Таир НАЗХАНОВ, Адвокаттар форумының төрағасы:
– Еліміздің адвокатура саласын жетілдіру туралы қанша айтылып жатса да, жұртшылықтың қорғаушылар қызметіне көңілдері еш толмайды, яғни нәтиже мардымды емес, келісесіз бе? Адамдар тіпті қорғаушыларға сенуден қалып барады. Гәп қайда деп ойлайсыз?
– Мойындауға дәтің әрең барады, әрине. Бірақ бұл – ащы болса да шындық. Дегенмен де мықты адвокаттардың жоқ еместігін айтпай кеткенім жөн болмас. Адвокаттар бірдей емес, олардың ішінде мүмкіндіктері шектеулі болса да, жазықсыз жанды қайтсе де арашалап қалатындары баршылық. Тәжірибелі қорғаушылардан кенде емеспіз. Олар қолдарынан келгенін аянып қалмайды. Ал жалпы алғанда, келісемін. Сауалыңызға жауап бермес бұрын өзімді толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді тізіп шықсам деймін.
Сонымен... Еліміздің адвокатура саласында проблема әбден қордаланып қалған. Мен алыс шетелдерді айтпай-ақ қояйын, бұрынғы КСРО елдерімен салыстырғанда, соның ішінде мәселен, Ресей, Украина немесе Әзірбайжанды алайық, олардың адвокатурасы бізден әлдеқайда көшілгері. Қарқындап болмаса да ақырындап дамып келеді. Ал бізде сол баяғы КСРО-дан қалыптасып қалған тәжірибелерден арыла алмай келеміз. Ал қазір қай ғасыр?
Соған қарамастан қоғам бізді әлі де болса қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің сот отырыстарындағы өкілі деп санайды. Біздің мүддемізді қорғайды деп ойлайды. Бірақ біз сенімді ақтай алып отырмыз ба? «Иә» деп кесіп айта алмас едім.
Қазақстандағы адвокаттарды бірқатар елдердегі әріптестерімен салыстырмалы түрде айтсақ, екеуі – мүлде екі басқа фигура. Неге? Ең басты айырмашылық мынада: біздің адамдарға заңдық көмек көрсетудегі кәсіби деңгейіміз өте төмен. Оның себеп-салдары 1997 жылы жарық көрген «Адвокатура қызметі туралы» Заңның жетілмегендігі. Бұл заң негізінен, кеңес дәуірінен қалған сарқыншақтардан тұрады. Міне, Тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жыл болады. Егемен еліміздің өзінің өркениетіне бейімделген заң керек бізге.
Адвокатураны да қайта құрудың кезі жетті. Адвокатура – азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі. Қорғаушылар негізінен жеке адамдардың құқықтарының бұзылмауын қадағалайды. Жалпы, адвокатура – заңдық құрылымдардың прогрессивтік бөлігі. Ең мықты заңгерлер – адвокаттар. Өйткені бұл жүйеде бәсекелестік күшті, әрі таңдау бар. Сондықтан да адвокаттар үнемі білім-біліктілігін арттыру үстінде жүреді. Тек адвокаттарға жағдай жасап, басқа да құқықтық жүйелермен бірдей тең құқық берілсе, болғаны.
Мені қатты алаңдатып жүрген мына мәселе: Ата заңымыздың өзі әрбір адамға кәсіби заңгерлік көмек беруге кепілдік береді. Алайда айтып отырған заңгерлік көмегіміз, өкінішке қарай, қысаң тартқан. Рас,қағаз жүзінде айыптаушы жақ пен қорғаушы жақ тең құқылы. Шын мәнінде олай емес. Өздеріңіз білесіздер, айыптаушы жақта бернеше сала өкілдері тұрады. Атап айтсам, ІІМ, ҰҚК, Қаржы полициясы және прокуратура. Жасыратыны жоқ, олар адвокаттардан үстемірек. Міне, осындай зор күш құрылымдарына өгей баланың күйін кешіп жүрген адвокаттардың қарсы тұруы оңай шаруа емес. Ал бізге оларға төтеп беру үшін күдікті жайында көп мағлұмат жинауымыз керек. Өкінішке қарай, бізге қаралып жатқан іс бойынша дәйектер іздеуге тыйым салынады, яғни адвокаттық тергеу жүргізе алмаймыз. Ал дәйексіз күдіктінің кінәлі не кінәлі еместігін анықтау – қиынның қиыны. Осыдан кейін бізді тең құқылы деп көріңіз. Біздің елдің адвокатурасы иммунитетінің әлі қалыптаспағанын да сөз етпей кетуге болмас. Мойындау керек, біз адамдарды қорғауға кепілдік те бере алмаймыз, өйткені заң әлі пісіп-жетілмеген. Міне, сіз сұрап отырған гәп – осында. Мен былай дер едім, адвокатура институтының іргетасын қалаған – Батыс. Ондай болса, тәжірибені солардан алуымыз керек.
– Көпшілік адвокаттардың сот үкімімен келіспейтіндіктерін мәлімдеп жатады. Бұл жерде сотты қаралағалы отырғанымыз жоқ. Бірақ мәселен, «аудандық соттар қалалық соттардың ықпалынан шыға алмайды» деген пікір бар.
– Сот жүйесінде де кемшін тұстар жоқ емес. Бізде соттардың барлық үкімдерінің ішіндегі ақтау үкімі тек бір пайыз ғана. Қалғандарының барлығы айыптаушы жақтың пайдасына қарай шешіледі.
Неге олай? Егер күдіктіні ақтауға мүмкіндік беретін жағдайлар туындап жатса, аудандық сот қалалық сотқа жүгіреді. «Егер мен ақтау үкімін шығарсам, сіздер мені қолдайсыздар ма?» деп бірінші солармен келісіп алуға мәжбүр болады. Егер олар қолдауға уәде берсе, ақтайды, жоқ десе, соттайды. Бұл – әсіресе, қылмыстық істерде жиі кездесетін фактор. Жасыратыны жоқ, кейбір тергеу істері шала-шарпы жүргізіледі. Тергеушілер жинақтаған айғақтарды айғақ демес едім. Алайда сот оларды қабылдайды. Егер біз адвокаттарға басымырақ өкілеттілік берсек, айтылып отырған «әттеген-айлардың» бәрі болмаса да, кейбірінің жолы кесілер ме еді.
– Жазықсыз сотталғандар жайында естігенде, шынымызды айтсақ, не сенерімізді, не сенбесімізді білмейміз. Осы қаншылықты рас деп ойлайсыз?
– Өкінішті әрине, бірақ бұл – шындық. Мұндай сорақылықтар болып тұрады. Мынандай бір жақсы сөз бар: «Бір жазықсыз жанды соттағанша, он қылмыскерді босатып жіберген дұрыс». Біздің елдің соттары да осы сөзді үнемі естерінен шығармаса игі болар еді. Басқа алып-қосарым жоқ.
– Адвокаттар тәуелсіздігі турасында не айтар едіңіз?
– Адвокаттардың қызметінде қандай да бір заңсыздық орын алмаса, олардың жұмыстарына жөн-жосықсыз араласа беруге тыйым салатын кез жетті. Жалпы адвокатура – ең «көнбіс» сала. Бізде адвокаттар тәуелді. Тәуелділігіміз лицензия алудан-ақ басталады. Лицензияны негізі Әділет министрлігі береді. Менің ойымша, лицензия беруді заңгерлік білімі мен адвокаттық тәжірибесі бар мамандардың мойнына жүктеу керек. Өздеріңіз білесіздер, Парламентте «Адвокатура қызметі туралы» Заңның жобасы жатыр. Мен оны кері қайтаруды ұсынар едім. Ол заңда адвокаттар қызметін жақсарту да, олардың мәртебесін көтеру де қарастырылмаған. Керісінше, мейлінше шектеулер қойылған. Атап айтсам, сол заңға сәйкес, адвокаттардың тәртіптік кеңестері комиссиясында ҚР Әділет министрлігі де қатысады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Бізде адвокаттар алқалары, адвокат этикасы деген бар. Біз соларға ғана бағынуымыз керек.
Біздер сот, прокуратура, ІІМ ғимараттарына түрлі бөгеттерді бұзып барып кіреміз. Бұлардың барлығы адвокаттардың бедел-абыройларын төмендетеді деп санаймын. Мұнымен олар тек біздің ғана емес, бізге сенім артып отырған азаматтардың ар-намысына нұқсан келтіреді.
– Заң демекші, жаңа заң жобасы Парламентте өткен жылдан бері жатыр. Оның төңірегіндегі әңгіме әр алуан. Мәселен, тағы бір адвокаттар қоғамын құру жайында. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Жоғарыда айтқанымдай, ол заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, талқылап жатпай-ақ, мүлде кейін қайтарып, құзырлы министрліктің қарауына жіберу керек деп санаймын. Бұл заңға сәйкес, сіз айтып отырғандай, екінші бір адвокаттар алқасының қоғамын құрғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Неге? Қазір түсіндіре кетейін. Бізде қазір қоғамдық ұйым ретінде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан адвокаттар қоғамы онсыз да бар. Енді сол заңның аясында кейінгі адвокаттар қоғамына алдыңғы қоғамға қарағанда бірқатар артықшылықтар беріп қоймақшы. Былайша айтқанда, оған мемлекеттік құзыры бар құқық берілмекші. Мысал айтсам, лицензия беру сияқты. Демек, адвокаттар бұрын мүше болып жүрген жерінен жаңадан құрылған қоғамға ауысып кетулері әбден мүмкін. Жалпы, адвокаттық құрылым – қоғамдық ұйым. Ал қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік құзырет беру – заңға қайшы. Бұл – біз күтпеген жаңалық.
Сонымен қатар, егер ол заң күшіне енсе, адвокаттардың заңдық тұрғыда коммерциялық ұйымдар құруына тыйым салынбақ, яғни ЖШС немесе АҚ-ға мүше болуға рұқсат берілмейді. Ол заң сондай-ақ, Әділет министрлігінің адвокаттар қызметін реттеудегі өкілеттілігін күшейтіп бермекші.
– Сіздің адвокаттардың ант беруін ұсынғаныңызды білеміз. Осы жайында өз аузыңыздан естісек дейміз.
– Иә, ондай ұсыныс жасап жүргенім рас. Заңгерлер адвокаттық қызметті ант беруден бастау керек. Дәрігерлер іспетті. Бұл адвокаттар да этикалық нормаларға еш нұқсан келтірмесе екен деген ойдан туындаған. Қызметке кірісерде салтанатты түрде ант берсе деймін.
Осы тұста айта кетейін, адвокаттық қызметке тұруың үшін сен адвокаттар алқасына мүше болуың керек. Менің ойымша, бұған да өзгерту енгізген жөн. Мәселен, егер мен суретшілер немесе жазушылар қоғамының мүшесі болмасам, сурет салып, кітап жаза алмаймын ба? Мұнда да дәл солай, егер адвокаттар алқасының мүшесі болмасам, адвокат бола алмаймын. Ең бастысы, заңгерлік білім бар болса, жетіп жатыр емес пе?
– «Аудандық, облыстық жерлерде адвокаттар арасында бәсекелестік анау айтқандай аңғарылмайды» деп жатады біреулер.
– Келісемін. Аймақтарда, яғни аудан, облыстарда бір-бірден ғана адвокаттар алқалары бар. Онда отырған кейбір заңгерлер бірнеше ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Олар тіпті өздерінің негізгі міндеттерін ұмытып та қалған сыңайлы. Әйтеуір барады да сотта отырып қайтады. Осының барлығы – бәсекелестіктің жоқтығынан. Сондықтан да аудан, облыстарға да бірнеше адвокаттық кеңселер ашып тастау керек деп санаймын.
– Қарапайым халық арасындағы «адвокаттар алған гонорарын даулы істе жеңіліске ұшыраса да қайтармайды. Осының өзі кейбір адвокаттардың «ақша – қалтамда, ендігі жанымды салмай-ақ қойсам да болады» деген немкеттілікке ұрындырып жатады» деген реніштерді жиі естіп жатамыз.
– Ешбір адвокат кепілдік бере алмайды. Адамдар осыны білулері тиіс. Ал келісімшарт қатып қалған қағида емес, егер кім- де-кімге мұндай келісімшарт ұнамаса, басқа адвокатты тауып, гонорар мәселесі жағын екі жаққа да тиімді етіп шешіп алуларына әбден болады. Келісімшартты ерікті түрде толтыруға құқық берілген. Оған өзгерістер енгізуге де әбден болады.
– Қазақстанда адвокатура институты қалыптасты деп сенімді түрде айта аламыз ба?
– Иә, адвокатура институты қалыптасты. Оны жоққа шығара алмаймын. Алайда құрылымы мен формасы жақсартуды, дамытуды, яғни халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді қажет етеді, әрине.
– Бір сөзіңізде «бірқатар шетелдерде қылмыс жасаған адам сезікті болып табылған күннен бастап, жаза мерзімін өтеп шыққанға дейін қорғаушысымен байланыста болады. Яғни түрмеде отырса да, керек кезінде қорғаушысының көмегіне жүгіне алады. Осы жуырда ғана біздің елде де заңға өзгеріс енгізіліп, ол бекітіліп, күшіне енді» деген едіңіз тоқ көңілмен. Бұл заңның қабылдануына мұрындық болған өзіңіз басқарып отырған «Адвокаттар форумы» екендігін де жақсы білеміз. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Нәтиже қандай?
– Дұрыс айтасыз. Бірқатар елдерде емес, құқықтық мемлекеттердің барлығында бұл тәжірибе қашаннан бар. Ал бізде үкім шықты ма, болды, қылмыскер қайтып қорғаушысын көрмейтін. Міне, сотталғандардың құқықтарының өрескел бұзылып келгендері осыдан.
Нәтиже жаман емес. Қазір ҚАЖК мекемелеріне кіру заңға сәйкес жүзеге асып жатады. Сотталғандармен сөйлесіп, адвокаттық қызметтерімізді ұсынып жүрміз. Бұл тұрғыда ҚАЖК басшылығына тек ризашылығымызды ғана айтар едік.
– Өткен жылдары еліміздің күш құрылымдары арасында түсінбестіктер жиі орын алып, бір-бірімен араз болып жатушы еді. Оны Елбасы да қатты сынға алған-ды. Қалай ойлайсыз, ел арасында үлкен пікірталас туындатқан осы мәселе қазір бір жолға қойылды ма?
– Тиімсіз басқарудың салдарынан туындаған осы сынды проблемалар шынымен де, біздің елде біраз уақытқа созылып кетті. Өткен жылы ғой деймін, Елбасы «құқық қорғау органдары қызметтерінің қайшылықтарын, тиісті кадрлық жұмыстың жоқтығын, сондай-ақ еліміздегі құқық қорғау саласы қызметін қадағалаудағы жариялылық пен бақылаудың әлсіздігін» дөп басып айтқан-ды. Осыдан кейін де бір шешімі табылмай-ақ қойған бұл түйінді түйкіл тарқатылғандай болды. Қазір әр орган өзінің еншісіне тиген шаруалармен ғана айналысады. Кімге қандай міндет жүктелгендігі де қазір – айқын. Бұрындары бір-біріне оппонент сияқты еді, қазір ынтымақтастық байқалады.
– Қазір жеке із кесушілердің қызметін заңдастыру турасында қайшы пікірлер айтылып жүр.
– Иә. Отандық БАҚ-тарға бұл жөнінде мәлімдеме жасағаным да бар. Мен жеке із кесушілерді қос қолымды көтеріп тұрып қолдар едім. Мұның ең тиімді жері – бәсекелестік күшейеді. Ал бәсекелестік жұмыс сапасын жақсартуға айрықша ықпал етпей, қоймайды. Жеке із кесушілер ойдан, қиялдан туындаған кейіпкерлер емес. Олардың да өзіндік тарихы бар. Із кесушілер қоғамға керек болған соң да жылдар бойы жұмыстарын жалғастырып келеді. Тіпті уақыт озған сайын үлкен сұранысқа ие болуда. Бізде қазір олар бәрібір де жабайы түрде жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда түрлі заңсыздықтар орын алуы әбден мүмкін. Сондықтан да олардың жұмыстарын ресми түрде заңдастыру ғана қалды.
– Соңғы сауал. Елбасының тапсырмасымен өткен жылы еліміздің құқық қорғау жүйесі мен сот органдарында түбегейлі реформа жүргізілді. Реформа не берді бізге?
– Реформа нағыз керек кезінде жасалды дер едім. Осы уақытқа дейін аталған салаларда ауқымды реформа жүргізілмеген болатын. Ал қазір құқық қорғау жүйесі қандай болмасын реформаға дайын, яғни осы күнге дейін олардың әрқайсысы қандай жүкті арқалауға, қандай міндетті атқаруға лайық екендіктерін көрсете алып отыр. Мұнымен біз құқықтық мемлекет құрудағы талпынысымыздың текке емес екендігін бір дәлелдеп бердік.
Менің көңілімнен шыққаны, Елбасы еліміздің құқық қорғау жүйесі құрылымының нарықтық қатынастармен еш қабыспайтынына айрықша тоқталған-ды. Сондай-ақ сапалық көрсеткіштің сандық көрсеткіштермен жиі алмасып кететіндігі де ашық айтылды. Сайып келгенде, осындай жайттар қарапайым халықтың құқық қорғау органы жұмысына сенімсіздіктерін туындатып жатты. Жоғарыда сөз болған күш құрылымдары арасындағы текетірес те міне, дәл осы реформаның көмегімен тоқтатылмақ. Сөз жоқ, реформаның қат-қабат проблемаларды оң шешіп беретініне қауқары мейлінше жетпек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ұсыныс
Адвокатура жүйесі де заманына қарай жаңарып отыруы тиіс. Адвокатура – азаматтық қоғамның заң органдары мен күш құрылымдары арасындағы «елшісі». Даудың әділ шешілуі үшін адвокаттарға тәуелсіздік, толық құқық, биік мәртебе беруге тиіспіз.
Тосын ой
Заңгерлер адвокаттық қызметті ант беруден бастау керек. Дәрігерлер іспетті. Бұл адвокаттар да этикалық нормаларға еш нұқсан келтірмесе екен деген ойдан туындаған. Қызметке кірісерде салтанатты түрде ант берсе деймін.