Төрегелді ШАРМАНОВ, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
– Төрегелді аға, соңғы уақытта кәсіпкерлер мен денсаулық сақтау мамандары арасында қызу пікірталас туғызып отырған энергетикалық сусындар жайлы не айтасыз? Жастар мен көлік жүргізушілерінің тұрақты «асына» айналған бұл өнім шынымен де адам ағзасына зиян ба?
– Энергетикалық сусынға деген көзқарасым аса күдікті. Оның ағзаға пайдасы бар деген пікірмен келіспеймін. Себебі адамның орталық жүйке жүйесін белсендендіріп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған қандай да бір ауруы қозады. Қозудың әсерінен адам әлсірейді. Ол бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе тұрақты тұтынушының денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін. Өнім адамға қосымша қуат береді деу – қате пікір. Аты «энергетик» болғанымен, заты оған сай емес. Керісінше, бойдағы бар энергияны артығымен жұмсап, түгелімен шығарады. Былайша айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға алады».
– Республикадағы зауыт, фабрикаларда шығарылған қандай да бір азық-түлік өнімі нарыққа жол тартпас бұрын сіздердің зертханаларыңызда сынақтан өтетіні белгілі. Олай болса, денсаулыққа зиянды бұл тауардың сатылуына кім және қалай рұқсат берген?
– Жоқ. Қазақ тағамтану академиясының зертханасында кез келген өнім тексерістен өтпейді. Бірнеше кезеңнен тұратын мұндай сынақ қомақты қаржыны қажет ететіндіктен, тауардың құрамын толыққанды зерттеу қандай да бір ұйым-мекемеден түскен арнайы ұсыныс, тапсырма арқылы ғана жүзеге асырылады. Өнімнің сапасына, дәлірек айтқанда, оның адам денсаулығына келтірер пайдасы мен зиянын білуге қызығушылық танытқан тұлғалар ол үшін арнайы қаражат бөледі. Ондай болмаған жағдайда біз тауарды тексерістен өткізбейміз. Бүгінде көпшілік арасындағы даулы мәселеге айналған энергетикалық сусындар жайлы айтар болсам, бұл өнім зертханада жеңіл-желпі зерттеуден өтті. Оның құрамында ағзаға тікелей әсер ететін есірткі заттары, түрлі металдар мен гармондар, бір сөзбен айтқанда, қауіпті компоненттер болмағандықтан, өнімнің сатылуына рұқсат берілді. Ал оның пайдалы болмаса зиянды жағын, яғни құрамындағы заттар қосылған жағдайда ағзаға қалай әсер ететінін анықтау оңай шаруа емес. Ол ауқымды клиникалық зерттеуді қажет етеді. Оны жүргізу үшін қомақты қаржы керек. Алайда біздің қалтамыз оны көтермейді. Әрі әзірге мемлекет тарапынан болмаса қандай да бір мекемеден оны тексеру туралы ұсыныс түскен жоқ.
– Сонда белгілі тараптан ұсыныс түсіп, зерттеуден өтпейінше адам өміріне қауіпті бұл сусындар еркін саудалана бере ме?
– Бұл сусындардың адам денсаулығына зияны туралы мәселені депутаттар мен денсаулық сақтау мамандары көтергенге дейін ол жайында сөз болған жоқ. Сол себепті күрделі тексерістен өтпеді. Енді оның қауіптілігі көпшілікті толғандыра бастаған соң, жақын арада мемлекет тарапынан қаржы қарастырылып, толыққанды зерттеуден өтеді деп ойлаймын. Оның сатылуын шектеуге болмаса мүлде тыйым салуға құрамын толық тексергеннен кейін, яғни қолымызда оның денсаулыққа зияны туралы нақты дәлел болған жағдайда ғана қол жеткіземіз. Оған дейін ештеңе істей алмаймыз.
– Бүгінде еліміздегі сауда орындарынан ойып тұрып орын алған бұл өнімдердің нарыққа шыққанына бес жылдан астам уақыт болыпты. Оның сатылуына ұзақ жылдардан кейін шектеу қою тым кеш болып кеткен жоқ па?
– Игіліктің ерте-кеші жоқ. Сусындардың адам өміріне қауіптілігі дәлелденіп жатса, неге шектемеске?! Кез келген азық-түлік өнімінің құрамын зерттеу, оның пайдалылығы мен зияндылығын анықтау уақытқа тәуелді емес. Бірнеше ондаған жыл бойы сауда айналымында жүрген кез келген өнім дүкен сөрелерінен аяқасты жоқ болып кетіп жатады. Неге? Себебі оның зияны дәлелденген соң сатуға тыйым салынады. Мәселен, «Кока-кола», «Пепси» сусындарының денсаулыққа кері әсері бірден анықталған жоқ қой. Жиырма жылдан кейін ғана белгілі болды. Қазір, яғни бұлардың зияны анық дәлелденген уақытта ғана аталған өнімдердің отаны Американың кей штаттарында оларды сатуға мүлде тыйым салынып жатыр. Біз де осы бағытта біраз жұмыстарды қолға алудамыз. Нақты айтсам, «Кока-кола» мен «Пепсиді» мектептерде сатуға тыйым салынуда. Жақында осыған байланысты еліміз аймақтарының әкімдіктеріне ұсыныс хат жолданды. Сол сияқты энергетикалық сусындардың құрамын да мүмкіндік болған кезде ғылыми тұрғыда зерттеп, сауда нүктелерінен кез келген уақытта алып тастауға болады.
– Жақында денсаулық сақтау мамандары энергетикалық сусындардың құрамындағы дәрумендерді мөлшерден тыс қолдануға болмайтынына байланысты оларды тек дәріханаларда сату керек деген шешім қабылдайтындарын жеткізді. Солай болған жағдайда оның қатаң тәртіппен сатылуын бақылайтын арнайы мекеме-ұйым бар ма?
– Мен бұл сусындардың дәріханаларда сатылуына қарсымын. Себебі дәріханаларда сатылатын препараттар арнайы дәрігердің рецептісі бойынша берілуі тиіс. Алайда бүгінгі таңда бұл ереже сақталып отырған жоқ. Кейбір дәрі-дәрмектер дәрігердің кеңесінсіз еркін сатылып жатыр. Ертең энергетикалық сусындар да солардың кебін кимесіне кім кепіл? Бір адамға оның қатаң түрде бір-екі құтысының ғана сатылуын кім қадағалайды? Қазіргі уақытта дәріханалардың басым бөлігі жекеменшіктің иелігінде екені белгілі. Кез келген кәсіпкер өз қалтасының қалыңдығын ойлап, тауарының көбірек өткенін қалайды емес пе? Сондықтан кім қанша қаласа, сонша сатып ала алады. Яғни «энергетиктерді» дәріханада сату оң нәтиже бермейді.
– Сонда «адамға қуат береді» деп жақсы жарнамаланып жатқан бұл өнімдерді тұтыну мен сатуды шектеу емес, мүлдем тыйым салу керек дейсіз ғой?
– Тыйым салу керек. Бірақ дәл қазіргі уақытта бұлай деп үзілді-кесілді кесіп айта алмай отырмын. Себебі қолымда оның қауіптілігі жөнінде қандай да бір дәлел болмаса мәлімет жоқ. Мысалы, «Кока-колаға» келсек, оны сатуға тыйым салу керек деп сенімді түрде айта аламыз. Өйткені күшті газдалған бұл сусынның құрамында қанттың мөлшерден көп екені анықталған. Оның адамның сүйектерін әлсіретіп, сусамыр дертіне шалдықтыратыны да белгілі болды. Ал республика халқының энергетикалық сусындарды пайдалана бастағандарына көп бола қоймағандықтан, оның зиянды әсерлері әзірге байқалған жоқ. Дегенмен жақында Швецияда үш адам және бір норвегиялық тұрғын осы сусыннан көз жұмғаны туралы деректер тіркеліпті. Қазір бұл елдер «энергетиктердің» құрамын зерттеуге кірісіп кетті. Енді бізге де бұл өнімдерді толыққанды клиникалық зерттеуден өткізіп, зиянын нақты дәлелдеу қалды. Ол үшін жан-жануарларға болмаса ерікті адамдарға тәжірибе жасау арқылы сынақ жұмыстарын жүргізу керек. Бірақ тағы қайталап айтамын, біз, Қазақ тағамтану академиясының мамандары, бұл мәселені өз бетімізше көтере алмаймыз. Өйткені аталмыш өнімдердің зияны туралы өзіміз бастап айтатын болсақ, оны тексеру үшін қаржыны да өзімізге қарастыру керек болады. Ал бізде қазір мұндай мүмкіндік жоқ.
– Сөзіңіз аузыңызда. Ал өзіңіз зиянды екенін біле тұра, фастфуд өнімдері мен осы сусындарды тұтынған кезіңіз болды ма?
– Әрине, жас күнімде сырт мемлекеттерге барғанымда: «Бұл қандай тағам, біздің елде неге жоқ?» — деп қызығып пайдаланған кезім болды. Кейін оның зиянын білген соң, мұндай тағамдарға жоламайтын болдым. Жалпы, сырттан келетін өнімдердің халық денсаулығына келтірер кеселі өте көп. Мәселен, біз қымыз, шұбат, қымыран, бауырсақ, ірімшік, ет сияқты ұлттық тағамдарымызды жеуге тыйым салмаймыз. Себебі оның адам денсаулығына пайдалылығы баяғыда-ақ дәлелденіп қойған. Оларды тексеруден өткізбей-ақ тұтына беруге болады.
– Дәрігерлер қандай да бір аурудың туындауына ең алдымен дұрыс тамақтану кестесінің бұзылуы себепкер деп жатады. Осыған байланысты не айтасыз? Өзіңіз басқаратын мекеме халық денсаулығын сақтауға қатысты қандай шаралар атқарып жатыр?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, түрлі аурулардан болған адам өлімінің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудан туындайтын көрінеді. Бүгінде белең алған жүрек-қан тамырлары ауруларының көрсеткіші осы тамақтану режимін бұзу салдарынан өсіп келеді. Қант диабеті, туберкулез, остеопороз сияқты дерттердің бәрі – айналып келгенде, дұрыс тамақтанбаудан туындайтын аурулар. Бұл дерттерді дұрыс тамақтану арқылы жоюға болады. Осы олқылықтарды ретке келтіру мақсатында Қазақ тағамтану академиясының бастамасымен дұрыс тамақтанудың ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес республиканың ірі қалалары мен облыс орталықтарында салауатты тамақтану орталықтары ашылып жатыр. Онда арнайы мамандар халықтың дұрыс тамақтануын, нақты айтқанда, қоспасыз өнім тұтынуын қадағалап отырады. Әрі тұрғындар арасында салауатты тамақтану бойынша насихат жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі уақытта мұндай мекемелер Астана мен Ақтөбе қалаларында жұмыс істеуде. Жақын уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де іске қосуды көздеп отырмыз. Қазақстандықтардың денсаулығын күшейтуге бағытталған жұмыстардың тағы бірі – тұзды йодпен және ұнды темірмен байыту. Бүгінде тұзды йодпен байыту елімізде жаппай қолға алынды. Соның арқасында таяу жылдары елімізде йод жетіспеушілігінен туындайтын аурулар саны күрт азаяды. Адамдардың ой өрісінің нашарлап кетуі, балалардың бойының өспей қалуы сияқты кемшіліктерден құтыламыз. Азия даму банкі және ЮНИСЕФ ұйымымен бірлескен ұнды темірмен байыту жобасы да қазір кеңінен қолға алынуда. Ол үшін Парламентте арнайы заң да қабылданды. Осы заңға сәйкес, биылдан бастап ұн өндірушілерге елімізде шығарылатын жоғары және бірінші сортты ұндарды темірдің жетіспеушілігіне қарсы дәрумендермен байыту міндеттеліп, ол арнайы ұйымдардың қадағалауымен жүзеге асырылады. Осы жұмыстар ойдағыдай атқарылса, ұнды темірмен байытуды мықтап қолға алған 70 мемлекеттің бірі боламыз. Сол сияқты тағамтану академиясы ғарышкерлер мен балалар тағамдарына да көп көңіл бөліп отыр. Әсіресе дені сау ұрпақ өсіру мақсатында балалар өнімдерін түрлі дәрумендермен байыту мәселесі мықтап қолға алынып отыр. Мәселен, биыл Алматы облысына қарасты Талғар ауданында түрлі дәрумендермен байытылған балалар тағамдарын шығаратын зауыт іске қосылады. Бұл Орта Азия мемлекеттері ішінде алғаш болып біздің елде ашылғалы отыр. Жоспар бойынша «Амиран» кәсіпорнында тәулігіне 15 тонна сүт өнімдері негізінде жасалған балалар тағамдары шығарылады. Мұндағы өнімдер Қазақ тағамтану академиясының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жасалған рецептура бойынша шығарылады. Олардың жаңа туған нәрестеден 18 жасқа дейінгі балалардың арасындағы ауруларды болдырмауға ғана емес, түрлі дертті емдеуге де септігі тиеді. Осы жұмыстар ойдағыдай орындалса, халық денсаулығы едәуір жақсарады әрі түрлі аурулардан ада, дені сау ұрпақ тәрбиелей аламыз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Айтпақшы...
Денсаулық сақтау мамандарының мәлімдеуінше, энергетикалық сусындарды жүйелі түрде қолдану жүрек-қан тамырлары жүйесі қызметінің бұзылуына, ұйқысыздық дертіне, адам ағзасының уақытынан бұрын әлсіреуіне, қан қысымының көтерілуіне әкеліп соғады. Оны жүйкесі сыр берген, гипертония, глаукомамен ауыратын адамдарға және аяғы ауыр әйелдер мен
18 жасқа дейінгі жастарға қолдануға болмайды. Франция мен Германияда энергетикалық сусындарды өндіруге мүлдем тыйым салынған. Энергетикалық сусынның адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазан айында тіркелді. Аталған өнімді мөлшерден тыс көп қолданған Пенза қаласының студенті ұйқы безіне қан құйылып кетуі салдарынан көз жұмды.