Ерлан Сыдықов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Білім мен ғылым жаңа заманда адамзаттың барлық салада дамып жетілуінің негізгі факторы болып отыр ғой. Білім жүйесінің қазіргі қоғамның дамуындағы орны мен ерекшелігіне тоқталып, ойыңызды ортаға салсаңыз...
– Сіз осы сауалыңыз арқылы, шындығында, ХХІ ғасырдың адамзат өркениетінің алдына аса өзекті мәселе қойғанын көтеріп отырсыз. Бүгінгі таңда білім мен ғылым жеке адамның, тұтас бір елдің, тіпті әлемнің жаңара дамуының негізгі тірегіне айналып отыр. Жаһандану дәуірінде әрбір ел, әрбір этнос жақсы мағынасында интеллектуалдық жарысқа түсті. Алды-артын ойламаған елдің шаң қауып, артта қалары сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде оқыған лекциясында «Алыстан ойламаған, жақыннан уайым табады...» деген даналық ой айтып, Отанымыздың өркендеуі жолындағы ғылым мен білімнің орнының өлшеусіз қажеттілік екеніне баса назар аударған еді. Осы тарапта «Ғылым туралы» Заңның және «2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының» жобалары болашаққа деген интеллектуалдық секірістің алғышарттары ретінде қабылданатыны анық. Бұл жобалар жалпыхалықтық талқыға ұсынылды, баспасөз беттерінде кеңінен әңгіме өзегіне айналды.Түйіп айтсақ, Елбасының ғылым мен білім беру жүйесінің алдына қойып отырған талабы аса биік, ал уақыт болса, қашан да шапшаң, тоқтаусыз жылжымақ. Осындай мақсаттардың үрдісінен шығуды ойлаған Білім және ғылым министрлігінің жаңа басшылығы да осы саладағы істі қарқынды дамыту мақсатында мәселені турасынан қойып, жаңа методологиялық ізденістерімен бірден ой бөлісті. Білім беру саласының барлық деңгейіндегі құрылымдармен талдаулар жүргізіліп, мақсаттар нақты айқындалып, қай бағытта жұмыс істеу қажеттігі де көрсетілді. Біріншіден, Елбасының Қазақстанның жаңарып, жандана дамуына сай жоғары мектептің де алдына қойып отырған басты талабы – әлемдік деңгейге инновациялық экономика қалыптастыратын қазақстандық маман даярлау міндеті. Оған апаратын кілт – тек қана сапалы білім. Әрі Отанымызды жеделдете индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамытуға үлес қоса алатын жаңа буынды қалыптастыру міндеті айқындалды. Осындай абыройы зор, ауыртпалығы мол міндетті орындау біздің үлесімізге тиесілі болып отыр. Бұл бағдарда атқарылатын жұмыстардың түпкі мақсаты – мамандар даярлауда халықаралық деңгейге ұмтылу. Ол үшін мына мәселелерді жетілдіру – бүгінгі күннің талабы. Мысалы, кредиттік технологиямен оқытуды түпкілікті шешу күн тәртібінде тұр. Білім порталы толық, жүйелі, сапалы қызмет етуі қажет. Барлық оқу-әдістемелік материалдарға студенттер еш қиындықсыз қол жеткізуіне мүмкіншілік жасалып, ол жоғары оқу орындарындағы ең үздік жүйеге айналуы шарт. ҰБТ жаңа форматы қалыптастырылып, талапкерлерді таңдауда әділеттілікке, сапаға қол жеткізілуі де – заман талабы. Болон декларациясына қосылу – осы саладағы соны да жарқын бағыт. Бұл жоғары оқу орындарына академиялық автономияға қол жеткізуіне жол ашады. Осы еркіндік өрісі жұмыс берушілердің де элективтік пәндер каталогын қалыптастыруға қатысуына мүмкіндік береді. Білім беру қызметі сапасын институционалдық және халықаралық аккредитация арқылы бағалау жүйесі – бұл жетістік жолы. Нақтылап айтсақ, университет үшін интеллектуалдық меншік өнімін нарыққа бейімдеуге ықпал етеді. Бұл – біздің университетте жүзеге асырылып жатқан ізгі қадамдардың бір парасы. Ұлттық білім беру моделінің жаңа үлгісі ретінде іргелі білім беру қызметінің басты тетіктері – әлеуметтік бейімделу, еңбек нарығын қамтамасыз ету, инновация өндірісін іске асыру да қосылады. Менің ойымша, Қазақстанда ғылым мен білім берудегі қойылған жаңа міндеттер елімізде постиндустриалды ойлау қабілеті жоғары интеллектуалды жаңа буынды әзірлеп, оларды тиімді пайдалану жолын нақты белгілеуге мүмкіндік туғызады. Бұл – барлығымыздың алдымызда тұрған міндет, әрі үлкен жауапкершілік.
