Алаштың аманатын орындау үшін Алаш қозғалысына тиісті орын беруіміз керек

Алаштың аманатын орындау үшін Алаш қозғалысына тиісті орын беруіміз керек

Мәмбет Қойгелдиев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы мен мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Мәмбет аға, Қазақ мемлекетінің 20 жылын тарихпен сабақтасаңыз. Тарихшы ғалымдарымыз осы уақыт аралығында қазақ тарихын бір ізге түсіре алды ма? Тарихшылар 20 жылда не берді?
– Өткен ХХ ғасырда тарих ғылымы, та­рих­шылар даярлайтын білім жүйесі қалып­тасты. Педагогикалық институттар мамандар шығара бастады. Оны ұмыта алмаймыз. Тарихи шындық солай. Ұлттық Ғылым акаде­миясының жанынан ғылыми-зерттеу орны – тарих институты ашылды. Тарихи зерттеу­лердің нәтижесін жариялайтын басылымдар өмірге келді. Бүтін бір инфрақұрылым қа­лып­тасты. Белгілі бір бағыт-бағдарда тарихи сананың қалыптасуына қоғамда жағдай жасалды. Бес томдық Қазақстан тарихы жа­рық көрді. Оны жазған ғалымдар Мемлекет сыйлығын алды. Сол 5 томдықтың негізінде оқулықтар жазылды. Мектепте, орта білім, жоғары білім жүйесінде оқу құралдары қалып­тасты. Оқыту әдістемесі өмірге келді. Мұның бәрі белгілі бір дәрежеде жетістік болғанымен, бүгінгі сұранысты қанағат­тандыра алмайтын қайшылықты жақтары тағы бар. Өмірмен бірге ғылым да өзгеріп отырады. Олай болмаса, даму жоқ.
 Ал кеңестік билік ыдыраған соң, кеңестік империя құлағаннан кейін, өмір бізге жаңа талаптар қойды. Бұрынғы идеологиялық негіздегі көптомдық тарихымыз, оқулықта­рымыз бізді қанағаттандырмайтын болды. Ол да – табиғи нәрсе. Кеңестік тарих, импе­рия­лық орталық – Мәскеудің идеологиялық орындарының айтуы бойынша, солардың берген бағытымен жазылған, әдістемелік тұрғыдан шектеулі тарих болатын. Ол тарихтың ішінде ұлтқа қатысты мәселелер, көптеген тақырып қамтылмады, айтылмады, тарихи тұлғалар сызылып тасталды. Үлкен оқиғалар қозғаусыз қалды. Сондықтан та­рих­ты қайта жазу мәселесі туындады. 1991 жылдан, бәлкім, одан да сәл ертерек, «қайта құру» кезеңінде ме екен, ұлттық тарихты қайта қорыту процесі басталды. Бұл процесс әлі де жүріп жатыр, аяқталған жоқ. Біз мына­ны түсінуіміз керек – ғылым үшін, әсіресе тарих саласына, 20 жыл көп уақыт емес. Дүниетанымдық көзқарастағы ғылымдардың қайта жазылуы, толыққанды айналымға түсуі үшін, біріншіден, уақыт керек, екінші­ден, бүгінге дейін айналымнан шығып қал­ған немесе айналымға тартылмаған тарихи деректер, мәліметтер, құжаттар бар, тарих­шы ғалымдар соларды айналымға түсіруіміз керек. Жоқ болса, табуға тиіспіз. Үшіншіден, дүниетанымдық көзқарастағы тарихты түзу үшін кәсіби деңгейі жоғары жаңа буын, жаңа ұрпақ керек. Бірақ ол – бір-екі, тіпті он жылда бола қоятын нәрсе емес. Бұрынғы коммунис­тік идеологияға байланбаған, шырмалмаған, одан тәуелсіз, еркін ойлайтын, азат көзқарас­тағы, батыл жазатын, әлемдік тарихнаманың жетістіктерін игерген, бірнеше тіл білетін жаңа буын қалыптасуы керек. Мәселен, дамыған, өркениетті елдерде тарих ғылымы қалай жазылып жатыр? Оны анықтау үшін тіл білуіміз керек. Көп жағдайда айтады: «Бізде тарих ғылымы жоқ! Қазақ тарихы жазылмай жатыр» деп. Бәлкім, бұл пікірлер дұрыс та шы­ғар. Бірақ кәсіби тарихшы ретінде айта­рым: Нәрестенің өмірге келуі үшін Алланың белгі­ле­ген тоғыз ай, тоғыз күн уақыты бар. Осы уақыттан кейін ғана нәресте толыққанды өмірге келеді. Нәрестені күту керек, баптау керек. Денсаулығын қадағалап, білім беру керек деген сияқты жауапты жұмысты, үлкен ыждаһатты талап ететін нәрсе ғой.
