Суреттегі еркектерден қызғанатын күйеуімнен шаршадым. Не істеймін...
Күйеуіммен отасып, өмір сүріп жатқаныма 15 жылдан астам уақыт болды. Құдайға шүкір, қазір үш баламыз бар. Менің отбасылық өмірімнің өзгелерден ерекшелігі - сыртқы әлеммен тыс, дуал ішінде өтіп жатқандығында. Оған басты себеп – күйеуімнің қызғаншақтығы.
Менің жайымнан хабардар адамдар - туысқандар кейде маған мүсіркей қарайтын секілді. Өзімнің де ішімде толып жатқан қыж-қыж дүние жетерлік. Бірақ онымен бөлісетін менде құрбы-құрдас та, жақын адам да жоқ. Олармен қош айтысқалы қашан?.. Соңғы кездегі ермегім – ұялы телефоным арқылы түн ортасында ғаламторды шарлау. Онда да тағдыры өзіме ұқсас адамдарды іздеймін. Мақсатым – санадағы сансыз сауалға жауап табу. Осылайша «Алаш айнасын» жолықтырып, ақыры өзімнің сырымен де бөлісуді жөн көрдім. Әрине, лақап атпен...
Күйеуімнің кемшілігін білетін адамдар менен ат тонын ала қашып, алшақ жүруге тырысады. Өйткені үлкен отбасылық дау-дамайға ілігіп кетуден қорқады. Ал жанжал туғызудан біздікі бірінші орын алады.
Қыз күнімде-ақ өзге еркектердің жүзіме күліп қарағаны үшін тоқпақтың астында қалатынмын. Бірақ ол кезде «мені шын сүйеді, қызғанады» деп оны мәртебе көруші едім. Талай рет өлтіріп те қоя жаздады. Соның бірінде, әлі қыз күнімде қыста оның көлігімен қыдыруға шыққанбыз. Алған бағытымыз – Көктөбе. Жол жиегіндегі бильборд көзге түсіп, ол екеуміздің арадағы әңгіме талқысына айналды. Бильбордта өзге ұлттың қыз бен жігітінің суреті бейнеленіпті. Сөз қалай шығып, қалай ұласқаны есімде жоқ, әйтеуір мен суреттегі жігіттің сымбатты екенін айтып қаламын. Сол мезетте ол: «Демек, сен мені мынандай жігіттерге алмастыруға дайын екенсің ғой» деп дүрсе қоя береді. Оның жәй сөз арасында айтылған менің жеке пікірім ғана екенін айтып, ақталып әбден әуре болдым. Бір уақытта көлік бүкіл күшімен ышқына жөнелмесі бар емес пе? Әбден зәрем ұшты. Ол ол ма, тежегішті дереу шалт басқанда көлігіміз жол ортасында айналып кете берді. Осымен бәрі бітті деп ойладым. Құдай сақтағанда, жолда бізден басқа ешкім болмады. Ал шыр көбелек айналған көлік жол шетіндегі ағашқа соғылып, бір-ақ тоқтады. Есімнен танып қалыппын. Ол мені көліктен сүйрелеп шығарып жатыр екен, өзі де қатты шошып кетіпті: «Кешір, енді бұл қайталанбайды» дей береді...
Тағы бір ретте оқып жатқан оқу орыны ұйымдастырған кештен сүйреп алып шығып, үстімдегі барлық киімді дырылдатып жыртып, тоқпақтың астына алып, тағы да талып қалғанмын. Сол кезде мұның есі дұрыс емес деп ойладым. Ол оқу орнының кеші, ондағы шараға менің де өзгелер секілді қатысуым керек, мойынға алған жауапкершілігім де бар. Оны ол мүлде түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Содан сол арада: «Бұлай қызғанатын бар, онда неге үйленіп, қарым-қатынасымызды заңдастырып алмаймыз» дедім. Ол да осыны күтіп тұрғандай ертеңінде туысқандарына таныстыруға алып барды. Осылайша алты ай ішінде апай-топай үйлендік те кеттік. Ол кезде менде: «Егер үйленіп алса, қызғанғанын қояр» деген ой болған. Бірақ барлығы керісінше боп шықты...
«Сен енді менің заңды әйелімсің, менің айтқанымның барлығын бұлжытпай орындауың керек, оқуға бармайсың» деп салды. Оқуды тәмамдауға екі-үш ай қалған. Бітіре салайын деп едім, көнбеді. Қасымдағы құрбы қыздарым жақсы боп шықты, олар менің барлық сабағымды жауып, тіпті диплом жұмысымды да жазып берді. Мен тек оны қорғауға ғана баруым тиіс-тұғын. Бірақ ол күнге жету маған қиямет-қайыммен тең болды. Дипломымды қорғауға баруға рұқсат алу үшін бір ай бойы оған жалынып-жалбарынумен, оның айтқанының барлығын мүлтіксіз орындаумен болдым. Онда да оның айтуымен киім киіп, сығандар құсап оқу орынына жеттім (бойым қысқалығына қарамастан үстіме ұзын көйлек кидім, биік өкше дегенді кимек түгілі, атауын атауға да болмайды, басқа орамал тақтым).
Ойға тағы бір нәрсе оралғаны. Үйленген күнімізге көп болмаған, бір күні қарасам барлық аяқ-киімімнің биік өкшесі қағылып алыныпты. Таң-тамашамын. Ішімнен бұған күйеуімнің қатысы барын сезіп тұрмын. Содан бері биік өкше киген емеспін, бірақ оны қайда киіп барамын, егер еш жаққа шықпасам.
Құдай сақтағанда диплом жетекшім – әйел адам. Жақсы қорғап шықтым. «Енді жумаймыз ба» деп құрбыларым (көмектескен) қолқалады. Оған «Жүр барайық, ұят болады қыздардан» дедім. Сөйтіп кафеге бардық. Қобалжып тұрмын, өйткені біздікінің бір ілік тауып алатынын білемін ғой. Кафеде тыныш отырды, ал қайтарда өз-өзімізбен қалғанда қызғаныш жыры басталды. Бір таяқ жеп алғаным есімде. Осы күні ол енді менің үйден бір қадам сыртқа аяқ аттап басып шығуға болмайтынын санама әбден жеткізді. Иә, осы күннен бастап, кафе түгілі, көше шығудан қалдым. Бірақ одан қызғаныш үдемесе бір кеміген емес.
Жөн-жозықсыз қызғаныш адамды әбден қор етіп, зықысын шығарып, өмірден түңілдіреді екен. Рас, кейде өз-өзіме қол жұмсау туралы ойлар да болды. Бірақ менің кіншкентай балапандарым есіме түссе, бұл ойдан қатты шошып кетем.
Үй ішіндегі қызғанышты айтып, жазудың өзі ұят. Қазір біздің үйге қонақтар да аз қатынайды. Өйткені ол сыртпен байланысымды үзген соң, іштегілерден (туысқандарынан) қызғанатынды шығарған.
Енем өте жақсы адам. Келінім морт сынбасыншы дейтін секілді, ұлынан тығып жақсы нәрсесін, тәттілерін маған тықпалап жатады. Ғаламторға шыға алатын ұялы телефонды да алып берген – енем. Бірақ оны тығып ұстаймын. Ал күйеуімнің көзінше ескісін қолданамын. Онда да ол құрғыр талай дуалға соғылып, талай рет сынған. Тағы жаңасын сатып әпереді. Өйткені жұмыста жүргенде телефонмен мені қадағалап отыруы керек қой, бұл оның тікелей міндеті әрі жұмысы секілді.
Тек телефон емес, теледидар да талай рет сынған. Қазір ол үйде болғанда теледидар алдына отырмайтын да болдық. Кейбіреулер «бұған неге шыдап жүрсің, ажырасып кетпейсің бе» деп ақыл айтқан болады. Алайда мен оны шын жақсы көремін, сондықтан болар, оны үнемі кешіремін. Бірақ арада жылдар өткен сайын төзімім тауысылып, жүйкем жұқарып, әлім құрып барады. Ешқандай айыбым мен қылмысым болмаса да күйеуім қызғанып қалады ма деген үрей мен қорқынышқа толы жалтақ өмір бір бітпес терең шыңырауға тартып бара жатқандай болады. Соңғы кездері іштей егіліп, жиі құлазитын болдым. Қатты шаршадым. Қайтсем екен енді?..
Жаңыл, Алматы