында бүйрек зақымданады. Қан қысымы аурулары да соңғы кездері күрт көбейіп кетті. Мұндай науқастарда да бүйрек жұмысына елеулі түрде әсер етеді. Соңғы кездері еліміздегі өлім көрсеткіші жөнінен алдыңғы орынға шыққан жүрек қан тамыр ауруларында да бүйрек жиі зақымданып жатады. Диализге келген науқастардың 30-40 пайызы қант диабетіне шалдыққан науқастар болса, 25-30 пайызы қан қысымымен ауыру салдарынан бүйрегі зақымданғандар. Бүйректің жұмысын атқарып, ағзадағы қанды сүзгіден өткізіп, тазалайтын құрылғы диализге жүгінетіндердің тек бір бөлігі ғана бүйрекке қатысты ауруларға шалдығатындар. Сондықтан еліміздегі нефрологтар бүгінгі күні бүйректі істен шығаратын, соңғы кездері күрт көбейіп кеткен қант диабеті, қан қысымы секілді ауруларды азайту мақсатында дабыл қағып жатыр. Яғни адам қант диабеті немесе қан қысымы ауруына шалдыққан жағдайда аурудың ерте сатысында анықтап, бүйректің зақымдалмауын қамтамасыз етуді мақсат етуде. Ол үшін науқастар жиі-жиі медициналық тексеруден өтіп тұруы қажет. Неғұрлым аурудың ерте сатысында бүйректің зақымдалғанын анықтасақ, солғұрлым бүйректі сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қазір осы бір қағиданы халықтың да санасына сіңірудің маңызы зор болып тұр. Бізге көбінесе науқастар ауруын асқындырып, өте кеш келеді. Тіпті екі бүйрегі бірдей жарамай қалған уақытта келеді. Бүйрек ауруының негізгі бес сатысы бар. Соның соңғы сатысы – бесінші саты. Науқастар көбінесе осы соңғы бесінші сатыда ғана келіп жатады. Мұндай кезде қолымыздан келер көмек те аз болады. Өйткені бұл уақытта бүйрек мүлдем жарамай қалады. Ол уақытта біздің қолымыздан екі-ақ нәрсе келеді: не диализдік құрылғы көмегіне жүгіну немесе бүйрек ауыстыру. Егер аурудың ерте сатысында бүйрек зақымдалуын анықтар болса бүйректі сақтап қалуға мүмкіндік бар.
Негізі, әлем медицинасы бүгінде халықты алдын ала медициналық тексеруден өткізу арқылы аурудың алдын алуға машықтануда. Ауруды ерте сатысында анықтап, емдеу медициналық тұрғыдан да арзанға түседі. Ауруды да ертерек ауыздықтау арқылы басқа ағзаларға кесірін тигізбеуге мүмкіндік туады. Сондықтан біз «ауырып іздеуден гөрі, ауырмаудың жолын іздеуге», ауруды ерте сатысында анықтау арқылы алдын алуға машықтануымыз керек. Мәселен, диализ, ағза алмастыру өте қымбатқа түсетін ем-шаралар. Шетелде экономистер асқынып кеткен ауруды емдеу мен ауруды ерте сатысында анықтап, емдеуді салыстыра келе, аурудың алдын алу емінің әлдеқайда арзанға түсетінін анықтаған. Мәселен, трансплантация жасалғанға дейін науқас аптасына үш рет диализ арқылы қанын тазартып отыруы тиіс. Ол аз ақша тұрмайды. Сондай-ақ одан кейін трансплантация үшін бүйректің табыла қоюы да қиын. Ең бастысы, аурудың алдын алудың науқастың денсаулығын сақтауда мүмкіндігі жоғары. Бізге де осы қағиданы түсінетін кез жетті.
– Жалпы, бүгінгі таңда халқымыздың қанша пайызының бүйрегі ауырады?
– Дәл қазіргі таңда халқымыздың нақты қанша пайызының бүйрегі ауыратыны белгісіз. Өйткені халық бүйрегін аурудың ерте сатысында анықтауға тырыспайды. Тек асқынып кеткен соң ғана алдымызға келеді. Сондықтан жанына батып ауырмаған соң, талай науқас арамызда дәрігерге бармай жүруі әбден мүмкін. 2007 жылы республика бойынша бүйрек ауруларына скрининг өткіздік. Сонда бүйрек ауруы үшінші сатыдағы науқастар жалпы халықтың 6 пайызын құрағанын анықтадық. Бүйрек ауруының үшінші сатысы дегеніміз бүйректің 50 пайызға жұмысын тоқтатқанын білдіреді. Бүйректің ауыруы сүйекке де әсер етеді, яғни бүйрек қызметіне нұқсан келсе, сүйексынғыштық үдеуі әбден мүмкін. Сондай-ақ қанды сүзгіден өткізіп отырумен қатар, бүйрек ағзадағы қан қысымын да реттеп отырады. Сондықтан қайталап айтамын, халқымыз бүйрегінің ахуалына ерекше көңіл бөлуі керек. Қазіргі таңда бүйрек ауруларының алдын алу үшін елімізде біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Елімізде 2005 жылы нефрологтар қауымдастығы құрылды. Әр екі жыл сайын дәрігерлер бірігіп, халықаралық дәрежедегі конференция ұйымдастырып, бүйрек ауруларына қатысты мәселені ортаға саламыз. Қазір әлем нефрологтары бүйрек аурулары мәселесін біріге отырып шешуге жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықаралық конференциялар өткізумен қатар, тәжірибе алмасу жұмыстары да жүргізілуде. Осы уақытқа дейін конференцияға Америка, Австралия, Канада, Ресей елдерінен дәрігерлер келіп, білімдерін ортаға салды. Теориялық тұрғыдан алғанда еліміздің медицинасының дамыған елдердің медицинасымен салыстырғанда айырмашылығы жоқ. Ал практикалық тұрғыдан біз дамыған елдерден қалып келе жатырмыз. Кейде миллиондаған доллардың медициналық құрылғысы елімізден табылғанымен, қарапайым арзан дәрілер табылмай қалып жатады. Әлем дәрігерлерінің арасында ешқандай бөгеттің жоқтығы, ауру-сырқауды бірігіп шешуге тырысуы үлкен жетістік деп білемін. Тіпті кейде бір науқаста мәселе туындай қалса өзара қоңырау шалып, кеңесуге тырысамыз. Әлем дәрігерлері адамзаттың денсаулығына бірігіп алаңдап, мәселені бірге шешсе, дәрігерлерге алынбас қамал қалмас еді. Өз басым дәрігерлер арасындағы бұл қарым-қатынасты жоғары бағалаймын.
– 2007 жылдан бері бүйрек ауруына қатысты статистика көбеймесе азаймаған шығар?
– Қазір күн өткен сайын еліміздің медициналық ахуалы жақсарып келе жатыр. Ауруды ерте сатысында диагностикалаудың жолға қойылып келе жатқаны байқалады. Мәселен, қант диабетін аурудың ерте сатысында анықтауға арналған медициналық құралдар жеткілікті. Ауруды ерте анықтау арқылы басқа ағзаларға зардабын тигізбеудің емдік шаралары да жасалуда. Жалпы, қазір осы мақсатта қаржы көбірек бөлініп, аурудың алдын алу шараларына көп көңіл бөлінуде. Инсульт, қан қысымы секілді ауруларды ерте сатысында анықтап, алдын алу халқымыздың да ұзақ өмір сүруіне ықпал етуде. Осыдан оншақты жыл бұрын диализдік қызмет халыққа қолжетімді емес еді. Ауылдық жерден келіп, қаладағы диализдік құрылғының қызметіне жүгіну қиын болатын, халық ол үшін кезекке тұратын. Ал қазір жекеменшік диализдік орталықтар көбейген. Қазақстан бойынша 40-тан астам осындай орталықтар бар. Осы секілді атқарылып жатқан жұмыстар бүйрек ауруының азаюына ықпал етіп жатыр деп айта аламын.
– Дәл қазіргі таңда елімізде бүйрегі істен шығып, донор күтіп жүрген науқастардың нақты саны белгілі ме?
– Қазіргі таңда диализдік құрылғының көмегіне сүйенген науқастар саны екі мыңға жуық. Бұл науқастардың барлығының бүйрегі істен шыққан, донор бүйрек қана олардың одан әрі өмірін ұзарта алады. Атап айта кетер жайт, соңғы уақытта елімізде ағза алмастыру оталарына деген оң көзқарас қалыптасып, трансплантация мәселелері де шешіліп келеді. Астана қаласында бір клиникада, Алматы қаласында екі бірдей клиника қазір ағза алмастыру жұмыстарын жолға қоюда. Бұрын донордың жоқтығынан елімізде мұндай оталар мүлдем жасалмаса, қазір туыстық донор арқасында оталар саны күн санап көбеюде. Бірақ барлық науқастардың тәуекелге барып, бір бүйрегін беретін ағайын-туысы табыла бермейді. Мұндай жағдайда қалған науқастардың мәселесін әзірге шешу мүмкін болмай отыр. Ел ішінде жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен атқарылып жатқан шаралардан соң, қазір халқымыз трансплантацияның дұрыс нәрсе екенін түсінгені байқалады. Туыстық донордың көбейіп келе жатқаны – осының айғағы. Ал алдағы уақытта мәйіттік донор көбейсе, еліміздегі талай науқастың денсаулығы дұрысталар еді. Шын мәнінде, ағза донорлығына зәру адамдар жетерлік. Бұл мәселені шешу бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.
– Елімізде нефролог мамандар жеткілікті ме?
– Әрине заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қатар білікті маман дәрігерлер жеткілікті болмаса елімізде медициналық көмек көрсету жақсы жолға қойылған деп айту қиын. Дәл қазіргі таңда елімізде нефролог маман саны жеткіліксіз. Осыдан біршама уақыт бұрын 70-ке жуық маманның тапшылығы туындап отырғанын анықтағанбыз.
– Елімізде бүйрек ауруларының ішінде бүйректе тас жиналатын науқастар санының артқаны байқалады. Мұндай науқастар көп жағдайда бүйрек ұстамасына (приступ) шалдығып, қиын жағдайда қалып жатады. Жақында солардың бірі редакциямызға шағымданып, жедел жәрдеммен ауруханаға апарса да ота жасамай тыныштандыратын дәрі беріп қайтарғанын, портал жүйесі арқылы ғана бүйректегі тасты алдыратын ота жасайтынын айтып дәрігерлер кеңес берген. Содан портал арқылы келетін кезегін бір ай күтіп, сол екі ортада бүйрегінің ауырғанынан жедел жәрдем екі қайтара алып кетіп, ақыр соңында порталдағы кезегі келгенше шыдай алмай ақылы ем арқылы бүйректегі тасты уататын жекеменшік клиника көмегіне жүгініп, тасты алдыртқан. Науқастардың көптігіне, бүйректен ұстама берудің де оңай еместігіне қарамастан бүйректегі тасты алатын оталардың жедел жасалмауы, ондай құрылғылардың кез келген ауруханадан табылмауының сыры неде? Қиын жағдайда қалған науқастарды порталдың кезегін күттіріп қою дұрыс па?
– Бұл өте қиын сұрақ... Бүйрек ауруы секілді жан шыдатпай ауыратын, ота жасалуы тиіс науқастарды портал кезегінсіз ем-шара жасаудың жолдары қарастырылуы тиіс. Бүгінде жұмыс істеп жатқан медициналық жүйелердің артық тұстарымен қатар осындай кемшіліктері де бар. Ел ішінде қалыптасып жатқан ахуалға орай медициналық жүйелердің артық тұстарын жетілдіріп, кемшілігін дұрыстап отыру қажет.
Осы орайда айта кететін жайт, ең алдымен, әрбір адам өз денсаулығы үшін өзі жауапты екенін түсінуі керек. Денсаулығына ненің пайдалы, ненің зиян екенін ескерсе екен. Мәселен, бүйрек дұрыс жұмыс істеуі үшін қан қысымын үнемі өлшетіп, оның қалыпты жағдайда болуын бақылап отыруы керек. Сондай-ақ тұзды тағамдардан сақтануы тиіс. Дәл қазіргі таңда өзімізше қалыпты мөлшерде қолданып жүрміз деген тұздың өзі ағзамыз үшін көп. Бір күн ішінде біз 10-12 грамм тұз қолданамыз. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр адамның бір күн ішінде 5-6 граммнан артық қолданбауы тиіс екенін ескертеді. Негізі, ағза үшін күніне бар болғаны 3-4 грамм мөлшеріндегі тұз жеткілікті. Енді осыдан кейін біздің тұзды қаншалықты көп қолданатынымызды аңғаруға болатын секілді. Жалпы, тым тәтті де, тым ащы да ағзаға зиян.
– Қазіргі таңда үлкендермен қатар кішкентай балалар да бүйрек ауруына шалдыққан. Тіпті құрсақтан бүйрек ауруын ала туып жатады. Мұның сыры неде?
– Балалар арасындағы бүйрек ауруы көбінесе туа біткен бүйрек ақаулары және тұқымқуалаушылық арқылы ата-анасынан баласына беріледі. Сондықтан ұрпағының бүйрегі ауырмасын десе, ата-аналар денсаулығын алдын ала медициналық тексеруден өткізіп отырулары тиіс. Яғни кез келген аурудың алдын алу үшін уақытылы медициналық тексеруден өтіп отырған жөн. Сондай-ақ бүгінгі таңда құрсақтағы баланың денсаулығына жатырда жатқанда-ақ көз жеткізетін медициналық құрылғылар бар. Сондықтан денсаулығын күткісі келген адамға бүгінде жағдай жасалған. Тек соны пайдалана білуіміз керек. Тағы бір айта кетер жайт, халқымыз дәріні бейберекет, бақылаусыз көп пайдаланады. Ал кез келген дәрі адамның бір ағзасына пайдалы болғанымен, келесі бір ағзасына зиянын тигізеді. Дәрігер қадағалауынсыз, әртүрлі биологиялық қоспаларды пайданалану да кейбір аурулардың пайда болуына әкеліп соғады. Дәріні шектен тыс қолданудың пайдасынан зияны көп. Елімізде түрлі биологиялық қоспалар мен шөптен жасалған, құрамы белгісіз шекара асып келген дәрілердің бизнесі гүлденіп тұр. Ол дәрілердің пайдасынан зияны көп екенін халық түсінуі керек. Әсіресе бүйрек мұндай артық заттарды мүлдем ұнатпайды. Сондықтан да дәріні тек дәрігердің нұсқамасы бойынша ғана ішу қажет.
Алашқа айтар датым...
Шыны керек, медицина саласындағы қағазбастылықтың көптігі осы саланың әлі де болса алға жылжуына тұсау болып тұр. Дәрігердің науқасты емдеуден гөрі, қағаз жазуға кететін уақыты көп. Қағаз жазу дәрігердің бар уақытын алып қояды да, науқасты тексеруге мүлдем уақыты қалмайды. Ауру күтіп тұрмайды. Сантүрлі ауру түрлері көбейіп барады. Ал оны танып-біліп, алдын алуға дәрігердің уақыты жоқ. Дәрігер күн сайын ізденіп, өзін-өзі жетілдіріп отырғанда ғана білікті маман болып, аурумен күресе алады. Сондықтан дәрігерлердің өз бетінше ізденуіне, білімін, кәсібін жетілдіруіне мүмкіндік жасау керек. Кейде науқасты дәрігермен жай ғана әңгімелесудің өзі айықтыруы мүмкін. Өйткені науқас дәрігерге денсаулығын сеніп тапсырады. Дәрігер емдеп жазады деп, толығымен сенеді. Кейде науқас дәрігермен жай ғана әңгімелесуден соң «туһ, жақсы болып қалдым ғой» деп қуанып жатады. Осы орайда айтарым, медицина саласындағы жүйелер дәрігердің науқасқа көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасаса екен.