– Тарихтың бағытын анықтауда толғақтың уақыты толған сияқты.
– «Енді қанша уақыт керек?» дейсіз ғой. Иә, айтайық, соған келе жатырмын. Халық­тың тарихы бір, он, жүз жыл емес, мың жыл­дап саналады. Біздің ұлттық тарихымыздың қалыптасуы өткен кезеңдері мен бүгінгі күнге дейін, кемі, 2,5-3 мың жылды қамтиды. Тарих ғылымында осы 20 жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. Мәселен, қазақ хал­қының кеңестік жүйе жағдайында империя­лық билікке қарсы ұлт-азаттық қозғалысы. Бұл ХVІІІ, ХІХ, ХХ ғасырларды қамтыды. Үш ғасыр! Осы уақыттағы қазақ халқының мемлекеттік Тәуелсіздігі үшін күрестер көп болған. Мәселен, Кенесары Қасымовтың тарихына қатысты бұрын және жаңадан жазылған еңбектер дүниеге келді. Кенесары туралы бірнеше зерттеу еңбек, құжаттар жинағы жарияланды. Бұлар – осы уақытқа дейін оқырмандардың қолына тимеген дүниелер. Қазір еркін оқи алады. Тақырып ретінде мектеп оқулықтарына енді. Сол сияқ­ты Алаш қозғалысы. Бұл да – ұлт-азаттық жолында іргелі мәселе. Бірнеше зерттеулер, монографиялар жазылды. Академик Нұр­пейі­совтің еңбегі, Аманжоло­ваның зерт­теулері, оның ішінде менің де монография­ларым бар. Алаш қозғалысына байланысты менің редакторлығыммен бес кітап болып «Құ­жат­тар жинағы» шыққан, қазір де оның жал­ға­сын даярлап жатырмыз. Міне, осы сияқ­ты тақырыптар игерілу үстінде. Ұлттық тарих қашан бүтінделеді? Оның үлкен, іргелі мәсе­лелері бойынша зерттеу жұмыстары, моног­рафиялық еңбектер өмірге келгеннен кейін барып соның негізінде ұлт тарихы түген­­де­леді. Ұлт тарихын бірден жаза салу мүмкін емес. Бірақ сол процесс жүріп жатыр. Мәсе­лен, мемлекетіміз 2006 жылы «Мәдени мұ­ра» бағдарламасын қабылдады. Бұл бағ­дар­ламаны Елбасының өзі тікелей қам­қор­лығына алды. Бағдарлама негізінде ондаған томдар өмірге келді: «Қазақстан тарихы Батыс Еуро­палық тарихнамада», «Қазақстан тарихы Шы­ғыс тарихнамасында», «Қазақс­тан тари­хы орыс деректер көзінде». Бұлар­дың әрқай­сысы он томдықтан. «Мәдени мұра» бағдар­ламасының аясында біздің зерттеушілеріміз Ватикан, Александрия кітап­­ханаларында жұмыс жасады. Әлемде қандай ірі құжаттық деректер орталығы, мұрағаттық мекемелер, ірі кітапханалар бол­са, ғалымдарымыз сол жерлерде болды. Көп­теген жаңа материал алып келді, олар том-том болып шығып жа­тыр. Мұндай жағ­дай қашан болып еді? Қазақстан тарихына қатысы бар көптомдық еңбектер, батыстық, шығыстық зерттеу моно­графиялары, жарық көрген құжаттық материалдар – осының бәрін ұлттық тарихы­мызды қорытуға жасал­ған алғышарт, қажет жағдай деп қарауымыз керек. Бұл аз жұмыс емес. Көп