Сәлеметсіздер ме? Осыған дейін туған әпкемнің басындағы жағдайын сіздерге жазған едім. Жарық көрді сайтта, ақыл қосқандар да көп болды. Алғысымды білдіремін. Енді өз басымдағы жағдаймен бөліскенді жөн көріп отырмын. Қазір ажырасу көбейіп кетті ғой. Мен де жолдасыммен бірнеше рет ажырасып қайта қосылдым. Бірақ күн өткен сайын оның іс-әрекеттері шектен шығып барады. Қайта қосылғаныма өкініп те жүрмін.
Жасым жас та емес, кәрі де емес отыз бесте. Үш балалымын, жолдасымның жасы қырық үште! Бірақ жасы қырықтан асса да, ақылы кірер емес. Не басымызда баспанамыз жоқ, не баспанаға әрекет жасау туралы ойы жоқ.
«Балалардың үстінде киімі жоқ» десем, «енді мен не істеуім керек»? деп қарсы сұрақ қояды. Декретте дұрыстап отыра да алмаймын. Жолдасым ақша таппаған соң, аш қалмас үшін жанталасып жұмысқа шығып аламын.
Өткен жылы наурыз айынан бастап жұмыстан шығып кеткен, жеке көлігімен адам тасиды. Алайда «көлігімнің жанармайы, сынған темір-терсегі» деп, ауыстырмайды. Кейде 1500-2000 теңге әкеледі. Оны үш ұлдың не тамағына, не киіміне, не керек жарағына, не пәтерақыға жеткізе алмай басым қатады. Түнде жүріп, күндіз кешкі алты-жетілерге дейін ұйықтайды.
Айтуға, түсіндіруге тырысып бақтым. Талай рет «адам сиякты күндіз жұмыс істеп, түнде ұйықта» деп айттым. Тыңдамайды.
Кенже ұлым тым кішкентай, ал қалған екі үлкен да сүндеттелмеді, мектепке жастары жетіп тұр. Не құжаттары реттелмеді, не ақшам жоқ! Үйден анау мынау тігіп сатып, лаждап пәтерақысын өзім тауып төлеп отырмын. Бөпем кішкентай болып тұр, жұмыс та істей алмаймын үйден ұзап. Жұрттың бәріне қарызбыз, кредит көп төленбеген. Ол кредиттердің өзін жалынып жүріп, жұртка алдырып алған.
Шынымды айтсам жұртқа қарайтын да бет қалмады. Қарызын қайта сұраған адамдарды жек көреді өзі. Өмірді күніге жаңадан бастайды, бірақ кешке шейін ұйықтайды. Айта бастасам «миымды қатырма» деп ашуланады. Сосын тағы кетеді.
Алдында қанша ақшаны автомат ойынына салып тастады, тіпті соның кесірінен ажырасып, қосылдық. Адам болам деп уәдесін береді де, тағы сол.
Не істеймін, қыздар?! Ажырасқым келмейді, бірақ мұндай күйден де, өмірден де мезі болдым, шыны керек. Уайымнан ұйықтай алмаймын, оның санасына жеткізе де алмаймын. Әне, бүгін келіп, ол тағы да пырылдап ұйықтап жатыр. «Бүгін істейміз» деген істердің бәрі де жайына калды.
Шешеме бара да алмаймын, «енді қосылсаң маған келмеші» деген. Әлде ажырасқан соң бекер қосылдым ба?! Жалқаулығын кояр ма екен? Әлде осылай кеткені кеткен ба?
Жанар, Алматы қаласы.