Тойға туған шешесiн шақырмады
Колледжде бiрге оқыған курстас қыз күз басында тұрмыс құрды. Ауқатты әкесi аянып қалған жоқ. Жасауын қымбат дүниемен толтырды. Мейрамханада аста-төк той жасап бiр шалқытты. Шешесi де жарқырап, жасау-жабдығын, қыздың киiм-кешегiн, көрпе-төсегiн түгендеп зырылдап жүрдi. Не керек, кiсi қызығарлықтай көрiнiс едi бұл. Сырт қараған адамға төрт құбыласы түгел бойжеткеннiң ұзатылу тойы екенi рас.
Бiрақ тойда құрбымның нағашыларынан бiрде-бiр адам жоқ, анасын да көре алмадым. Құрбымның әкесiнiң қасында өгей шеше жайнаңдап жүрдi. Шалғай ауылдың бiр түкпiрiнде – қамсау үйде күйбең тiрлiк кешiп жатқан туған анасын еске алып, көңiлiм күйзелдi.
Мен бұл отбасын жақсы бiлетiнмiн, Ақтөбеде пәтер жалдап, мектепте еден жуушы болып жұмыс iстейтiн анасы құрбымның колледждегi оқу ақысын төлеу үшiн оны жатақханаға тастап, ауылға бай шаруаның малын қарап, сиырын саууға жалданып кетiп едi. Сол кезден бастап құрбым шешесiне өшiге бастады, айтатыны: “16 жасымда жалғыз өзiмдi қалаға қалдырып, өзiң тайып тұрдың”. Жатақханада бiрге тұрғанымызда, анасының такси жүргiзушiлерiнен үнемi берiп жiберетiн қаймақ-майын, қуырдағын ашқұрсақ жүрген күндерiмiзде азық қылғанымызды қалай ұмытайын?! Жарытып ақша жiбере алмаған шығар, елдiң қыздары сияқты әдемi киiм кие алмаған шығар, бiрақ та екеуiмiз аш болған жоқпыз. Екеумiз деп отырғанымыз – менiң әке-шешем жоқ, тас жетiммiн. Жетiмдiк пен өгейлiктiң не екенiн құрбымнан гөрi жақсырақ сезiнемiн. Колледждiң соңғы жылында құрбымның ес бiлмеген кезiнде тастап кеткен әкесi тап болды. Әкесiн тапқан соң құрбым мал басындағы анасынан да алшақтай бердi. Осынысы үшiн де құрбым екеуiмiз жиi сөзге келiп қалатынбыз. Ақыры өмiр жолымыз әртүрлi болды ма, әлде көзқарас алшақтығымыздан ба, екеумiздiң жолымыз екiге айырылды. Бiлетiнiм, құрбым Ақтөбедегi дәулеттi әкесiнiң қолына кетiп қалды. Мен де байланысымды үздiм. Ендi мiне, арада 5 жыл өткенде, тойына шақырту алып, келiп отырмын.
Той басталмастан бұрын жұртқа естiртпей: “Жамал апай неге келмедi?” дегенiмде, құрбым ыршып түстi, бiрдеңенi сылтауратып, бұрылып кете бердi. Сол кезде атшаптырым мейрамхана тар көрiнiп, самаладай жарқыраған шамдар күңгiрт тартқандай, несiн айтайын, көңiлiм құлазып сала бердi. Той алдында Түркияға барып, киiм-кешек пен дүние-жасау iздегендерiн қонақтарына сампылдап айтып жатқан өгей шешенi де көргiм келмедi. Мейрамхананың алдында сыйлы қонақтарын асыға күтiп, тықыршып тұрған әкесiнiң тоқмейiл кескiнiн де көргiм келмедi. Тола жұрттың көзiнше бiрден кетiп қалу да ыңғайсыз. Ақыры той басталды. Аста-төк дастарқанға қолымды да созғым келмедi, тамағымнан ас өтпедi. Ретiн тауып шыға жөнелдiм. Қыркүйектiң түнi өте суық, жұқа күртешемнен ызғар өтiп барады. Жамал апайымның сәлемдемелерiн таситын Ойылдың таксистерi бар ма екен? Орталық базардың сыртында тұратын едi ғой олар. Ертең барып, баяғы таныс жүргiзушiлер тұрса, апайымның жағдайын сұрайын, қызының тұрмысқа шығып жатқанын бiле ме екен? Әлде жоқ-жұқа тiршiлiгiнен қомсынып тойға келуден өзi де бас тартты ма екен?
Бұл кiсiлердiң есiмдерiн өзгертiп жаздым. Бәрiмiз бiр қалада өмiр сүрiп жатырмыз ғой...
Жазира Әбiлқасымова,
Ақтөбе.