Жүрегімдегі әкеме деген кек қажытып жіберді
Жүргегімді жібітер не бар екен? Кектің артын қуудан жалықтым.. Әкемді қалай кешіреді екем?!
..Сонау 1989 жылы анамның құрсағында жатқанымда өзге әйелге үйленіп кеткен. Анамды қолындағы екі баласымен, ішіндегі туылмаған жеті айлық сәбиімен тастап кеткен. Анам мен әкем қосылғанда ЗАГС-ке тұрмапты. Мешітке барып қана некелерін қиыпты. Әкеме сенген-ау, шамасы.. Отбасын заңдастыруға итермепті әкемді. Анашымның үлкен қателігі де сол. Сол қалпымен төркініне келіпті. Алиментке бере де алмаған заңды әке екенін дәлелдейтін құжаты болмаған соң. Әкем де бізді мойындамапты. Анамның не жұмысы жоқ басында, не үйі жоқ, не сүйенер адамы жоқ. Сөйтіп дүниеге мен келіппін. Анам мені туа сала жұмыс тауып, жұмысқа қосылып кеткен. Мені бауырларыммен бірге көбіне нағашы жұртым қарады.
Ес білгелі анам ылғи жұмыста. Тапқанын сол үш баласына жаратып, жеке үй де алмады. Әкем жоғын түсінетінмін. Себебі үйде нағашы ағам бар отбасымен. Балаларына өліп жатады жұмыстан келгенде. Соған қарап қызығатынмын. Мен жұрт қатарлы балабақшаға да бармадым, себебі апарып-әкелетін адам жоқ. Бәрінде күйбең тіршілік. Сол қараусыздығымның кесірінен 87-ші жылғы әпкеммен бірге біірінші сыныпқа қосты. Бес жаста едім небәрі. Бірақ, еш қиындық болмады. Сабақты тез алып кеттім. Оқу озаты болдым жыл сайын. Нағашы деген жақсы ғой, бірақ өзім ретінде оларды ешқашан қабылдамадым. Қанша жерден еркелетсе де, бір тұсынан шеттете қарайтындарын сезетінмін.
Шыны керек, тым ерте есейдім. Өзімді баламын деп ешқашан есептеп көрмеппін. Қақпа жаққа көп қарайтынмын, жүрегімде әкем келер деген үлкен үміт бар еді. Бірде анам бар шындықты жайып салды. "Енді келмейді ол, күтпе. Оның өз отбасы, өз балалары бар. Бізді осынша уақыт іздемегеніне қарағанда, біз ол үшін енді жоқпыз. Түсінемін, қиын. Маған да қиын. Үшеуіңді сүйреп жалғыз өзім жыртылып келемін, тек сендерді аяқтандырсам екен деген арманым бар. Ешкімнен ештеңе күтпеймін. Сендерге әке керек, дегенмен, сендердің көздерің жәутеңдеп, жетімсіреп отырғанын көрсем жамау-жамау жаным мың жерден тағы тілінгендей болады. Маған үлкен өмірге дем беретін сендерсіңдер ендігі, тек жабырқамаңдаршы!" дегенінде өкіріп-өксіп бір жылап алғанбыз бәріміз. Сөйтіп мән-жайды білдік, түсіндік бәрін. Тастай жүрегім одан бетер қатайғандай болды. Әкемді ешқашан көрмесем де, жан-тәніммен жек көріп кеттім. Он жерден ұмытам деп талпынсам да, оның бізге жасап кеткен опасыздығы төсімді тырнап, көкірегімді керіп, кеуде тұсымды қысып тұратын. Ылғи соны ойлаумен болдым. Психологияма қатты әсер берген ғой, өмірге өкпесі мол, тым қатыгез, жанаярлық түйсігі сөнген, қызығы жоқ, құштарлығы аз, сезімнен жұрдай, кекшіл жасөспірім кейпін киіп 16-ға аяқ бастым.
ҰБТ-дан жоғары балл жинап, еліміздегі ең мықты деген университеттің біріне оқуға аттандым. Басымда тек "анам мен бауырларымның тартқан азабын еселеп қайтарам" деген шырмауық ойлар ғана. Жаңа өмір. Жаңа орта. Жаңаша көзқарас сол үлкен қалада басталды. Көп қиындық көрсем де, ешкімге білдірмеуге тырыстым. Бір ғана шәкіртақыны тамақ пен киімге жеткізетінмін. Оқу ақысы мен жатақхана, екібастан, бөджеттік бөлімнің арқасында. Кейде қатты қиналғанымда әкемді іздеп тапсам ба екен деп ойлайтын едім. Сұрастыра, іздестіре келе, ақыры қайда тұратынын біліп те алдым. Мен оқитын қалада, екіқабатты керемет үйде тұрады екен. Астында қымбат көлік. Басында үлкен қызмет. Отбасылы. Бір ұл, бір қызы бар екен. Үйіне қарай сан рет беттесем де, кері оралам. Себебі, ішімдегі рух аздық ететін. Соншалықты жағдайы бола тұра, білдей бір отбасына қараспағаны ма? Ол балаларынан біздің неміз кем? Осы сауалдар күні-түні аспанға қара бұлт үйіретін. Әбден аздым. Ішімдегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Одан бетер түңіліп кеттім. Одан бетер өштім. Сөйтіп жүріп оқуымды бітірдім.
Осы қалаға жұмысқа қалдым. Жігітке ғашық болып, ойымдағы келеңсіз дүниелер бір сәтке ұмытыла бастады. Тұрмыс құрдым. Бала сүйдім. Жақсы нәрселер көбейгендей болды өмірімде. Шынайы қуанып, шынайы күлетін болдым. Бауырларым да өз орындарын тапты бұл өмірден. Бәріміз бірігіп, жиналып, анамызға пәтер алып бердік қаладан. Көрген қиындықтарын ұмыттырып, бар жағдайын жасаудамыз. Аллаға шүкір. Өмір оңалды. Әкемді ылғи, жатсам да, тұрсам да қарғайтын едім "біздің қаншама жыл көрген қиындығымыз бен тартқан азабымызды олда сезінсе екен, Құдай істегенін екі еселеп өзіне көрсетсе екен, қиналып өлсе екен, отбасымен бірге ойран болсын" деп ең сорақы өлімді ғана тілейтінмін оған. Жолдасым әкемнің бар екенін білмейтін. Оған әкеміз өліп қалған деп едім о баста.
Былтыр әкемнің ағасы анамды тауыпты. Біздерді әулетімен бірге көрмекші екен. Анам қыздардың өзі шешеді, үлкен азамат болды, өздерімен кеңесіңдер деп номерімізді беріпті. Маған хабарласқанда үзілді-кесілді бас тарттым. Жұбайыма айтуыма тура келді бәрін осы жағдайдан соң. Ол "керісінше, қашқақтама, үйге шақыр, анаңның жалғыз өзі жүріп қандай адам қылып баққанын көрсет, білімді, ибалы, инабатты, өмірде өз орны бар әйел болғаныңды көрсет" деді. Мың ойландым, жүз толғандым. Өмірімізге еш араласпаған, септігін тигізбеген, мал құсатып итеріп кеткен жандар неге енді араласпақшы бізбен? Есейдік, ел болдық.. адам болдық. Жөргекте қымтаулы емеспіз. Бұтты жуып, астымызды тазалаудың қажеті бітті. Жылағанда жұбатудың керегі жоқ. Ойыншықты армандап, еркелейтін шақ емес. Әкелік қасиет пен өнегеге де душар емеспіз. Сабақ оқытып, қадағалау да керек емес. Оқуға түсіріп, диплом алып берудің қажеті жоқ. Ұзатып, той қылудан аттадық. Жалпы, не үшін керекпіз енді? Бізді неғылмақшы? Оларсыз осынша жыл ғұмыр кештік, дәл солай жалғаса бермек өмір ағыны. Осылай ойша өзімді-өзім басып жүрдім.
Әпкелеріме де хабарласыпты. "Әкелерің сендерді көргісі келеді" депті. Әкеміз ауруханада жатыр екен. Бауыры іріген, аз қалыпты депті дәрігерлер. Екі әпкем де намаз оқиды, бауырмал, сондықтан болар, жүректері жібіп барыпты. "Көрістік. Жағдайы нашар, ішкен-жегені астынан кетіп жатыр қан болып. Кешірім сұрады бізден. Кешірдік. Енді сен барсаңшы, мүмкін жанын қинап жатқан осы біздің өкпеміз шығар. Алдынан өтші барып. Кешірімін алшы. Жаны жай тапсын!" деп келді. Анам да, күйеуім де, бәрі барғанымды қалады. Бойымдағы бар күшті жиып бардым. Ешқашан көрмеген адамға барған да қиын екен. Жүрегім еш күрсінбеді көргенде. Жәй бір аянышты пенде. Бірдеңелерді сыбырлап айта бастады. Бейшараның дауысы да өшіпті. Өзімді-өзім ұстай алмадым. Жылдар бойы жүректе жиналған өкпені ақтара кеттім. Айтпағаным қалмады. "Өзіңе осы керек. Қарғысым жөнін тапқан екен. Бізден кешірім сұрап қайтесің, біз жай ғана екі бұтыңның ортасынан шыға салған сұйықтықпыз. Өмір бойына бір іздемедің, енді өлім аузында жатып, біздің кешірімді алып, ана дүниеге жеңілдеп кеткің келді ме? Арсыз. Оңбаған. Сен мен үшін иттен төменсің. Бұл көріп жатқаның әлі аз. Тағы қиналыңқыра. Өлмей, осылай азап кешіп, жұрттың жиіркенішін тудырып жата бер. Түк аяп та тұрған жоқпын. Жағдайыңа қарап, шапалақ соғуға келдім қуаныштан!" деп күліп шығып кеттім. Бір аптадан соң ол өмірден өтті. Сол күннен бері түсімнен шықпайды. Жастыққа таянсам болды, сол бейне көз алдымда тұрады. Ашумен айтқан сөздерім құлағымда әлі жаңғырып тұр.
Туыстары келіп тұрады, бірақ мұрнымның шүйірімен қарап, менсінбеген кейіп танытып отырамын. Әкемнің ана қатыннан тапқан балалары да туыс болып, араласқысы келіп, сөзге тартып еді, бір қайырдым оларды да. Осы өкпем басылар емес. Күннен күнге үдете түсуде тіпті. Мешітке барып, әкеме құран бағыштап тұрамын. Сонда да жүрегім тастай әлі. Ішімдегі ауырлықты жібергім келеді, бірақ қолымнан келер емес. Өз жұртыммен жақын араласқым-ақ келеді, бәрін ұмытып, бірақ артыма қараймын да, балалық шағып есіме түсіп, тыйылып қаламын. Әбден миым уланған кек арқалап жүріп. Жеңілдегім келеді. Ұмытқым келеді өткенімді. Есімнен танып қалсам ғой, шіркін.. Өткенімнен тұншығудан, әкемнің ісіне деген өшпенділіктен шаршадым. Психологтарға да жүгіндім, Алладан да тіледім, бітер емес. Бүгін небары 26-дамын. Жаным соншалықты қартайған, елуде сияқты. Ойымды мыжып тастағанмын. Отбасыммен біраз ойым бөлінеді. Бірақ.. кеш батысымен бәрі-бәрі көз алдыма тізіле кетеді. Ұйқыдан тынығып емес, көңілім алабұртып, тозып оянамын.
Аноним