жағдайда журналист ағайындар тарихшыларды сына­ғанды жақсы көреді. «Анау жазылмай жа­тыр, мынау жазылмай жатыр» деп. Кейде «сол журналистер тарих­шылардың жазған еңбектерін оқыды ма екен?» деп ойлаймын. Ең бірінші оқу керек. Ең болмаса танысу керек қой. Сосын барып сынау керек. Рас, біздің қоғамда тарихи еңбекке, тарихи шын­дыққа деген сұраныс өте үлкен. Ол – табиғи заңды нәрсе. Неге? Өйткені біздің қоғамның тарихи танымы мен қоғамдық санасы түбегейлі өзгеріс кезеңінде, өзгеріс жолында тұр. Біз, оның үстіне, мемле­кет құрушы халық­пыз. Ал мемлекеттің іргета­сы шынайы тарихпен қалануы керек. Мықты тарихи танымы, тарихи санасы, шынайы тарихы бар қоғам ғана іргелі мемлекет құра алады. Хал­қы­мыз кеңестік жүйе жағдайында жасалған түрлі жалған аңыздарға, мифтерге сенбейді. Қазақ қоғамында бағзыдан келе жатқан «шежіре айту, шежіре жинау» деген дәстүр бар. Халық сонымен біраз айналысты. Соның нәтижесінде шежірелер өмірге келді. Әрине, шежіренің ішінде қате нәрселер, аңыздар көп болуы мүмкін. Алайда шежіре – халық­тың тарихи танымының бір көрінісі ғой. Оны қайтіп жоққа шығарасыз?! Мағжан­ның «Батыр Баян» поэмасы мынадай сөздер­мен басталады: «Қазақтың даласында ба­тыр­лардың сүйегі шашылып жатыр, тұрған жел батырларының атын атап, зарлайды. Қоғам ұмытса да, жел ұмытқан жоқ». Сол кез­дегі рухани қайғылы жағдайды Мағжан осылай береді. Сол «Батыр Баянда» арман­даған за­ман келді ғой. Аймақтарда қазақ батырла­рының зәулім ескерткіші тұр. Бұл – халықтың ұлттық танымының, тарихи са­насы­ның өзгер­гендігінің көрінісі. Ғажап көрінісі! Батырлар халықтың санасына қайта оралып жатыр. Мен кеңес заманында өмір сүрдім. Сол кезде «батырын ұмытқан халық болдық-ау» деп іштей қатты қиналатын­мын.
– Рас, Тәуелсіздіктен кейін әртүрлі шежірелер жазыла бастады, көптеген ескерткіш қойылды. Осы жерде «ше­жі­ре иесі ата-бабасын көтермеледі, тарихи шындықтан ажырағандар болды» деген сөз бар. Бұл пікірді тарихшылар да айтады.
– Ол да бар. Оны жоққа шығармау керек. 1990-жылдардың аяғы, 2000-жылдардың бас кезінде тарихи қоғамдық сананың өзге­руі таудан құлаған топан су секілді болды. Көптен бері өткенін ұмытқан халық белгілі дәрежеде абдырап, сасып қалды. Біз бұл процесті қоғам болып, зиялы қауым, әсіресе тарихшылар бірігіп, жақсы жолға салуымыз керек. Бұл жерде ғылымның рөлі алға шыға­ды, оны қаржыландыру мәселесі... Тарих ғылымның үлкен салалаларына мемлекеттік тапысырыс болуы керек. Мақсатты ізденіс, зерттеулер жүруі керек. Сонда біртіндеп  бәрі өз орнына келеді.
– Тапсырыс жоқ па? Мәселен, министрлік тарапынан...
– Министрліктің міндеті – ұйымдастыру, тарих ғылымындағы іргелі тақырыптарды қаржыландыру. Ал тарих ғылымының бағыт­тарын, өзекті тақырыптарды анықтау – ғылы­ми-зерттеу институттарының жұмысы, «Қа­зақ­стан тарихы» кафедраларының міндеті. Бұл тұрғыдан алғанда, өкінішті нәрселер, атқарылмай жатқан жұмыстар бар. Министр­лік пен ғылыми-зерттеу мекемелері арасын­да кафедралармен өзара үйлесімді байла­ныс болу керек. Міне, осы байланысқа кел­генде ақсап жатқан жайттар кездесіп қалады. Ғылымның салалары көп. Бірақ тарих ғылы­мы – қоғамдық ғылымдардың ішіндегі алда тұрған сала. Буырқанып, өзгерістерді басы­нан кешіріп жатқан ғылым саласы. Мәселен, министрлік тарихшылардың басын қосып, дөңгелек үстел өткізіп: «Ау, ағайындар, қоға­мы­мызда тарих ғылымына, тарихи зерттеу­лерге сұраныс үлкен. Осыны бір ізге, түзу жолға салайық. Келіңдер, бірігіп, үйлесімді, бағдарлы жұмыс жасайық!» деген әңгіме, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін болған жоқ. Бірақ ол болуға тиіс еді. Біз осы жылдың басында Қазақстан тарихшылары қауымдас­тығының төрағасы ретінде бастама көтердік: Қазақстан тарихшылары конгресін өткізу туралы. Бағдарламасын жасадық. Алдымен бізді министрлік, басқа да лауазымды ұйым­дар қолдады. Өткізетін күнін белгіледік. Өкі­ніш­ке қарай, жеме-жемге келгенде біз қол­дау­сыз қалдық. Тарихшылар конгресін өткізу жақсы шаруа еді. Бірақ оны сол кезде тоқ­татып тастады да, қазір министрлік өздері өткізбек... Осы конгресте Отан тарихына байланысты іргелі, әсіресе даулы мәселелер сөз болуы тиіс еді. Тарихшылардың қоғамды қанағаттандыра алмай келе жатқандығына орай жақсы шешімдер қабылданғаны жөн еді. Бұл жерде жеке зерттеушілердің белсен­ді­лігі керек-ақ.
– Ұлттық мәселеге байланысты бастамалар, қазаққа қатысты игі шарулардың аяқсыз қалуы немесе толық орындалмауына не себеп?
– Кейде табиғи арнасын шегеріп, тоқ­татып, жасанды арнаға салып жіберетін де шешімдер болады. Бұл шенеуніктердің мемлекетшілдік, патриоттық санасына бай­ла­нысты. Мәселен, Қазақстан тарихшылары қауымдастығы құрылған кезде жас ұрпақты тарихпен тәрбиелеу ісін дұрыс арнаға қоюға байланысты жоба жасадық. Ол жобада біз «Тарихпен тәрбиелеу ауылдан басталсын!» дедік. Мәселен, тарихшы сол ауылдың тари­хына қатысты деректер жинасын: Ауыл қашан пайда болды? Оған кімдер тер төгіп, еңбек сіңірді? Солардың өміріне, қызметіне байланысты материалдар, суреттер табу. Со­дан кейін әр ауылдың өзіне тән әңгімесі, түрлі аңыздары, шешені мен көсемі болады. Бұлармен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқы­тушылары айналысса, ал биолог «сол ауыл­дың төңірегінде қандай пайдалы өсімдіктер, дәрілік шөптер бар, биологиялық байлығы қандай?» дегенге ізденсе, географ­тар өзен-су, тау-тасын зерттесе, осының негі­зінде мектептерде музей қалыптасқан болар еді. Демек, мектептегі сабақ ауылдың тари­хымен, табиғи ортасымен байланыста жүре­тін еді. Мұғалімдердің жұмысын баға­лап, оларға қаржы тауып, «Өз өлкеңді білесің бе?» деген конкурс өткізгенімізде, төрт-бес жыл­дың ішінде сол аудандағы ауылдардың тарихы, өткен жолы, өмірі мен ортасына байланысты материал жиналар еді. Осындай конкурсты облыс көлемінде республикалық деңгейде жүргізгенде, ауылдардың тарихы мен құндылықтары екшеліп қалар еді. Мен осы жобаны насихаттау үшін Оңтүстік Қазақс­тан облысына барып, әкімшілікпен, білім басқармаларымен бірігіп, 112 тарихшы ға­лым­ қатысқан облыс бойынша кеңес өткіздік. Өкінішке қарай, бұл жобамыз іске аспай қал­ды, қолдау тапқан жоқ. Сонда менің бай­қағаным, кеңеске небір білімді, талантты мұ­ғалімдер келді және бос келген