Амансыздар ма, қымбатты оқырман! Мен бүгін сіздерге өзімді мазалап жүрген сырмен бөліскім келіп отыр. Мен қарапайым отбасында тәрбиеленген қызбын. Өзімнен үлкен ағам мен соңымнан ерген сіңілім бар. Ата-анамыз бізге шама-шарқынша тәрбие берді.
Ата-анам өздерінің тұығыш ұлдарын өте жақсы көреді. Әрине, әр баланы өзінше жақсы көреді ғой ата-ана. Дегенмен ағам үйде жалғыз ұл болғандықтан ба, анам оны бәрімізден артық көреді.
Ағамды анам қатты еркелетіп өсірген екен. Бірақ ағамның мінезі әкемдікі секілді өте сабырлы, самақты. Темекі, ішімдіктен де аулақ. Ол мектепті бітіргеннен кейін өзінің қалаған оқуына түсті. Кішкентай кезінен суретті жақсы салатын, кейін өзі қалаған құрылыс және сәулет академиясына оқуға түсіп, оны жақсы бітіріп шықты. Бүгінде өз мамандығымен жұмыс істейді.
Ағам 23 жасында отбасын құрды. Ағамның үйленетінін естігенде бәріміз қуандық. Әсіресе анам жалғызымның бала-шағасы көп болса екен деп тілеп отыратын. Ата-анам ағамның тойына дүркіретіп өткізді, құдаларымен де бір көргеннен жақсы сыйласты.
Жеңгем ағамнан 5 жастай кіші. Қаланың қызы, өзі студент. Біздің үйге келін болып түскеннен кейін оның оқуының ақшасын ағам өзі төледі, әкем де көмектесіп тұрады.
Мен ағамды қызғанғанымнан жеңгемді жамандайын деп жазып отырған жоқпын. Өйткені мен ағамның өз сүйген жарымен бақытты болғанын қалаймын. Жеңгем алғаш келін болып түскеннен бастап-ақ өзіммен қатарлас болса да, оны сіз деп сыйлап келемін. Сіңілім де оны жақсы көреді.
Жеңгем өзі өңді, мінезі де ашық-жарқын жан, ата-анамның іші-бауырына кіріп тұрады. Ағам мен жеңгемнің үйленгеніне 2 жылдан асқанда мен де өз теңімді тауып, тұрмысқа шықтым. Көп ұзамай тұңғышыма жүкті екенімді білдім. Қуанышымды анаммен бөліскенімде ол қатты қуанды. Бірақ дереу: «Қашан Айдынның кішкентайын иіскер екенбіз?» деп мұңайып қалды. Өйтені жеңгем бала көтеруге асықпады. Біз оны түсінуге тырыстық, өйткені ол өзі студент, оқуын бітіріп алсын дедік. Оқуын да бітірді, жұмысқа да орналасты, бірақ бала көтермеді.
Бірде анам келініне: «қызым-ау, сені жақсы дәрігерге қаратайық, немерелі болғымыз келеді» деген еді, ол «ой, мама, қайда асығамыз, әлі жаспыз, баламыз болады» деп күлді де қойды. Бірақ тағы біраз уақыт өткеннен кейін ағам мен жеңгем біраз жерге барып қаралып, ем алды. Сол кезде дәрігерлер ағамда кінәрат бар деген еді.
Біз сонда да үмітімізді үзбедік. Енді міне, жақында жеңгем өзінің жүкті екенін айтты. Төбеміз көке жетердей қуандық. Анам келінінің алдында құрақ ұшып, жас балаша жүгіріп жүрді.
Жақында ағамның туған күні болып, төркініме бардық. Жеңгемнің іші білініп қалыпты. Бәріміз ойнап күліп жақсы отырдық. Қонақтар кеш тарқап, ертеңінде таңертең үйдегілердің бәрі ұйықтап жатқан. Мен ерте тұрып сыртқа шықтым. Сонда жеңгемнің сыртта тұрып біреумен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын естіп қалдым. Ол біреуге «Жаным, балаң өсіп қалды, атын кім қоямыз, сенен аумайтын болатын шығар» деген сөзін анық естідім. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Ағамның алданып жүргенін ойласам, зығырданым қайнайды. Осы жағдайдан кейін жеңгемнің бетіне де қарағым келмейді. Бірақ естігендерімді де ешкімге айта алмаймын. Ағам жеңгемді қатты жақсы көреді. Егер оның опасыздығын білсе не болмақ?
Сол күні бірден жолдасымды оятып, асығыс үйден кетіп қалдық. Өйткені жеңгемнің бәрімізді жынды қылып, өтірік күлгеніне шыдай алмас едім. Енді не істесем болады. Жеңгем туралы ағама айтсам ба екен? Ақыл қосыңыздаршы.
Жазира, Алматы