Жас қыз үшін отбасыммен ажырасқаныма өкінем
Бұрынан сыйласатын Шалқар досым ауруханаға түсіпті. Халін сұрап, телефон соққам: «Несін сұрайсың, Айеке, жағдай солай, ажырастым. Әйелім сатып кетті», деп өксіп жіберді.
Орталықтағы жүрек аурулары ауруханасына тартып кеттім. Шалқар инфаркт алған екен. «Өліп қалам ба деп қорқып едім, осындағы дәрігерлердің арқасында өмірге қайта келгендеймін», деп қойды. Сосын барып басынан кешкен жағдайды айтты.
Студент қыздың құшағы тым ыстық еді
«Өзің білесің ғой. Әйелім жас. Менен жиырма жас кіші. Осы қатынмен кездейсоқ кездесіп, бірінші әйеліммен ажырасып едім. Құлай сүйдім. Күйіп-жанған махаббаттың не екенін сонда сезіндім. Бірінші әйелімді олай сүймеген едім.
Екінші әйелім ол кезде студент еді. Мен қызметтемін, үй-жайым бар, астымда қымбат көлік. Ақшама қызықты ма, Роза маған тиюге көнгендей болған. Күні-түні машинамнан түспейді. Бірге тамақтанамыз. Үйге келгенде тамақ ішпей, «шаршап тұрмын» деп әйеліме қарамай, ерте жатып қалатынмын. Бірінші әйелім «соңғы кезде қатты өзгердің. Бірдеңеге ұрынып қалмашы әйтеуір», деп бір күрсініп жаныма жататын. Бір көрпенің астында денеге дене тигенде әйелім құшақтай бастаса, «сен-ақ шөлдеп жүреді екенсің. Қойшы, шаршап тұрмын», деп теріс қарап жатып алатынмын. Ол болса күрсініп үнсіз қалатын.
Ия, көзімді жұмсам болды, «көз алдыма Роза келетін. «Не істеп жатыр екен» деп, соны ойлап жатып ұйықтап кетемін. Сөйтіп жүріп алғашқы әйеліммен ажырастым. Әйелім мен ер жетіп қалған ұлым жеке кетті.
Мен Розамен қалдым. Роза оқу бітірген жылы үйлендік. Ұлымыз дүниеге келді. Рас, Розам сымбатты еді. Өзі де төсін, бөксесін бұлтитып көрсетіп тұратын тар, қысқа киім киетін. «Қойшы, ауылдың қатындары секілді салбыратып ұзын көйлекті қалай киемін», деп қолын сілтей салатын.
Жас әйелім көзіме шөп салды
Ара-тұра тойға барғанда байқаймын, Роза өңді, денелі келген жас жігіттерге сүзіле көп қарайды. Іштей жаман ойлар кетеді. Қызғанамын. Тіпті менің отырғаныма қарамай, кейде биге шақырған жас жігіттермен жұрттың ортасына шығап билеп кететін. Көңіл-күйім бұзылып, амалсыз қарап тұрамын да қоямын. Беріліп билеген кезде байым бар-ау, балам бар-ау деген ой одан шығып кететін сияқты. Осындай жағдайлар менің оған деген күйіп-жанған сезімімді сөндіре бастады. Жиі жүз шайысып қалатын болдық. Ондай кездерде Роза баласын көтеріп үйден кетіп қалатын. Туыстарына, дос қыздарына қонып жүреді.
«Енді ренжітпеймін», деп жалынып-жалпайып жүріп үйге әрең алып келемін. Сондайда есіме алғашқы әйелім оралып, жылағандай болушы едім. Неге оның қадірін түсінбедім?
Білмеймін. Бәріне осы Роза кінәлі. Осы қызға бекер байланып қалдым. Сезімімді ауыздықтап ұстау керек еді. Амал қанша? Енді бәрі кеш.
Бірде жұмысқа кеткен Роза тым кеш келді. Баланы балабақшадан өзім алдым. Тіпті тамақ та пісіріп қойдым. Розаның телефоны өшулі. Ақыры түн ауа келді. Ішкен. «Подружкамның туған күнін тойладық. Керемет болды. Әдемі жігіттер келді», деп оттап тұр. Күйіп кеттім. «Кет сол келген жағыңа» деп шапалақпен тартып жібердім. Жанжал содан басталды.
«Мына баланы сенен тудым дейсің бе. Қара балаңа. Бір жері саған ұқсап тұр ма? Әрине, басқадан. Өзіме ұнаған жігіттен таптым. Сен секілді шал бала тудырып қарық қылушы ма еді», деп шабаланбасы бар ма? Өртене жаздадым. Бір ұрып құлатып, тұншықтарып жатыр едім, айғай-шудан жиналған көршілерім ажыратып алды.
Ертеңінде Роза «мені ұрды» деп сотқа берді. Оның арты ажырасуға ұласты. Сонда барып өзімнен тым көп кіші қыз алып, қателікке ұрынғанымды білдім. Әрине, жас айырмасына қарамай тым жақсы отбасы болып кеткендер бар шығар. Бірақ менің тағдырым өзгеше болды. Амал қанша?
Жылт еткен сезімге алданып, алғашқы әйеліммен бекер ажырасқаныма өкіндім. Міне, көрдің ғой. Ақыры ауру болып қалдым. Розаны, онымен кеткен кішкентай ұлымды ойлай бастасам, қан қысымым көтеріліп жатып қаламын. Соның кесірінен міне, инфаркт алдым», – деген Шалқар көзіне жас алды.
«Өмір ғой енді. Өткенді түзей алмайсың. Лажы болса, алғашқы әйеліңе хабарлас. Ақылды адам еді ғой. Сені түсінер. Бәлкім, қайтып қосыларсыңдар», деп жұбатқан болдым. Басқа не деймін.