жоқ. Бір­ден кітап етіп бастыруға лайық, ғажап мате­риалдармен келді. Белсенді мұға­лімдер көп екен. Осындай талантты, белсенді мұғалім­дер қаншама?! Бірақ олардың бел­сен­ділігі қолдаусыз, таланттар пайдаланыл­май, қан­шама мұғалім босқа жүр. Кез келген ғы­лым-білім, өндіріс саласына қатыс­ты шал­ғай­да жүрген таланттар, тұлғалар бола­ды. Солар­дың бастамасына қолдау көрсетіп, назардан тыс қалдырмай, дұрыс бағыт бе­ріп, түзу арнаға салған жағдайда қоғам ре­тін­де дамимыз. Тағы бір айтарым, тарихи шын­дықты, Қазақстан мемлекеттігін мойында­ғысы келмейтіндерді аяймын, жаным ашиды. Олар – тарих көшінен артта қалып қойғандар. Бұл тұрғыдан келгенде қазаққа және Қазақ мемлекетіне қатысты елімізде  түрлі шетелдік пікір бар. Бірақ не болса соған шамданбай, ұстамды, сабырлы болмағымыз абзал. «Керуен көшеді, ит үре­ді». Біз жасам­паз жұмыспен айналысуымыз керек. Қырғыз халқы «Күшті болсаң – жер­дей бол  бәрі шы­дап көтерген. Таза болсаң – судай бол бәрін шайып кетірген» дейді. Осы ұстаным дұрыс. Негізгі мақсат – мемлекет­тігі­міздің іргетасын нығайту. Мұндай бақыт қайтып келмейді. Сондықтан осы мезгілді пайдаланып, мемле­кеттігімізді күшейтіп, ауызбірлікті бірінші орынға шығарып, қоғам ішіндегі күштерге өзара түсіністік керек. Әри­не, әртүрлі айтыс-тартыстар болуы мүмкін. Бірақ мемлекеттілік пен Тәуелсіздікке кел­генде ешқандай айтыс-тартысты болдырмау керек. Ұлттың бар күші осы құндылықтарды қорғауға жұмылуы тиіс. Жас ұрпақтың сана­сын жаңа тарихи танымда тәрбиелеу ісімен мұқият, сауатты, жоғары деңгейде айналы­суымыз керек.
– «Қазір тарихшылардың көпші­лігі мемлекеттік саяси тарих жазумен айналысып кетті. Бірінші кезекте халықтың, оның ішінде рулардың тарихы зерттелуі тиіс еді» деген пікір бар. Сіздің көзқарасыңыз...
– Кеңестік кезеңде макротарихпен, яғни мемлекет, ұлт, саяси партиялар т.с.с. таптар тарихымен айналыстық. Уақыт талабына бай­ла­нысты осындай үлкен тақырыптар қам­тылатын еді. Бұл тек қазақ тарихына ғана тән емес, әлемдік тарихқа қатысты құбылыс болатын. Өткен ғасырдың 70-80-жылда­ры­нан бастап микротарихпен айналысу проце­сі басталды Германия, Франция секілді ел­дердің тарихшылары, тарих ғылымы осыны қолға алды. Микротарих дегеніміз не? Біз ұлттың, халықтың тарихына әуестеніп кеттік те, жеке тұлғаның өмір тарихы назардан тыс қалып қойды. Мәселен, «Жеке адамның өмі­рі ХVІІІ, ХІХ, ХХ ғасырларда қандай жолдар­дан өтті? Түрлі мемлекеттік саяси, экономи­калық жүйелердің ықпалы қандай болды?» деген суалдарға жауап берілмей қалды. Соған байланысты микротарихқа ауысу белең алды. Қазір әлемдік тарихнамадағы дамыған жол, кең етек алып келе жатқан ба­ғыт, бұл – күнделікті өмір тарихы. Әсіресе әлеу­меттік топтардың өміріне қандай ықпа­лы болды, қандай өзгерістерге ұшырады, міне, осыларға жауап беру. Сонымен қатар әлеуметтік тарих – осы микротарихтың бір саласы. Бұл сала бүгінгі таңда Еуропада, батыста қатты етек алды. Ал Қазақстан тари­хы осы бағытты іздеуде сәл кешеуілдеп жатыр. Мысалы, Абай атындағы Педаго­гикалық университеттің Магистратура және докторантура деген институты бар. Мен сол жерде Қазақстан тарихы мен мәдениеті  кафедрасын басқарамын. Міне, екі жыл болды, магистранттардың, диссертанттар­дың тақырыбын күнделікті және әлеуметтік тарих бойынша беріп келеміз. Демек, екі-үш жылда микротарих бойынша ондаған дис­сертациялар қорғалады. Шамамыз келгенше осы тарихқа бет бұрдық. Өйткені әлемдік тарихтың даму үрдісі осындай. Бұл – ұлттың, мемлекеттің тарихы назардан тыс қалады деген сөз емес. Мүмкіндігінше тарих әр ба­ғыт­­та дамып, қоғамның түрлі қырлары қам­ты­­луы керек.
