"Алаш айнасы" ұжымы! Газеттеріңіздің интернет нұсқасын оқып тұрамын. Бұрын "Ақ босағаны" қалт жібермей жаздырып оқитын едім, қазір "Отбасы-ошақ қасы" айдарын оқимын. Осы айдарды ашқан Сіздерге мың алғыс! Бұл бөлімде менің тағдырма ұқсас көп қыз-келіншектердің өмірінен хабардар болдым. "Әйелдің қырық жаны" бар деген рас екен. Менің де өмірімнің "керемет" болып тұрғаны шамалы. Әттең, қолым қысқа...
Мен университет бітірген жылы сүйген жігітіме тұрмысқа шықтым. Мен де ол да Қорғалжын жақтың тумаларымыз. Біз де қыз бен жігіт болып қол ұстасып, махаббатқа мас болып үйлендік. Мен - есепші, ол - ішкі істер басқармасында қызметкер болды. Пәтер жалдап тұрдық. Өмірге тұңғыш қызымыз келді. Біз бақытты едік. Кейіннен несиеге пәтер сатып алдық. Күйеуім жұмысынан пәтер алуға кезекте тұрғандықтан, пәтерді енемнің атына жаздық. Енемнің екі ұлы бар. Менің күйеуім кенжесі. Атам ертеректе қайтыс болыпты. Енемнің жасы алпыс бесте. Зейнеткер. Бірақ өте жас көрінетін. Өзін күтуден жалыққан емес. Балаларының проблемасымен басын ауыртпайтын. Енем бізбен тұрса да айлық алғанда міндетті түрде айлықтан енеме жеке ақша бөлеміз. Үйдегі заң солай. Мен баламен үйдемін. Күйеуімнің тапқан табысы несиеге, коммуналдық төлемақыға, тамаққа және енеме төлейтін «компенсацияға» кететін. Үлкен қызым екі жасқа келгенде екінші қызым дүниеге келді. Күнделікті күйбің тіршілкіпен өмір өтіп жатты. Енемен тұрған қиын болса да шыдап, сыйлауға тырыстым. Екі қызым әжелеріне жоламайды. Себебі, елдің әжелері сияқты менің енем балаларды бауырына басқан емес. Кейбір әжелерге қызығамын, немерелерін ертіп далада серуендеп, иіскеп отырады. Ел көзінше ғана "әкешім", "көкешім". Қорғалжын жақын болғандықтан үйде күні-түні қонақ. "Қонақ - құт" деп қонақтарды жақсы қарсы алуға тырыстым. Бірақ бірнеше жыл болды, қонақтар құт емес, жұтқа айналып бара жатқандай. Үш бөлмелі пәтерде апталап қонақтар жатып алады, бала-шаға, тамақ пісіру, үй жинау кешке қалай төсекке құлайтынымды өзім білмеймін. Арасында түнімен бала жылайды. Күндіз ұйқылы-ояу үй тіршілігі. Солай өмір өтіп жатты. Екі қызым бой жетіп, бірі бала-бақшаға, бірі мектепке барды. Таңертен күйеуім ерте тұрып жұмысына кетеді, күйеуімді шығарып салып балаларды бала-бақшаға, мектепке апарамын.
Осылайша жылдар өтті. Менің аяғым үшінші балаға ауырлады. Бәрі содан басталды. Босанып келіп, тағы да үй тірлігіне араластым. Ыстық сорпа ішіп, бала қырқынан шыққанша күтініп жүретін жағдай қайда?! Баланы мектепке, балабақшаға апару, кешке сабақтарын оқыту. Елдің балаларынан қалмасын деп үйірмеге апарасың арасында. Ол тірліктің бәрі менің мойнымда. Бәрібір де енеме жақпадым. Үнемі келген адамдарға мені үлкен келінімен салыстырып, кемсітіп отыратын. Мен оған үйренгендіктен үндемей құтыламын. Үлкен келіні де Астана тұрады. Абысыным енемді күтпек тұрмақ, үйіне жолатпайды. Өздері бізге қонақ.
"Жығылғанға жұдырық" демекші, күндердің күнінде органдарда аттестация деген шығып, менің күйеуім аттестациядан өтпей жұмыстан шығып қалды. Енді ол қарапайым күзетшілік жұмысқа шықты. Тәулікпен істейді. Түнгі жүрісі де көбейді. Бұрын арақты жек көрмеуші еді, енді қыдырысы мүлдем көбейді. Екеуміз екі бөлмеге қонамыз. Ол таңда келіп, қонақ бөлмеде ұйықтайды. Менің бір әдетім күйеуім келгенше қайта-қайта ұйқым бөлініп, алаңдап жатамын. Кейде өзімше бөлмемізге жатар деп, іштей күтіп жатамын. Осылайша біраз уақыт өтті. Сенесіз бе, қазір қызым үш жасқа келді, әлі күнге дейін бөлек жатамыз. Ерлі-зайыптылардың табиғи төсек қатынасына да барған емеспіз. Еркектік міндетін атқарған емес. Мен күннен -күнге жүйкем тозып барады. Бәрі ішімде. Үш жыл ішінде ара-қатынасымызды енем байқап тұрса да ешқашан ұлына ақылын айтқан емес. Күйеуім тіпті, үйге қонуды да қойды. Келгісі келсе келеді, келмесе жұмыстамын деп құтылады. Әйелі мен күйеуі болып шүйіркелесіп, әңгіме айтып шәй де ішпейміз. Ол кешкі тамақты да ішпейді. Мен енем мен балаларым үшін кешкі ас дайындаймын. Бір үйде тұратын жай таныстар сияқтымыз. Екеумізде ортақ әңгіме - ол жалақы алғанда ғана. Қайда қанша ақша төлейміз? Бір-бірімізді көргенде "сәлем" деп өтіп кетеміз. Күйеуім мені әйел заты деп ешқашан байқаған емес. Туыстарда той-томалақ болса, "керемет тату-тәтті" жұптай бірге барып қайтамыз. Ешкім ештемені байқамайды және біз де байқатпаймыз.
Соңғы кезде күйеуімнің нақсүйері бар екенін білдім. "Жаным, қайдасың? Қашан келесің?" деген смс хабарламаларын оқып қойдым, содан кейін ол мүлдем телефонын жанынан тастамайтын болды. Бірде достарымен кафеде отырып, байқамай нақсүйері екен деп маған телефон шалып қалды, өзі удай мас, телефон тұтқасын көтерсем ар жағынан "Диночка, жаным" деп тұр. Келесі күні айтып едім, бет бақтырмады. Тағы бірде таңғы төртте келді де жатып қалды. Бір мезетте телефоны шырылдады, ол мені ұйықтап жатыр деп ойлады. Маған бәрі естіліп тұр. "Жаным, қазір еду" деді. Мен төргі бөлмеден атып шығып, "қайда барасың?" десем, шіміркпестен "жұмысқа шақырып жатыр" деп кете барды.
Үй-ішіме айтқым келмейді. Анам "өзің тапқан күйеуің, сүйіп тигенсің" дейді. Үш баламен кімге барамын? Бірде үш баламды алып кетіп те қалдым ата-анамның үйіне. Ол жақта балалардың күйі кетті. Балалар қайдан білсін әке-шеше қатынасын, "үйге қайтайықшы" деп жылаған соң он күннен кейін қайтып келдім. Балаларымды аядым. Осы уақыт ішінде бізді іздеп келген де жоқ тіпті телефон да шалмады. Не істесең оны істе дегендей, енем мүлдем өз алдына, шаруасы жоқ.
Қазір де солай тұрып жатырмыз «ағалы-қарындас» болып. Бір рет те еркек болып қасыма қонған емес. Тіпті жатын бөлмеге бас сұқпайды. Дайын киімін киіп, жұмысын сылтауратып кетіп қалады. "Сөйлесейік" дей бастасам, "қойшы-қойшы басты қатырмай" деп әңгімеден қашып, шығып кетеді. Мен балаларым үшін үйде ұрыс-керіс шығарғым келмейді.
Бірде қонақ бөлмеде жерде балаларым қасында жатыр екен, мен де әйелімін ғой өзімше жанына барып, еркелеп жата қалып едім, маған: "сенен бір жаман иіс шығып тұр" дегені. Не істерімді білмей, өтірік газда тұрған шәйнекті көріп келейін деп шығып кеттім де, үлкен қызымды шақырып, "мені иіскеші, біртүрлі иіс бар ма" десем, "жоқ, мама" дейді. Күйеуімнің сол сөзінен кейін менде мүлдем бір қорқыныш-қысылу пайда болды, қайта-қайта барып жуынып есім шығады. Тіпті, бірде ашық айттым "осылай бізде әйел мен еркектік төсекте қатынас болмай ма?" деп. Ол маған: "төсекте болатын өзіңе еркек тауып алсаңшы" деді. Мен де ыза болып "тауып аламын" дедім. Көрші подьезде бір жігітті көретін едім. Бір күні өзімше әдемі киініп алып, әйел болып қырындап қарап көріп едім, ол еркек мүлдем назар аудармады. Артынан сол қылығыма өзімнен өзім ұялдым.
Қазір мүлдем жүйкем тозды. Айнаға қарасам, қартайып кеткендеймін. Күні-түні тіршілік. Тіпті бұрын балаларымның қашан тілі шығады, қашан "мама" дейді деп асығушы едім. Қазір қашан ауыздарын жабады екен деп отырамын. "Мама, анау қайда?", "мама, сабағым оқылмады", "мама, ананы жейміз", "мама, сабақтан кешіктім" деген сөздерден мезі болдым. Осындайда әкелік мейірім, жарына қолғабыс беретін күйеудің нақсүйерінен қолы босамайды.
Бірде дүкенге киім алмақшы болып барғанбыз, бір киімді киіп "жараса ма" десем, "саған ештеме жараспайды" деп қарап тұр. Шындығында, үш бала тапсам да дене бітімім қыз кезімдегідей еді. Үнемі мені кемсітіп, адам құрлы көрмей, менің істегендерім жақпай тұрады оған.
Үш баламды алып жеке тұрайын десем, пәтерім жоқ. Ажырасқан күннің өзінде пәтер енемнің атында. Жұмысқа шығайын десем, балама қарайтын адам жоқ. Басында баланы қарайтын адам жалдап, жұмысқа шықпақ болып, бұрынғы жұмыс орныма барып едім, онда жаңа бастық, жаңа команда екен. Мені өз еркіммен жұмыстан кетуіме көндірді. Қалған күннің өзінде де істетпесі анық. Менімен бірге істеген әйелдер де кетіп қалыпты. Енді жұмыс қарап жүрмін. Бірақ, болашақта қалай не істейтінімді білмеймін? Кеткенде кімге барамын? Үш баланы қалай асыраймын? Әкесі керек қылмаған балаларды кім бауырына басады? Сол балаларым үшін бәріне көніп жүрмін. Қай күні шыдамым таусыларын кім білсін? Кейде үйден қашып алысқа безіп кеткім келеді, өтірік күліп отырған "сайқал" енемнің де түрін көргім келмейтін кездер болады (артық айтсам Алла кешірсін). Тек алданышым, ойлайтыным - балалар. Не араласып анда-санда әңгімелесіп баратын құрбыларым да жоқ. Кімге өкпелейсің, әркімнің өз өмірі өзінде. Сондықтан, оқырман енесін жамандады, отбасылық өмірде сабырсыздық, әлсіздік көрсетті деп сөкпеңіздер, мені Сіздерден басқа түсінетін ешкім жоқ. Мен де бақытты әйел, сүйікті жар болғым келеді, әрине жасанды емес, шынайы түрде! Жұбайлық өмірде өмірлік сергіңнің сенен теріс айналып, қасыңа жақындамаудан асқан қорлық жоқ екен. Әттең, қолым қысқа...
Үш жыл болды күйеуім жаныма жоламайды...
Последние статьи автора