«Тоқал болғым келіп еді…»

«Тоқал болғым келіп еді…»

«Замана» газетінде сәуір айында жарық көрген «Екінші әйел алу жөнінде ұсынысты бәйбішемнің өзі айтты» деген тақырыпта белгілі бір азаматпен болған сұхбатты жариялаған едік. Осы мақаланы оқыған Айша есімді бір қыз редакциямызға телефон шалып, оған байланысты өз пікірін білдірді. Сөз арасында ол лайықты азамат табылып, көңіл білдіріп жатса, өзінің де екінші әйелдікке қарсы болмайтынын айтты. Ойы тиянақты, сөздері байыпты, өз көзқарасын ашық білдіріп отырған жаннан сұхбат алуды шештік. Айша бұған өзінің келісімін берді.

– «Қыздың жасын сұрамайтынын» білеміз, дегенмен…

– Сұрағанның айыбы жоқ. Нені білгіңіз келеді, сұрақтарыңызды қоя беріңіз. Өйткені жұрттың мұндай мәселе төңірегінде де құлағдар бола жүргені дұрыс қой. Себебі бұл да күрделі әлеуметтік тақырыптардың бірі. Ел ішінде қазір жасы 30-дан асқан қыздар көп. Ал менің жасым 30-дан әлдеқашан асып кеткен, қазір 40-тамын.

– Бұрын тұрмыста болғансыз ба? Біліміңіз қандай? Қазір қандай жұмыс істейсіз?

– Тұрмыс құрмағанмын. Екі жоғары оқу орнын бітіргенмін, заңгер, психолог мамандықтарының иегерімін. Бүгінде осы мамандықтарым бойынша жұмыс істеп жүрмін.

– Материалдық жағдайыңыз қалай?

– Кәсіппен айналысып қыруар табыс таппасам да айлық жалақым өз жағдайымды жасауға жетеді. Құдай берекесін берген сол табыстың арқасында өзіме қажеттінің бәрін адал еңбекпен таптым деп ұялмай айта аламын. Адал еңбекпен тапқанымды қысылып-қымтырылмай жаратамын, біреуге кіріптар емеспін, тәуелсізбін.

– Үйіңіз, жеке көлігіңіз бар ма дегендей… Бүгінде жұрт осыған да аса мән береді екен ғой.

– Иә, үйім, көлігім бар.

– Ал осы уақытқа дейін тұрмыс құрмай жүруіңіздің сыры неде? Әлде оқу бітірейін, білім жетілдірейін, лауазым өсірейін деген оймен жүріп уақыт өткізіп алдыңыз ба?

– Қай қыз болса да кейін қиналмайтындай, өз нанын тауып жеуге мүмкіндік берердей білім алуды, мамандық меңгеруді қалайды ғой. Ата-ана да алдымен диплом иеленіп ал деп құлаққа құйып отырады. Сол сияқты жоғары оқу орнына түскесін одан жақсы маман болып шығуға тырыстым. Оқуды үздік бітірдім, жұмысқа да бірден тұрып кеттім. Ал жұмысқа тұрған соң тұрмыс ағымымен уақыт өте беріпті. Жалпы, менде алдымен білім жетілдіріп, мансапқа қол жеткізіп алайын, тұрмыс құруға әлі ерте дегендей ойлар болған емес. Жұрттан қалмай, әйтеуір күйеуге тие салу керек деген де ой болмады. Ондай ойым болса, шынымды айтайын, мен әлдеқашан, тіпті мектепті бітіре салысымен-ақ тұрмыс құрып кеткен болар едім. Төңірегімдегі құрбылар, әріптестер отау құрып жатқанда сондай күн бір кездері өзімнің де басымнан өтеріне деген сенім болды. Мен де өз теңімді табармын деп ойладым, теңімді тапсам, тұрмыс құруға дайын едім. Бірақ ондай жігіт кезікпеді. Енді… нәсіп болмаған шығар.

– Мүмкін өзіңіздің болашақ жарға деген талғамыңыз, талабыңыз тым биік болған шығар, қалай ойлайсыз? Кейде неге ертерек  тұрмыс құрып кетпедім екен деген өкініш мазаламай ма?

– Жігітке өзіңнің болашақ жарың, арқасүйерің, балалардың ардақ тұтар әкесі ретінде қарайсың ғой. Оның үстіне білімнің де өзіндік ролі болады. Болашақ жарыңның да жоғары білімді, ең бастысы – өресі биік болғанын қалайсың. Қыз баласы жарын мақтаныш еткенді, туған-туыс, жолдас-жора, көпшілік алдында ол үшін ұялмайтындай болуды қалайды. Еркек өзінің жарының мақтанышы, тірегі, шаңырақтың басшысы, балаларына арқасүйер, оларға үлгі-өнеге, тәрбие беретіндей жан болуы керек. Ал әлсіз, біреуге иек артып үйленетіндерден кейін басына қиындық түссе мүжілгіш, жылауық адам шығады. Одан қандай бала туылады? Ынжық, өзіне сенімі жоқ, әйелге тізгін ұстатып, салмақтың бәрін соған артып қоятын еркек әйелінің алдында өзін бәрібір де кем көреді, оның өз  балаларына да беделі болмайды, өз-өзінен төменшіктеп тұратын болады. Сөйте жүріп кейбірі жалған намысқа беріліп, «сен мені менсінбейсің» деп әйеліне өкпелейді, оның мазасын алады, кей отбасындағы кикілжің көбіне осындайдан шығып та жатады. Кей отбасындағы матриархат осындайдан пайда болады. Мен соны қаламадым. Ер-азамат сияқты мығым еместерді өзіме болашақ жар ретінде көре алмадым. Қыз бала болашақ жарының атына заты сай ер мінезді болуын қаласа, мұны аса жоғары қойылған  талап деуге келмейтін шығар.

Жалпақ тілмен айтқанда, маған оқыған жігіт кезіге қоймады, үнемі жоғары білімділердің арасында жұмыс істедім. Біреу кездесе ме деп күтесің ғой, бірақ ондай жан жолықпады. Ал кейбір қыздар сияқты өздігінен барып біреуге жабысу менің табиғатымда жоқ нәрсе. Оның үстіне кей жігіттердің еркек басымен пайдакүнемдігін, бақай есебін аңғарсам, олардан жерініп кететінмін. Мен біраз жерлерде қызмет істедім ғой, содан білемін. Талай жанға көмегім тиген, бірақ мен оны шын көңілмен істейтінмін, қиналған жанға қол ұшын бергім келіп тұратын мінез менде қазір де бар. Ал кейбіреулердің жігіт басымен өз мақсатына пайдаланып қалғысы келетін ұсақ мінезі маған тіпті де ұнамайтын. Ол намысқа тиетін нәрсе ғой. Негізі адамның мінезі, болмысы, қадір-қасиеті бағалануы керек.

Әлпештеп, аялап, негізгі адамгершілік құндылықтарды бойыңа сіңіріп өсірген ата-ананың да еңбегін ойлайсың. Жар таңдауда оларды ұялтпау, өкіндірмеу, уайымдатпау керегі де есте тұрады. Ата-анам жақсы тәрбие берді, өмірде қандай жетістікке жетсем де сол тәрбиенің арқасы, біреуді сағалап, пайдаланып қалу деген ойымда болған емес, жеңіл жолмен, оңай келетін пайдаға қызығу менде болмады, сондықтан да ұсақ есепшіл, пайдакүнем жандар маған тіпті де ұнаған емес.

Жалпы, мен тұрмыс құрмай қалдым деп қатты күйініп, өкінген емеспін. Бірақ сезімсіз де  емеспіз ғой. Кейде ойланасың, көңілін білдіргендер еске түседі. Сол кезде дұрыс істемедім бе деген ойлар да болады. Бірақ менде сол кезде неге көне салмадым деген өкініш болған емес. Тағдыр ғой, кейде қанша тырыссаң да бұзып өте алмайтын кедергілер болады. Жас шамасы көп нәрсені шешеді екен. Әсіресе біздің қазақта қыздың жасына аса мән береді, кейде соның да кедергісі тиіп жататыны бар.

