Жас жігітке алданған бай әйелдің тағдыры

Альфонс. Бұл кім өзі? Бүгінде «альфонстар» туралы жиі еститін болғандықтан шығар, ол туралы жалпылама ұғым қалыптасқанымен тура мағынасын тарқатып көрмеппіз. Сондықтан әуелі «альфонс» сөзіне үңіліп, кім екенін түсініп алайық. 

Психологияда әйелдерді алдап, нәзік жандылардың ақшасымен өмір сүретін масылдарды «альфонс» дейді екен. Бұл терминнің мағынасын мамандар былай түсіндіреді: Альфонс – психогиялық тұр­ғыдан жетілмей қалудан пайда болатын мінез. Ондайлар көбіне жалғызбасты аналар өсірген балалардың арасында көп ұшырасады. Ер адамның тәрбиесін көрмегендіктен, еркек болудың міндетін білмейтін баланың санасында «әйел – асыраушы» саналады. Сол себепті олар биологиялық есею жасы 30, тіпті 40-қа келсе де әйелдің тамағын, табысын, үйін, мүлкі мен қаржысын пайдаланудан еш арланбайтын көрінеді. 

Қазір жеңіл өмірді көздеп, тәтті сөздің шебері атанған мұндайлар көңілі жарым, қалтасы қалың әйелдерді жағалайды. Ақша, дүние, қыдыру, ішіп-жеу үшін бетперде киіп, сенімге кіріп талай қыз-ке­ліншектерді тақырға отырғызып кетіп жат­қан жағдайлар күннен-күнге артып барады. 

Ендігі сөзіміз осындайлардың бірінің қақпанына түскен әйелдің оқиғасы туралы болмақ. 

Отызға жетпей жесір қалған 

Отыз жасқа жетпей жесір атанып, ұлдарын жалғыз жеткізген Жаңыл (есімі өзгертілді) апай ендігі өмірін тек балаларымен байланыстырды. 19 жасында тұрмыс құрып, жұбайының тілеуін тілеп келген әйел бір күнде қайғы жұтып қаламын деп әсте ойламаған еді. Жұбайын қара жердің қойнына тапсырып келгеннен қырқы, жылы өтсе де жер бауырлап жата берді. 

Жастай қосылған ері екеуі бақытты ғұмыр сүрді. Бірге кәсіп бастап, үлкен компанияға айналдырды. Еңбек етуден қашпай, тірнектеп жинап, бизнесті де өркендетті, қос қабатты үй де салды. Біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмыс кешіп, бар күштерін кәсіптің бұдан да кең қанат жаюына жұмсады. 

Әйел заты болса да, ерінен кем еңбек етпеді. Баланы да тапты, туған менен туысқа да жаға білді. Жолдасын үнемі қолдап, бар жағдайын істеп отырды. Кездескен қиындықтарды бірге жеңіп, екеулеп әдемі отбасының негізін қалап келе жатқан еді. Әттең... Кенеттен келген ажал бұлардың бүкіл жоспарын күл-парша етті. 

Енді тек өзіне сенбеске лажы жоқ. Үш бірдей ұлын аяққа тұрғызып, күйеуінің ұрпағын жетілдіруді мақсаттады. Осылай компания тізгінін өз қолына алды. 

Туыстарына ақшасы ғана керек 

Жаңыл жалғыздықтан шаршамағанымен жиырма жыл тоқтаусыз еңбек етіп, ағайын-туыстың жағдайын жасаудан жалықты. Солардың өмірі бітпейтін жырын жырласып, жыртығын жамасумен уа­қытын текке өткізгенін енді түсінгендей. Ол тек үш перзентін оқытып, қызметке қойғанына, дер кезінде кәсібін қолға алғанына өкінбеді. Әйтпесе, кім біледі бұларды қандай тағдыр күтіп тұрғанын? 

Ауыздарын бұған қарап аша беретін жақындарын кәсіпкер туысының жағдайы қызықтырмайтын. Жалғыз ғой, оның үстіне тетелес ұлдары бар. Оларды жет­кізу бұған қиын-ау деген ой ешкімді алаңдатпаған. Біреуі келіп, тым болмаса «не көмек керек, ауырып жүрген жоқсың ба» демепті. Бар арқа сүйері – қарт анасы. Маңдайынан сипап, жылы сөзін арнағанда бойына күш-қуаттың сарқылмай құйылып жатқанын сезінетін. Сол анасын елдегі ең жақсы демалыс орындары, саяжайларға апарды, емдетті. Ең жақыны – анасы мен ұлдарынан еште­ңені аямады. 

Ал өзі ше? Өзіне қарауды күйеуі дүние­ден өткен соң тоқтатқан әйел қайда барса да үстінен бір киімді тастамапты. Шашын өсірсе тас қып түйіп, қысқарт­қысы келсе ерлердің үлгісін таңдай салады. Тойға барса да, үйде жүрсе де осы түр. 

Қай кезде де жұмысбасты, парасатты әйелдің құрбылары да көп емес. Сау­сақпен санарлық. 

Құрбысының күйеуі ой салыпты 

Айкүнмен құрбы болып, араласып келе жатқанына 25 жылдан асқан. Ол да өзі секілді. Отбасы, жұмысы десе бәріне дайын. Бірақ, Айкүн өзін жақсы күтеді, денсаулығына да мән береді. Өйтпесіне күйеуі қоймайтын көрінеді. 

Құрбысына Жаңылдың қызыққаны болмаса, іштарлық жасамапты. Қайта бұлар қарапайым қалыпты, табиғилықты жақсы көріп, өз таңдауларына құрметпен қараған. Кейде ортақ таныстарының тойына барарда Жаңылдың киген киімі мен түр-келбетіне Айкүн ешқашан сын айтпапты. Сондай бір отырыстың бірінен қайтқанда Айкүннің күйеуі аздап қызып алып, бұған ақыл айтады. Көлікті әйеліне беріп, өзі Жаңылдың қасына жайғасады да, әңгіме бастайды. Сондағысы: «Осылай олпы-солпы жүре бере­місің? Өзіңе қарасаңшы! Ұлдарың болса ер жетті. Екеуі екі қалада қызметте, кенжең ең таңдаулы оқу орнында оқиды. Күйеуіңнің де рухы саған дән риза. Жаратылысың – әйел емес пе? Біреуді тап, көңіл қос. Бұлай жүре берсең, денсаулықтан айрыласың. Салондарға бар, дүкен арала. Жағдайың жетеді ғой» деп іштегі ойын ақтарып салды. 

Үйге келген соң әлгі сөздер санасында жаңғыра берді. Жатып алып, ойға қалды. Жаңа ғана көлікте ұйқы қысып отырғандай еді. Мына әңгімеден соң ұйқы да қашты. Әсіресе денсаулығына алаң болды. «Біреуді тап» дегені несі? Балалары өскенде өлсе де ондайға бармас. Ерінен кейін ешкімге ақ төсегін ластатпаған әйел өзін бөтен еркекпен елестете алмады.

Бірер ай санасын шырмаған ой ақы­ры жеңіп тынды. Айкүнді ертіп, сұлулық салонына келді. Барлық қажетті «процедураны» алып, өзіне бір күнді арнады. Бойы жеңілдеп, бетіне қан жүгір­гендей сезілді. 

Қос құрбы әсемдік салонға баруды жиілетті. Компаниядағы қызметкерлер, туған-туыстар Жаңылдың бұлай өзгеруіне таңқалысып жатты. Кейбірі алып-қашпа әңгімеге де жол беріпті. Оның біріне де іскер әйел назар аудармады. Өзінің қазіргі келбетіне қарап, көңілі көтеріліп, жасарып бара жатқандай сезініп жүрді. Мінезі де ашылып, бір өзгерісті күтетіндей ме? 

Бір күні жұмысында жағдай болып, заңгер қызметіне жүгінуге тура келеді. Бірер істің шешілуіне мұрындық болған бұрынғы танысының есігін қағады. Келген жағдайын баяндап, бірер күнде ше­шімін табуға көмектесетінін айтқан заң­гердің кабинетінен шығып бара жатып, бір жігітпен соқтығысып қалады. 

Екеуі жарыса кешірім сұрасып, өз жөндерімен кетеді. Жаңылдың бойын тоқ ұрғандай, беті алаулап, бұл жайтты неге жорырын білмей жұмысына келеді. 

