Ене мен келін арасындағы бітпейтін дау, түсініспеушілік қашан тыйылар екен? Қайда барсаң да енесін жамандаған келін, келінінің кесірлігін айтып зар илеген ене... Әйтеуір бітіспейтін жаулық қайдан шықты? Мен де жеңгемнің анама көрсеткен қорлығын айтып, ертеңгі ана - бүгінгі жас қыздарға ондай кесірліктен сақ болса екен деп жазуды шештім.
Өйткені «сиырға туған күні бұзауға да туатынын» естен шығармаса екен деймін. Үйде екі қыз, екі ұлмыз. Анам кенже ұлым деп Еркін бауырымды ерекше жақсы көретін. Бір баладан бір баланы артық көру маған қызық көрінетін, сонда да анамның оған деген ерек ықыласына қызғаныш танытпайтынмын. «Көресіңдер әлі Еркештайым мені аузымнан ақ майымды ағызып асырайды, жердегі жұмаққа жеткізетін осы балам» деп мақтап отыратын. Керісінше жұмаққа емес тозаққа айналдырып жіберді өмірін.
Жастайынан ерке өскен Еркін бірақ есті тентек еді. Келіншек алған соң бірден басылып кеткеніне бәріміз таң қалысып жүрдік. Жеңгеміз мықты шықты. Келе салып үйдегі бар билікті қолына алды. Үлкен отыр, кіші отыр демейді аузына келгенін айтып салып қарап отырады. Тіпті біздің үйден шықпайтын көрші-қолаң келуін де сиреткен, өйткені бір жолы үйімізге бас сұқпақ болған Әуес әжемізді «неменеге сумаңдап келе бересіз, ұйқымды бұзып» деп сөгіпті. Мұндайды көрмеген әжей жағасын ұстап «көргенсіз» деп бұрылып кетіпті. Соңынан жүгіріп жетіп «неге өйтіп айтасыз» деп біздікі аузына келгенін құсқан ғой, расында көргенсіз екенін дәлелдеп. Содан өмірі жабылмайтын есігімізге құлып салынды. Жиын тойда болмаса көрші-қолаң тіптен аттап баспайтын болды.
Бәріміз де жөн-жөнімізді тауып тұрмыс құрып кеттік. Үлкен ағам еншісін алып ауылдың аяқ жағына бөлек отау құрған. Сіңлім де жақын маңдағы ауылда тұрады. Төркінді сағынғанда артынып-тартынып жетеміз ғой, қолымда болған соң үйіп төгіп апарамын. Әйтеуір шәйін беріп күткенсиді, ал сіңлім барса жыландай жиырылып тіпті шәй да бермейді екен. Қолында жоқ қой, ауылда тұрады, өстіп алалап күтетін әдеті барын білдік. Кім ақша береді, кім көп апарады соны ғана күтіп, қалған қонаққа шәй беруге де ерінеді.
Анам не болса да ішінде, ештеңе айтпайды. Бір жолы базарда көрші жеңгемізді көріп қалдым. «Ауылға неге бармай кеттің, анаң бәлністе жатыр ғой, шәйға күйіп қалыпты, жеңгең Қанымша ыстық шәйді лақтырып күйдіріп қойыпты» деді. Мынаны естіп естен тана жаздадым. Дереу аудандық ауруханаға жеттім. Анамның күйген қол аяғын таңып тастапты. Мынаны көріп ағыл-тегіл жыладым. «Шағымданамын» деп ем анам қарсы болды. «Ел жұртқа масқара боласыңдар, қоя қой» деп.
Маған хабар бермеген бауырыма өкпеледім. Үлкен ағам алқынып жеткен екен оған да бар өкпе-назымды төктім. Ауылға барып жеңгемнің шаңын қақтым. Дес беретін ол ма аузына келген былапыт сөздерін үйіп төкті. Есіктен шығып бара жатып «осы істегендерің алдыңа келсін» дедім. Ағам соның ығына жығылып, үндей алмайды.
Шайпау мінезді жеңгемнің атағына ауыл қанық. Өсек айтпаса, біреу мен біреуді шағыстырмаса басы ауыратын одан көп адам аулақ жүргенді дұрыс көреді. Үйге келген інімнің балаларынан барлық жаңалыққа қанығып отырамын. Бала ғой үйдегі бар болған жәйді айтып береді. Өз аналарынан көрі әжелерін жақын тұтатын олар көбіне әжесін жақтайды.
Бір жолы бауырымның үлкен қызы жеңгемнің анама дұрыстап тамақ бермейтінін айтып қалды. Сорпа істесе сылдыр су құйып беріп, тіпті шәйға да шақырмайды екен. Анамды адам құрлы санамайтыны жаныма қатты бататын.
Бір жолы ауылға барғанда анама сыбағалы сүйегін де салмай құр қамыр салып бергенін көріп ішім қан жылады. Жылап қайттым ауылдан. Сүйектен өтетін небір сөздері бір төбе. Анамды сонша қорлағаны үшін кейде түнімен ұйықтамай шығатын ем. «Үйіме кел, өзім бағам» десем бір екі күн ғана болып, «қой отаныма қайтайын, ел жұртқа күлкі болар жайым жоқ» деп кетіп қалады.
Босағасынан ырыс кетпеген үйіміз жеңгем келгелі жұтап қалды. Аяғы құт болмады бізге. Жұт болды. Екі-үш бие іш тастап, бірінен кейін бірі мал қырылды. Соның бәрі елдің наласы, қарғысы шығар деп ойлаймын.
Балалары есейіп, бірінен кейін бірі үйленді. Келіндері өзінен өткен болып жолықты. Үлкен келінімен қалай жұлысқанын бүкіл ауыл әліге дейін жыр ғып айтады. Келіндерін күң ретінде ұстағысы келеді. Оған бүгінгі жастар көне ме? Әбден ығыры шыққан болуы керек, үлкен келіні екеуі шаштасып жұлысыпты ғой. Оны қуып шықты үйінен, баласы да артынан кетті.
Екінші келінімен де ұрсысып артынан келген киімдерін жанармай құйып өртепті. Мұндай сұмдықты кім көрген? Ол да кетті шыдай алмай.
Кіші баласының келіні зор шықты. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» дегеннің кері келді. Бүгінде қайраты қайтқан жеңгемнің. Келіндерінің бірі де қатыспайды. Қолындағысы да әзер сыйып отыр. Онда да елден ұялған соң.
Елден алғыс емес, қарғыс ала берген де дұрыс дейсіздер ме? Анамның наласы жібермеген шығар, жеңгем жол апатына түсіп, бүгінде мүгедектер арбасына таңылған. Бір жолы барғанымызда келіні сорпа деген аты сылдыраған суды алдына тарс еткізіп қойып кетті. Істеген істері арқама аяздай батса да дәл осы жолы жеңгемді қатты аяп кетті.
Сайраш, Кентау