– Кім де болса бірінші кезекте қыздың реңіне, сымбатына да қарайды ғой. Өзіңізді қысқаша сипаттай кетсеңіз…

– «Түрің онша емес» деген сияқты сөздер естіген емеспін. Орта бойлымын, салмағым 55 килоның шамасында. Жасы 20-25-тегі әріптестерім мені «Красавица әпше» деп атайды, «қазіргі жасыңыздан кемінде 10 жас кіші көрінесіз» дейді, «жасымыз қатарлас болса, мен сізге үйленген болар едім» дейтіндері де бар. Мүмкін еркелеп те айтатын шығар, жалпы, мұндай сөздерді жиі естимін. «Жас көрінесіз» дегенді маған қыздар да айтады. Бәлкім расында да тартымды болып көрінетін шығармын.

Осы кеше ғана өзіммен жасты бір азамат сөз арасында: «Бізден әлдеқайда жас болсаң да салиқалы, байыпты көрінесің. Сен біз сияқты кәрілерді менсінбейтін шығарсың, ә?» – деп қалды. Оның әйелі осыдан төрт-бес жыл бұрын қайтыс болған, есейіп қалған екі ұлы бар екен. Өзінің үйленгісі келіп жүргенін сездірді. Оған өзімен жасты екенімді айта жаздап барып басылдым.

Бәлкім ішкі жан-дүнием тыныш болған соң жас көрінетін шығармын. Мен өмірді жақсы көремін, оның әрбір сәтін бағалаймын. Өзімнің қалыптасқан, ыңғайлы ортам бар, өзімді онда жайлы сезінемін.

– Дауысыңыз да құлаққа жас қыздың үніндей болып, жағымды естіледі екен. Ал мінезіңіз қандай?

– Жақсы сөзіңіз үшін рахмет! Ал мінезім… қалай айтсам болады… Көпшілмін, ортамен тез тіл табысамын. Қаталдығым да бар, бірақ ол жұмысқа байланысты, әркімнің өз ісіне жауапкершілікпен қарағанын қалаймын, соны талап етемін. Кей адамның шын бейнесін әзілдеп, жұқалап жеткізетінім де болады, бірақ оған ешкім де ренжіген емес.

– Ендеше бұрын-соңды осындай қызға ғашық болып, көңіл білдіргендер де жоқ емес шығар? Өзіңіз де, мысалы, студент кезде біреуді ұнатқан боларсыз?

– Шынымды айтсам, жас кезде жігіт ойлай қойған жоқпын, білім алып, жақсы маман болуды ойладым. Бұған өскен ортада алған тәрбие де әсер еткен болар. Әкем лауазымды қызметтер атқарған, анам мұғалім болған жандар. Екеуі де бойымызға адамгершілік қасиеттер сіңірді, білімді, біліктілікті, парасат-пайымды, ар-ұят, намысты көбірек айтатын, бәрімізді соған тәрбиеледі, өзіңді, өзгені сыйлай білуге үйретті, баланың міндеті жақсы білім алу, мықты маман болу деп отыратын. Анамыз үйдің өзінде, әкеміздің алдында әдеп сақтауды, ибалы болуды үйреткен. Сондықтан да ата-ананың атына кір келтірмеуге тырыстық. Бірінші кезекте жақсы білім алуды ойладық. Студент кезімде жігітім тастап кетті деп жылаған талай қыздарды көргенмін. Біреуге бола жылап, өз бағасын неге түсіреді деп соған түсінбейтін едім. Бертін келе, қызмет істеп жүргенде өзіме де сөз айтқандар болды. Бірақ олардың ешқайсысын ұната қоймадым. Себебі көбінің бақай есебі көрініп қалатын.

– Қалай сонда?

– Шыққан ортаңа, жағдайыңа  қарайды, «кейін асырайтын болады», «қызметте өсуіме көмегі тиеді» дейді. Ондайларды мен көңілден бірден өшіріп тастаймын. Мен ер-азаматтың ондай ұсақ мақсатпен емес, шын ниетпен, болмысыңды танып жар болғанын, азамат деген атқа лайық болғанын қалаймын. Еркек деген өзінің биігінде тұруы керек. Менің ұстанымым сол – азамат адам өзінің деңгейінде болуы керек. Мұнымды көп адам түсіне бермеуі  де мүмкін. Бірақ солай екен деп мен өз болмысымды өзгерте алмаймын ғой.

– Ал тоқал болу жөніндегі ой сізге қай кезден келе бастады? Сізге осындай ұсыныс білдіргендер болды ма?

– Мен бұл жөнінде жасым 30-дан асқан соң ойлана бастадым. Ажырасқан болса да лайықты жігіт кезіксе тұрмысқа шығу ойда болды. Кейін лайық жан кездессе, екі жақтың да жағдайын жасай алатын, шын мәнінде екі әйелге иелік ете алатын, оларды тең әрі тату ұстай алатын жан жолықса, ойын білдірсе, неге тоқал болмасқа деген де ой келді. Өйткені өмірде барлық жағдайы, қасиеті, қауқары бар, түрлі себеппен отбасында бір-екі баламен шектеліп қалған, ұрпағы көбеюі керек ерлер де жоқ емес. Бірақ олардың көбі «екінші әйел алуға болмайды» деген қасаң қағидаға мойынсұнып қалған. Сондай еркек кездессе, неге оған тоқал болмасқа деген ой келді. Әйтеуір тиіп алсам болды, күйеусіз қап кетпейін деген емес, саналы түрде сондай ой болды. Өйткені ана болып, сәби сүю де керек қой. Ал сәби сүю некелі жарың арқылы келеді. Арада бала болса болар, болмаса, ол да бір Құдайдың ісі ғой.

Негізі біреуге тоқал боламын десем, үйдегілер де маған қарсы тұра алмас еді. Өйткені  бұл менің өз өмірім ғой. Қазір немере сүйер жастамын, енді маған 25-тегі жігіт келмейтіні белгілі.

Осы орайда маған отбасы бар, сондай-ақ ажырасқан азаматтардан ойын білдіргендер де болған. Біреулері «ұнайсың, кездесіп тұрайық» дегендей пиғылын білдіреді. Ол намысқа тиетін нәрсе ғой. Өйткені мен күнін көре алмай, нан таба алмай жүрген жан емеспін, біреуді пайдаланып, жағдайымды жасап алайын дейтін ойдан да аулақпын. Біреуге кіріптар болып, қашан маған нан береді, қашан сүйек тастар екен дегендей көлеңкеде қашып-пысып жүргім келмейді. Осындай ұсынысынан бас тартқаным үшін сыртымнан өсек таратқандар да болды. Көпке топырақ шашқандай болмайын, бірақ саралап, байқап қарасам, қазіргі еркектердің арасында ой-санасы ұсақ-түйек пиғылдан аспайтындар көбейіп кеткен сияқты болып көрінеді. Тіпті кездесуге өзі шақырып алып, таксиге, кафеге ақшасы жетпей қалғанды да көрдім, өзіңе төлетеді, соған ұялмайды, мүмкін әдейі істейтін, соны бір ақылы асқандық көретін шығар. Әңгімесінің көбі проблема айтуға кететін жылаңқылар да болады екен. Ондайлардан, әрине, бірден жерінесің ғой. Өйткені мен өз басым қанша қиналсам да оны ата-анама, бауырларыма білдірген емеспін. Менде «күріштің арқасына күрмек су ішіпті» дегендей біреудің ақшасын пайдаланып тамақ ішу деген де болған емес. Ақшам жоқ болса, «диета ұстап жүр едім» деймін де қоямын. Су ішіп жүре беремін. «Жоқ» деген сөз маған ұнамайды. Білімім, қолым, өз нанымды тауып жейтін шамам бар ғой.

Мәпелеп өсірген ата-анамды «қызы біреудің тоқалы болып қашып-пысып күн көріп жүр» деген жаман сөзге қалдырғым келмейді. Ал екінші әйелдікке құда түсіп, некеге тұрып алып жатса, оның әбестігі жоқ қой. Өйткені ол ата салтымызда бар нәрсе емес пе?

– Өзіңізбен танысқысы келіп, хабарласатындар бар ма? Бар болса, олар не дейді? Сіз не айтасыз?

