Жетісайда жас келіннің қолхат жазуы көпшіліктің таңданысын тудырды
Жетісайлық жас келіннің қолхат жазуы көпшіліктің таңданысын тудырды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде жас келіннің қолхат жазып отырған видеосы тарады. Онда орамал таққан қыз өз еркімен келін болып келгенін жазады. Сондай-ақ ешкім мәжбүрлемегенін, күйеу жігіттің үйіне өз еркімен келгенін, ешкімге шағымы жоқ екенін қағазға түсіреді. Видеодан қолхат жазуға үйдегі үлкендер жағы көмектескені анық көрініп тұр. Тіпті, жасы үлкен әйелдер жазатын әрбір сөзді рет ретімен айтып отыр.
Аталған оқиға Жетісай ауданында болған. Көпшілік оқырмандардың сөзінше, жас қызды сол үйдің баласы келін етіп алып қашып келген.
«Аталған бейнежазбадағы жайт бойынша Жетісай ауданының полицейлері бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Асықата кентінің 24 жастағы тұрғынына 20 жастағы қыздың өз еркімен тұрмысқа шыққаны анықталды. Жас қызбен сұхбаттасу барысында, ол ешкімге қояр арыз-шағымы жоқ екенін, ешқандай заң бұзушылық болмағанын жеткізді», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ал желідегі жазбаға пікір білдірушілердің басым бөлігі жас отбасына бақыт тілесе, енді бір бөлігі қолхат жазған қалыңдықтың ісіне таңданысын білдірді.
Олардың арасында «ХХІ ғасырда не деген алып қашу?», «Не үшін алып қашады?», «Өз еркімен келмеген, мына енесі мәжбүрлеп отыр, бұларды статьямен қамап тастау керек», «Ертең күйеуінен таяқ жесе, өкініп қалады-ау» деген пікірлер де бар.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz