Намазалы ОМАШҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, профессор:
– Намазалы Омашұлы, өткен жылы Сіз газетімізге сұхбат беріп, тиісті ұпайды жинаса да, журналистика факультетіне оқуға түсе алмаған талапкерлер мәселесін көтерген едіңіз («100-ден 100 балл алғандар оқуға түспеді», «Алаш айнасы» №145 (371) 25.08.2010ж.). Сол кезде Сіз журналистика мамандығы бойынша оқуға ниет білдірген білімді жастар үшін мемлекеттік гранттардың санын көбейту қажеттігі жайында айтқансыз. Естуімізше, Сіз бұл мәселеге қатысты министр Бақытжан Жұмағұловқа да сұрақ қойғансыз. Қазіргі кезде қандай да бір өзгеріс бар ма?
– Сол кезде журналистика мамандығы бойынша қажетті жүз ұпайдан жүз балл жинаса да, дарынды жастардың көбісі оқуға түсе алмай қалғаны рас. Себебі мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген білім беру гранттары тым аз болды. Оның өзі «Алтын белгі» иегерлері мен квота алғандарға ғана бұйырды. Жалпы, қазір республика бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының саны үш мыңға жақындады. Осыған орай журналист мамандарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Соған қарамастан, өткен жылы журналистика мамандығы бойынша республикадағы барлық жоғары оқу орындарына тек 60 грант қана бөлінді. Бұл – парадокс. «Неге?» десеңіз, кеңес заманында бұқаралық ақпарат құралдарының ұзын саны мыңнан аспайтын кезде журналистиканың қазақ және орыс бөлімдеріне 100 (!) грант бөлінетін. Ол гранттардың барлығы журналист мамандарды даярлайтын жалғыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ғана берілетін. Ал былтыр еліміздегі 27 оқу орнында журналистер даярлайтын бөлімдер болды. Сонда қараңыз, республика бойынша бөлінген барлық гранттың 80-90 пайызы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультеттеріне берілсе, қалған жоғары оқу орындарына бір-бір грант та бұйырмады. Бұл – үлкен проблема. Осы мәселені министріміз Бақытжан Тұрсынұлы университет ұжымымен кездесуге келгенде де айттым. Ол кісі: «Мына мәселе өте дұрыс көтеріліп отыр. Шынымен де, бұл – үлкен проблема. Келесі жылдан бастап журналистика мамандығына бөлінетін гранттардың санын екі есе көбейтіп, бұл мәселені шешу керек», – деп өз орынбасарларына нақты тапсырма берген болатын.
– Биылғы жағдай қандай болды?
– Өкінішке қарай, министрдің тапсырмасы толық орындалған жоқ. Бірақ гранттардың саны 30 пайызға артты. Әрине, бір жылдың ішінде бұл мамандық бойынша бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың көлемін екі есе көбейту қиын да шығар. Соның өзінде министрімізге зор алғысымызды білдіреміз. Ол кісі уәдесінде тұрып, келер жылдары гранттардың санын көбейтсе, дұрыс болар еді. Бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби мамандары бүгінгі қоғамға да, мемлекетке де ауадай қажет. Себебі мемлекет пен қоғамның өзара ықпалдастығына кәсіби БАҚ-тың тигізер пайдасы өлшеусіз.
– Мемлекеттік гранттарды қазақ және орыс бөлімдері арасында бөлу жайында не айтасыз?
– Ол да өз алдына бір мәселе. Биыл гранттардың саны 80-ге дейін көбейді. Қазақ бөліміне – 45, ал орыс бөліміне – 35 грант бөлінді. Меніңше, олай бөлу қазіргі қоғам сұранысына сай емес. Біріншіден, қазақ бөліміне келетін жастардың саны өте көп. Ал орыс бөлімдеріне құжат тапсырып жатқан талапкерлер аз. Екіншіден, қазақ ұлтының журналистикасы шапшаң дамып келеді. Бүгінде оған кәсіби мамандар аса қажет. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс бойынша журналистика мамандығына бөлінетін гранттарды 50/30 қағидаты бойынша бөлген дұрыс деп ойлаймын.
– Ал осы гранттарды республикадағы барлық университеттерге бөлген кезде, оның саны қайта азайып кетпей ме?
– Осы орайда министрлікке тағы бір мәрте рақмет айтқан жөн деп ойлаймын. Биыл журналист мамандарды даярлайтын оқу орындардың саны 27-ден 14-ке дейін қысқарды. Меніңше, оны әлі де қысқарта түсу қажет. Мәселен, барлық гранттың 90 пайызын еліміздің екі ұлттық университет алып отыр. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті баспа ісі және журналистика мамандығы бойынша 38 грантқа ие болса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті 32 гранттың иегері атанып отыр. Сонда қалған оншақты грант қайсысына жетеді дейсіз?
– Намазалы Омашұлы, сонда ашылғанына бір-ақ жыл болған Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті 80 жылға жуық тарихы бар Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінен артық грант алып отыр ма? Бұл қалай?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті – бұл киелі орын, қарашаңырақ. Ол 1934 жылы қазақтың журналистика институты болып ашылған. Мұнда кімдер қызмет етпеді? Қазақтың беткеұстар азаматтарының барлығы дерлік істеді. Сәкен Сейфуллиндерге дейін сабақ берген ол жерде. Оның бер жағында Бейсенбай Кенжебаев, Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандос, Темірбек Қожекеев, Марат Барманқұловтардың бүкіл ғұмыры сонда өтті. Мен өз басым бұл университетке студент болып кіріп, 40 жылдық ғұмырымды арнадым. Сондықтан ол киелі шаңырақ туралы сын айтуға да ауыз бармайды. Дегенмен гранттардың саны көрсетіп отырғандай, 77 жылдық тарихы бар факультет ашылғанына бір-ақ жыл болған Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінен қалып қойып отыр. Оны мойындау қажет. Оның үстіне, бір жылдық тарихы ғана бар факультет «Алтын белгі», олимпиада және ғылыми жарыс жеңімпаздарының саны жағынан да алдыңғы орынға шығып отыр.
– Шындығында, ойға қалдыратын мәселе екен. Бұл, бір жағынан, Еуразия ұлттық университетінің бүгінгі жетістіктерімен де байланысты шығар?
– Әрине. Биыл Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өз тарихында бұрын-соңды болмаған биікке шығыпты. Жалпы, республика бойынша университет грант және «Алтын белгі» иегерлерінің саны жағынан алғаш рет бірінші орынды бағындырды, яғни биылғы оқу жылында 3075 грант алды. 906 «Алтын белгі» иегері де осында. Осылайша Еуразия ұлттық университеті мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігіне ие болып, былтырғы төртінші орыннан бірден бірінші орынға шықты.
– Оған не себеп болды деп ойлайсыз?
– Меніңше, мәннің бәрі маманда, яғни басшылықтың дұрыс бағыт ұстап, жұмысты тиімді ұйымдастыруына байланысты. Осы орайда өзі жоқтың көзі жоқ демей, университеттің бұрынғы басшысы Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайымның ерен еңбегін атап өткен жөн. Оған халық куә. Биыл Webometrics рейтингісі көрсетіп отырғандай, Еуразия ұлттық университеті әлемдегі 20 мың жоғары оқу орындары арасында 4082-ші орынға табан тіреді. Бұл – Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия бойынша ең үздік көрсеткіш. 2011 жылғы рейтингті әзірлеу барысында жоғары оқу орнының ғаламтор желісіндегі жарияланымдары, ғалымдардың ғылыми еңбектері және ең бастысы, осы еңбектерге басқа ізденуші ғалымдардың сілтеме жасау көрсеткіші ескерілді. Жыл өткен сайын Еуразия ұлттық университеті жоғары сатыға көтеріліп келеді. Сондай-ақ өткен жылы World University Rankings агенттігінің зерттеуі бойынша Еуразия ұлттық университеті әлемдегі үздік 500 университеттің қатарына еніп, еліміздегі білім беру ісінің үздігі екенін дәлелдеді. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында Елбасымыздың «кемінде екі университет әлемдегі ең үздік рейтингіден көрінуі тиіс» деген міндеті қойылған. Еуразия ұлттық университеті бұл мақсатқа қазірдің өзінде жетіп отыр. Бұл – әлемдік қауымдастық берген жоғары баға. Университетке шетелдік мемлекет басшылары және басқа да мәртебелі қонақтар жиі келіп тұрады. Олар студент-жастармен жүздесіп, дәріс оқиды. Мұндай кездесулер студенттер мен оқытушылардың жалпы мәдени-интеллектуалдық және саяси деңгейінің өскендігін, сондай-ақ университеттің халықаралық дәрежесін көрсетсе керек.
– Журналистика мәселелерін зерттеу институтының қазіргі жұмысы туралы айтып берсеңіз?
– Алдымызда – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Сол Тәуелсіздікті көксеген, алдымен, Алаш арыстары. Солардың баспасөзі мен публицистикасы қазіргі кезде көтерілмей жатқан тың тақырып емес пе? Алаш арыстарының көсемсөзі кезінде қоғамдық ойдың ең биік шыңына жеткен. Алаш арыстары елдік мәселелерді тіліп тұрып айтты, жеріне жеткізіп жаза білді. Міне, осыны қазіргі жастар білуі тиіс. Институттың негізгі жұмысы осы мақсатқа бағытталған. Біз араб-төте және шағатай тіліндегі еңбектерді кириллицаға түсіріп, түпнұсқа үлгісінде шығаруды көздейміз. Былтыр біз «Алаш көсемсөзінің» төрт томдығын оқырман қолына тигіздік. Биыл тағы алты томын өндіріске өткіздік. Алла қаласа, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына «Алаш көсемсөзінің» он томдығымен бармақпыз. Жұмыс осымен тоқтап қалмайды. Одан кейін 20-жылдардың журналистикасы, 30-жылдардың «ойраны» жайлы тарихи деректерді оқырманға ұсынсақ деген үлкен мақсат бар.
– Намазалы аға, қазіргі кезде қоғамда «БАҚ туралы» Заң қайта талқылана бастады. Сіздің ойыңызша, осы заңнаманың қай тұстарын өзгерткен жөн?
– Құдайға шүкір, біз шекарамызды ала бағандармен қоршап, Алаш арыстары қойған талаптардың бірін орындадық. Ал ақпараттық кеңістікте ондай бағандарды орната алмайсың. Оны бақылаусыз қалдыруға тағы болмайды. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарын өзге пиғылдардың пайдалануы өте қауіпті. Сондықтан біз ақпараттық кеңістігімізді көзіміздің қарашығындай қорғауымыз қажет. Бүгінде дамыған елдердің бәрінде ақпараттық кеңістіктің 20 пайызы ғана шетелдік ақпаратқа берілсе, қалған бөлігін отандық ақпарат құралдары қамтиды. Бізде әзірге олай емес. Осы мәселеге баса назар аударған жөн. Себебі бұл – ұлттық мүдде. Сондықтан ендігі заңнамада сол қағидатты ойып тұрып жазу қажет. Қазіргі БАҚ «стихиялы» сипаттан арылуы тиіс. Әрине, ол үшін былқылдаған заң емес, тастүйін бекем заң керек. Сондай-ақ журналистер әлеуметтік жағынан қорғалуы қажет. Тілшінің тұрмыс жағдайы болмаса, ол ұлтаны тесіліп жүріп, қайтіп елдік мәселелерге араласады?!
– Алматыны, оның ішінде ҚазҰУ-ды сағынбайсыз ба?
– Алматы мен үшін Мысыр шәр ғой. Алматыны және ҚазҰУ-ды сағынбау мүмкін емес. Биыл гранттардың саны жағынан Еуразия ұлттық университеті алдыға түсіп тұрған шығар. Бірақ ҚазҰУ-дың дәстүрі, ҚазҰУ-дың тарихы, ҚазҰУ-дың шыққан биігі – әлі биік. Оны ешкім тұғырдан түсіре алмайды. Сол сияқты ондағы журналистика факультетінің де шоқтығы жоғары. Бұл қара шаңырақтың мен үшін орны бөлек.
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Қызметке жабысып қалу әдетінен арылу керек. Адам уақыттың үнін сезуі тиіс. Бүгінгі білім беру саласындағы жұмыс жастармен тығыз байланысты. Олардың психологиясын бізден гөрі жас мамандар жақсы түсінеді. Сондықтан жастарға жол берген ләзім. Осыны мойындай білген адам жер боп қалмайды, керісінше, атақ-абыройы көтеріледі. Мен декан қызметінен кеттім. Себебі ол – әкімшілік жұмыс. Оған күш-қуаты мол жастар атсалысқаны жөн деп ойладым. Бірақ, ең бастысы, ұлттық тәрбиенің негізгі қағидаты – дәстүр жалғастығын ұмытпау қажет. Жас буын - аға буынға, аға буын алдыңғы буынға жүгінуі тиіс. Сонда ұлт журналистикасының ұлы дәстүрі үзілмейді.