– Мәмбет аға, айналып қайтадан Алашқа келейік. Әрине, бірінші, идея туады, кейін ол бағдарламаға айна­ла­ды ғой. Кешегі Алаштың бағдарла­масы мен Тәуелсіз 20 жылдағы ұқ­сас­тықтар, сәйкестіктер мен сабақ­тас­тықтарға тоқталуға бола ма?
– Мұныңызды дұрыс сауал деп есеп­теймін. Әңгіме барысында ұлт тарихы – ұзын сонарлы, түрлі кезеңдерден, жолдардан өткен, қилы-қилы замандарды бастан кеш­кен тарих екенін айттым. Ал Алаш тарихы, Алаш қозғалысы, бұл – ұлт тарихының тама­ша кезеңі. Олардың бірінші қойған мәселесі – ұлтты сақтау. Ал ұлтты сақтау үшін оның жерін сақтау керек. Жерсіз ұлт та, қоғам да болмайды. Алаш қозғалысы қазақ жерін сақтаудан бастау алады. Өйткені ХХ ғасыр­дың басында Ресей империясы тарапынан қазақ жерін отарлау процесі жүріп жатты. «Переселение» саясаты жүріп, ең құнарлы жерлер соларға кетті. Міне, осыған қарсы бас көтерген қозғалыс болатын. Алаштық­тардың көтерген ең басты мәселесі – мемле­кеттілікті қалпына келтіру. Демек, жерді сақтау үшін халықтың мемлекеттілігі және оның жүйесі, күші болуы керек. Бұлар болма­ған жағдайда, жер «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетеді. Мемлекеттілік дегеніміз – жер үшін, оның асты-үстіндегі бай­лығын болашақ ұрпаққа қалдыру үшін күрес. Және жерді сақтау үшін қазақтың мәде­­ниеті, қазақтың тілі керек. Біз қазақ бо­лып қана осы жерді сақтай аламыз. Басқа жол жоқ. Басқа жолды Алла біздің тағдыры­мызға жазбаған. Осыны анық түсінуіміз керек. Байтақ жерімізді ағылшын, қытай немесе орыс тілінде сөйлеп сақтай алмаймыз. Бабаларымыздан қалған негізгі байлығымыз, берекеміз, мұрамыз – атамекеніміз. Атамеке­ні­мізді қазақ болып қана сақтай аламыз. Бұл – басы ашық нәрсе. Қазір елімізде ұсақ-тү­йек емес, іргелі мәселе – елдік үшін күрес жү­ріп жатыр. Тіл, ауызбірлік, тарихты білу – түптеп келгенде елдік үшін, болашақ үшін кү­рес. Мыңдаған жылдар қордаланып қал­ған, өзінің шешімін таба алмай отырған мәселелер – осылар.
 – ХХ ғасырдың бас кезінде елі­міз­дің зиялылары, ұлттың қаймақ­тары екіге жарылды. Бірі – алашор­далықтар, екіншісі – большевиктер. Жалпы, сол кездегі интеллигенция саясатты түсінді, заман ағымын сезін­ді ғой. Бірақ неге бір идеяны ұстанбады екен? Осыны қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізіп беріңізші...
– Алаш қозғалысы – қазақ зиялыларының ұлт-азаттық күресі. Соны бастаушыларды біз алаштықтар дейміз. Бұлар жақсы мағына­дағы ұлтшылдық ұстанымда болды. ХХ ғасырдағы ұлтшылдық ұстанымы тек қазаққа тән емес, әлемдік құбылыс болатын. Ұлтшыл­дық ұстаным Қытайда да көрінді. Оның басында Цунь Яцин деген қайраткер тұрды. Ағылшын отарлауына қарсы үнділерде де болды. Оның басында Махатма Ганди, Жаһрулана Неру тұрды. Сол сияқты түріктер­дің мемлекеттік дербестігі жолындағы кү­реске Ататүрік шықты. Бұл еуропалық отар­лауға қарсы азиялық, шығыстық құбылыс болатын. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ ұлтшылдарының күресі – әлемдік даму үрдісі арнасында болғандығының көрінісі. Біз сол арнадан шығып қалған жоқпыз. Бөкейханов бастаған топ қазақ зиялыларының саяси тәуелсіздігі үшін дұрыс жолда тұрғандығын көрсетті. Ал большевиктер бізді мүлде басқа тұрпатта сипаттады. Ұлтшылдар, буржуазия дегендері большевиктік екіжүзділік болатын. Большевиктердің ең үлкен кемшілігі, ең үлкен қиянаты – ұлттық мүддені мойындамау, ұлттық қозғалыстарды тұншықтыру, басу, оларға басқа мазмұн, астар беру еді. Боль­шевиктер «қазақ, орыс, грузин үшін бір-ақ жол бар. Ол – социалистік даму жолы. Басқа балама жол жоқ» дейді. Бірақ ол жал­ған тұжы­рым еді. Қазақ та, грузин де, басқа ұлт­тар да большевиктерге ұлттық балама жол­дарды ұсынған еді. Біздің ішкі сұранысымызға лайық, дербес ұлт және халық ретінде даму­ға қақымыз бар еді. Экономикалық, әлеумет­тік мәселелерімізді өз  қалауымызша, әлем­дік тәжірибелерге сүйене отырып шешуге мүмкін­дігіміз де, қақымыз да бар болатын. Бірақ кеңестік жүйе ондай ерік пен ырық берген жоқ.
– Бізге ырық берген жоқ, ырық бермегенімен қоймай, кәдімгі қолдан жасалған геноцидке әкелді. Кешегі ашаршылық, репрессия… Халықтың үштен бірі құрбан болды. Оның шығу жолдарын, саясатын айтып жатырмыз. Енді осының өтеуіне кім жауапты?
– Мен сізге бір мысал айтайын. Осы өткен жылы Қазақстанға Еуропалық одақтың Парламенттік ассамблеясы төрағасының орынбасары келді. Жанында ресейлік ғалым­дар бар. Шағын ғана топтың жиынын өткізді. Соған мен де қатыстым. Ғылым академиясы­ның тарихын ұсынды. Сонда Украинаның Парламенттік ассамблеяға қойған мәселесі қозғалды. 1931-1933 жылдары Украинада бол­ған ашаршылық жылдарды «геноцид» деп бағалау ұсынылды. Осы жылдары қырғынға түскен үш ірі мемлекет бар. Олар: Ресей, Украина және Қазақстан. Ал Украина «геноцид» деп бағалауға қарсы болды. Олар өз тарапынан геноцид болған жоқ, ол саясаттағы қателік деді. Соған орай, Еуропа­дағы Парламенттік ассамблеяның өкілі Қазақстанға келіп, біздің елдің пікірін білгісі келді. Сол шағын жиналыста мен мынадай мәселе айттым: біздің Қазақстанда 1989-91 жылдары Жоғары Кеңестің жанынан комис­сия құрылды. Оның міндеті – 1920-30 жыл­дар басында Қазақстанда Кеңес өкіметі жүргізген реформалық шараларға баға беру. Ол комиссияның құрамында мен де болған едім. Комиссияның тұжырымы «Казахстанс­кая правда», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланды. Осы екі газеттің 1992 жылғы сандарынан осы мәселені табуға болады. Сонда 1931-1933 жылдардағы қырғын нә­ти­жесінде қазақ халқының 49 пайызы қыр­ғынға ұшырағаны айтылған. Оның ішін­де ауру-сырқаудан өлгені де бар. Бұл – тарихи шындық. Соған байланысты Еуропалық Парламенттің өкіліне сол газеттердегі мәлі­мет­термен танысуды ұсындым. Мәселе Ресей өкіметінде немесе орыс халқында емес. Біз кейде орыс халқы мен билікті шатастырып аламыз. Қазақстандағы, Украинадағы, жаңа ай­тыл­ғандай, әлгіндей сорақылыққа орыс халқының еш кінәсі жоқ. Оған ол саясатты жүргізген билік кінәлі. Билік қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық, мәде­ни даму ерекшелігін мойындаған жоқ. Соған лайық саясат жүргізе алған жоқ. Олай болса, ол кімнің кінәсі? Әрине, большевиктік саясат­тың кінәсі. Егер қазақ халқы жартысына жуығы­нан айырылмаса, қазір сан жағынан да, сапа жағынан да мүлдем бөлек болар ма еді. Біз 1920-30-жылдардағы реформалар­ды, оның артындағы мақсатты түрде жүр­гізілген репрессияларды неге кінәлаймыз?! Неге үлкен ренішпен еске аламыз?! Мәселе, халықтың сан жағынан азайып кеткендігінен емес, халқымыз сапалық жағынан рухани дағдарысқа ұшырауынан. Оның тұлғалық сипаты, кісілігі төмендеп кетті. Біздің халқы­мыз XIX-XX ғасырларда империялық жүйе жағдайында бір емес, бірнеше идеоло­гия­лық жеңіліске ұшырадық. Алдымызға қойған мақсаттарымызды анықтау үшін біз қандай дағдарыстан шығып келе жатқа­ны­мызды түсіну керекпіз.
– Алаш идеясы мен бүгінгі Тәуел­сіздігімізді нығайту мәселесі сабақ­тас­тықта, біз одан ажырай алмаймыз. Біз кешегі Алаштың айтып кеткен ама­натын орындай алып отырмыз ба?
– Біз Алаштың аманатын орындау үшін, ең алдымен, Алаш қозғалысына тиісті орын беруіміз керек. Осы күнге дейін тарихшы ре­тін­де мұндай мәселені айтып келе жатырмын. Бірақ нәтижеге жете алған жоқпын. Алаш қозғалысы, Алашорда өкіметі, оның лидері – туғанына 145 жыл болған Әлихан Бөкей­ханов туралы біздің билік ар­на­йы қаулы болмаса құжат қабылдаса, орынды болар еді. Неге? Өйткені Алаш қоз­ға­лысы біздің тарихымызда қатардағы ғана оқиға емес, бұл – мемлекеттігімізді жаңғырт­қан, ұлттық негіздегі қозғалыс. Әлемдегі азат­тық, ұлттық қозғалыстардың бәрі мем­лекет құрумен аяқталды. Мәселен, Англия, Франция, Гер­ма­ния, Жапония, Қытай, Үндіс­тан. Ал біздің қозғалысымыз репрессиямен аяқталды. Ұлттық азаттығымыз үшін күрескен барша зиялыларымыз түгел­дей репрессияға ұшыра­ды. Бұл дегеніміз – қазақ халқы үлкен апатқа ұшырағандығының көрінісі. Сол қай­таланбас үшін мемлекеттік деңгейде құжат, арнаулы қаулы қабылдап, сол құжатты ұр­пақ­тың санасына жеткізіп, осы негізде ұрпақ­тың жаңа тарихи санасын қалыптастырсақ, сол іргелі, пайдалы жұмыс болмай ма?!
ХХ ғасырдың басында неге зиялы азаматтарымыз құрбанға ұшырады? Міне, сондай Алаш азаматтарын қадірлеп, бағалай білейік. Жас ұрпақтың санасына соны дұрыс жеткізейік, сол бағытта бәріміз бірге жұмыла жұмыс жасайық. Биліктегі іскер азаматтар да, тарихшылар да, қарапайым журналистер де біріксек, пайдалы іс жасар едік. Меніңше, сонда халықтың санасында дұрыс саяси сана қалыптасады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста