Тағырдың тәлкегіне түскен жандардың бірі менмін. Бірақ мойыған жоқпын. Өйткені болашағым әлі алдымда. Әлі жиырма үштемін. Мүмкін, мына қыз не айтып, не жазып отыр деп түсінбей отырған шығарсыздар. Бәрін рет-ретімен айтайын.
Бір үйдің желкілдеп өскен жалғыз қызымын. Әке-шешем не ішем, не жеймін дегізбеді. Бәрін алдыма тосты. Содан болар, бұлаң болып өстім.
Көшеде келе жатсам кез-келген еркек артына бұрылып қарайтындай сымбат та, сұлулық та тал бойымнан табылатын. Ақылсыз да емес едім.
Мектеп қабырғасында жүргенде талай бозбала сөз айтты. Арасында өзіме ұнағандармен дос болған кезім де болды. Бірақ бәрі тұрақсыз еді. Өйткені қазіргі жас балаларда терең ой жоқ па, әлде махаббат бар дегенге сенбей ме, білмеймін. Көбінің көздегені – «сүйем-күйем деп ант-су ішіп алып, артынан төсек қатынасына түсуге тырысу. Көнбесең, «сен сондайсың, анаумен жүргенсің, мынау мен жүргенсің» деп сөз айтып, ренжісіп кететіндер бар.
Өзімді періште санамаймын. «Сүйем» деген сөзге алданып, байқамай төсек қатынасына түсіп қалған кезім болды. Бәлкім, бұл аңғалдығым шығар. Білмеймін.
Сөйтіп жүріп мектепті бітірдім. Арман қуып Астанаға келдім. Жолым болып, студент атандым. «Қымызды кім ішпейді, қызға кім көз салмайды» дегендей, мұнда да дос болған балалар жеткілікті. Жігіттердің бар ойы сенімен бір рет төсекке жатқанша екенін тағы түсіндім. «Сүйемін. Сенімен өмірімнің соңына дейін бірге боламын» деген сөздерге еркісіз еріп, тағы алданып түстім: үшінші курста жүргенде сондай бір жігіттен жүкті болып қалдым. Жүкті екенімді айтып едім, ол жігіт: «қой мүмкін емес. Менен көтермеген шығарсың. Мен резеңкемен жасадым. Бойыңа ешнәрсе жіберген жоқпын. Басқамен болған боларсың» деп, ат-тонын ала қашты. Ақыры жоламай кетті. Алданғанымды біліп, амалсыз ішіме біткен баланы алдырып тастауға тура келді.
Содан кейін оқу бітіргенше жігіт атаулыға жолаған жоқпын. Оқудан соң Астанада қалдым. Әке-шешем ақша жиып Астананың ортасынан ойып тұрып үй алып берді. Тағдырдан таяқ жеген соң ба, бос жүрісті, қыдыруды қойып, бар ынтамен жұмыс істеп жүріп жаттым.
Таксист Шалқар да мені пайдаланып кетті
Қыстың бір боранды күнінде аялдамада автобус тосып, тоңған соң, таксиге отыра салайын деп көлік тоқтаттым. Ақ «Нексия» тоқтады. Жүргізуші қу тілді жігіт екен. «Атым Шалқар таксоват етемін. Ара-тұра тамада болатын өнерім де бар», деп майда тілмен мені өзіне үйіріп алды. Көзі бақырайған жапалақ секілді, бірақ бойында қыз-қырқынды тартатын бір қасиет бар. Үйіме жеткенде жол ақысын ұсынып едім, алмады. Онымен қоймай ұялы телефонымның нөмірін сұрап алды.
Содан кейін-ақ екеуміздің арамыз жақындап кетті. Таңертен жұмысқа жеткізіп тастайды, кешке үйге алып келеді. «Көлікті несиеге алып едім, соны төлеп бітіре алмай жүрмін. Төлеп болған соң таксоват еткенді қойып, басқа жұмысқа ауысамын» деп қояды. Кейде сенбі-жексенбі күндері той шықса, тамада болып кететіні бар. Бірақ сонда да өмірі ақшасы жетпей жүргені.
Бірде «болашақ күйеуім осы шығар, ол қиналмасыншы деп, әке-шешемнен қажет болып тұр деп үш мың доллар болатындай ақша сұрап, несиеге алған көлігінің қалған ақшасын жауып бердім. Содан кейін-ақ Шалқардың «анаған ақша керек еді, мынаған ақша керек, бере тұршы. Түбі қайтарамын ғой» деген әңгімесі көбейіп кетті.
Кейде алған айлығымды тұтастай Шалқардың қолына ұстата салған кездерім болды. Бірақ оның ақшаға деген «тәбеті» күшейе берді.
Арада бір жылдан астам уақыт өтті. Әу баста «үйленейік. Бірге болайық. Сенің өткен өміріңді қазбаламаймын. Жаңадан өмір бастайық» деген Шалқарым соңғы кезде оны ұмытты. Пәтер жалдап жүруші еді. Енді менің үйіме көшіп алған.
Әке-шешемде «қызым жасың кетіп бара жатыр. Тұрмысқа шығу ойыңда бар ма? Жұмысбасты болып жүре берсең, кәрі қыздардың санын толтырасың» деп сұрай берген соң, Шалқарға «үйленейік. Заңды түрде бірге болайық» деп едім, «иә, иә» деп созып жүре берді.
Әр нәрсенің шегі бар. Бірде «заңды некеге тұрайық, не болмаса жеке кетейік» деп қатаң айтып едім, «Мен саған қалай үйленемін. Етегіңді мен көтерген жоқпын. Өзің ашық айтқансың, талай жігітпен төсекте болғаныңды. Тіпті бала алдырғаныңды. Осының бәрін біле тұра саған қалай үйленемін. Ертең көзге күйік болып, үнемі жанжалдасып жүреміз», деп бұлқан-талқан болғаны. «Бәрін түсінемін. Өткен өміріңді ақтармаймын. Жаңа өмір бастаймыз дегенің қайда?» десем, үндемейді.
Ия, кейін әңгіме айтпасын деп өз тағдырым жайында оған бәрін ашық айтқанмын. Өйткені түсіністікпен өмір сүрген дұрыс қой. Әйтпесе кейбір залым қыздар секілді пәктігімді тіктіріп алып, сенімен ғана болдым» деп зымияндықпен түк білдірмей жүре беруге болар еді. Бірақ мен басқа тәрбие көрген, ненің болса да ашық болғанын қалайтын адам едім. Сол адалдығымнан опық жедім.
Шалқар болса бір күні сау бол айтпастан киім-кешегін «Нексиясына» тиеді де тайып тұрды. Ойлап тұрсам, қаншама ақша бердім. Соның біреуіне рахмет айтпапты. Оған ақша беріп тұру менің бір міндетім секілді болыпты. Ол мені таза пайдаланып келіпті.
Қазір онымен бірге өткізген уақытымның зая кеткеніне қатты өкінемін. Осы оқиғадан кейін «қарындасым танысайық. Дос болайық» деген жігіттерден айналып өтемін. Өйткені Шалқар секілді алаяқтар көңілімді әбден қалдырды.
Түсінігі мол, жаны таза жігіттер азайып кеткен бе, түсінбеймін жүрмін.
Назерке