Екі күннен соң таныс заңгері хабарласып, бірнеше жерге қол қою керектігін ескертеді. Кәсіпкер әйел лезде сонда болып, дайын құжаттарын алып шыға бергенде өткен жолғы жігітті қарсы алдынан тағы көреді. Жанарлары түйісіп, бір-біріне күле қараған екеуі бұл жолы да сыпайы қоштасады. Тағы сол кез­дегідей аттай тулаған жүрек, ысып-тасыған бой. 

Маған не болды? Мұнша толқитындай не көрінді деп өз-өзіне сұрақ жаудыра, күбірлей түскі үзіліске үйіне келді. Тамақтанып болып, ыдыстарды жуып жатқанда телефон шырылынан елең ете қалды. 

– Сәлеметсіз бе, Жаңыл ханым? Мен сізбен заңгер есігінің алдында қайта-қайта қақтығыса берген жігітпін. Есімім – Азат. 

– Аманбыз, рахмет! Сол, ыңғайсыздау болғаны... 

– Ештеңе етпейді. Қайта соның ар­қасында өзіңізді танып, білдім. 

– Көңіліңізге ризамын. Бірақ, нөмі­рімді қайдан алдыңыз? 

– Оның еш құпиясы жоқ, танысыңыздан қоярда-қоймай сұрап, өзіңізден кешірім сұрамаққа хабарласып тұрмын. 

– Жоға, о не дегеніңіз? Кешірім сұ­райтындай сіз ештеңе істемедіңіз ғой. 

– Мейлі, сау болыңыз! Жақсы, Жаңыл ханым, сізбен танысқаныма қуаныштымын! 

Әңгіме осылай аяқталады. Бұл қо­ңырау әйелдің тағы мазасын қашырды. Жігітті қайта-қайта ойлайды. Сақтап қойған нөмірге қарағыштап, жаттап та ал­ған. 

Оңаша кездесу 

Сезіммен арпалысқан жас қыздай толқып жүргенде арада апта өтті. Бүгін қаладағы екі дүкеніне барып, есеп жүргізуге бекініп отырған. Телефоны безілдей жөнелді. Экран бетіндегі Азат деген сөзді оқып, өз көзіне өзі сене алар емес. Жылдам тұтқаны көтергенде қашанда ізетті қалпынан айнымайтын жігіт мұнымен кездескісі келетінін айтты. Көп ойланбастан, «иә» деп жауап қатқанын өзі де байқамай қалды. 

Кездесетін мейрамхананы белгілеп, екеуі келісті. Телефонды қоя сала өзінің асығыс берген жауабына ашуы келді. Дардай жасымда бұлай селтеңдегенім не? Әлде қайта «звандап» бас тартсам ба екен деп тағы ойланды. Келісіліп қойған соң, мұным жарамас. Не болса да жақсылық болсыншы деген әйел іштей бұл кездесуге қуанышты еді. 

Таксиден түскен іскер әйелді Азаттың өзі күтіп алды. Қаланың қақ ортасында орналасқан мейрамхана өте заманауи екен. Адамдар да көп. Таныстар көріп қоймасын деп жылдамырақ жүрген Жаңыл жігіт нұсқаған оңаша «кабинаға» кірді. 

Таныстық артып, кеш бойы Азат әйелге бар ілтипатын танытып отырды. Молынан тапсырыс беріп, ішіп-жеді. Тағдырлары туралы сыр шертісті. Өзінен әлдеқайда жас жігіттің қасында сызылып, бойын аулақ ұстағысы келсе де оған деген бір күш жақындата бере­тіндей... 

Үйіне кіргізіп алды

Жүрегін жаулаған жігіттің жасы 32-де. Санаса, үлкен ұлынан бес-алты жас қана үлкен. Ал екеуінің жас айырмашылықтары он сегіз жас. Бойдақ екен. Бұрын үйленіп, некесі сәтсіз болыпты. Айтуынша, перзенттері жоқ. Мамандығы заңгер. Бұлар кездескен жердегі Жаңылдың танысынан «заңгерлік кеңес орталығын» ашу үшін, бағыт-бағдар алып жүрген болып шықты. Отбасы, өмірі туралы ашылып айтып отырған жігітке қарап, сезімі бұрынғыдан да арта түсті. Жалғыздықтан қажыған екен деп түйді. 

Бұлар жиі кездесіп, бір-бірінсіз тұра алмайтындай күйге жетті. Таң атқаннан «еркем, тұра ғой», түнде «қайырлы түн, жаным» деген «смс»-тер күн сайын ақтарыла берді. 

Жолдасы қайтқалы мұндай сөздерді ұмытқан әйел шынында да махаббатқа шөлдегендей... 

Әбден сеніміне кіріп, ессіз ғашық қыл­ған жігітті үйіне де ертіп келді. Ол жайлы құрбысына айтты. Айкүннің «Жас дей­тін жас та емес екен. Ажырасқан болса тағдырды түсінетін адам ғой. Қызметі де бар. Сенімен ойнай қоймас» деген пікірі­нен кейін, өзінің дұрыс таңдау жасағаны­на нық сенімді еді. 

Осылай бұлар бір жастықта оянып, мейрамханада түстеніп, тіпті кешкі асты да осындай орындарда ішетін болды. Жұптары жазылмайтын «жастар» демалыс орындарына да бірге қол ұстасып келеді. 

Азатсыз өмірін елестете алмайтын Жаңыл ол үшін бәріне де дайын еді. Еркелеп, ерім деп, барын берді. Сүреңсіз күндерін гүлмен ораған жігіттің туған кү­нінде көлік мінгізді. Оған «Заңгерлік орта­лық» ашып беру үшін де аз шашылмады. Екі рет шет елге демалысқа барып қайтты. Кеткен қаржыға «бизнес ханым» бас ауыртқан жоқ. Жанына шуақ шаш­қан таңдауы қасында болса болғаны. 

Жігіт қашқақтай бастаған 

Жаңыл бір жылдың ішінде сүйіктісін өз есебінен малындырып киіндіріп, то­йын­дырып ішіндіріп, айтқанын екі етпеді. Бұрынғыдай астарлап емес, жігіт те өз қа­лауын тіке айтып, қажетті ақшасын сұрап алатын болған. Оған қарсы уәж айту былай тұрсын, Жаңыл асты-үстіне түсіп одан басқаны көзі көрмейтін. Ұлдарымен байланысу, хал сұрасу азайды. Ағайынның жиын-тойы, өлім-жітімі әйелді қызықтырмады. 

Шығыны көбейіп, кірісі азайған ол Азаттың табысын сұрамайды да. Бұл жал­пылдай беріп, жігіті одан сайын кекі­рейе түсті. Жұмысынан кеш келетінді шы­ғарды. Баяғы «сүйем, күйем, жанымы» аза­йып, жоқ болды. Жұрттың өсегін елемей, үйіне кіргізіп алған «ері» бұдан қашқақтайтын болып алды. «Мейлі, әй­теуір үйіме кіріп, шығып жүр ғой. Жұмысы да оңай емес» деп өзін жұбатқансиды. 

Түн жарымында, кейде азанда масаң күйде келіп, теріс қарап жатып алады. Киімінен әйел әтірінің иісін сезіп жүр­геніне де талай болды. Қызғаныш пен ашудан қалшылдап, сабырынан жеңілген әйел бір күні айғай шығарды. Күткені де осы болды ма, бар киімін жинап, Азат үйден кетіп тынды. 

Оншақты күн жігіттен хабар алмай, ашудың жетегінде жүрген Жаңыл өзін күштегендей етіп, оның нөмірін терсе, өшіп тұр. Кешке дейін телефон соғумен күн өткізді. Сөндіріп қойған. Келесі күні кеңсесіне барса есігі жабық. Ренжіп жүрген шығар, қайда барар дейсің, күтейін деген әйел тағы бір жеті есікке қараумен жүреді. Азаттан сол күйі хабар жоқ. 

Бір күні бөтен нөмірден «Мені ұмыт, іздеуші болма! Әйтпесе қиын болады. Азат!» деген хабарлама келіп түседі. Бұл сөзін түсіндірсін деп әлгі нөмірге байланысса, оны да сөндіріп тастаған. Кешірім сұрап «смс» жаза берді, жылай берді. Өкінді. Өзінің алданғанын ұқты. «Альфонс» деген сұрқияны іздеген де жоқ. Ештеңеге зауқы соқпай, бизнесін де құлдыратып алды. Өзін жек көрді. Жанын азапқа салған Азатын қарғай да алмады. 

Д.ҚАЛЕН.

www.zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста