Жігітім мені қатты қалайтынын айтып мазалап жүр
Жасым қазір он тоғызда. Жігітіммен жүріп жүргеніме 8 ай болып қалды. Менен алты жас үлкен. Өзі тым жақсы. Ол менімен төсектес болғысы келетінін жиі айта береді. Қаңтар айында үйленуге ұсыныс жасап, жүзік таққан болатын. Құдай қаласа, 1-2 жылдан кейін отбасын құруды жоспарлап отырмыз. Алғашқы үш айда арамызда төсек қатынасы туралы әңгіме болған жоқ. Көктемнен бері осыны айтып келеді. «Соңғы кезде қатты қозып жүрмін. Төсектес болайықшы. Сұйықтық ішімде қалып қойса, белгілі бір ауруға шалдығуым мүмкін» дейді. Ол кезде мен оқуда болдым. Яғни екеуіміз екі жақта жүрдік.
Мен де нәпсіме еріп, онымен бірге болғым келді. Осы жазда жалдамалы пәтерге бардық. Бірақ, арамызда артық ешнәрсе болмады. Мен үйленгеннен кейін ғана төсектес болуға ұсыныс жасадым. Некесіз төсектес болуды күнәға баладым. Ол «Сен маған сенбей тұрсың. Сенімен бірге болып алып тастап кетеді деп ойлап тұрсың ба?! Мен әр ісіме жауап беремін. Оның үстіне екеуіміз үйленейін деп отырмыз» деп ашулана бастады. Оған толықтай сенемін. Бірақ, ішімдегі арам ой маза бермей қойды. Төсектес болған соң, мені сорлатып қоятындай көрінеді.
Оған қыздығымды берсем, бүкіл қазынамнан айырылып қалатын сияқты сезімдемін. Одан кейін оған тәуелді болып қалатын сияқтымын. Бір шетінен оны өзіме осылай ынтықтырып жүре бергім келеді. Бірақ, ол жеңілтек қыздарға барса не істемекпін?! Маған «Сен менің қаншалықты қиналып жүргенімді білмейсің. Сен тек өзіңді ойлайсың» дейді. Мен төсек қатынасын қаламаймын. Оның осы нәрсеге қатысты әңгімелерінен әбден шаршадым. Соған бола ұрысып қала береміз. Ал дәл қазір үйленуіме ата-анам қарсы болып отыр.
Мен оған төсек қатынасы үшін ғана керек сияқтымын. Осы жұрттың жігіттері қыздарына үйленгенге дейін тиіспей жүретін сияқты еді. Пәтерге бармай тұрып, мешітке барып некемізді қидыруға ұсыныс жасады. Мен қарсы болдым. Осы уақытқа дейін қалай шыдап келгенін сұрадым. «Өзімнің шын махаббатымды күттім» дейді ол. Маған сіздердің ақылдарыңыз керек. Араласуды жалғастырайын ба әлде қояйын ба?
Аноним