Тойға алынған несие ажырасуымызға себеп болды
Қазір нешетүрлі аста төк, ысырапқа толы тойлардың бейнекөріністерін көрген сайын, қатты қынжыламын. Қазақ бір бірінен қалмаймын деп, той жасауға ұмтылады. Ақырында тойдың қарызын өтей алмай, есепсіз алған несие енді ғана шаңырақ көтерген жас жұбайлардың аяққа тұрып кетуіне кедергі жасайды. Жағдайы болса бір жөн, тыраштанып, жоқты қарызға алып, жетпегенін несиеге алып той жасаудың соңы қаншама шаңырақтың шайқалуына ықпал етіп жатыр. Егер сол кезең қайтып келсе қалай болған күнде тойдың жасалуына кедергі жасап, той жасатпайтын едім.
Күйеуім екеуіміз үш жылдай қыз бен жігіт болып жүріп, үйлендік. Біздің жақтың дәстүрімен екеуіміз қосылған соң үйлену тойы үш айдан кейін күзге таман өтті. Үш ай тойға дайындық кезінде үйдегілердің той жасауға ақшасы жоғын байқадым. Той жасауға мақта терімін күтіп жүргенмен одан айтарлықтай пайда көре алмады. Соны білген сәттен бастап, жолдасыма «той жасамай-ақ қояйық», деп жалына бастадым. Жолдасым «ұят болады, әке шешем де талай адамдардың тойына барып жүр. Олар да бізден тойды дәметеді» деп көнбеді. Ата енем де «той жасауымыз керек» дегенінен қайтпады.
Өзім мектепте мұғаліммін. Жолдасым үйдің сыртқы шаруаларымен айналысады. Үйдің көктемде салған егістік жұмыстары, үйдегі техника, қорадағы азын аулақ малдың жайы, арасында тракторымен жұрттың отын-су, шөбін жеткізіп береді, құрылысқа да ебі бар. Әйтеуір қарап отырмайды. Егістік жұмысынан ақша айтарлықтай түспейтінін білген соң екі банктен несие алды. Атам зейнеткер болған соң оған көп несие бермеді. Жетпей жатқан соң тұрып жатқан үйімізді кепілге қойып жолдасым тағы несие алды. Той күні жақындағанда той көйлегі, неке сақинасы, тойға шақыру билетке түсу, алдын ала алып қоятын тойбастар керек жарақтарына ақша жетпейтінін білген соң менің атымнан тағы үш мың доллардай несие алдық.
Алыс-жақын туған туыс та көп екен. Менің жолдасыма дейінгі бір қыздарын ұзатып, үлкен ұлын үйлендірген соң, «қолда қалған бір баланың тойы ғой» деп намысқа тырысып, ата-енем тойға барынша тырысып бақты. Сонымен тойды өткіздік. Іле шала құдалықты жасадық.
Барлық шу тойдан кейін басталды. Құдалық кезінде киітке ақша жетпей жатқан соң енем ауылдағы пайызға ақша беретіндерден 300 мыңдай тағы қарыз алыпты. Олар той өткен соң бір айдан кейін, атам мен енемнің зейнетақы алатын карточкасын алып алды. Мен алған айлығыммен өзімнің атыма алған несиені жаба бастадым. Ауысқанына үйге азық-түлік әкеліп жүрдім. Жолдасым алғашқы айда несиесін төлей алмай, қолдағы азын-аулақ малдың бірін сатып бір несиенің екі айын жапты. Сөйтіп құрылыста істеп жүріп қалған айларының несиесін жаппақ болды. Алайда құрылыс тоқтап қалып, үшінші айында менің бар айлығым несие жабуға кетті. Үйге азық-түлік алуды қойдық. Сөйтіп жүргенде қыс келіп қолдағы бар малға жем-шөп, отын су алу келу керек болды. Қалған бір сиырды сатып, ұсақ малға шөп алып, отынымызды кіргізіп алдық. Алайда жолдасым несиені уайымдап, ішкілікке салына бастады.
Ал одан кейін несиені төлей алмай пайызы өсе бастады. Мен декреттік демалысқа шықтым. Менің атыма алынған несиенің де пайызы өсіп, төлейтін күні өткен соң үстеме ақысы өсе берді. Үйде ұрыс керіс көбейді. Денсаулығым нашарлап, бірнеше рет баланы сақтау үшін ауруханаға жатып шықтым. Ал жолдасым есін жимастан ішетін болды. Балаларының ішкілікке салынғанын көріп ата енемнен де маза қашты. Ағайын туғанды жинап, қанша рет жолдасымды ақылға шақырғанмен, сол сәтте түсінген түр көрсеткенмен іле шала қайтадан ішіп кететін. Мінез шығарып маған тиісетін болды, болмасты сылтауратып қол көтеретін. Бұрынғы шаруақорлығы жөніне қалды. Ұрысымыз сол баяғы «тойды жасама» дедім деп кінәласудан басталатын. Кезекті рет қол көтергенде үйіме кетіп қалдым. Босанған соң 6 айлығында баламды анама тастап, атыма рәсімделген несиені төлеу үшін жұмысқа шығып кеттім. Үстіндегі өсіп кеткен үстемесін төлеудің өзіне бірнеше ай кетті. Барлық несиені банктен үстемесімен қосып есептетіп, қайтадан ай сайынғы төлейтін график жасатып алдым.
Шынымды айтсам шаңырақ көтермей жатып, жұбайлық өмірден көңілім қалды. Тұрмысқа шыға сала талай ұрысымызға себеп болған, ақырында ажырасуымызға себеп болған тойды да жек көріп кеттім. Қазір балама алимент те талап етіп жатқам жоқ. Несиесін төлей алмай жүрген адам, балаға алимент төлеп қарық қылмас деп ойлаймын. Енем бір рет келіп немересін көріп кетті. Атам «құдаларға қарайтын бетім жоқ» деп келмеді. О баста күйеуіме ақыл кірсін деп кетіп қалғаныммен қазір қайта қосылуға ықыласым жоқ. Әбден суып кеткем.
Шынымды айтсам, жолдасымнан қатты көңілім қалды. Әйел болсам да, үйлену тойын жасау міндетіме кірмесе де мойымай, тойға жұмсалған несиенің қарызын төлеуге ұмтылып жатырмын ғой. Жолдасым еркек басымен несиені уайымдап, ішкілікке салынып, үйдің берекетін алып қол көтеруге дейін барғаны әбден төзімімді тауысты. Артымнан бір рет келгенімен бармай қойдым. Естуімше жолдасым әлі ішкілікке салынып жүрген көрінеді. Атам баласының күйігі қоймаса керек, ауырып жатып қалыпты. Қазір көп далаға шықпайды екен. Кейде бәрін ойлап жүрегім ауырады. Тыраштанып той жасауға ұмтылып, сонша несие алмағанда, пайызға ақша алмағанымызда шаңырағымыз шайқалмас еді. Ең болмаса ішкілігін қойса қайта барып қосылар едім. Бірақ қиындықты көтере алмайтын адаммен бұдан ары жолымыз тоқайласпағаны дұрыс шығар деп ойлаймын.
Алма Досанова, Оңтүстік Қазақстан облысы.