– Хабарласатындар бар. Жақынырақ танысқысы келетінін айтады. Ондайда: «Қызға қояр қандай талабыңыз бар? Оның қандай болғанын қалайсыз?» – деп сұраймын. Таңқалатыным, бәрінің айтатыны жаттанды бір сөз: «мінезі шынайы, тәрбиелі, адамгершілігі мол, жүрегі таза, адал жар болатын, иманды жар сүйгісі келетінін» айтады. Мен өзімді осындай талаптарға сай, мінезім шынайы, тәрбиелімін, адамгершілігім бар, жүрегім таза, имандымын деп айта аламын. Бірақ еркектер осыны айта отырып көп нәрсені ұмытады ғой. Олардан: «Болды ма, басқа қояр талабыңыз жоқ па?» – деп сұраймын. Олар «иә» дейді. «Жасым – 51-де, бойым – 145 сантиметр, салмағым – 89 кило тартады, түрім онша емес, аяғым қисықтау», – деймін сосын. Танысқысы келіп, самбырлап отырған еркек сол кезде сап тыйылып, ойланып қалады. Ал расында еркекке сұлу, сымбатты қыз керек қой, одан кейін олар қыздың тұрмыс жағдайына қарайды, оның адамгершілік қасиеттеріне ең соңынан көңіл бөледі, солай емес пе? Сондықтан қызбен танысқысы келетін еркек ол сай келуі тиіс деп тапқан талапты да дұрыс қоя білуі керек деп ойлаймын.

– Жалпы, өмірде атына заты сай келетін азаматтар да жоқ емес қой. Ондайлар сізге шынымен де кезікпеді ме? Жанашыр адамдар қай ортадан болса да табылады, мүмкін өзіңізді сыйлайтын, шын көңілден тілектес жандардың біреумен таныстырған, табыстырғысы келген кездері де болған шығар?

– Иә, ондайлар бар. Сыр-сымбаты, білімі, пайым-парасаты, мәдениеттілігі адамды тәнті ететін бір азаматпен жақсы сыйластым. Ол маған бар сырын айтатын. Өзі менен біраз жас кіші, екі баланың әкесі еді. Әйелін ұнатпайтынын, оған амалсыздан үйленгенін айтатын. Кейін тоқал тақырыбына әңгіме қозғайтын болды. Мені қатты ұнататынын, жоғары бағалайтынын да білдіріп жүрді. Бірде тоқал туралы әңгіме бастағанында оған: «Мені тоқалдыққа алар ма едің?» – деген сұрақты тікесінен қойдым. Ол: «Егер мүмкін болса… Әйелім рұқсат берсе…» – деп күмілжіп қалды. Негізі адамды түр-келбет қана емес, мінез-қасиет те жақындастырады ғой. Демек, адам ретінде ол менің болмысымды түсінген болды деп ойладым. «Онда мені некелі әйелің етіп ал», – дедім оған. Ол менен мұндай сөзді күтпегендіктен: «Мұны ойнап айтып отырған шығарсыз? » – деді. Мен мұның ойнайтын нәрсе емесін айттым. Қысқасы, ол не дерін білмей қалды. Кейін олай ете алмайтынын айтты, бірте-бірте менен қашып жүретін болды. Мен оны түсіндім, ол мен туралы жаман ойлаған жоқ, тек әйелінен аса алмады. Ал менің біреудің отбасын бұзу ойымда жоқ еді, тек тоқал болуға дайын екенімді ашық білдіргенмін. Менің оған ешқандай да ренішім жоқ, бірақ қатынасты содан кейін біржола үздік.

Жасым 35-тен асқанда мені бір туыстарымыз жақсы жігіт деп 30-дағы сүрбойдақ жігітпен таныстырғаны да бар. Ол кафеге студент інісін ертіп келді. Бірақ жігіт маған ұнамады, өйткені пайымы төмендеу екен. Білімі төмендігіне мән бермес те едім, бірақ рухани дүниесі жұтаң екені де бірден аңғарылды. Адамның өресі өзіңмен шамалас болғаны да жақсы ғой негізі, ондай болмаса, арада жылудың болуы да қиындау. Жігітті «ішпейді-шекпейді» деп таныстырған, ал ол ішімдік пен темекінің ешқайсысынан да бас тартпай, «сілтеп», көңілді отырды. Оған қарағанда інісінің пайымы жоғарылау екен.

