Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі:
– Алтай Тайжанұлы, қалай ойлайсыз біз Тәуелсіздіктің шынайы мәнін қалай түсініп жүрміз? Сіздіңше, тарихи санасы қалыптасқан тәуелсіз ел азаматтарының басты ерекшеліктері неде?
– Қазақ халқының ұлттық санасы мен жан дүниесін мазалаған түйткілді ойы ұлттық, һәм мемлекеттік тәуелсіздік еді. Дүниежүзінде халқының саны жөнінен бізден бірнеше есе көп ұлттар мен ұлыстар бар, бірақ олардың егемен, тәуелсіз мемлекеттері жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда тәуелсіздікке балама жоқ, ендігі мақсат – Қазақстан – 2050» стратегиясында айтылғандай, Тәуелсіздігімізді баянды ету. Қазіргі жаһандану заманында өзінің ұлттық бірегейлігін терең ұғынған, соған орай қимылдайтын халық қана алпауыт мемлекеттердің жемсауында кетпей, тарих сахнасында сақталып қала алады. Алайда біз әлі де болса көптеген салаларда үйренуші, өзгелердің істегендерін қайталаушы жағдайында жүрміз. Енді бізге белгілі орыс тарихшысы Карамзиннің «өзгенің ақылымен ақылды бола алмайсың, өзгенің даңқымен даңқты бола алмайсың» деген жанды сөзін ескере отырып, алдағы уақыттарда өз ақылымыз, өз даңқымыз өзімізге жететінін де шамалап, өз межемізге өзіміз ұмтылғанымыз жөн. Тәуелсіздіктің ұлттық болмысты қалыптаудың, ұлттық рухты көтерудің, ұлттың тарихи санасын қалыптастырудың маңызды факторы ретінде насихатталуы әлі де болса қажетті деңгейге көтерілмей келеді. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «ұлттық рухсыз, ұлттық намыссыз ұлт тәуелсіздігі болмайды» деген өсиетін еске сала кетсек артық болмас.
Ұлттың тарихи санасы дегеніміз – күрделі феномен. Оның қалыптасуында, дамып жетілуінде мемлекеттің рөлі ерекше. Жеке адам да, ұлт та ұзақ уақыт тәрбиеден өту арқылы өз бойына ұлтжандылық, ізгілік, басқа ұлттармен бейбіт қатынаста өмір сүруге бейімделу секілді қасиеттерді жинақтайды, ұрпақтарының бойына дарытады. Не болмаса, ұлтсыздану үдерісіне жол беріліп, кеңестік интернационализм кезіндегідей ұлтты ұйыстыратын ұйытқыларды жоғалту мақсатын көздеген саясат жүргізіледі. Ашаршылық, соғыс, індет, қуғын-сүргін секілді зұлматтар қоғамның кемел тұлғаларының түбіне жетті, аман қалғандардың өздерінің рухани дүниесін жұтатты, қандай да жолдармен, әртүрлі сорақы әдістермен өзін-өзі қорғау, жан сақтау инстинктін дамытты, сөйтіп, оларды «өз ұлтым», «өзге ұлт» дегенге үйрететін дербес ұлттық санасынан ажыратып, өзіндік өмір сүру әліппесінен айырды, мәңгүрттену үдерісі жалпыхалықтық сипат алды. Құлдық психология – қазақтарға ұзаққа созылған отарлық саясат, кейін кеңестік дәуір дарытқан ең сорақы, ең зұлым, ең қасіретті құбылыс. Бұл ұлт санасының терең дағдарысқа ұшырауына, ұлттық намыстан жұрдай болуға алып келді. Осыдан келіп, ұлттық тарихи санасы тұтаспаған ұрпақ пенделіктің небір түрлеріне барып ұлт беделін түсірді, мазақ бола жүріп мақтан қуды, дақпыртқа, даңғазаға қосылды. Өз дамуында алға кеткен халықтың озық жетістіктерінен саналы түрде үйренудің орнына, Абайша айтсақ, «өзгеге жатып жастық, жайылып төсек болып, жалпақшешейлік танытты», билік басындағылардың алдында табынды. Сөйтіп, саналы адами, рухты, ұлттық болмысы бар азаматтар сиреді. Бұл үдеріс әлі тоқтар емес. Тәуелсіз ел азаматтары ретінде біз санадағы құлдық психологияны жоюымыз керек, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптап, ұлттық рухы мен намысын тіктегеніміз абзал.
– Бұл күндері баспасөздер мен ғылыми әдебиеттерде ұлттық мүдде мәселесі жан-жақты талқылануда. Ұлт мүддесін қорғау, ұлт парасаты – ұлт дамуының кепілі деген ойға көзқарасыңыз қандай?
– Ұлттық идеологияның маңызды компоненттерінің бірі – ұлт мүддесін қорғау. Ұлт мүддесін ұлттық намысы барлар қорғайды. Бұл жерде бізге ешқандай да босаңсуға болмайды. Қазіргі қоғам – идеологиялық күрестің қоғамы. Сондықтан біздің мемлекеттік тіліміздің, ортақ дініміз бен наным-сенімдеріміздің және Қазақстанның мемлекеттілігі идеясының төңірегінде топтасуымыз маңызды. Кезінде айтулы Алаш азаматы М.Шоқай «Мемлекетте мәңгілік дос та, мәңгілік жау да жоқ. Онда тек мәңгілік мемлекеттік мүдделер ғана бар» деген еді.
Ұлттық санасы қалыптасқан адам кез келген мәселеден сырт қала алмайды, сөйтіп, бүкіл халық болып ел қамын, ел мүддесін ойлайды. Алайда ұлттық сана халық мәселесін көтеруге ғана қауқарлы болғанмен, оны шешуге келгенде дәрменсіз, ол үшін сапа керек. Ол сапа — азаматтықты іс жүзіне асыруға бірден-бір қауқарлы да жігерлі ұлттық парасат. Ұлттық парасат болмайынша, ешбір асу алынбайды. Ендеше, парасаттыларға деген құрметтің кемшіндігін, сыйлаудың тапшылығын біліктілік нышаны деуге болмас.
Ұлттық мүдделеріміздің іске асуы оның тарихи кеңістікте ұзақ өмір сүруін қамтамасыз етеді. Ал сол мүддені іске асыратындар білікті, білімді, ұлттық рухы мен санасы барлар. Міне, осындай адамдар, егемен елдің жастарына үлгі болар тұлғалар. Тәуелсіз елімізде шетқақпайлық көрмей, бойындағы бар қасиеттері мен қабілеттерін жастарға беріп кетулеріне мемлекет тарапынан жағдайлар жасалуы керек.
– Бүгінгі тәуелсіз ел жастарының бұрынғы жастардан өзгешелігі бар ма?
– Кеңес дәуіріндегі жастарға кедей болу жақсы, кедей еңбекқор, ақылды деп оқытты, тәрбиеледі. Бұған Ыбырай шығармаларынан алынған Асан мен Үсен бейнелерін еске түсірсек те жеткілікті. Осыдан келіп, «кедейдің бәрі жақсы, байдың бәрі жаман» деген психологиямыз қалыптасты. «Байларды қойдай қу қамшымен» деп өлең жаттадық. Бай «жаман, надан, ештеңеден хабарсыз, кебеже қарын, қуыс кеуде болса, қалай байыған?» деген ой санамызға кірмеді. Кеңестік идеологияның бізге кедейді дәріптеткені сонша, әкем, ата-бабам түгел кедейден шыққан деп өмірбаян толтыруды ар көрмедік, керісінше, жетістік санадық. Қазақта «тексіз» деген өте ауыр сөз бар, біз сол тексіздігімізді өз қолымызбен жазып, мақтанышқа айналдырдық. Бұрын балаларымызды тегімізді айтып тәрбиелесек, енді «тексізден шығып адам болдық» деп мақтандық.
Бүгінгі жастар – тәуелсіз ел жастары, олар баяғы біздер сияқты санасы мен өмір салтындағы елес қуудан арылған жастар. Адам факторының бар мәні де, маңызы да, құндылығы да – осында. Жаңа адам – тек жас адам емес, болмысын, санасын жаңартқан адам. Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар. Біздің тұстастарымыз социалистік идеяға көп үміт артты, Еуропаны кезіп жүрген «коммунизм елесі» бізге де келер деген үмітпен жастық шақтарын өткізді. Бірақ елес жеткізбеді, коммунизм келмеді. Сонан соң ол қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын «дамыған», «кемелденген» социализм деп жұмсартқан болдық. Кейін «қайта құру» идеологиясы келді, бірақ ол да алдыңғы сенім-нанымды, арман-елесті жоққа шығармай, соның бір белесі болып тарих қойнауына енді. Сөйтіп жүргенде, қоғам дамуының объективті жағдайы алып империяның құлауына әкелді. Біздің бұларды термелеп айтып жатқанымыздың басты себебі, кеңес дәуірінде құлдық психологиямен қоса, ұлттың дәрменсіздігі, кіріптарлығы да қалыптасқан еді. Соның салдарынан осындай өзгерістерге қазақ қоғамы да, ұлтымыздың қоғамдық санасы да даяр болмай шықты. Ал бүгінгі жастардың басты ерекшелігі – оларда үрей жоқ. Бұл жақсы. Алайда оларда тарихи сана мен намыстың ұлттық деңгейде болмауы бізді ойландыруы керек.
– Біздің жас кадрларымыз бүгінгі күннің талаптарына сай ма, оларда ұлттық намыс бар ма?
– Көбі сай дей алмаймыз. Оның басты себебі, кейбір жастарымыздың әкесінің немесе көкесінің ақылымен өзі қаламаған мамандықтарға ақылы оқуға түсіп, білімі мен білігін де басқаның көмегімен «меңгеріп» жүргендігінен болса керек. Кейін ондайлардың жұмысқа орналасуы да, жұмыс бабымен сатылап көтерілуі де осы бағытпен жүреді. Бұл күнде мекеме бастығын «жұмыс беруші» деп атаймыз, олар өтірік болса да, қазіргі талапты басшылыққа алған болып, бос орындарға орналасуға қатысты баспасөзде хабарландырулар, конкурстар жариялайды. Біз бұл жерде кадр таңдаудың әділетті, әділетсіздігі туралы әңгімені жұмыс берушінің «ары төреші» деп әңгіме етпей-ақ қоялық. Ал жаңағы жарнаманы оқысаңыз, «тек компьютермен жұмыс істей білу, ағылшын тілін меңгеру деңгейі» сияқты талаптар тұрады. Бұл – заман талабы, оған дау жоқ. Бірақ бұлар қызметтік талаптар. Ал оның патриоттығы, парасаты, ділі, мемлекеттік тілді білуі, ұлттық намысы сияқты тағы да басқа адами сапаларына бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Бұл орайда ұлттық мүддені айтып жатудың өзі артық. Сонда бізге 10 тілді білетін, қызыл дипломды, шетелде оқыған, бизнесті шыр айналдыратын, бірақ нигилист, парасатсыз, өмірлік ұстанымы жоқ, ұлттық намыстан жұрдай, ұлттық болмысы қалыптаспаған, «космополит» робот керек пе, әлде еліміздің болашағына жаны ашитын, бүгінгі игі істерді алға апаратын азамат керек пе?! Бір нәрсе айқын – біз «тәрбиесіз білімдіні» де, «көкесінің көмегімен жүргендерді» де үкілегеннен ештеңе таппаймыз. Біздіңше, сыбайлас жемқорлықтың да, шетел асуға қиналмайтын сатқындықтың да тамыры осы ұлттық намыссыздықпен, рухсыздықпен сабақтасып жатса керек. Сондықтан кадрларды даярлау, іріктеу, таңдау мәселесі ұлт мүддесімен, ел болашағымен тығыз байланыста болып, тарих сабақтары да ескерілуі тиіс.
– Біз кеңестік кезеңде көптеген ұлттық мұрамыз бен рухани құндылықтарымыздан көз жазып қалған халықпыз. Жастарымыздың ұлттық құндылықтарға көзқарастарын қалай қалыптастырамыз?
– Өркениетті елдерде тарихи ескерткіштерді қорғау, тарихи жадын сақтау ісі әрбір адам мен бүкіл қоғамның жеке ісіне айналған. Әркім оған ұлт символы ретінде қарайды, надандық жайлаған, осыны ұғынбаған елдерде олай емес. Біздің азаматтарымыз үшін тарихи құнды дүниелерді қирата салу, оның орнына жаңа сауда-саттық үйлерін, іс-әрекеті қажетсіз клубтар салу ештеңе емес. Алматы және басқа да қалалардағы мұндай жағдайлар туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтылды да, жазылды да. Бұл тарихи мұрағаттарымызды бағаламау – асылымыз бен қымбатымызды ажырата алмау және бағалай білмеу.
Өркениет – мәдениет дамуының қозғаушы күші. Мәдениет барлық уақытта өркениеттің даму деңгейіне сәйкестенуге ұмтылады. Кезінде Канттың Еуропа мәдениетін «біз шамадан тыс өркендеп кеттік, бірақ жеткілікті дәрежеде мәдениетті емеспіз» деп бағалауы да содан болса керек. Біз мәдениетіміз бен рухани дүниелерімізге өркениетті адам тұрғысынан қарай алмай жатырмыз, яғни мәдениетті дамыту үшін мәдениетке мәдени көзқарас қалыптаспай жатыр.
Қандай қоғам болса да жастар арқылы биологиялық және рухани жаңарады. Бүгінгі күні жаңа замандағы адамды тәрбиелеу қазіргі білім ордаларының алдына үлкен міндеттер қояды. Әр заманның өз қаһармандары болған. Мұндай дәуір мойындайтын тұлғалар, бүгінгі біздің қоғамға да ауадай қажет. Әзірше мұндай еліктеуге тұрарлық өнегелі тұлғалар аз болып тұр. Посткеңестік дәуірде бұрынғының бәрін мансұқ ету жастардың бойында нигилизмді, күдікшілдік сезімдерді бекіте түсті. Оларды мұндай сезімнен арылту – бүкіл қоғамның міндеті.
Жақсыға еліктеп, өміршеңді өнеге тұтып, оны өз табиғатына жерсіндіру үшін де білім мен білік, тағылымды тәрбие керек. Ал ондай болмаған жағдайда әркімнің жетегіне ілесіп, айтағына жүріп, тура жолды таба алмай әуре-сарсаңға түсуіміз әбден мүмкін. Білімсіздіктің, надандықтың тек ел ішінде әлеуметтік келеңсіздікке әкелмей, жалпы еларалық қатынастарда да ұлттың есесін жіберіп алуына соқтыратынын терең түсінгеніміз жөн.
– Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы Қазақстан халқына Жолдауында патриоттық тәрбиеге, оның ішінде қазақстандық патриотизмге ерекше көңіл бөлді. Оқу орындарында бұл мәселе қалай жүзеге асырылуда?
– Қазіргі кезеңде патриотизм тақырыбы, оның ішінде қазақстандық патриотизм мәселесі барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси, мәдени-рухани тақырыптардың өзегіне айналуда. ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында «оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажеттілігін» ерекше ескерткен және олардың ең бастыларының қатарында «патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынсынушылық» аталып өткен, сонымен қатар, «бұл құндылықтар меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс» делінген. Ендеше, патриотизм идеясы жастарға білім мен тәрбие берудің барлық бағдарламаларынан көрініс табуы керек, жалпы, көпшіліктің де одан хабардар болғаны жөн.
Республика көлемінде де, жекелеген оқу-тәрбие мекемелерін алсақ та патриоттық тақырыпқа байланысты іс-шаралар қазақстандық патриотизмнің заманауи болашағын кешенді түрде қарастыруды талап етеді. Студент жастарды азаматтылық, патриотизм, еліміздің қарқынды сатылап дамуы идеяларының рухында тәрбиелеуге бет бұрған оқу орындарының ішінде үлкен оқу-тәрбиелік потенциалы бар, Қазақстанның жетекші оқу орындарының бірі болып табылатын Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетін атауға болады. Университеттегі тәрбие жұмыстары нақты жоспарларды, мақсаттарды, жүйеленген міндеттерді негізге ала отырып жүргізіледі. Олар өзінің оң нәтижелерін беруде.
– Дін – өте күрделі әлеуметтік құбылыс, ұстанымдарына қарай оны әркім әр қилы түсіндіреді, сан-алуан анықтамалары да бар. Дін тануда, оның мән-мазмұнын анықтауда жаңа түсінік қалыптасты ма?
– Дін – адам баласымен бірге жасасып келе жатқан, әлеумет үшін үлкен мәні бар, рухани дүниеміздің үлкен бір бөлігі, мәдениетіміздің басты діңгектерінің бірі, бұған қоса ол тарихи қалыптасқан көзқарастар жүйесінің бірі болып есептеледі.
Адам діннің мәнін терең білмесе де, имандылық пен имансыздық оның іс-әрекетінен, ішкі дүниетанымы арқылы көрініс табуы қажет. Көшеде жүріп «дін білгендер» мен «дін танығандардың» мәселенің байыбына бармайтындардың көбеюі қоғамға қауіпті. Сондықтан қоғамдағы кез келген әлеуметтік құбылыстарға назар аударылуы керек. Оларға уақытша, кездейсоқ, әлсіз, болашағы жоқ деп қарауға мүлде болмайды. Мысалы, бұрындары әрбір ауылда шағын мешіт болды, онда шәкірттер алғашқы білімдер алды, ол жерде аузынан Алласы түспейтін, имани адамдар жүрді. Енді бүгін де мешіттер көптеп салынуда, олардың көпшілігі қазіргі заман архитектурасының жетістіктерін ескере отырып, салынған. Бірақ олардың мақсаты қандай, кімдер қызмет етуде? Қазақта «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген сөз бар. Олардың бәрі бірдей елімізде мұсылманшылықтың дәнін сеуіп, имандылыққа үйретіп жатыр ма, әлде қожайындары атасының атын немесе өз аттарын шығару үшін еңбектеніп жатыр ма, гәп сонда. Мешіттен келдім деп садақада төрде отыратын көп молдалардың мәдениетсіздігі, білімсіздігі, біліксіздігі көзге ұрып тұрады. Ал ондайларда инабат болмайтыны былай тұрсын, ондайлардан иман қашады. Ендеше, жас ұрпақ тәрбиесінде, бізге сауат пен салауат, білім мен білік бірдей қажет екендігін ұмытпалық. Қазақ «Дүмше молда ел бұзады» десе, Абай: «Намазды молда теріс оқыр, дағарадай болып сәлдесі» дейді...
– Ал елімізде болып жатқан әлеуметтік реформа, әсіресе соңғы уақытта қызу талқыға түскен зейнетақы мәселесі туралы не айтар едіңіз?
– Еліміздің егемен, Тәуелсіз дамуы кезеңінде көптеген әлеуметтік реформалар қабылданды. Бұл – қоғамның даму заңдылығы, өйткені қоғам мен әлеумет ажырамас бірліктегі нәрсе және өз әлеуметінің жағдайы мемлекетті алаңдатпай қоймайды. Алайда кез келген қабылданған заң, қаулы-қарарлар, олардан туындайтын салдарлар, сол мемлекеттің азаматтарының әлеуметтік жағдайын әлсіретпеуі, бұрынғыдан да төмендетпеуі керек. Ондай жағдай орын алса, сол заңды қабылдаған Парламент халыққа қарсы әрекет жасаған болып есептеледі.
Осыған байланысты Ұлттық банк бастамашы болған, соңғы уақыттарда қызу талқыға түскен Қазақстан Республикасында әйелдердің зейнетке шығу жасы жайлы мәселелерді ой елегінен өткізіп көрелік. Қазіргі уақытта Батыс пен Еуропаның кейбір елдеріндегідей ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру мәселесі өзекті тақырыпқа айналды, оны жақтаушылар да, қарсылық білдірушілер де бар. Жаһандық үрдіске құлақ ассақ, ерте ме, кеш пе бізге зейнетақы заңнамасына өзгерістер енгізу керек екені анық. Ендеше, Үкімет және осы мәселеге ынта білдіруші Ұлттық банк республикамыздың болашағы үшін, оның тұрақты дамуы үшін реформаның қажеттігін жан-жақты түсіндіруі қажет еді. Мысалы, әйелдердің зейнет жасын арттырудың басты себебі – зейнетақы төлеудегі қаражаттың болжамды дефициті. Еліміздегі зейнеткерлердің 70%-ын әйелдер құрайды, олардың зейнет жасын арттырмасақ, 2014-2024 жылдар аралығында зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстары 3 трлн теңгеге өседі де, мемлекетті зейнетақы төлеуге қауқарсыз етіп, болашақ зейнеткерлер үшін үлкен проблемаға айналады. Сондықтан бұл мәселелерге қазірден бастап назар аударып, шешуге тиіспіз.
Ал Ұлттық банк төрағасы Г.Марченконың бұл мәселе туралы еркін актуарийлер дерегіне сүйеніп айтқан болжамдары халыққа аса түсінікті бола қойған жоқ. Бұған дер кезінде көңіл аударған Президент Қазақстан халқына зейнетақы реформасы мәселелері жөніндегі Үндеуінде «оның басты себебі Үкімет пен Ұлттық банк іс-әрекетінің олқылығынан, оны халыққа насихаттау ісі дұрыс жүргізілмеген, оған немқұрайды қараған халықтың көбі бұл реформаның түпкі мәнін түсінбеген» деп заңнаманы халыққа түсіндіру жағына оң баға бере алмайтынын айтты.
Осыған сәйкес, Президент өзінің Конституция берген өкілеттілігін пайдалана отырып, әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы норманы қайта талқылау үшін Парламентке қайтарды және зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылдың 1 қаңтарынан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынды. Үкіметке халыққа қажет заң мәселелерін одан әрі пысықтап, дамытуды тапсырды.
Президенттің бұл шешімі ақпарат құралдарындағы хабарлардан көріп, естіп жатқанымыздай, көпшілік қазақстандықтардан қолдау табуда. Оның да өз жөні бар, шын мәнінде, әйелдердің зейнетақы жасын олардың әлеуметтік орнына, жағдайына қарай реттеген дұрыс болар еді. Мәселен, біреу ауыр жұмыста, біреу жеңіл жұмыста, біреулер ғылым мен өнер саласында, енді бірі – көпбалалы аналар, ал енді бірі ауылда, екіншілері қалада, тағы да басқа. Бұл мәселелерді есепке алмай, әлеуметтің бәрі тең деп қараудың өзі еш қисынға келмейді. Сондықтан да Президент Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын.
– Қазіргі әлемдік жаһандану кезінде қандай қадір-қасиеттер қажет деп ойлайсыз?
– Бүкіләлемдік жаһандану кезінде түп тегімізде бар бейімделе, үйрене білу, сыйласа және сыйлата білу қасиеттерімізді ұмытпағанымыз жөн. Алдыңғы буын өкілдерінде мұндай дәстүрді ұстану бар еді. Рулар арасындағы Ата баласы, Аға баласы, Қара шаңырақ иесі деп орын ұсыну, қала берді, тектілерді құрметтеу, жақсылар мен жайсаңдарды сыйлау алғы қазақтардың моральдық ұстанымдарының бірі болған.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары Шоқанды, Абайды тағы да басқаларды зор құрметтеген. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов Абайды «қазақтың бас ақыны» десе, Мағжан Жұмабаев «алтын хакім» деп дәріптейді. Қазақ зиялылары бір-бірін де өзара аса құрметтеген. Сондағы өлшемдері жеке тұлғаның ел, халық алдындағы беделі мен қажыр-қайратын жұмсап атқарған игі істері болған.
– Әңгімеңізге көп рақмет, аға.
Алашқа айтар датым...
Бүгінгі күні біз тұлғаны шенеуніктің дәрежесімен, адам парасатын отырған креслосымен, беделін байлығымен өлшейтін халге жеттік. Мұндай көріністердің жастар санасын уламауына ешкім де кепілдік бере алмайды. Ондай келеңсіздіктердің ұлт намысын жасытпаса, ұлт рухын түсірмесе, көтеруге қызмет етпесі айқын. Мұндай ортада елдіктің тұғыры – жоғары мәдениет те қалыптаспасы хақ. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлы күш – рухани қуат-жігер, елдік парасат, таным, патриоттық сезім де болмайды. Бұларсыз жаһандану тұсында егемендігімізді, елдігімізді де көрсете алмаймыз. Олай болса, қажетіне қарай ежелгі дәуірдегі қадір-қасиетімізді бүгінгі күнге үлгі етсек артық болмас.