Осыдан бір жыл бұрын Марат есімді ер азаматпен таныстым. Өзі сымбаты келіскен, өте ақылды, ақкөңіл адам. Жасы менен 11 жасқа үлкен. Алайда мен үшін оның бір ғана кемшілігі болды. Ол – отбасылы жігіт. Тек қана әйелі болса мейлі, алты баласы бар екен…
Оны алғаш жолықтырғаннан-ақ ғашық болып қалғанымды сездім. Оған дейін бірнеше жігітпен көңіл жарастырмақ болып кездесіп көрген едім. Алайда ешқайсысына жүрегім жылымады. Маған тең емес секілді көрінетін де тұратын. Ал Маратпен мен мұны сезбедім. Ол тіпті, алғаш танысқан сәттен маған отбасылы екенін, бала-шағасының барын айтты. Алайда Мараттың сөзінше, әйеліне үйленуіне анасы түрткі болған, өзі сүйіп қосылмаған. Сондықтан қазір тек балалары үшін бірге тұрып жатыр екен. Тіпті, араларында жыныстық қарым-қатынас сиреген. Сәйкесінше, Марат өзін бауырына басып, ыстық махаббатын сыйлар жан іздепті. Сол мезетте мені жолықтырып қалған.
Марат әйелін тастап кете алмайтынын, сол үшін мені екінші жар етіп алғысы келетінін айтады, бірақ мен тоқал болғым келмейді. Сүйіктімді ешкіммен бөліспеймін.
Дейтұрғанмен, өзімді алдай алмаймын. Бұл қарым-қатынастың да шегі бар екенін білемін. Оған: «әйелің мен балаларыңды тастап, маған кел» деуге де аузым бармайды. Осы күнге дейін мұны талап еткен емеспін. Алайда мен де сүйікті жар атанғым келеді. Ол екеуіміз қалада бірге жүріп, серуендей алмаймыз. Тек пәтерде уақыт өткізіп келеміз. Біреу телефон шала қойса, мен жанында үнімді шығармай отырамын. Осының барлығы уақыт өткен сайын титығыма тиіп барады.
Өзімді түсіне алар емеспін. Құрбыларым: «жап-жас, оқыған қызсың, оған қоса қолында дипломың мен жалақысы жақсы жұмысың тұр. Отбасылы еркекте нең бар? Өміріңді зая кетірмесеңші» дейді. Араларында менен теріс айналып кеткендері де бар. Олардың маған тек жақсылық тілейтінін білемін. Алайда жүрекке әмір жүре ме? Қанша рет айырылысып көрсем де Маратпен қайта қосылып қоя беремін. Не істесем болады? Алдағы болашағым қандай болмақ?
Syrlasu.kz
Сүйіктімді ешкіммен бөліспеймін
Последние статьи автора