Кейін естуімше, жігіт мені бірден ұнатыпты. Содан үйі хабар алып, анасы қатты қуанған, әпкесі келін апарамыз деп айтып, анасы келін түсіремін деп дайындыққа кірісіп кеткен ғой. Жігіттің інісі де мақтауымды келістіріпті, мүмкін еркелегені де шығар: «Ағам үйленбесе, ол қызды мен аламын, бес-алты жас үлкен болса да соған үйленемін», – деп те жіберіпті.

Содан қайтарда әлгі жігіт жасымның қаншада екенін сұрады, мен жасырмай, 35-те екенімді айтып едім, сөзіме сенбеді. Сосын мен оған жеке куәлігімді көрсеттім. Сол кезде ол: «Өй, жасың үлкен, кәрі екенсің ғой!» – деді де, бұрылып, кете барды. Бұл маған өте жайсыз әсер етті. Сөйтсем бізді таныстырып-табыстырғысы келгендер жігітке менің жасым туралы айтпаған екен, отбасын құрсын, кейін айтып, түсінісе берер деп ойлапты. Бірақ бұл әрекеттен ештеңе шықпады. Әлгі жігітті анасы да, інісі де ары айтып, бері айтып, мен сияқты  жасы үлкен қызға үйленуге көндіре алмапты. Негізі менің де ондай жанмен отбасын құрар ойым жоқ еді.

– Кей сұрақтар дөрекілеу шығып жатса, айып етпегейсіз. Дос-жаран, тіпті туған-туыс тарапынан сізге әйтеуір біреудің етегінен ұста немесе некесіз болса да бала туып ал деп ақыл айтқандар болды ма екен? Мұндай жайлар туралы естігеніміз бар еді, сондықтан осы сұрақтың да ыңғайы келіп қалды.

– Жасырмай-ақ қояйын, әлгі тоқал туралы айтып жүрген жігітпен арадағы әңгімені анама сыр қылып айтқанмын. Анам: «Өзің нені дұрыс көрсең, солай істе», – деп ырзалығын берген. Ал апа-сіңлілерім тоқал боламын деген ойымды құптамады. Олар мұны маған лайықсыз көрді, әулетімізге намыс көрді.

Ал таныстар, достар тарапынан «кімге де болса тиіп ал», «біреуден бала туып ал» деген сияқты кеңестерді талай естігенмін. Ондай жолмен өмір сүріп жатқандар, перзентті болғандар бар, білемін, көріп те жүрмін. Арам есепке әбден үйренген кейбіреулерінің ісіне қынжылатыным болмаса, өз басым ондайларды кінәламаймын. Өйткені табиғат заңы ғой, қыз бала бәрібір де ана болғысы келеді. Мүмкін оның маңдайына сондай тағдыр жазылған болар, мүмкін оның басындағы жайдың бірден-бір дұрыс шешімі де сол шығар. Ондай жолмен бала туып алғандар да бар. Олардың ішкі дүниесінде не болып жатқанын ешкім де білмейді ғой. Олардың көбі үшін еркектің үлде мен бүлдеге орап қойғанынан гөрі өзінің өмірге бала әкеліп, соған мейірімін төккені әлдеқайда маңызды. Мүмкін жасырын болса да некелерін қидырып алған шығар. Әйтеуір бала некесіз туған болмауы керек.

– Егер шын ойын білдірсе, қандай азаматқа тоқал болар едіңіз? Сіз үшін не маңыздырақ – еркектің жасы ма, тұрмыс жағдайы ма, әлде қадір-қасиеті ме?

– Жаңа айтып өткенімдей ер-азамат деген атқа лайық, тұрмысы түзу, отбасына, әйелдеріне, балаларына дұрыс қарай алатын адам жолықса, оған екінші әйел болуға қарсы емеспін. Әрине, материалдық жағдайы сай болуы тиіс. Жасы ары кетсе 50-55-тен аспағаны дұрыс шығар. Шаршап қалмаған, өмірге құштар, белсенді өмір салтын ұстанатын, жұртпен жиі араласатын, табиғат аясына шығып тұрудан да қашпайтын, әңгіме-сұхбатқа өресі сай, парасат-пайымы жоғары жан кезіксе, оған екінші жар болуға көнер едім. Жұртқа көрсетіп, жариялы түрде үйленсе, мен ол үшін арланбас едім.

– Жаңа «жас көрінемін» дегенді айттыңыз. Егер өзіне тоқал болуды ұсынатын адамның жасы сізден кіші болса ше? Мысалы, 10 жас кіші болса, оған тоқал болуға көнер ме едіңіз?

– Несі бар, бір-бірімізді шын ұнатсақ, барлық жағынан сәйкес келіп тұрсақ, өзі солай шешсе, ондай жанға тоқал болудан да бас тартпас едім. Мен үшін жас деген тек сандық көрсеткіш қана. Өзімді жас сезінемін. Сондықтан өзімнен 10-15 жас кіші азаматпен болмысымыз, көзқарасымыз сәйкес келіп жатса, оның бас қосар ойы болса, өзімнен кішіге де лайықты жар бола аламын деп ойлаймын.

– Ал өзге ұлт өкілі шын ұнатып, маған тоқал бол деп сөз айтса ше, көнер ме едіңіз?

– Жоқ. Мен өзге ұлттың азаматына шықпаймын. Бірақ бұл ұлтшылдықтан, өзге ұлтты кем көргеннен емес. Сізге бір қызық айтайын. Ілгеріректе интернеттен әкенің гені қызына 50 пайыз, ал қызынан туған ұлға 100 пайыз беріледі дегенді оқығаным бар. Бұған ғалымдар көз жеткізген көрінеді. Соны таяуда тағы бір жерден оқып таңқалдым. Аталарымыздың «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деп айтылатын сөзі бар ғой, соған сәйкес келіп тұр. Осы орайда менің кейбір қазақ азаматтарының өзге ұлттың қыз-келіншектеріне үйленіп немесе оларды «көлеңкедегі» тоқал ретінде ұстап жүргеніне ішім ашиды. Яғни олардан туған бала бәрібір қазақ болмайды ғой. Біздің жігіттер сөйтіп жүріп қазақ қызы өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шықса өлердей қызғанады, оларды тілдеп-сөгіп те жатады. Оларға одан да өз қазағыңның қызын бақытты етсейші дегім келеді. Жар болуға лайықты қыздар көп қой. Бірақ олар көше, мейрамхана кезіп, біреудің көзіне түсейінші деп ойына келгенін істемейді, ар-ұят, намысы бар, жұмысына барып келгесін үйінде отырады. Санасы толық, моральдық ұстанымы таза. Сондай қыздарды жар ету керек қой. Мен өзімді жар болуға лайықты сондай қызбын деп ұялмай айта аламын.

– Егер өз ойыңыздағыдай бір азамат тоқалдыққа алса, бәйбішемен бір шаңырақ астында тұрасыз ба, әлде бөлек тұрғанды қалар ма едіңіз?

– Әрине, бөлек тұрғанды жөн көрер едім. Өйткені бәйбіше де адам баласы, оның да өз сезімі, намысы бар, қызғанышы болатыны да табиғи жағдай, оған психикалық тұрғыда бұл ауыр тиеді. Оның көзінше күйеуіңе қалай еркелейсің? Бәйбішенің қызғанышы оянбай ма, реніші болмай ма? Ерлі-зайыптылардың арасында ешкімнің де көруі тиіс емес, екеуінің арасында ғана қалуы тиіс қатынастар, жағдайлар болады ғой, оған куә не керек? Бұл енді біреудің алдында киініп-шешінуге ыңғайсызданатын сияқты табиғи жағдай ғой, камерамен аңдып отырған сияқты бәйбішенің көз алдында жүрген қалай болады? Мен жеке тұрғанды қалар едім. Араласып-сыйласайық, бірақ бөлек тұрғанды дұрыс көремін.

Ал өз басым бәйбіше бола тұрып күйеуім тоқал алғысы келетінін білдірсе, оған қарсы тұрмаған болар едім. Өйткені еркектің табиғаты бөлек қой. Алғысы келсе, физикалық, материалдық жағдайы жетсе, әйелдерге, балаларға тең қарауға шамасы жетер болса, алсын. Көшедегі әркімнен қалған біреулерге барып шашылғанша, некелеп тоқал алып, соның жағдайын жасасын.

– Жалпы, ел арасында еркектердің көп әйел алуын заңдастыру керек деген мәселе жиі көтеріліп тұрады ғой, оны білесіз. Жеріміз үлкен, халқымыз аз, осы орайда тоқал алудың демографияны көтеруге серпін беретіні жөнінде де айтылады. Өзіңіздің бұл тақырыпқа қатысты ұстанымыңыз қандай?

– Жалпы, бұл өзі өте бір күрделі тақырып қой. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Негізі өз басым еркектерге көп әйел алуға рұқсат беруді қолдамаймын.  Неге? Біріншіден, мысалы, тоқал алудың демографияға түк те қатысы жоқ. Денсаулығы көтерсе, 5 баланы, тіпті 15 баланы бір әйел де туып бере алады емес пе? Егер өзінің бала тууға қабілеті болмаса, есті әйел күйеуінің тоқал алуына өзі де келіседі ғой деп ойлаймын. Мұндай жағдайда еркек бірінші әйелімен ажыраспағаны дұрыс. Оның да жағдайын ойлау керек қой.

Екіншіден, шын мәнінде тоқал алуға біздің еркектер дайын емес, тоқал алуға қатысты түсініктің өзі мүлде дұрыс емес. Тоқал дегенде қазіргі еркектің көз алдында жап-жас, сұлу, сымбатты қыз тұрады. Яғни олар осындай қыздарды тоқалдыққа алуға ұмтылады. Егер көп әйел алуды заңдастырса, жас қыздар бірінші кезекте тұрмыс құрады да, басқаларының күйеусіз қалуы көбейеді деп ойлаймын. Әлеуметтік кикілжің, ұрыс-керіс сонда көбейеді. Еркектердің тоқалға қатысты көзқарасы өзгермесе, жағымсыз нәрселер сонда басталады. Ақшалы адамдар жас қыздарды алады, тіпті оларды ақшаға қызыққан ата-аналары өздері-ақ беріп жіберуі де мүмкін. Ондай жайлар тарихта болды ғой, соның қайталанбасына кім кепіл? «Сананы тұрмыс билейді» демекші, қазір материалдық құндылықтар бірінші орынға шығып кетті емес пе?

Сондықтан өз басым дәл қазіргідей уақытта көп әйел алуды заңдастыруға қарсымын. Оған біздің еркектер дайын емес, олардың түсінігі сай емес. Моральдық құндылықтар аяқасты болып жатқан заманда тұрмысын түзеу үшін, жеңіл өмір сүру үшін тоқал болуға дайын қыздар да шығып, өздерін ашықтан-ашық жарнамалап жатқан жоқ па? Осының бәрі жақсы емес. Қыз өзінің жастығын ақшаға сатса, еркек тән ләззатын, жастықты ақшаға сатып алатын болса, оның несі жақсы? Жас адам бәрібір де өзімен жасы шамалас адамды қалайды ғой. Жалпы, есепке құрылған қатынаста қандай абырой болады?

Бұрынғылар тоқалды қалай алған? Байлар, мүмкіндігі бар адамдар екінші, үшінші, төртінші, тіпті одан да көп әйел алған. Онда да оған біріншісін шыққан тегіне қарап немесе өзара сыйлас адамдар жастай атастырып әперген. Екінші әйелмен еркек көбіне бір туысы қайтыс болғасын оның балалары жетімдік көрмесі үшін, жесір өзге жаққа кетпеуі үшін әмеңгерлік жолмен бас қосқан. Үшінші әйелді де ол көбіне сондай тұрмыстық жағдайға байланысты алған, тек төртіншісіне ғана өзі қалап, таңдап үйленген. Бұрын тоқалға қатысты түсінік осындай болған. Оның бүгінгі ұғыммен арасы жер мен көктей. Сондықтан жұрттың алдымен осындай жайларға мән бергені абзал болар еді.

– Өз ойларыңызбен бөлісіп, ашық сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. «Қыз баланың сұлулығы – иманында» деп те айтылады ғой, өзіңізбен сөйлесе отырып бойына жақсы қасиеттерді  жиған жан екен деген ой түйіп отырмыз. Ендеше сіздей қызды іздеп жүргендер де бой көрсетіп қалар, талғамыңызға тең келетін жанмен танысып-табысуларыңызға шын жүректен тілектестігімізді білдіреміз.

Сұхбаттасқан – Р. ҚЫДЫР.

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста