Жеңгемде кеткен баламды ойлап азапқа батамын...
«Алаш айнасы» порталында жарияланып тұратын бала асырап алу жөніндегі хаттарды оқыған сайын жүрегім қан жылайды. Өйткені мен өз қатемнен опық жеп жүргендіктен, тағдыры маған ұсқас жандар жайлы ойласам, өзімді қоярға жер таппай кетемін.
Бәрін де басынан бастайын...
Мен өз ауылдасым Ботабекпен дос болып, біраз уақыттан кейін оған тұрмысқа шықтым. Ботабек біреудің асыранды баласы болатын. Ауылдағы соғыс ардагері, кеңшарда зоотехник болып қызмет істейтін Сәмет оны баласы жоқ болғандықтан, асырап алған көрінеді. Ал Ботабек Сәметтің туған қарындасының некеден тыс туған баласы.
Ботабектің мінезі бірқалыпты, жуас, отбасына аса жайлы болды. Қашанда Сәметтің үйінің шаруасынан қолы босамай, отымен кіріп, күлімен шығатын. Жастық шағы солай, мал қорамен екі ортада өтті десем, артық айтқаным емес. Бірақ Ботабектің өзі жуас болғанымен, оның шешесі бізге күн көрсетпеді. Біресе маған «мені мама деп айтпайсың» деп кінәлайды, біресе басқа бір кемшілік табады.
Жалпы, Сәмет ағай бірнеше рет үйленген адам екен. Алдыңғы әйелдерін бала көтермеді деп тастапты. Кінәрат өзінен екенін кейін білген ғой. Ал Ботабектің өгей шешесі Айтжамал – бірінші күйеуінен жесір қалған, соқталдай 5 ұлы, 2 қызы бар адам. Қысы-жазы біздің үйде ол кісінің балалары мен келіндері, күйеу балалары қонақ болып жүретін-ді. Айтжамал олардың сөмкелерін толтырып, бар жақсысын беріп жіберіп жататын. Кейде Сәмет ағаймен ренжісіп қалса, Айтжамал қарынға салған майын, қайнатқан тосаптарын көрші үйге апарып тығып тастап, кейін қаладағы балаларына сол үйден жөнелтіп жүрді.
Мен дүниеге бір қыз, бір ұл әкеліп, Ботабек екеуміз тату-тәтті ғұмыр кештік. Алайда Айтжамал менімен ерегесіп, әлде туған балаларының жанында болмағанына назалана ма, білмеймін, әйтеуір отырсам опақ, тұрсам сопақ қылатын да қоятын. Мұның бәрі бірте-бірте біздің арамызға жік түсіре бастады. Сөйтіп, Ботабек екеуміз ренжісіп қалатынды шығардық.
Екі баланы бағып-қағу керек, үйдің шаруасы бар, менің жүйкем ақырындап сыр бере бастады. Өйткені өгей енеге не істесең де жақпайсың. Шын көңілімен балаңды уата салуды білмейді. Оның үстіне, балаларым бірдеңені шашса, солармен алысатын да отыратын. Туған әжелері болса, бәлкім, балалардың балалығына кешіріммен, түсіністікпен қарар ма еді, ал менің енем олай етпеді. Сәбилердің әрбір әрекетіне тіксіне қарап, зекіп тастайтын.
Күндердің күнінде енемнің әрекеттерінен қажып, екеуміз бет жыртыстық. Ол маған күйеуімді айдап салып, күйеуім маған қол жұмсады. Туған енем болса бірсәрі, отбасымның шырқын бұзған бұл әйелді мен кешіре алмай, ақыры кетіп тындым.
Күйеуім бастапқыда менімен араласып, балаларын көруге келіп жүретін. Кейін оны енем азғырып, маған жолатпай қойды. Сөйтіп, арамыз суи берді.
Бір күні енемнің Ботабекке көрші ауылдан ажырасқан, бұрынғы күйеуінен бала көтермеген бір келіншекті алып бергенін естідім. Сол күні Ботабектен қатты көңілім қалды. Кейін ол талай рет «қосылайық» деп келгенде, қатып қалған көңілім жібімеді.
Ботабек үйленген Сәулеш атты келіншек шаруаға аса пысық екен. Бірақ арақ пен темекегі үйірлігі былай тұрсын, тым жеңілтек болып шықты. Мас болып, әркімнің құшағында кеткенін ауыл адамдары жыр қылып айтатын болды.Бірақ Ботабек онымен тұрып жатты, өйткені шулайтын баласы жоқ пысық келін оның өгей анасына тым қолайлы еді.
Ботабекпен қарым-қатынас әбден үзілген кезде мені кластасым Батырхан торуылдай бастады. Ол үйленбеген жігіт еді. Әрі көрікті. Мен де оны ұнаттым. Сөйтіп, екеуміздің арамызда әлдебір отты сезім белең алды. Ауылда ашық жүре алмайсың, ол үйленбеген жігіт болғандықтан, екеуміз қатынасымызды ешкімге білдіртпеуге тырыстық.
