Талақтан көз ашпаған қыздың тағдыры
Бүгінде эксперимент алаңына айналған еліміздің білім беру саласы әбден талаққа ұшыраған жесір әйелдің кейпіндей көрінеді бізге. Әр күйеуінен туып алған балаларын (реформалар) жетектеп, әр еркектің етегінен ұстап жүргені. Бірақ, маңдайына біткен соры ма, кім білсін, қай еркектің қойнына кірсе де бірер жылдан ұзақ бірге тұра алмайды, абыройы айрандай төгіліп, талақпен кеткеніне көз үйренген.
Қазір оның жаңа қожайынымен тұрып жатқанына жарты жылға жуықтады. Аяғы тағы да ауыр. Бұл жолы бұрынғыдай бір-біреуден емес, егіз немесе үшем тууды жоспарлап отыр. Бірақ, төркіні оның бала табуына мүлдем қарсы, өйткені, осы күнге дейін туған балалары шетінен мүгедек, жетілмей қалған, шетінеп кеткендері де аз емес. Қыздың төркінін бұл егіздердің ертеңгі тағдыры алаңдатады. Жүктіліктің алғашқы уақытында абортқа көндіріп көргісі келген, бірақ күйеу жігіт үзілді-кесілді бас тартты, араға алдымен ауылдың жастарын салып көріп еді, мұнысынан түк шыққан жоқ. Кейін амал жоқ, беделі асқан апасын салды. Жұрттың оған қарсы сөйлеуге батылы жетпейтінін ол білетін. Расымен де солай болды, біздің қыз ақыры туатын болып шешті.
Алғашқыда қыздың үйіне есік ашып келгенде күйеу баланың болашаққа жасаған жоспарларымен бөлісіп, біраз мақтанғаны есте. Үйде мұрны ағып жүрген ойын балаларын саусақпен көсетіп, "мыналардың көзін ашамын, бәрін оқытамын, бір емес үш тілде еркін сөйлейтін болады, байисыңдар " деп уәде берген. Бірақ, қыздың жағы тақыр кедей болса да, бай баласының мына уәделеріне илана қойған жоқ. Иланбайтынындайы да бар, өйткені қыздары бұған дейін де талай бай жігітпен тұрмыс құрып көрген. Бәрі де дәл осылай уәде беріп, соңында қызды бала-шағасымен қоя беретін.
Шынын айту керек, шал мен кемпір бұл күйеу баланы да жақтыра қойған жоқ. Өйткені, бұл бар, мұның алдындағы "талақшыл" күйеу балалар бар, бәрі бір жамағаттан еді. Олар Құдайға емес, "нұрға" табынатын. Содан да болар, рухани тұрғыдан келгенде бәрі де жарымжан, мүгедек. "Бауырларынан асып мынау қайда барсын, ұрпағымызды құртатын болды-ау" деп іштей қынжылды қыздың төркіні. Бірақ, жақсылықтан үмітін үзбеді.
Осылайша арада күндер мен айлар өтіп, босанатын уақыт та жақындап қалды. Көріпкел балгерлер бұл жолы да дүниеге ақыл-есі дұрыс, аяқ-қолы сау баланың келмейтінін болжап отыр. Тіпті, оның кеселі бүкіл жұртқа залалын келтіреді дейтін көзі ашық жандар да аз емес. Тек, күйеу жігіт пен оның жамағаты ғана "бәрі жақсы боладыны" айтып, күзде болатын шілдеханаға дайындалуда.
Айта кетейік, бұл жамағаттың көсемдері қайбіркүні қытайлықтармен зина жасап қойып, соңы үлкен дауға ұласа жаздады. Көрші ел қызымызды бүлдірдің, енді аласың деп алқымнан алып отыр. Ала салайын десе артында тұрған халқы ойран салмақшы. Алмайын десе әлгі қытайдың қызына сырын алдыртып қойған, ол да мұны жайдан-жай қоя салмайтыны анық. Енді осы күнге дейін жиған-терген дәулетін сол елге беріп, мәселені шешпек көрінеді.