Үш жеңгем болсада, әлі жалғыз жүрмін. Жеңгелерімнің арасында «Тұрмысқа шық, жасың өтіп бара жатыр» деген сөзді ара-тұра айтқандары болмаса, ешқайсысының «қайын сіңілім кәрі қыз болып бара жатыр», «осы қызға лайықты жігіт іздейін» деген уайымы мен ниетін байқамадым, кенже жеңгем өзіммен бақталас, аңдығаны менің косметикам мен киімім.
Кей кездері жеңгелерім менің жалғыз жүргеніме қуанатындай көрінеді. Үшеуі де «асықпа, қыдыр, жүр» -дейді. Семейлік Дария есімді құрбымның жеңгесіне қарасам, қызығамын. «Еркем, сұлуым» деп бәйек болады, тіпті Дарияны бір рет атымен атап қойғанда, жеңгесіне өкпелеп сөйлемей қойды. Жақында сол құрбымның ұзату тойына бардым. Күйеу жігіті екеуін жеңгесі таныстырыпты. Келгеніне екі-ақ жыл болса да,күйеуінің туысқан інісімен өз сіңілісін табыстырып, қайын сіңілісін алыс ағайын туыстарына ұзатып жатыр. Қай жерге барсада «менің сұлу қайным бар, ақылды да, пысық қайын сіңілім бар» деп жарнама жасап жүреді. Құрбымда жеңгесіне сыйлықтар алып, «жеңше» деп бәйек. Өзім үйде қыздан жалғыз болған соң, жеңгелеріммен сырласып, құрбы болғым келеді. Дегенмен, жеңгелерімнің маған қатысты сыртымнан айтқан күңкіл, өсегінен басқа ештеңені де естімеймін. Жалғыз жүргенім менің жаныма батқанымен, жеңгелерімді еш алаңдатпайтын сияқты,- дейді жасы 26-дан асқан Алматылық Майнұр. Жеңгелер қайда кешегі... Кешегі Ақтоқтыны үйге әкетуге асығып, қайын сіңілісін күзететін Балқадишаның жеңгелерін қазіргі заманда өткен шақта айтатын болдық. Бүгінгі жеңгелер қайын сіңілі мен қайнысына ат қойып, жалғыз жүрген қайын жұрттағы жастардың бір басының екеу болуына өзінің үлесін қосып жатыр ма?! Әлде оларда аш бәледен, қаш бәле деп тыныш жүргенді құп көре ма? Әсем, 24 жаста: Менің екі жеңгем бар. Қос жеңгемде мені «Әсемок» деп айтады. Ерекше ат қойған емес. Ал жігіт таңдау жағына келсек, жеңгелерім осы уақытқа дейін бірде –бір жігітпен таныстырып көрмепті. Бастарына жауапкершілік алудан қорқатын болар. Асыл, 21 жаста: Бір ғана жеңгем бар. Оның өзі менен 2 жас қана кіші. Жеңгеммен аса қатты сырласа бермеймін. Оның үстіне жеңгем орысша тәрбие алған солтүстіктікі. Көбінше алыстан араласуға тырысамыз. Болат, 28 жаста: Жеңгеммен қалжыңымыз жарасады. Менің екі жеңгем бар. Біреуі өзіммен жасты, екіншісі менен 4 жас үлкен. Жеңгелерім қалжыңдап «Қашан абысын әкелесің» деп тиісіп тұрады. Бірақ, ешқандайда қызбен таныстырып көрмепті. Қазір ондай пысық жеңгелер аз сияқты. Бір жағынан таныстырған қызды жақтыра ма, жақтырмай ма деп ойлайтын болар. Әйтпесе, жеңгелерім жаман қыз таңдайды деп ойламаймын. Гүлнұр, 32 жаста: Мен үлкен әулеттің келінімін, туған екі қайным, үш қайын сіңілім бар. Және туысқан қайныларым мен қайын сіңілілерім де көп. Шынын айтсам, ешқайсысына ат қойып көрмеппін. Қазір заман басқаша. Ертең күні таныстырып, табыстырып қойып, сосын олар отбасы болып кете алмаса, ата –енем мен күйеуім менен көріп жүрмей ме?! Оданша тыныш жүрген артық деп ойлаймын. Сәуле, 36 жаста: Жасы 27-ге келген бойдақ қайнымды бір-екі рет ұжымдағы қыздармен таныстырғанмын. Бірақ, күйеуім шатағың болмасын деп ұрсып кеткен соң, қазір ондай іске араласпаймын. Оның үстіне ол қылығымды енем біліп қойып, жақтырмай қалды. Қазіргі жастарға ештеңе ұнамайды ғой. Негізінен әркімнің өз теңін өзі тапқаны дұрыс сияқты. Қайын сіңілілеріме күйеу іздемек түгілі, олардың болашақ күйеулерін аяймын (күліп). Статистика мәліметтерін қарасақ Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттердің саны 4 миллион 616 мың екен. Олардың 2 миллион 337 мыңы – ер балалар болса, 2 миллион 279 мыңы – қыздар. Соңғы деректер бойынша Қазақстанда 18 бен 35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған 700 мың қыз бен 300 мың сүрбойдақ бар екен. Түйін: Демограф Мақаш Тәтімов мырзаның бір кездері бойдақ салығын жандандыру арқылы жалғызбастыларды азайтамыз деген пікір айтқаны есте. «Ай сайын 5 мың теңгеден салық салса, азаматтар өздері ойлана бастайды. 25-тен асқан қыздар мен 30-дан асқан жігіттер өздерінің өмірлік серіктерін таппағаны үшін мемлекетке салық төлеуі керек», – деген еді демограф. Осы салықты сүр бойдақтар мен кәрі қыздармен қоса, олардың жеңгесіне салар болса, бәлкім жеңгелерімізде өздерінің дәстүрлі міндеттерін жандандырып, бойдақтардың саны да біраз азаяр ма еді?!