Болашағы жоқ алаулаған сезім бізді тығырыққа тіреп тынды. Мен одан жүкті болып қалдым. Өзімнің анам он бес бала туған, ауылдағы ең көпбалалы ананың бірі. Оның үстіне, үлкен ағамның ұлын он алтыншы етіп асырап алған. Бұл күні әкем өлген. Анам тым қартайып қалған, маған көмектесер шамасы бар ма? Оның үстіне, өзінің меншік баспанам жоқ, анамның үйінде бауырларым бар, келімді-кетімді туыс бар дегендей... Екі баласы бар әйелдің жүкті болғаны қиын екен. Оның үстіне, бойдақ жігіттен. Батырбек маған ешбір уәде беріп, сүйдім-күйдім деген емес. Сондықтан маған үйленбейтіні бесенеден белгілі. Енді қайтемін?
Сасқалақтап, қалада тұратын жеңгеме сырымды айттым. Жеңгем бедеу әйел еді, менің түсік жасатуыма қарсылық білдіріп, «баланы мен асырап алайын» деді.
Айым-күнім жеткенде мен аға-жеңгемнің үйінде жатқанмын. Соңғы айларда ешкімге ішімді көрсетпей, үйде бой тасалап уақыт өткіздім.
Бір күні толғақ басталды. Жеңгем біреулерге қоңырау соқты. Бір келіншек келіп, мені үйде босандырып алды. Шекесі торсықтай ұл келді дүниеге. Мен есімді әбден жиып, өз-өзіме келгенімде, жеңгем «Жедел жәрдемдегі» біреулерге қоңырау шалып, фельдшер жетіп келді.
Бұл кезде мені төргі бөлмеге жатқызып, жеңгем дәрігермен өзі сөйлесті. Ертерек келісіп алған адамы болар деп ойлаймын, әйтеуір фельдшер толтырған құжаттарға сәйкес, сол күні босанған мен емес, жеңгем болып шыға келді. Іле жеңгем «перзентханаға барудан бас тартамын, баланың өмірі үшін өзім жауап беремін» деген қолхатты да толтырып үлгерді.
Осылайша, бір аптадан соң мен түк болмағандай үйге қайтып, жаттанды қу тірлікке оралдым. Ал жеңгеме таныстары «бауы берік болсын!» айтып, кіріп-шығып жатты.
Жеңгем жұрттың бәріне «өзіа таптым, жүкті кезімде ішім аса үлкен болмады» деп, өтірік айтты. Бірақ елдің көзі қырағы емес пе, баланы менің некесіз тапқанымды бәрі біліп қойды. Бірақ менің жаныма бататыны ол емес...
Жеңгем маскүнем болмағанымен, жиын-тойларда ішімдікті жақсы ішетін. Кейін «Гуля ана жерде қыдырып жүр екен», «Мына кафеде мас болып отыр екен» деген сөздер шыға бастады. Бұрын да солай болған шығар, бірақ ол кезде Гуляға мән беріп көріппін бе. Ал енді менің баламды асырап алғаннан кейінгі әрекеттері көзіме ерекше бадырайып көрініп тұратын болды.
Бір күні қалаға келдім. Ол кезде менің балам апыл-тапыл аяғын басып жүрген кез. Гуля үйде жоқ екен. «Біз кафеде отырмыз. Осында кел!» - деген соң салып жетіп бардым. Барсам, құдай сақтасын, құрбылары да, өзі де қызып алған. Кафе дегендері – киіз үй. Өздері дөңгелек үстелде отыр. Қарасам, менің балам босаға жақта жуынды шелекпен ойнап отыр. Үсті-басы кір-кір! Оны көріп жүрегім қан жылады. «Білетін жұрт бәрібір білді шындықты. Осыған бергенше өзім өсіруім керек еді» деп ойлағаныммен, енді бәрі кеш еді. Баламды тартып алудың да реті жоқ, себебі құжат бойынша жеңгемнің баласы ғой.
Әпкелерімнің айтуынша, Гуля бала асырап алғалы тіпті дандайсып кеткен көрінеді. Ағамның сөздерін құлағына ілмей, уақытының көбін қыдырыспен өткізетінін білдім.
Оның бұл әрекетіне ыза болған әпкелерім «көрсетеміз ол қатынға!» деп тістенді. Қайта-қайта телефон соғып, оған сан мәрте ескерту жасағандарын қайтейін, түптің түбінде Гулямыз өзге облыста тұратын төркін жұртына көшті де кетті.
Ал менің түсіме күн сайын жуынды шелекпен ойнап отырған балам кіреді.
Менің өмірім осылайша уайыммен өтіп жатқанда, Ботабек те жетісіп кеткен жоқ. Сәулешті көршісімен жатқан жерінен ұстап алып, ұрып-ұрып қуып жіберіпті. Кейін маған тағы келді. «Қосылайық», - дейді. Қосылмаймын, әрине. Өйткені өгей шешесінің сөзіне бола бүкіл өмірімді ойран қылған адамды мен қалай кешіре аламын? Ол дұрыс болса, менің сорлы балам қазіргідей жуынды жағалап жүрер ме еді?
Зайра Арынғазина