Әке-шешемнің танысулары қызық. Анам Джалалабадтан, әкем Оралдан Петербургке арман іздеп барып бір факультетке түседі. Сонда жүріп танысып, үшінші курска барғанда сөз байласып, отау тігеді. Төртінші курсты аяқтар шағында мен өмірге келіппін. Кейіннен әке-шешем аспирантураға оқуға қалған соң мені ауылдағы ата-әжем қолдарына алыпты. Арада екі жыл өткенде әкем Мүсірәлі мен анам Саадат елге оралып, ауданда аграном болып жұмыстарын бастайды. Анамның төркіні алыста болғанына қарамастан 2004 жылға дейін жылына бір рет Джалалабадтағы нағашыларыма барып, демалып қайтатынбыз. Қиырдан келетін бізді қырғыз айылындағы туыстарымыз бір ай бойы кезек-кезек қонаққа шақырып, күтуші еді. Маған да сол жаққа барып, тіпті, кей жылдары жазғы демалысты сол жақта өткізген кездерім болды. Қырғыз халқы да қазақтар секілді жомарт, қонақжай халық. Нағашы ата-әжелерім құрақ ұшып қарсы алып, бауырына басып, қырғыздың ертегілерін айтып беруші еді. Кейін де біздің ол жақпен байланысымыз үзілген жоқ. Жазда біз оларға, олар біздің жаққа қыдырып келіп, туыстармен қауышып, сағыныштарын басып қайтатын. Мұндай үрдіс мен жоғары мектепті жоғары сыныбында оқып жүрген уақытқа дейін жалғасын тапты. Өкініштісі сол, 2005 жылдың наурызында қырғыз қырық пышақ болып, мемлекет билігін төңкеріп тастағанда біздің байланыс үзілмегенмен, ол жаққа бару қауіпке айналды. Қауіпке айналды дейтінім, Джалалабадтың қиырындағы нағашыларым анама арқа сүйеп Оралға босып келе бастады. Туған-туыстардан бөлек, саяси жағдай ушыққан соң кейбір жамағайындарда қазақ даласына үдере көшті.
Ауылға келген соң оларға дайын тұрған жұмыс болмады. Алайда жазғұры келген соң үйдің маңайынан, ауыл іргесінен бос жатқан жерлерді рәсімдеп алып, нағашыларымыз дағарадай үлкен үйлерді салуды бастап кетті. Қырғыздардың жаппай келуі ауылға үй салудан науқанды қоса ала келді. Тамы тозып, құлайын деп тұрғандар да қарап отырмай, екі білекті түріп тастап үй салуға кірісіп кетті. Нағашыларым, жамағайындарымыз бар, барлығын қосқанда жиырмаға жуық отбасы жарты жылға жеткізбей там тұрғызып, ауылдың ежелгі тұрғындарындай болып, елмен етене араласып кетті. Тек жұрт оларды сыртынан қырғыздар деп саусағымен көрсететін. Айтауын дегенім, Аалы деген жамағайын туысымыздың менімен тетелес қызы бар болатын. Нарғыз деп атайтын қыздары сондай сүйкімді еді. Қиыла қарағаны, қарлығаштың қанатындай қап-қара қастары сондай әдемі-тұғын. Тіке қарағанда нарттай қызық еріндері болмашы ғана діріл қағып тұрушы еді. Өрілген қос бұрымы, жіңішке белі, енді томпиған төстері, адымдай жүргені, кейбір қылықтары жігіт атаулыны арбайтын. Қырғызға оқыған ол біздің ауылға келген соң тоғызыншы сыныпқа сабағын жалғастырды. Біздің сыныптағы қыздармен тез араласып кеткенімен, көбіне оңаша жүретін. Көзі мөлдіреп терезенің алдында тұрғанда жалғызсырап жүргенін байқайтынмын. Ақыры қарап жүремін бе, күнде сабақтан бірге қайтатын Нарғызды жазғытұры ауыл сыртында бұзау іздеп жүріп өзен жағасынан көріп қалдым. Маңайына келгенімше ол мені байқаған жоқ. Екеуіміз өткен-кеткенді сөз етістік. Ол әңгіме арасында алыстағы ауылын сағынатынын айтты. Сол сәтте оның көзінде мұң тұнып тұрды. Сол күннен бастап екеуіміз жиі сөйлесетін болдық. Кешкілік өзен жағалап жүріп қайтамыз. Немесе оның үйінің маңайында әңгімелесіп дегендей. Сөйтіп жүргенде мен оны қатты жақсы көріп қалғанымды білдім. Ауыда болатын клубтағы би кешіне Нарғыз барғысы жоқ. Сондықтан екеуіміздің ермегіміз өзен жағалау. Жайықтың жағасында жүріп, оны-мұны әңгіме еткен боламыз. Бірақ айтқымыз келетіні басқа бірдеңе секілді. Оны өзіміз де сеземін. Ұнатамын деп айтайын десем тілім бармайды емес, бірақ... Сөйтіп жүргенде іңір қараңғысында оны үйіне әкеліп тұрып, қоштасар ернінен сүйіп алдым. Оның өні боп-боз болып, көзі бадырайып маған таңырқай қарап тұрды да жүріге басып үйіне кіріп кетті. Сол түні таң қылаң бергенше көзім ілінбеді. Өмірімде алғаш сүйген қызым Нарғыз деп айғайлағым келді. Сырымды толық аша алмасам да бір-бірімізді жақсы көретінімізді түсінгендей едік. Осылай жүздесу біздің әдемізге айналды. Тамыздың таңы атқан түндерде біз оның үйінің маңайында тәтті сүйіске батып, бір-біріміз өбіп, құшағымыздан жібергіміз келмейтін.
Біздің мұңымыз үлкендер білгенімен, бала деп мән бермеген болуы керек. Сөйтіп жүріп біздер қыз бен жігітке айналып, өзімізше сыр айтысып, бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтын халге жеттік. Оныншы сыныпта оқығанда күллі мектепке біздің махаббатымыз әйгілі болды. Серік пен Нарғыз деп әркім әңгімесіне біздің жайымызды тиек ететін.
Жаздың жайма шуақ күндерінде Нарғыз өзенге түскісі келетіні айтты. Қыздармен барғанымен ол жақта бөтен ұлдардың көптігінен ұялатынын, сондықтан онаша баруымызды сұрады. Түс ауа ауылдан ұзап шығып, Жайықты жарлы жағалауына келіп, суға түстік. Үнемі ұзын көйлегін үстінен тастамаймын Нарғыз киімін шешіп, суға түскен кезде оның аппақ сазандай сандарына сүзіле қарап қалыппын. Мұнымды көріп ол қызарып кетті. Суда жүзе алмайтын болғандықтан оны құшақтай ұстап, малтуды үйреткен болдым. Үйретті деген аты ғана. Көбіне оны құшақтап, суда бірге қалқып жүреміз. Жұп-жұмсақ тәніне денем тиген сайын бойымнан тоқ жүріп өткендей болады.
Кейін Нарғыз қыздарға қосылып, суға түсуге баратын болды. Және ол жақта ұлдар көп болғандықтан ұялып, қыздар өздері онаша барып түсетін. Бірде күннің күйіп тұрған шағында ауылдың қыздарымен суға түсемін деп күтпеген жағдай болды. Әдепкі жерге түспей ағысы қаттылау жарқабаққа барып, ыстыққа шыдамай су қыздармен бірге қойып кетеді. Сөйтіп, тұрғанда терең ағыс қыздарды ағыза жөнеледі. Мұндайды күтпеген олар жағаға ұмтылғанымен, екеуі ағыс өзімен бірге алып кетіп, жүзу білмейтін олар суға кетті. Бастапқыда ауылдағылар білген жоқ. Сөйтсе, Нарғыз бен Ұмсын деген қызды су тартып кеткен екен.
Арнайы құтқару тобынан адамдар келіп, ауыл халқы жабылып жүріп іздеп үшінші күн дегенде зорға тапты. Егер уақытында құтқарып үлгергенде тірі қалар ма еді?! Тапқан адамдар Нарғыздың қап-қара болып түтігіп кеткенін айтты.
Қайғы жұтып ата-анасы қалды. Ал маған бұл өлім оңайға тимеді. Сүйген қызым өлім құшқан соң менің де өзіме қол жұмсағым келді. Мұнымды сезген болуы керек, жақындарым мені бір сәтке қараусыз қалдырмайтын. Кейіннен өзімнің қатты өзгергенімді байқадым. Бұрынғыдай ашылып сөйлеспей, ойланып жүретінді шығардым.
Кейіннен бұл жайтты қанша ұмытам дегеніммен ойыннан шыққан емес. Алыста қалған балалық шағымды ойласам Нарғыздың бала бейнесі көз алдымда кесекөлденеңдеп шыға келеді...
Серік Мәуленов