– Білім мен ғылымның отанымыз үшін ерекше маңыздылығын терең айтып бердіңіз. Енді өзіңіз басқарып отырған Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде ғалымдар қандай жаңа технологиялық-инновациялық бағдарламалар аясында еңбек етуде?
– Нақтылап айтар болсақ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің жанында бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Олар: Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы, Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы, Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығы, Болжау және әлеуметтік мониторинг орталығы. Бұл орталықтар мен институттар Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы институттарымен бірлесе жұмыс істеуде, халықаралық грант негіздерінде ғылыми-зерттеулер жүргізуде. Мәселен, ветеринария саласында, ет және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі, радиологиялық қауіпсіздік бойынша т.б. салаларда фундаментальді зерттеулер жүргізілуде. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жасақталған инженерлік лаборатория университет ғылымының қанатын кеңейтіп, Ұлттық ядролық орталық және Радиациялық медицина орталықтарымен бірлесе үлкен ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндіктер тудырып отыр. Мен ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысын жинақтап, бір ауыз сөзбен айтып отырмын. Қазіргі таңда Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті тек қана жоғары оқу орны емес, еліміздің күншығысындағы ірі ғылыми орталық дәрежесіне жеткендігін мақтанышпен айта аламын.
– Қазақ даласының қай өңірін алмаңыз, көптеген даналардың шыққанын тарихтан білеміз. Басқасын айтпағанда, әлемдегі екінші ұстаз атанған әл-Фарабидің атын атаудың өзі кімді де болса, асқақ күйге шақырары сөзсіз. Семейді мәдени-рухани орталық деп жатамыз. Барлығын тізіп шығу мүмкін емес, әрі міндетті емес шығар, дегенмен хакім Абай, данышпан Шәкәрім, ғұлама Мұхтар шыққан өлке. Осы халқымыздың мақтанышына айналған дара тұлғаларды зерттейтін Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы сіз басқарып отырған университет жанында зерттеу жұмыстарын атқарып жатқанына он жылға жуық болды. Осы орталықтың жетістігіне, болашағына тоқталып өтсеңіз?
– Сіз дәл байқапсыз, Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы бүгінде елімізге танымал, отандық ғылымда өз орны бар басым бағытты ғылыми феномен ретінде қабылданады. Осы жерде сізге өзімнің «құпия» жаңалығым туралы айтқым келіп отыр. ХХІ ғасыр басында академиялық институттардың қаржылық жағдайы күрделі болып тұрған кезеңде, дарынды ғалымдар экономика, бизнес, мәдениет және ақпарат саласына кетіп жатты. Сол кезде елден шыққан, қолынан іс келетін, іргелі ғылыми жобаларға қатысқан, танымал бола бастаған ғалымдарды елге шақырдым. Пәтер беріп, ғылыммен айналысуға жағдай жасадым. Нәтиже көп күттірген жоқ. Дүниеге «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы келді. Елбасы өзінің жағымды бағасын берді. Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойына келген ғалымдар, атап айтсақ, академик Шериаздан Елеукенов бұл қазақ мәдениетіндегі ерекше құбылыс екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағы дүниеге келді. Бүгінде оның алты томы жарық көрді. Бұл жинақ Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген, әдебиеттану, философия, тарих, тіл білімі, өнертану тағы басқа ғылым саласының мамандарының бас қосуына мүмкіншілік туды. Бұл – жеке тұлғаға арналған отандық ғылымдағы тұңғыш сериялық ғылыми жинақ. Биыл жетінші томы жарық көрмек. Сондай-ақ орталықтың ғылыми концепциясының аясында «Шәкәрім әлемі» сериясы дүниеге келді. Бұл серия бойынша Ғарифолла Есімнің «Наука совести», Балтабай Әбдіғазидың «Шәкәрім әлемі», менің «Шәкәрім және Алашорда», Арап Еспенбетовтің «Шәкәрім және Сұлтанмахмұт», Тұрдықұл Шаңбайдың «Ұғым мәдениеті» еңбектері жарық көрді. Қазір орталық Шәкәрім шығармаларының текстологиясымен айналысуда. Бастапқы мәтінді қалпына келтіріп, академиялық толық жинағын шығару бағытында орталық қызметкерлері еңбек етуде. Мерзімдік «Шәкәрім» журналы жарық көріп келеді. Айтпақшы, таяуда ғана белгілі ақын Бақытжан Қанапьяновтың редакциясымен Шәкәрімнің орыс тіліндегі өлеңдері мен еңбектерін басып шығардық. Алдағы уақытта «Тамаша тұлғалар өмірі» сериясынан «Шәкәрім» жарық көрмекші.
– Осыдан екі жыл бұрын Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай Семейде алқалы жиын өтті. Сол кезде осы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанынан Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы ашылған еді. Осы орталықтан шыққан еңбектер туралы ақпарат көздері жиі мәлімет бере бастады. Университет жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарын ашу жеңіл нәрсе ме? Бірнеше орталықтардың болуы көптік қылмай ма?
– Мен сізге айтайын, бұл тіптен де аз. Бүкіл әлем осы бағытта дамып отыр. Білім мен ғылым бейнелеп айтсақ, егіз нәрсе. Таяуда ғылым мәселелері жөнінде өткен үлкен жиында сала басшысы Б.Жұмағұлов мырза жоғарғы мектеп пен ғылым арасындағы алшақтықты жою қажеттігін басып айтты. Сондықтан олар қатар, әрі бірге жүруі қажет. Студент, магистр, философия докторы университетте оқып, қызмет атқара жүріп ғылыммен айналысуға міндетті. Жоғарыда айтылғандай, алыстан ойламасақ, уайым табарымыз сөзсіз. Енді нақты сауалыңызға жауап берейін. Осыдан екі жыл бұрын, Алаштану ғылыми-зерттеу орталығын ашқанымыз рас. Алаш қозғалысын зерттеп жүрген барлық ғалымдар бірауыздан «Семейде Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының ашылғаны дұрыс, әрі орынды» деген жақсы ниет білдірген еді. Орталық ғылыми концепциясының он жылға жоспарланған бағдарламасы бар. Оған еліміздегі осы салада зерттеу жасап жүрген ғалымдар түгелге дерлік тартылған. Атқарылар ғылыми, мәдени жұмыстардың бірнешеуін атап өтейін. Жүз томдық «Алаш қаласының кітапханасы» сериясы қолға алынды. Онда Алаш алыптарының шығармалары мен еңбектері жарық көрмек. Бұл жұмыс қазір бел ортасына келді. Осы жерде айта кететін мәселе, Семей қаласы Алашорданың орталығы ғана болған жоқ, ресми түрде қаланың сол жағалауы 1917-1927 жылдары Алаш қаласы атанды. Биыл менің «Алаш қаласының тарихы» атты еңбегім жарық көрді. Ондағы мақсат Алаш қаласының тарихын айта отырып, сол кездегі тарихи-қоғамдық ахуалдың табиғатын ашу еді. Орталықтан «Күншығыс Алашорда», «Алаш қаласы», «Гонимые голодом», «Сибирь и Казахстан» атты құжаттар жинағы мен зерттеулер жарық көрді. Орталықтың екі жыл бұрын бастап кеткен іргелі еңбегі – «Алаш» энциклопедиясы. Бұл ұлан-ғайыр еңбекті талап ететін елдік мәні бар жұмыс екенін атап өткім келеді. Жақында «Алаштану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының бірінші томы жарық көрмек. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде 30 қарашада республикалық «Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан» деген конференция өткізбекпіз. Сол кезде осы еңбектердің тұсаукесері болмақ, нақтылап айтсақ, ғылыми талқылаудан өтпек. Әрине, біз тек Шәкәрім шығармашылығына немесе Алаш қозғалысына байланысты зерттеулермен шектелмейміз. Күзде хакім Абайдың 165 жылдық мерейтойын да абыроймен өткіздік. Алты жылғы еңбегіміздің нәтижесі «Семей» энциклопедиясы келер жылдың басында жарық көрмекші. Жалпы, біздің кредомыз – той ғылым мен мәдениеттікі болуы тиіс. Сіз «ғылыми-зерттеу орталығы көп емес пе?» дейсіз. Ал біз Абай институты деген үлкен ғылыми жоба (проект) әзірлеп жатырмыз. «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданса, мұндай күрделі ғылыми жобалардың жолы ашылары сөзсіз.
– Абайдың 165 жылдық мерейтойы нағыз ғылымның, мәдениеттің тойы болды деп естідік. Әлемнің көптеген елдерінен ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері келіп, Абайдың даналығын тамсанып айтқан екен. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп тек қана үлкен жүректі тұлға ғана айтса керек. Осы тойда Абай институтын құру идеясы ортаға салынды. Үлкен жаңалық екен! Ойыңызды өрбітсеңіз байқаймын, бұл жаңалыққа жақсы тыңдарман керек. Сөз өзіңізде...
– Бұл мәселені, аталған ғылыми-зерттеу орталықтары мамандарымен, университеттегі профессор-ұстаздармен, мәдениет қайраткерлерімен бірнеше рет талқыладық. Бұл – әрине үлкен жоба. Абайдың даналығы туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», – деп ашып айтты ғой. Абай әлемдік мәдениетпен сұхбатқа түскенде жалау етіп ұстайтын символ болуы қажет деп ойлаймыз. Біз ашқалы отырған Абай институты тек ғылыми-зерттеу институты емес. Бұл институттың алдына қойған мақсаты – Абай арқылы халқымыздың саяси өмірін, тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен салт-дәстүрін, ұлы тұлғалары мен рухани дүниетанымын әлем жұртшылығына таныту. Абайды тану қазақ халқын танумен бірдей. Өйткені қазақ халқын дәл Абайдай танып, Абайдай түсіндірген ешкім жоқ. Сондықтан да Абай – қазақ халқының рухани көшбасшысы, жол сілтер бағдары. Ұлы ақынның жасампаздыққа, парасаттылық пен ынтымаққа үндеуші идеялары – Қазақстанды мекендеуші барлық ұлттардың өкілдеріне бірдей құнды, ортақ қазына. Енді осы қазынаны әлем халқына жеткізуіміз, солармен ортақтасуымыз қажет. Міне, осы аталған бағыттардың барлығы Абай институтының ғылыми бағыттары болмақ. Германиядағы «Гете институтымен», Ресейдегі «Пушкин үйімен» тағы басқа көптеген халықаралық деңгейде жұмыс істеп жатқан орталықтармен терезесі тең тұрса дейміз. Бұл ізденісімізде бірнеше шетел ғалымдарын бірлесе, ынтымақтаса жұмыс жасауға иландырған сыңайымыз да бар. Бұл – жаңа жобаның деңгейі биік болатындығын белгілейтін факторлардың бірі.
– Рақмет. Алға қойған мақсатыңызға жетіп жүрсіз. Осы жолы да жолыңыз ашық болсын деп тілеймін.
Датым бар...
Қазіргі таңда Қазақстанды әлемге танытудың
ең бір тиімді жолы – Абай мұрасын, баға жетпес
мол қазынасын өзгелерге бүгінгі күн
тұрғысынан таныту. Сол арқылы шетелдердің
қазақ халқына, оның рухани құндылықтарына
деген оң көзқарасын қалыптастыруымыз қажет.