Абайтану туралы пікір айтатын жаңа ұрпақ өткен мен бүгінді байланыстыра алмай жүр

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, Халықаралық «Алаш», І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, жазушы, алаштанушы:

– Тұрсын аға, абайтану ғылымының қазіргі ахуалы қандай? Бұрынғы мен қазіргі зерттеу арасында қандай байланыс бар? Абайтанудың қазіргі беталысына көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгі таңдағы абайтану таным жо­лайрығында тұр. Әрбір торқалы той сайын Абай туралы науқанды түрде көптеген жаңа толқынды зерттеулер, жаңа серпілістер, жаңа тұжырымдық ойлар жасалып жатты. Сондықтан да бір қараған адамға Абайдан көп зерттелген, көп оқылған, көп таралған сөз иесі қазақта жоқ деуге болады. Бұл – заңды да. Шкловскийдің: «Біз әрбір ұлт данасының мерейтойын атап өту арқылы ұлтымыздың өткенін еске аламыз, бүгінін сабақтаймыз, келер күндердің бағытын анық­таймыз», – деген сөзі бар. Менің ойым­ша, Абай – тура сондай тұлға. Әрбір он­жыл­дық өткен сайын, заманның беті мен асты құбылған сайын, Абай да жаңаша бір түрленіп, төңкеріліп отырады. Өз бағам­дауым­ша, Абайдың 150 жылдығы тұсында, одан кейінгі 10 жылда абайтану ілімінің 100 жылдығына орай үлкен бір тұжырым­дар жасалып, тиянақталды. Соның ең үлкен жетістігі: 1995 жылы шыққан екі томдық және сондағы түсініктемелері деп есеп­теймін. Бұған сол кездегі Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Қайым Мұхамедханов, Бейсенбай Байғалиев, Жұмағали Смағұлов, Мекемтас Мырзахметов сияқты ғалымдар­дың барлы­ғы тартылды. Сол басылым – арғы-бергі ойларды түсірген жинақ. Сол жинақта өзім ұсынған екі-үш мәтіндік-пікірлік қорытын­дылар бар. Қалай болған­да да, абайтануға үлкен бір белестің жақсы бір нүктесі болып қалыптасты. Кейінгі бес-алты жылдан бас­тап абайтанудың жаңаша беті жаңа бір то­сын бағытқа бет алып бара жатқан сияқты. Мәселе ол бағытта емес. Әр ұрпақ өз сө­зін айтады, өзінше түсінеді, өзінше түсін­діре­ді. Мәселе – сол ұрпақтың Абайды түсі­нудегі үстірттігінде. Ең бастысы, өзіне дейінгі 100 жыл бойы зерттелген зерттеу­лер, айтылған пікірлер, ұсыныстар немесе талдаулар ұмыт қалып барады. Яғни абайтану туралы пікір айтатын жаңа ұрпақ өткен мен бүгінді байланыстыра алмай жүр. Әркім өз сөзін өзі сөйлейді, өз пікірін өзі дәлелдейді, өз пікіріне өзі ұсыныс айта­ды. Басқа шығармашылық иелеріне мұндай пікір жарасуы мүмкін, Абайға жараспайды. Мені алаңдататын үлкен мәселе – осы. Өйткені кім Абайды түсінгісі келмеді дейсің, кім Абайды терең бойлап зерттегісі келмеді дейсің, кім Абай туралы жаңа пікір айтқысы келмеді дейсің?! Және ол айтылған пікірлер тегін пікірлер емес. Біз сол ғалымдардың айтылған пікірлерінің ұшығын ұстап, ары қарай жалғастыруымыз керек. Менің ойым­ша, Абай туралы Әуе­зов­тен артып зерттеген ешкім болған жоқ, ешкім бол­майды да. Мысалға, жадидтік ағым туралы Абай туралы еңбектерінде М.Әуезов айтқан. Сонда: «Шаһабуддин Маржани, Гаспараланы, Каюм Насыри, Ғабдукуді, Ғаза­ли­ді айтып, менің бетімді шығыстан бұрып кеткен ақынның бірі еді», – деп пікір түйдіреді. Ол пікірлер неге ай­тыл­ды? Ол адамдар кімдер? Қандай бағыт ұстанды? Тіпті Ғабдукудің атын қате жазып, Ғабдукуді сынап жүрген абайтанушылар бар. Өзің білмеген нәрсеге қалам тартқан­нан кейін, ең болмаса аты-жөнін дұрыс жазуға болады ғой. Осы салада білместіктер бар. Қазір Абайдың кейбір басылымдарын, Абай туралы кейбір естеліктер жинағын, мақалаларды оқысаң, Абайдың өзі айтқан сөздеріне теріс түсініктеме береді. Яғни Абайдың айтқысы келгені осы еді деп оны «бісмілләсіз» айтады. Кезінде шыққан, жа­рия­ланып кеткен пікірлерді Абайды жақсы көрсетеміз деп қысқартып, жөндеп, жұ­мыр­лайды. Бұл – үлкен қылмыс. Өйткені Абай­ды көзі көрген адамдардың естеліктері, оның айналасындағы тағдыр иелері туралы пікірлер – тарихи және өмірлік шындық. Егер ол шындықтарды боямалап, Абайды сүйкімді етіп көрсетеміз десек, қателеске­ні­міз. Абайдан тағдыр иесін емес, періште шығарудың амалы. Абай бізге пенделік тіршілігіндегі тауқыметті тағдырымен, өзі өмір сүрген етекбасты тіршілігіндегі идеяға көтерілген тұлға ретінде қымбат. Иә, Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» арқылы ақынның идеалды бейнесін жасағысы келді. Ол – көркем шығарма, ол – Әуезовтің Абайы. Өмірдегі Абай бір басқа. Сондықтан да қазіргі жолайрығында тұрған абайтану мәселесінің ең бір қауіпті мәселесі осы деп ойлаймын.
Осы жолайрығындағы екінші қауіп: біз Абайды жаңа ұғым арқылы жаңа деңгейге көтеріп келеміз. Бұрынғы «батысым шығыс болды, шығысым батыс болды» немесе «бір-ақ әдебиеттен жеміс алып өркендеп өсті» деген жаттанды, таптаурын болған пікірге қарама-қарсы пікір білдіріп жатыр­мыз. Сол арқылы Абайдың шын өзі сусын­даған бұлағына ұсақ-ұсақ тастармен бөгет қойып жатырмыз. Түбінде ол бөгеттерді Абайдың өз адамдары жарып әкетеді. Бірақ Абайдың алдына ақ не қара, ұсақ не ірі бол­сын, бөгет жасамау керек. Біз қабылдағымыз келмесе де, Абайдың батыстың лирикасынан алған сабағы үлкен. Қазақ поэзиясына кіргізген­дегі басты жаңалығы – соларға негіз арт­қан. Ол үшін шығыстық ойдан қол үзіп кет­пе­ген. Қайта Мәулананың, Румидің ұлы филосо­фия­лық толғамдары Абайдың осы өлеңінде бір үлкен ой толқыны ретінде араласып, кеңдікке ие болған. Сондықтан да 5-10 жылдың көлеміндегі үлкен жолай­рықта тұрған абайтану ілімі қай айрықпен екпін алып кететініне көз жетпейді. Жалған ай­рық­қа түсіп кетсе, онда ол ілімді қайта­рып, алдыңғы 100 жылғы зерттеулермен тоғыс­ты­ру үшін де бір толқынның уақыты кетеді. Сондықтан абайтанудан біз адасып қалма­сақ екен деп ойлаймын.
– Абайдың туған күніне қатысты да түрлі пікір бар. Соның біріне арнайы тоқталған жөн бе? Жалпы, ұлы, белгілі адамдардың туған күн даталарына қатысты дау-дамай қажет пе?
– Абайдың туған күнін біреу – 10 тамыз, біреу – 13 тамыз, біреу – 15 тамыз, біреу 19 та­мыз дейді. Осының барлығы да мұрағат­тағы деректерге негізделіп айтылған. Олар Омбыда, Ленинградта, Орталық мұрағатта сақталды. Айтылған даталардың барлығы да көрсетілген. Қалай? Қазақтың және орыс­тың жыл санауында айырмашылық бар. Сондықтан кейбір ақын-жазушы­лар­дың туған жылдары бір жыл кейін не ілгері жүреді. Ол құжатты қай уақытта толтыр­ғанына байланысты. Мысалы, 2011 жыл­дың 22 наурызына дейін толтырылса, бір басқа. 2011 жылғы наурыздан кейін толты­рыл­са, екінші жас кетеді. Ол кезде «жыл ауысты» деген қазақтың ойлау жүйесінде жоқ. Қазақтың ұғымында Григориянның жылнамасы жоқ. Сол құжат қай жылы, қай күні қағазға түскеніне қарау керек. Екін­шіден, жаңа календарь ауысқан күнде 13 күндік айырмашылық бар. Біреу оны 9 күн­ге өзгерткен, біреу 13 күнмен есептеген. Мысалы, М.Әуезовтің туған күні бірде – 16, бірде – 19 қыркүйек. Негізінде, біз 28-29 қыр­күйекті алып жүрміз. Ол – Әуезовтің өзі кейіннен үйлестіріп, өз туған күнін өзі тойлаған күні. Сондықтан мұны өзгертудің қажеті жоқ. Біз сол күнді қабылдаймыз. Абайдың да туған күні осы сияқты. Мәселе, нешінші тамызда екендігінде емес, Абай­дың туған күні тамызда. Жалпы нысана ре­тін­де Янушкеевичтің күнделіктеріне қарау керек. Янушкеевич сол жылы тамыз айында Құнанбайдың үйінде болған. Сол күні күн­де­лігіне: «Құнанбайдың жаңа туған бала­сының туғанына он күн болған, іші ауырып, Құнанбай соны ешкінің майымен майлап, табан астында жазып алды», – дейді. Міне, сол бала – Абай. Сол күн мен Янушкеевич көрсеткен күннің арасын шығарсаң, шамамен бір-екі күндік айырмашылық болса да, Абайдың туған күні белгілі болады. Ал Әуезов өзі тамыздың 10-ы деп айтты ма, соған тоқталу керек. Өйткені Әуе­зов те – Абайды көрген адам. Үрім-бұтақ­тарын көріп, солар белгілеген, Тұрағұл белгілеген күн. Сондықтан «ана данышпан былай көрсетіпті», «мұрағатта былай екен» деп алыпқашты пікір айта бермеу керек. Сол мұрағаттың қай күні, жылдың қай мезгілінде толтырылғандығына мән беру керек.
– Соңғы уақытта, аға, Абайдың діні, исламдағы ұстанған бағыты, тіпті намазы туралы да сөз қылуға келмейтін дүниелер дауға ілігіп жүр. Сол дұрыс па?
– Қазіргі абайтануда көтеріліп жүрген үлкен бір мәселе – Абайдың мұсылмандыққа қатысы. Бұл – сөз етуге тұрмайтын, күлкілі мәселе. «Абай мұсылман болған ба?», «Абай намаз оқымапты ғой» деген сөз не үшін керек? Ондай сұрақ неге қойылады? Сол сұрақты қойған адам өзі мұсылман ба, өзі Абайды оқыған ба? Өзі Абайды сыйлай біле ме? Екінші, «Құнанбай болмаса, Абай болмас еді, оған қалай қарайсыз?» дейді. Құнанбай болмаса, Абай болмайды, әкесіз адам дүниеге келе ме? Түсінікті ғой. «Қан­дай тәлім-тәрбиесін алды» деп сұрақ қой­са, бір жөн. Бұл ретте елдің барлығының ұстанатыны – Тұрағұлдың естелігіндегі Абай­дың бір ауыз сөзі: «Будда деген үлкен ілім екен. Әттең, қолыма кеш түсіп қалды, енді оның соңынан қуа алмаймын». Абай будда дінін қабылдайын деп айтып отырған жоқ. Будда дініндегі адамдық, қасірет, жақ­сылық-жа­ман­дық, түп ата, тек, қараң­ғы-жарық, на­дан­дық-сауаттылық, адам­ның ішкі өзегі – иманы мәселелерін сол арқылы терең түсі­ніп, білгісі келген. Мәселе – ілімде, ғылым­да, дін ретінде қабылдауда емес. «Абай пұтқа табынам деген екен, әттең, өмірі жетпей қалыпты», – дейді. Егер Абай пұтқа табынам десе, табан астында қабылдар еді. Өз заманында Абайдың қанша жауы болды деп өрекпігенмен, Абайдың бетіне келетін адам болмаған. 1897 жылы Семей­дегі 15 мешітің имамы бар, орта ауыл тү­гелі­мен Абайға «орыстың үлкен архирей побы келгелі жатыр. Дін туралы айтыс өт­кізбек. Егер біз осы айтыста жеңіліп қалар болсақ, онда қазақтарды жаппай шоқын­ды­руға ұлы ағзамның қолы қойылмақ екен. Біз мұсылман дінін, Құран­ды толық білеміз, бірақ та қалған үш кітапты біл­мей­міз. Абай осының бәрін біледі, осы айтысқа Абай қатысар ма екен?» деп кісі жібереді. Абай ұзақ ойланып отырып, келіскен. Ай­тыл­ған күнде Семейге барған. Үлкен епис­коп архирей екеуі оңаша екі жарым сағат сөйлескен. «Мына қазақтар­дың молдала­рынан бастап қазірден шо­қын­дырамыз» деп есіктің алдында поптар тұрған. Үлкен хазірет молдалар «Аллалап» дұға тілеп жүрген. Сол уақыт ішінде Абай епископтың мұсылмандықтың ең бір нәзік тұстарына қатысты он жеті сұрағына жауап берген. Ал есік алдына шыққаннан кейін, поптар «ал шоқындық» десе, Епископ: «Жоқ, бұл ха­лық шоқынуға дайын емес, мынандай ада­мы, ақыл иесі бар адамы бар ел шоқын­байды, бұл өз заманынан озық туған адам екен», – деп қайтып кеткен екен. Бұл екпін мұнымен басылмаған. 1902 жылы қазақты жаппай шоқындыру туралы қаулыға қол қойылып, іске кірісіп кеткен. Дін иелері Шаймардан Қосшығұлов пен Науан Хазірет Абайға хат жазған. Бұл хат Абайдың мұра­ғатында бар. Абайдың үйіне тінту жүргізіліп, үш ай мырза қамақта отыратыны – осы мұсылмандық қозғалысқа байланысты шаруа. Абайдың дүниеден бетін теріс қаратып кетуіне, үмітсіздігіне де осы шаруа үлкен әсер еткен деп ойлаймын. Өйткені мына заманның беті бері қайрай­тынына Абай сенбеген. Алматы соборы, Астанадағы стадион тұрған жердегі собор, Қазақстан­дағы барлық соборлар кезінде қазақтарды шоқындыру үшін салынған. Оған 1902-1903 жылғы орыс-жапон соғы­сы, соғыста Ресей­дің жеңіліп қалуы әсер еткен. Екінші рет 1905-1907 жылдардағы орыс революциясы осыған үлкен кедергі жасаған. Келесі шоқындыру 1914, Рома­нов­тар әулетінің тақ­қа отыруына 300 жыл толу құрметіне байланысты жаппай шоқын­дыру болады. Шоқындыру қалай жүргізілуі керек, қазақ халқын қалай қырып тастау керек, барлығы архирейдің ұсынысында бар. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс ке­зін­де шыққан әскер – шоқындыруға шық­қан әскердің бөліктері. І дүниежүзілік соғы­сы басталып кетпесе, 1914 жылы жаппай шоқындыру әрекеті басталатын еді. Осыны біліп, қарсы күрес­кен Абай қалай мұсылман болмайды?!
– Құнанбай әулетінен тараған Абай, Шәкәрім, Ақылбай, Тұрағұл­дар - қазақтың маңдайына біткен біртуар данышпан ақындар. Ал Құнанбай балаларының ерекше қабілетті тууының сыры неде? Құнанбайдың Абайдың азамат ретінде қалыпта­суына әсері қандай болды?
– Абайдың әке Құнанбайдан алған тәлі­мі туралы бір оқиға айтып берейін. Соның астарында талай мән жатыр. Абай болыс болып жүрген кезде, қат-қабат сайлау, дау-дамаймен араласып кеткен. Бұрын аптасы­на бір келіп сәлем беретін Абай үш ай бойы Құнанбайға келіп сәлем бермепті. Сол тұстағы бір дауға байланысты мамай жұр­тының биі келіп: «Сіз пәленбай мәселесін Абайға айтсаңызшы, кешегі басқару жүйе­сінде былай еді ғой», – деп Құнанбайға жүгініпті. Сонда Құнанбай: «Сол Абайыңды мен көрмегелі үш ай болды, сәлем айт!» – депті. Әкесінің көңіліне келіп қалғанын сезген Абай Құнанбайдың ауылына келіп, бір апта жатады. Таңертең келіп, сәлем беріп, әңгімелесіп кетеді, түстен кейін келіп, сәлемдесіп кетеді. Осылай бір апта өтеді. Енді қайтайын дегенде, Абайдың ойы бір нәрсеге байлана береді. «Тәте, мен жүрейін деп отыр едім. Рұқсат па?» – деп: «Байқай­мын, сіз бір аптадан бері осы кітапты оқып жа­тыр­сыз, күніне екі-үш беттен ары аспай­сыз. Оқисыз да ойланасыз. Сыры үлкен, сіз тоқтап оқитындай бұл қандай кітап еді?», – деп сұрайды. Сонда Құнанбай: «Балам, бұл тарихат қой», – десе, Абай мырс етіп күліп: «Бәлі, тәте, сізді мұсылмандықтың шы­ңына жетті десем, әлі тарихатта жүр екенсіз, тарихат деген діннің басы емес пе?» – дегенде, Құнанбай: «Әттеген-ай, сені жетті, ілімнің тұнығынан бастау алды, та­мы­рын біледі десем, шала болған екен ғой, ертерек алып кеткен екенмін ғой, діннің басы тарихат екенін түсінбепсің ғой. Тари­хат­сыз дін де, шариғат та, мағрифат та, ақи­қат та жоқ қой, апырмай, мен қателес­кен екенмін», – депті. Сонда Абай үндей алмай, сыртқа шығып кетіп, басын шайқап тұрып: «Мына шалың алдырмады ғой, мені жер қып кетті, оқуым шала екен ғой», – деп Абай жүріп кетіпті. Дүниенің тілін білетін Абай Құнанбайдың тарихатты қалай түсініп отырғандығын жете бағаламаған ғой. Абайдың білімі қандай? Ал Құнанбайдың биігі қандай? Міне, тәлім деген – осы. Біз ұқсақ, қу сөзді қуаламай, осындай тәлімдік жолдан мағрифат алуымыз керек. Төрт сатыдан тұратын дінді білген Абай, осыны білген Құнанбай шын мүмін мұсылмандар. «Алланың жалғыз екеніне жүрегіңмен сен­ген күні сен шын мүмін мұсылман боласың», – дейді Абай. Демек, Алланың жалғыз­ды­ғын білген, түсінген, мойындаған Абайдың енді одан мойын бұрып, басқа дінге тамсанатындай жағдайы жоқ болатын.
– Абай болыс болған тұста заң шығарған ба? Кімдермен ақылдасқан? Ақиқат, шындық үдесінен қаншалықты шыға білген?
– Абай – өз заманының ұлы биі. Егер он үш жасына дейін биліктің жөн-жобасын біліп, игеріп, сөзге жауап қайтаратындай болмаса, онда Абай Абай болмас еді, Құнанбай Абайды сақа ғып сайламас еді. Құнанбай өзінен төмен түсетін ұлын елге билік айтуға жібермес еді. Құнанбай «әділ, қатал, би болам» деген. Абайдың билігіне, ұғымталдығына, Құнанбайдың тәрбиесінде сол биліктің сол бабымен өмір сүргендігіне билік құрғандығына еш күмән жоқ. Тіпті атақ­ты ұрылардың өзі «ұрлығым түссе, Абай­дың қолына түссе екен, түспесе, Абай­дың қолына түспесе екен» деп тілейтін. Осы екі сөзден-ақ Абайдың қандай би болған­дығын білуге болады. Абайдың алдына келген адам шындығын айтпай, жазасын алмай шықпайды. Абайдың Қарамолла съезінде қазақты билеу заңын шығарғаны рас. Жалғыз Абай емес, Абай төбе би бол­ған, барлық заңдарды құрастырып, ретке келтірген. Оған отыздай би қол қойған. Кезінде орысшаға аударылып, Қазанда басылып шыққан. Абай жалғыз өзі заң шығармаған, өзге билер қатысып отырып, Абай төбе би болған. Хатқа жүйрігі, хатқа түсірген – Абай.
– Абайдың алашордашылармен байланысын айтып берсеңіз.
– Алаш идеясының түп-тамырының бірі жәдидтік ағымда жатыр. Жәдидтік ағым­дағы алғашқы сауатын ашқан адам – Абай. Абайдың поэзиясы арқылы ұлттық идеяға алаштықтар келді. 1904 жылы Абайдың қолжазбасын Ахмет Байтұрсынов пен Мір­жа­қып Дулатов алдырған. Қолжазба Пав­ло­дардың түрмесінде компескацияға ұшы­рағанда, Әлихан Бөкейхановтың «басқасын қайтармасаңдар да, Абайдың қолжазбасын қайтарып беріңдер» деген түрмеге жазған хаты бар. Бұл ұлттық идеяның ұйытқысы Абай деп есептеймін. Ал Абай туралы ал­ғаш Абайдың өмірбаянын жазған, кітаптың шығуына, құрастыруға ықпал жасаған – Әлихан Бөкейханов. Кәкітайға тапсырма берілді, олар жүзеге асырды. Абайдың өлең­дерін жинастыруға, әрине, негіз бол­ған – Ә.Бөкейханов, Тұрағұл, Кәкітай Ысқа­қов. Кітап шығарда Мүрсейіт молданы шақырып алып, «өзің білетін Абайдың өлең­­дерін көшір» деген. Ол кісі көшіріп шық­­қан. Содан кейін бүкіл үрім-бұтақтары ақылдаса келіп, өлеңдерді бөлім-бөлімге, тақырыпқа бөлген. «Біз ағайын-туыстың көңіліне келеді ғой деп кейбір өлеңдерді кіргізбедік, кейбір өлеңдердің орнын ауыстырдық. Баспаның тарапынан кеткен қателер көп, сондықтан алғашқы жинақты қайтадан шығару керек», – деп жазған Тұра­­ғұл­дың өзі. Соның өзінде «Абайдың қара сөздерін әдейілеп бермедік» дейді. Біраз ақаулықтар дейміз бе, ағайыншыл­дықтар алғашқы жинақта кеткен. Тұрағұл­дың есте­лігінде мұның жай-жапсары жа­зыл­ған. Екінші өкініші – аяқталмай қалған «Әзімнің әңгімесі». Мағауияның үйіне барып, жұрт әңгімелесіп отырса, біреу отқа қағаз жағып жатыр екен. Екінші біреу темекі тартып, әлгіні жыртып отырыпты. «Өй, мынау не?» – десе, Абайдың «Әзімнің әңгімесі» дас­таны. Аяқ жағын отқа жағып жіберген, бас жағы қалған. Соның арқасын­да қалып отыр. Бұл басқа емес, Абайдың өзінің бала­ларының үйінде сақталған мұраға сондай сауатсыздықпен қараған. Ал кейінгі өлең­дерін жинақтағанда, бас-аяғында Көкбай болған. Көкбаймен үш айдай бірге отырып, Мұхтар Әуезов оны қағазға түсірген. Көк­бай өлеңдерді жатқа айтқан. Жатқа айту бар, жазу бар. Осы екі ортада сөз бен сөй­лемдерде ауытқулар кетуі мүмкін. Мектепте Абай өлеңдерін ауыл ақсақалдарынан естіп өстім. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақы­лың мен қайра­тың екі жақтап» деп айтам мен. Ал кітапта «Өзіңе сен, өзіңді алып шы­ғар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» дейді. Қайсысы дұрыс? «Қайрат» дегенді біреу ең­бек­шілердің за­ма­ны ғой деп «еңбек» деп өзгертті ме, әлде мен қате жаттап алдым ба? Білмеймін. Мұ­ны енді канон ретінде ұсынуға болмайды.
– Абай айналасына өнерлі жан­дарды жинаған ғой. Оған тарихтағы Біржан салмен кездесуі, қасында Әлмағамбет, Мұқа, Уәйістей әнші­лердің жүруі дәлел. Абайдың ән-күй тыңдап, думандатуына Құнанбай­дың «мұсылманшылыққа жат» деп, қарсы болғаны рас па?
– Егер Құнанбай сондай болатын болса, Әмір сал қайдан шығады? Өзінің қойнында жатқан баласы ғой! Мұхамеджан қайдан шығады? Өзінің бауырында өскен, Абайдан гөрі иісі сіңген Ақылбай неге ән айтады? Билік­тен кеткеннен кейін, Ақылбай Құнан­байдың баурында өсті ғой. «Ән айтқан сай­тан болады» деген шала молдалардың ісі деп ойлаймын. Бұл әңгіменің мұсылман­шылыққа ешқандай қатысы жоқ.
– «Абай жолындағы» жазылған оқиғалардың барлығы шынайы өмірден алынған ба? Өмір шынды­ғы қаншалықты суреттелген?
– Дүниеде абсолютті және көркем шын­дық бар. Мыңдаған сюжеттерден бір сюжет құралады. Барлық өмірлік шындықтар ек­ше­ле келіп, сол арқылы тартыс, көркемдік шешім шығады. «Абай жолында» бір сөз шындық жоқ. «Абай жолындағы» көркем шындықта бірде-бір өтірік тағы жоқ. Әуе­зов­тің шығармасы – Әуезовтің көркем идеясы. Әуезов: «Мен «Абай жолы» арқы­лы ақын Абайды және сол арқылы оның өлеңін дүниеге таратқым келді. Идеалды кейіпкер жасағым келді», – дейді. «Абай жо­лындағы» Абай – сөгіліп, өксіп, ақтары­лып отырған Абай. Ойында бір «әттеген-айы» жоқ. Соған сенесің. Сол шындық сені баурап алады. Міне, ол – Әуезовтің Абайы. «Мен қоғамдық талаптарға байланысты көркемдік талапқа бағындым, кейіпкер­лер­дің өмірін қоғамдық қайшылықпен бейнелеп бердім. Мұны кейбіреулер түсінбейді. Тарихты сөзбе-сөз қайталау емес, мен тарих арқылы көркем шығарма талаптарына сай өзгерттім», – дейді Әуезов тағы да. Қодар мен Қамқа оқиғасы өмірде болған. Әуезов оны өмірде болмаған секіл­ді жазады. Мен бұл екі ортадағы шындықты кем дегенде жеті-сегіз қайтара оқып шық­тым. Әуезовтің авторлық сөзінде Қо­дар мен Қамқа оқиғасы болған деген де, бол­маған деген де сөз жоқ. Ол тек Құнан­бай­дың, Байсалдың, Қаратай, Бөжейдің ойы арқылы беріледі. «Депті», «депті-міс», «де­ген екен» Әуезовтің сөзі емес. Жағымды-жағымсыз кейіпкердің атынан айтылған­дық­тан, солар жауап береді. Бөжей «бол­ма­­ды», Құнанбай «болды» дейді. Екеуінен барып кім сұрайды?! Әуезовтің ұлылығы – осында, авторлық текстке емес, оны көркемдік текст­ке, ойға кіргізіп отыр. «Абай жолының» 1940 жылғы бірінші нұсқасында «болды» деп жазылған. Оларды «жер қа­был­­дамайды» деп өртеп жібергені де рас. Әлі күнге дейін Қаражартастың түбінде Шәкә­рім­нің қора­сының алдында тас сол күйі жатыр. Қайта оны Әуезов жазбаған. Екінші, Мұсақұл соғысында Абайдың би болып жүруі мүмкін емес. Соғыс 1845 жылы 16-19 қыркүйекте өткен. Янушкеевич келіп кеткеннен кейін: «Құнанбай қатты қату­ла­нып, жылдам, асы­ғыс аттанып кетті. Біз қоштастық», – дейді. Сол кеткенде Мұса­құл соғысына бара жат­қан еді. Ол кезде Абай қырқынан шықпаған. Тіпті, Бө­жейдің асын­да Абай жорғамен ет тасытып, тойды бас­қарып жүруі мүмкін емес. Өйткені Бөжей 1850 жылы қайтыс болған. Абай ол кезде бес жаста. Қанша жерден Алпамыс секілді тез өсіргенімен де, ыңғайға кел­мейді. Ал Қодардың оқиғасы 1834-39 ж.ж. болған. Абай көрген жоқ. Әуезовтің блокнотында: «Қодар мен Қамқа оқиғасын Абай естіген болуы мүмкін», – деп жазулы тұр. Жалпы, көркем шындықтың заңы бойынша тарихи шығармаларға жеті түрлі шарт қойылады. Сол қоғамда болған оқиға болатын болса, оны тарихи шығар­мада пайдалануға болады. Егер Абайдың өзіне тиесілі өмірлік шындықты тізбелей берсек, Абай романы бола ма? Құр Абай туралы шындықтар тізбеленіп тұрады. Жазушының мықтылығы – соны қиыннан қиыстырып әкелгендігінде. Жаңағы оқиғаларды алып тастаса, Абайдың бірінші, екінші кітабы да шықпайды. Әуезовтің ұлылығы – осында!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста