Үнді жігітіне тұрмысқа шықты қазақ қызы өмірі жайлы сыр шертті (фото)

Үнді жігітіне тұрмысқа шықты қазақ қызы өмірі жайлы сыр шертті (фото)

Экспресс К үнді жігітіне 8 жыл бұрын тұрмысқа шығып, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған қаракөзімізден экслюзивті сұхбат алды.

 

Қазақ қыздарының өзге ұлт өкілімен көңіл қосып, шаңырақ көтеруі қазір қоғамда жиі талқыланады. Әсіресе, "неліктен қазақ жігітіне тимеді?" деген сұрақтың көпті мазалайтыны рас.

 

© ЭК

 

Жұлдыздың Үндістан тумасы Мелроймен танысуы өте қызық. Бойжеткен бала кезден "өзге елдің азаматына тұрмысқа шықпаймын, тіпті қарамаймын да" деген ұстаныммен жүрген. Бірақ кейде адамның бармаймын деген жеріне де, баспаймын деген тауына да жолы түсіп жатады. Қаракөзіміздің де тағдыры сондай...

 

Экспресс К: Жұлдыз, бәрін басынан бастасақ. Күйеуіңізбен қайда таныстыңыздар?

 

© ЭК

 

Жұлдыз: 2013 жылы магистратурада оқитынмын. Шетелдік тәжірибеге университеттен Испанияға 6 айға жіберді. Құрбыларыммен осы елдің Кадис қаласына орналастық. Осылайша бір күні қаланы аралап жүргенімізде Мелроймен танысып қалдық. Мен оған дейін шет ел азаматтарымен жақын араласпаймын, тіпті отбасы да болмаймын деген ұстаныммен жүретінмін. Бірақ үнді азаматы мені бірден жылылығымен баурап алды.

 

Мелрой — үлкен лайнердегі ресторанның менеджері. Сол уақытта кеме 15 күнге Кадис қаласының жағалауына тоқтаған екен. Ол араласа бастағаннан кейін бірнеше күн өтісімен маған сезімін білдіре бастады. "Ессіз ғашықпын. Менің болашақ жарым болуға қалай қарайсың?" дегендей ұсыныстарын жиі айтты.

 

Бірақ мен мән бермедім. Өзімнің өзге ұлттың азаматына тұрмысқа шығу ойым жоқ екенін айтып, көңілін қайтаруға тырыстым. 15 күн өткеннен кейін ол өзге қалаға кетті. Десе де біз телефон арқылы байланысымызды үзбедік.

 

Бірнеше күн өткеннен кейін құрбыларыммен жаңа жылды қарсы алу үшін Неапольға баруға келістік. Мелройға ескерттім. Ол бірден "қай күні келесіңдер? Менің де жоспарымда сол қала тұр. Егер бірдей келіп жатсаңдар кездесейік. Мен қонақ қыламын. Алып кемемді көрсетемін, таныстырамын" деді. Құрбыларым да қызықты ғой деймін, оның ұсынысын қабыл алды.

 

Содан межелі күні Италияның Неаполь қаласына бардық. Чивитавеккья деген портта Мелроймен кездесіп, лайнердің ішін ұзақ араладық. Бір кезде ол аяқ астынан құрбыларымның көзінше сақинасын қолына ұста, "маған тұрмысқа шықшы" деп сөз салды. Эмоцияға беріліп кеттім бе, жоқ, қатты қуандым ба, білмеймін "иә" деп жауап бердім. Кейін кері қайтқанда асығыс шешім қабылдап қоймадым ба деген ойлар болғаны рас. Бірақ қабылдаған шешімімнен айнымауға тырыстым.

 

© ЭК

 

Экспресс К: Сонда таныса сала 10 күнде сезімін білдірген бе? Шет ел азаматтарына қатысты ұстанымыңыздан неге айнып қалдыңыз? Ата-анаңызға қалай айттыңыз? Қарсы болмады ма?

 

Жұлдыз: Иә, алғашқы Кадиске келген 15 күнінде-ақ, маған шын ғашық болғанын айтты. Негізі үнділерде үйленудің, шаңырақ көтерудің 2 түрі бар. Алғашқысы туыстары, жақындары таңдаған қызбен таныстырады. Жарасса жанұя болып кетеді. Екіншісі махаббатпен. Мелройға бірнеше мәрте солай жақындары таныстарын ұсынған. Бірақ ол өз махаббатын іздегенін айтады. Менімен солай кездскен. Осы жерде бір нәрсені айтайын. Үнді болса да, оның жүрегінен жылу, мейірім сезілді. Маған сонысы қатты ұнады.

 

Шетелдік тәжірибе ісім аяқталғаннан кейін елге қайттым. Ол маған "1 айдың ішінде Үндістанға кел. Ата-анаммен таныстырамын" деді. Келістім. Елге оралысымен қуанышты хабарымды анама жеткіздім . Негізі ол кісі мені жастайымнан өз таңдауыммен өмір сүруге үйретті. Содан шығар, қарсы болмады.

 

Арада бір ай өтпей Үндістанның Мумбай қаласына бардым. Білмеймін, сенім бе, махаббат па, қорықпастан ұшып кеттім. Содан ол әке-шешесімен таныстырды, Гоада үйі бар екен, соны көрсетті. Көп ұзамай желтоқсан айында Қазақстанда ұзату тойымыз болды.

 

Экспресс К: Ұзату тойыңызға кеңінен тоқталсаңыз. Қазақи ырым-дәстүрмен өтті ме? Оларда біз секілді салт бар ма екен?

 

© ЭК

 

Жұлдыз: Мен Мелройға бізде ұзату тойы бар екенін алдын ала ескерттім. Өйткені үйдің жалғыз қызымын. Ол келісті. Қазақстандағы ұзату тойға ағасы және анасы ғана келді. Қызығы сол, Мумбайда күн ыстық емес пе. Олар жеңіл киіммен келген ғой. Бірден сол жерде жылы киімдер сатып алдық. Екінші қызық жағдай тойда болды. Бізде ет тартады ғой құдаларға. Қойдың басы мен тілін алып келгенде таңғалып, құлап қала жаздады. Тойымызда барлық ырым орындалды. Мен қазақша той көйлегін кидім, екі жеңгем қолымнан ұстап, шығарып салды. Бірақ ең басты нәрсе — қалыңмалды айтқан жоқпын. Олар бермеді.

 

© ЭК

 

Неге дейсіздер ғой. Себебі үндістерде "қалың мал" деген түсінік жоқ. Ол жақта керісінше, егер бір отбасы қызын ұзатса күйеу балаға тек қызын ғана емес, керек-жарағымен қоса қаржылай сый береді. Оны "даури" деп айтады. Өйткені өз баласын өзгеге аманаттап жатыр емес пе? Сол себепті барлық дүниені қыз жақ жасайды. Жалпы үндістерде осы дәстүр үшін көп отбасы қыз баласын қаламайды. Себебі қыздың шығыны көп деп санайды. Кейде тіпті үндістер жатырда жатқанында болашақ баласы қыз болса алдырып тастайды.

 

Үндістанда қыз бір той, ұл жақ бір той деген ұғым жоқ. Екі жақтың бірлескен бір ғана тойы болады. Сосын үндістер сиыр етін жемейді ғой. Ал менің тұрмысқа шыққан жұртым католиктер. Сол себепті ішкі салтқа, ырымға көп мән бермейді. Мен Үндістандағы тойда ұлттық киім сариді кимедім. Қарапайым той көйлегін кидім.

 

Сосын ол жақта келген адамдардың бәрі тілек айтуға жапырлап шықпайды екен. Тек бір ғана арнайы адам дайындалады. Оны тостмастер дейді. Сол ғана сөйлейді, өзгелері келіп, ішіп жеп күліп ойнап кетеді. Әркім өздігінше көңіл көтеріп қайтады. Маған сол ұнады. Мәдениетті той.

 

Экспресс К: Арада біраз жыл өтті. Өз жанұяңызға тоқтала кетсеңіз. Қанша балаңыз бар? Қалай тәрбиелейсіздер? Қазақша біле ме? Ата-аналарыңыз бір-бірімен араласып тұра ма?

 

© ЭК

 

Жұлдыз: Мелройдың ата-анасы Мумбайда тұрады. Жалпы бірге тұрып жатқанымызға 8 жыл болды. Екі баламыз бар, бір ұл, бір қыз. Қызым 1 жастан енді асты. Ұлым 5-те. Есімдерін Исаак, Элайза деп күйеуім өзі қойды. Ұлым ағылшынша, орысша, қазақша сөйлейді. Екі мемлекетте де тұрамыз. Күйеуім 6-7 айға жұмыс бабымен кетеді. Сол себепті қалған уақыттың бірінде Қазақстанда болсақ, келесі келгенінде Үндістанға барамыз.

 

Одан бөлек шет елге саяхаттауды ұнатамыз. Бала тәрбиесін екеуіміз өздігімізше жүргіземіз. Ол кісі католик, мен мұсылманмын. Десе де, негізгі тәрбиені күйеуім береді. Екі баламда шіркеуде шоқындырылды. Бірақ екеуіміз ортақ келісімге келгенбіз, балалар өскенде дінін, болашағын өзі таңдайды деп. Сүндеттейміз. Бұл медициналық тұрғыдан дұрыс шешім.

 

Бастысы күйеуім жүрегінде құдайы бар адам, дінге берік. Мен енеммен, күйеуіммен ағылшын тілінде сөйлесемін. Өйткені олар қазақша да, орысша да білмейді. Ата-аналарымыздың да қарым-қатынасы тілге байланысты тек амандықпен шектеледі. Кейде анам еркін дастарқан басында әңгіме құрып, шәй ішетін құдағиым болғанда ғой деп қиналады.

 

Экспресс К: Үнділерде ене мен келін деген ұғым бар ма? Жалпы, сізді қаншалықты қабылдай алды?

 

Жұлдыз: Ене мен келін деген барлық жерде бар, шынымды айтсам. Айырмашылығы біздің қазақтың енелері көбіне келіндерін өзі тәрбиелеуге, ақыл-кеңесін айтып отыруға тырысады. Ал менің енемде ондай мүлдем жоқ. Сосын қазақтарда келін тамақ істейді, шәй береді, дастарқанға жауапты. Үндістанда керісінше, әркім қарны ашса өздері жағдайын жасап жүре береді. Тамақтың өз уақыты бар. Шәйді де белгілі бір уақытта ғана ішеді. Оның өзінде отырып алып шәугім-шәугім шәй ішпейді. Бір кесеге жақсылап тұрып жасайды да, өздеріне ыңғайлы жерге жайғасады. Одан кейін менің енем өте жұмсақ адам. Не ұнайды, не ұнамайды дегенін түсінбеймін. Ештеңе айтпайды. Ішіндегісін білмейсің. Екеуіміздің арамыз бір ресми байланыс сияқты.

 

© ЭК

Маған Мумбайда жетіспейтіні — бәріміздің бір дастарқан басында отырып, әңгімелесіп, тамақтану. Соны сағынамын. Сондықтан елге келгенде анаммен отырып асықпай шәй ішеміз. Үйде тамақ жасау деген сирек. Көбіне сырттан. Менің барлық шығынымды күйеуім көтереді. Сол себепті ең қымбат сыйлық деп айтатындай нәрсе жоқ. Мен үшін бәрі қымбат. Ол кісі маған ай сайын ақша жібереді. Сол ақшаға машина алсам да болады. Бірақ мен материалдық дүниеге қызыққан емеспін. Мен үшін ең бастысы сол ақшаға бірге шет елге сапарлау, саяхаттау. Әлеммен танысу, жаңа нәрселерді білу.

 

Негізі енем баласы маған үйленгенде қуанды деп айта алмаймын. Іштерінде әттең-айлары бар. Күйеуім де о кісілердің алғаш қарсы болғанын айтқан. Бірақ менің өзіме қабақтарын білдірмеді, мінездерін көрсетпеді. Енді оларда ұлдарының католик қызын алып, шіркеуге бірге барып жүргенін қалаған шығар. Жалпы 100 пайыз мені қабылдады деп айта алмаймын. Десе де, өткен іске өкпе жоқ. Кемшіліктер кез-келген шаңырақта болады. Бастысы бір-бірімізді түсіне білу. Мен бақыттымын деп толықтай айта аламын.

 

Экспрес К: Сұхбатыңызға рақмет.

 

 

 

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста