Абайдың екі-үш өлеңін жаттап алып, мен абайтанушымын дейтіндер де бар
Жандос ӘУБӘКІР, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент:
Алаштың ардақты азаматы, білімпаз ғалымы Ахмет Байтұрсынов: «...Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ...», – дейді. Ал Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді...» деп пікір білдіріпті 1995 жылы. Күні кеше ғана сан ғасырлық азап пен сынақтан өтіп, бүгінде азат ел болып өмір сүріп жатқан қазақ қоғамына Абай әлі де жақын, әлі де жанашыр. Оның «қалың елі» үшін қайғырған дана сөздері болашағымыз үшін ауадай қажет екенін сеземіз. Төменде 70 жылдан астам тарихы бар Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Жандос Әубәкірмен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Жандос Мағазбекұлы, әуелі Абайдың дүниеге келген күні туралы айтсақ...
– Қазақ даласында ұлы ақынымыз Абайдың туған күнін тойлау әлі де бір ізге түспегендігі бізді де, Абай мұрасына аса ыждаһаттылықпен қарайтын азаматтарды да қатты алаңдатары сөзсіз. Ақын туған күніне қатысты екі ұдай пікірдің қалыптасып келе жатқандығы елдігімізге сын екендігі де ақиқат. Тамыз айы басталысымен Абайдың дүниеге шыр етіп келіп, кіндік қаны тамған уақытты кең-байтақ тәуелсіз мемлекетіміздің әр жерінде бір күнде емес, әрқилы тойлауымыздың мәнісі де осы бір тоқтамға келмегендігінен екендігі де ақиқат.
– Ел болып 1995 жылы 10 тамызда тойладық емес пе, сол күнге тоқтай салсақ болмай ма? Абайтанушылар қайсысына тоқтап отыр?
– Шындығында да, бүгінге дейін ұлы ақынның туған күні 10 тамызда тойланып келді. Бұл ретте мына жайларды да ескере кеткен жөн: 1909 жылғы жинақта да, Ә.Бөкейхановтың жазғандарында да ақынның нақты қай күні туғаны туралы еш жазылмаған. Ал абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың сөзін келтірсек: «Мұхтар Әуезов сол 1933 жылдан бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін Абайға арнаған мақалаларында (Тегінде Мұхтардың Абайдың өмір тарихына арналған еңбегінің төрт нұсқасы бар: 1933, 1940, 1943 және 1950 жылы жазғандары), ең соңғы монографиялық үлкен еңбегінде де Абайдың туған айын, күнін атап жазған емес». Шындығында да, М.Әуезов Абай ғұмырнамасын төрт рет жазғанда да ақынның туған күнін атамай-ақ: «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған тобықты руының ішінде 1945 жылы туған», – деп жазған. 10 тамыз деген деректі беруші – Әрхам Ысқақов. Абай өмірі туралы мол мағлұмат берген ғалым: «1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұлы дүниеге келді», – дейді. Жаңаша деп тұрған жоқ, ескіше 10 тамыз деп жазылған. Ал Қазақ календарі 1975, 1976 жылдары және 1985 жылдан 1990 жылға дейін 8 тамыз деп де мағлұмат беріп келді емес пе. Қайталап айтсақ, ақынның туған күні 23 тамыз болса, ендеше, біз неге алдағы уақытта қате күнмен тойлауымыз керек. Өткенге өкініш білдірмей-ақ енді бір ізге түсуіміз, яғни қате кеткен жерлеріміз болса, түзеуіміз қажет. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» емес пе?
– ХІХ ғасырда дүниеге келген ақын-жазушыларымыздың туған күндері қалай болмақ?
– Қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтары өмірлеріне қатысты күндерді бірден реттеп алғандығына, жаңа стильді бірден пайдаланғандығына дәлел ретінде ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовті алсақ... М.О.Әуезовтің 28 қыркүйек күні дүниеге келгендігі баршамызға аян. Барлық еңбектерде де осылай жазылған және бұл – ақиқат. Назарларыңызды ұлы жазушының жүз жылдығы кезінде жарық көрген ғұламаның туған күнінен бастап, әр өмір кезеңін қамтитын бір кітапқа аударғанды жөн санадым. Яғни 1997 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» атты кітаптың маңызы зор. Соның алғысөзден кейінгі 1897 жылғы маңызды өмір сәттері жазылған 9-бетіндегі бірінші дерекке, алғашқы сөйлемге көз жүгіртсек: «Мен 1897 жылы қыркүйектің 15-інде туыппын. Туған жерім – Семей уезіне қараған тобықты іші». Бұл сөздерді жазып отырған автор кім, ол – М.Әуезов. Өзінің туған күні туралы жазып отыр. Және де 28 қыркүйек деп отырған жоқ. Осы ретте құрастырушының жақша ішіндегі жазғанын да келтірейік: «Бұл ретте туған күнін жылнаманың ескі есебі бойынша көрсеткен болуы керек». Міне ғұлама ғалым бір ғана жерде өзінің туған күнін 15 қыркүйек деп ескі стиль бойынша жазыпты. Басқа бір жерден кездестіре де алмайсыз. Яғни біз дауласпасын, шатаспасын деп М.Әуезов өз туған күнін бірден жаңа стильге, 28 қыркүйекке ауыстырып қойған. Бұдан артық дәлелдің қажеті де жоқ сияқты. Қаныш Сәтбаевқа қатысты еңбектерді оқысақ та, ескіше 31 наурыз және жаңаша 12 сәуір деген күндерді байқай аламыз.
Бұл жерде де өзге халықтардың бұл бағыттағы жеткен жетістіктерін айтпай кетпеске болмайды. Мысалы, Пушкиннің, Толстойдың әр күнгі өмір тарихы жазылып қойылған, белгісіз күндері мен сағаттарына дейін жазылып жатыр. Әрине, оған естеліктер жазылуының әсері, зерттеулердің көптігі, хаттарының сақталуы себеп бола алады. Егер біз Абайдың туған күнінен бастап, өмірінің әр уақытын жылнама етіп жазып шықсақ, нұр үстіне нұр болады емес пе.
– Мұражайдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып өтсеңіз...
– Мұражайдың күнделікті іс-шарасы – Абай мұрасын насихаттау. Оны жас ұрпақтың санасына құю. Абайдың шығармалары мен ақын шәкірттеріне қатысты шараларымыз науқаншылық сипат алмайды. Десе де дәстүр бойынша, біз 23 тамыз күні таңертеңнен Абайдың өлеңдері аулаларда дыбысты қатайтқыш қондырғылар арқылы шырқалады. Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоямыз, ақындар өлеңін оқиды, содан кейін міндетті түрде әдеби-танымдық кеш өткіземіз. Биылғы кешіміз Абайдың 1902 жылы жазған өлеңдеріне 110 жыл толуына орай өтпек. Жидебайда құран бағышталып, іс-шаралар ол жақта да жалғаса береді. Биылғы жылы сонымен қатар Әсеттің 145 жылдығы. Мақаншыдағы мұражайдың бөлімшесінде танымдық кеш өткізу жоспарланып отыр. Абайдың қарашаңырағында күнде ашық есік күні болады десе де болады, өйткені мұражайға кіру тегін. Ал 23 күні біз түрлі тақырыптық, бағытты экскурсиялар жүргіземіз. Тағы басқа көрмелер жасап, жергілікті телеарналардағы хабарларға да қатысатын боламыз. Ал Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығы биыл да ерекше түрде аталып өтіледі. Бұл шаралар қыркүйек, қазан айларына жоспарланып отыр.
– Байқағанымыз, мұражайда күрделі жөндеулер жүріп жатқан сияқты, құрылыс жұмыстары қашан аяқталады?
– Абайдың 150 жылдық мерейтойы кезінде Абай мұражайы өзінің қанатын кеңге жайып, үлкен-үлкен ауқымды істер атқарылды. Бірақ содан бері қанша уақыт өтті. Күрделі жөндеу қажет ететін тұстар көп. Осы мұражайдың бас ғимаратында да, Жидебайдағы кешенде де, Бөрілідегі, Мақаншыдағы бөлімшелерде де, «Алаш арыстары» мұражайында да кезегін күткен жөндеу жұмыстары көп-ақ. 2010 жылы осы мұражайға басшы болып келгеннен бастап, осы түйткілдерді Мәдениет министрлігі алдына қойып, ол жақтан зор қолдауға ие болдық. Өткен жылдан бері үлкен шаруалар атқарылып жатыр. Ол, біріншіден, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі. Кезінде құрылысты тез бітіру мақсатында асығыстықтар, шала істелген жерлер болған. 2011 жылдан бастап «Қазқайта жаңғырту» мекемесі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол биыл да жалғасты. Бүкіл амфитеатр тастары алынып, астарында су кетеді деген жерлерге гидроизоляция жасалып, арнайы төсеніштер қойылып, шамдары жаңартылуда. Ол жұмыстар, Алла қаласа, тамыздың аяғында бітуі тиіс. Сонымен қатар Семейдегі Ахмет Риза медресесі де, мешіті де күрделі жөндеуден өтуде. Осы күнге дейін бұл жұмыстарға республикалық қазынадан шамамен 80 млн теңгедей қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табатын болады.
– Абайдың ақын шәкірттерін дәріптеу қандай деңгейде?
– Көкбай мұражайының былтыр 150 жылдық тойы кезінде құжаттарын жөндетіп, өз меншігімізге толық алдық, енді 2013 жылға министрліктен штаттық бірлік сұрап отырмыз. Мақаншыда Әсет мұражайы жақсы жұмыс істеп тұр. Болашақта Әріп мұражайы да ашылса деген асқақ ойымыз бар. Аягөздегі жерлестеріне, әріптанушыларға арнайы ғимарат болса деп айтып жатырмыз. Жақсы ғимарат табылып, ел болып көмектесетін болса, болашақта біз өзіміздің меншігімізге алып, мұражай қылып аша аламыз. Абайдың басты ерекшелігі оның баға жетпес құнды бай мұрасы, шығармалары болса, одан кейін оның ақын шәкірттер тәрбиелеуі. Заманында Абай сияқты артына мектеп қалдырған бізде ақын жоқ деуге де болады. Абай мектебінің шәкірттері Шәкәрім, Ақылбай мен Мағауия, Әсет пен Әріп, Көкбайлардың әрқайсысының қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше ғой. Бұған біз Абай мектебі дәрежесінің соншалықты кең, биік екендігін көре аламыз. Ендеше, біз Абайды таныту үшін Абайдың айналасын да танытуымыз керек. Абайдың жаққан жарығының ел-елге, жер-жерге жеткендігін қадағалауымыз керек.
– Бүгінде мұражайда қанша жәдігер бар?
– Қазір 19 891 жәдігер бар. Соның ішіндегі ең құндысы – Абайдың өз қолымен тапсырған дүниелері. 40-жылдары мұражай ұйымдастырылған кезде Әрхам мен Қайым ағаларымыз осы жәдігерлерді жинақтаумен шұғылданды. Сол тұста басқа да көптеген адам ерікті түрде Абайдың туыстарында, жора-жолдастарында, жалпы көптеген кісіде қалған дүниелерді жинақтаған. Біздің мұражайдың құндылығы – Абайдың өз заманындағы жәдігерлердің сақталуы. Мысалы, Жидебайға барсаңыз, Абай қолданған заттарды, отбасы мен ұрпақтарында қалған жәдігерлерді көре аласыздар. Ал Семейде Абайдың кезінде өз қолымен өлкетану мұражайына тапсырған заттары тұр. Таза қазақтың тұрмысына қажетті 17 бұйымның біз үшін алатын орны ерекше.
– Жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынуда қандай тың ізденістер бар?
– Біз қазір «Абай мұражайының кітапханасы» сериясымен кітаптар, мұражай бөлімдері туралы кітапшалар, «Абай мұражайының жәдігерлері» деген буклеттер шығара бастадық. Өйткені екінің бірінің осында келіп, көне архив деректерімен, естеліктермен танысуға мүмкіндігі бола бермейді. «Абай мұражайының хабаршысы» деген журналды жүйелі түрде шығарып отырмыз. Мұражайда сақталған заттардың әрқайсының тарихы жайлы сыр шертіп, мәліметтер ұсынып келеміз. Мұражайдың тыныс-тіршілігіне арналған кітапшаларымыз да бар. Күнделікті іс-шараларымызды таныстырып тұратын, мұражайдың тарихы мен бөлімдері, тарихи ескерткіштер туралы мол мәліметтер жинақталған арнайы сайтымыз да жұмыс істейді. «Асыл қазына» атты газетті де шығара бастадық.
– Шетелдердегі мұражайлармен байланысып тұрасыздар ма?
– Ресейдің өзіміз сияқты мұражайларымен байланысты жандандырып жатырмыз. 2010 жылы Ясная Полянаға барып, Толстой музейінде болдық. Олардың ерекшеліктерін байқап, үлгі алатын тұстары көп екенін байқап қайттық. 2011 жылы Мәскеуде өткен халықаралық «Интермузей» жиынына Қазақстаннан арнайы барып Абай мұражайы ғана қатысты. 2011 жылы Михайловскідегі Пушкин мұражайын көріп қайттық. Ол жақтағы ең бір қатты қызығатын дүние – Пушкинге деген халықтың құрметі. Сол Пушкин мұражайында 860 адам жұмыс істейді екен. Тек қана Пушкинтану орталығында 65 ғылыми қызметкер бар. Бұдан бөлек штаттан тыс, ел-елден, жер-жерден келіп, өздері мұражайға көмектесетін жастардың да қарасы көп. Бізде Жидебайды қасиетті жеріміз деп тебіренеміз де қоямыз. Келу, көру, тағзым ету бар да, қызмет ету жоқ. Біздегі мұражайда барлық бөлімдерді қосқанда 82 адам ғана жұмыс істейді. Жақында Мақаншыдағы бөлім меңгерушісі Әбен Разуев екеуміз Абай, Шәкәрім, Әсет ақындарға қатысты деректер жинау мақсатында Қытай мемлекетіне барып қайттық. Әсет өмірінің соңы Қытайда өтті. Сондағы қабіріне зиярат етіп, Құран бағыштадық. Құлжа ауданының бір топ өнерпазы Әсеттің әндерін шырқады. Қазақстаннан арнайы барып, Әсет ақынның мұраларына ден қойып сапарлағанымызға ол жақтағы ағайын да рухани жағынан көтеріліп қалды. Шетелмен байланыстар мүмкіндігінше жанданып келеді. Қазір қызметкерлерімізді Омбы, Мәскеу, Петербор архивтеріне жіберіп жатырмыз. Тұрағұлға, Оспанға қатысты, әсіресе Көкбайға қатысты тың деректер табылып жатыр. Мәселен, Көкбайдың би болғандығы жайындағы деректер енді шығып жатыр.
– Жәдігерлерді қалай жинақтайсыздар?
– Биыл арнайы жәдігерлер сатып алуға қаражат бөлінді. Біз Абай дәуіріне қатысты біраз дүниені сатып алдық. Мысалы, бір кісі Шақпақ жайлауынан тауып алдым деп, мылтықты сыйға берді. Тағы бір кісі Шәкәрім қаза тапқан Керегетас маңынан гильза тауып әкелді. Мүмкін ол Шәкәрімге атылған оқтың бірі болар, кім біледі... Міне, осындай заттар келіп жатады. Былтыр Ишағы, Ғазел апаларымыз сақтаған Абайдың 100 жылдығына арнайы қолмен тігілген кілемді беріп жіберді. Ол да – үлкен тарих. Абай заманындағы Абайға қатысты заттар болса, бізге әкеліңіздер деп халыққа талмай хабарлап айтып отырамыз. Әзірге тікелей мынаны данышпан ақын пайдаланыпты деген жәдігер келген жоқ.
– 1995 жылы Елбасымыздың бастамасымен ЮНЕСКО көлемінде Абай арқылы қазақты әлемге таныттық. Одан бері де бір бозбаланың ғұмырындай уақыт өтіпті. Абайға қатысты бұрын біз білмеген тың деректермен бөліссеңіз... Мәселен, данышпан ақынның дінге қатысты ұстанымдары өлеңдері мен қара сөздерінде тұнып тұр. Бірақ біз Абай атамыз намаз оқып, ораза ұстаған дегенді еркін айта алмай келдік...
– «Абай туралы естеліктер» деген кітап шығардық. Бұл кітаптың мәні не? Бұл кітапқа Абайды көрген адамдардың естеліктері көптеп енген. Біздің әдебиетші ғалымдардың, абайтанушылардың негізге алатыны не, ол – алдымен Абайдың шығармалары, мұралары, содан кейін барып осы естеліктер. Ол – Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың естеліктері, Тұрағұлдың естелігі, Көкбайдың, Төлеу ақынның естелігі. Осындай көптеген естелікті біз кітап етіп шығарып жатырмыз. Бір ғана Көкбайдың естеліктерінде Абайдың мінез-құлқы туралы айтып өтеді. Көрнекті ғалым Ғарифолла Есім Абайдың діни көзқарасын оның өлеңдері мен қарасөздері арқылы тамаша зерттеп, талдап берді. Абайдың орыс миссионерлерінің бетін терең біліммен қайтара білуі туралы естеліктер оның діншілдігін, турашылдығын көрсетеді. Бір ғана 38-қара сөздің өзі Абайдың қанша тереңге кеткенін көрсетіп тұр емес пе? Абайша айтсақ, «өлшеулі мен өлшеусіз тең бола ма?» Абай дәрежесіне жету үшін терең білім керек. Үлкен ізденіс керек. Мысалы, қазіргі күнде Абайдың екі-үш өлеңін жаттап алып, мен абайтанушымын дейтін кісілер көбейіп кетті. «Біз Абайды зерттеп болып қойдық» дейтін адамдар да кездеседі. Абайды толықтай тану мүмкін емес. Абайдың өлеңдерінің қыр-сырын тану, қара сөздерін зерделеу түгесілмес дүние десек, артық айтқандық емес. Бұл күнге дейінгі еңбектерді жоққа шығармаймын, бірақ әлі де ақынның ашылмаған қыры көп. Бір ғана 38-қара сөзді талдап шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
– Оны айтып отырғаным, Абайды «танып-біліп» қойғандар оны өз мүдделеріне бұрмалап, кришна, басқа да секта, ағымдарға бұрмалағысы келеді. Ал біз бас ақынымызды сол пәле-жалалардан арашалап алып жатырмыз ба? Мүмкін, мұның бәрі білімсіздіктен болар? Тіпті осы жерде қазіргі келеңсіз құбылыстарды Абай атамыз сол кезде-ақ суреттеп кеткендей көрінеді маған. Он алтыншы сөзінде: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным – осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дей-тұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды», – депті.
– Бір Аллаға сиынып, діни білім алып, намаз оқып, ораза ұстаса да, Абайдың құлшылық қылғаны туралы айтуға тыйым салынды. Біз неғұрлым кеңестік қоғамның талабына сай нәрселерді ғана айттық. Бір ғана Құнанбайды алайықшы... Ол сияқты тұлға қазақта аз ба? Меккеге барып тәкиа салдырған, Қарқаралыдан мешіт көтергізген, сондай тақуа жанның ұрпағы – Абай. Ал оның діннен алыс болуы мүмкін емес. Қазақтың ұстанғаны бір-ақ дін, сенетіні бір Алла ғана болды. Абайдың әрбір сөзі – Алланы сүю, жүрек көзі, білім. Ең негізгі, басты-басты нәрселер – осы. Алланы сүю арқылы адамзатты сүю.
– Жоғарыдағы қара сөз 1893 жылы жазылыпты. 120 жылға жуық уақыт өтіпті. Иә, қоғамда өзгеріс көп, қолымызда ұялы телефон, төрімізде теледидар, ғаламторды игере бастадық. Алайда Абай сол кезде айтқан «ауру» әлі бар сияқты...
– Абай заманынан озық туды. Озық туды да, өзі білім, ғылым жолын іздеді. Жас ұрпаққа тек білім ал, сауатыңды аш демейді. Үлкен ғылым жолын ұсынады. Ғалым бол дейді. Алдымен білім алып, сосын барып амал қыл дейді. Қазір көп қателікке жастарымыз білместікпен барып жатыр. Біз қазір өзге елдердің философтарына көп жүгінетінді шығардық. Әйтпесе қазіргі қоғамдағы кез келген түйткілді тарқату үшін Абайға үңілсек, тығырықтан шығар жолды еңбектерінен тауып алуға болады. Қазір жер-жерде абайтану орталықтары бар. Бірақ осылардың барлығының бір-бірімен байланысы әлі де аз. Яғни осы орталықтар бір жүйеге түсірілсе, Абай мұражайының төңірегіне топтастырылса... Ғылыми-зерттеу институттарын осында құрса... Содан кейін барып, Абайды әр бағытта зерттеп жатса, бұдан артық не керек? Мысалы, Ресейдегі Пушкинтану орталығы қандай жүйелі түрде ұйымдастырылған! Мәскеуде, Петерборда отырған жоқ, Михаиловскіде отырып-ақ талай шаруаны атқарып жатыр. Біз де қазір ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандырып, естеліктерді жинақтап, кітаптар шығарып жатырмыз. Болашақта, менің ойымша, бұл істі тереңдету керек. Дағдарыс өтер, кетер. Ал Абай мұрасы мәңгілік қой. Мұнда қолжазбалар бар ма – бар, тарихи жәдігерлер бар ма – бар, ел іші ме – ел іші. Біз осы жерден орталықты құрып, Абайды насихаттайтын болсақ, керемет болар еді.
– Абай ұрпақтарымен хабарласып тұрасыздар ма?
– Міндетті түрде. Ғазел апамыз қайтыс болды. Қазір Ишағы апамыз бар, Ақтаудағы Айдар бар, Зайсанда Күлзипа апамыз, Алматыда Касира апамыз бар. Ұлдан тараған жалғыз ұрпақ Айдар, оның ұлы Данияр бар. Данияр Ақылбаев Алматыда тұрады. Ақынның 165 жылдығында Абай ұрпақтарының басы бір қосылған. Олармен байланысып отырамыз.
– Әңгімеңізге көп рақмет, еңбектеріңіз жемісті болсын!