Саунада жұмыс істейтінімді қыздарым біліп қоймаса екен деймін...
Өмірде адамның армандағаны бола бермейді екен. Мен бала күнімде биші болуды армандаушы едім. Мектепте би үйірмесіне қатысып, үйде жүргенде де кең аулада өзімді үлкен сахнада жүргендей қиялдап үнемі билеп жүретінмін.
Бірақ, өмір мені мүлде басқа аранаға бұрып әкетті. «Алаш айнасы» порталынан сан түрлі тағдыр иелерінің басынан кешкендерін оқып отырып, менің де хат жазғым келді.
Бала кезімде оқуға ынтам жақсы болды дей алмаймын. Ел қатарлы тиіп-қашып сабақ оқитынмын. Оның үстіне әке-шешем қысы-жазы мал бақты да, мен нағашы әпкемнің үйінде тұрып оқыдым. Олар менің сабақ оқыған-оқымағаныма мән де бермейтін. Бұл өзі сабаққа құлқы жоқ мен сияқты адамға еркінсуге тіпті де жақсы болды.
Не оқу үлгеріміне ата-анам да алаңдаған жоқ. Әпкем ара-тұра үйге менің нашар оқитыным туралы мұғалімдердің ескертулерін айтып барса, «Әйтеуір мектепті бітірсе болды. Мен секілді мынадай сауыншы болады азар болса», - деп шешем күліп бас бармағын көрсететін.
Мен де «иә, солай» дегендей, іштей анамның осындай көзқарасын ризашылықпен қолдап тұратынмын.
Аса қадағалаудың жоқтығынан ба екен, әлде өтпелі кезеңдегі мінез өзгерісінен бе, мен әйтеуір өзім қатарлы жігіттермен 8 сыныптан бастап дос болдым. Өзімнің сыныбымдағы қыздармен әңгімелесу маған түк қызық емес еді. Өзімнен 5 жас үлкен, мектепті бітіріп кеткен көрші Әлимәшпен жақсы құрбы болдым. Әлимәштің сыныптастары менің сыныбымдағы жігіттерге қарағанда әлдеқайда ересек екенін сезіп, қызығушылығым оянды. Кейін Әлимәшпен бірге сол үлкен жігіттермен жүре бастадым.
10 сынып оқып жүрген кезім еді. Әлимәш мені «үйде жалғыз едім, жаныма қонсыншы» деп әпкемнен сұрап алып кетті. Оның әке-шешесі көрші ауылға тойға кеткен. Үйінде жасы 90-ға таяған кәрі атасы бар. Ол кісінің құлағы естімейді, үйге кім келіп, кім кетіп жатыр, жұмысы жоқ. Өзі төсектен әрең тұрады. Атаның ұйқыға кеткенін білген соң, біз екеуміз өзіміз жүріп жүрген жігіттермен бірге көшеге шықтық. Бір топ жігіттің ішінде ойнап-қалжыңдап келе жатқанбыз. Бір кезде жаңағы топ адам, оның ішінде Әлимаш та аяқтарын ілбіп басып, біздің артымызда қалып қалды. Менің жанымда үш жігіт келе жатыр екен. Мен өзім жігітім деп есептейтін Марланның барына сеніп еш алаңсыз келе жатқанмын. Бірақ, ол мен ойлағандай жігіт емес екен. Мені ауылдың сыртына қарай алып шығып, үшеуі білгендерін істеді, қой дегенімді тыңдар емес. Соңдарынан тағы да бір топ жігіт келді. Мен бұған дейін ондай ештеңе көрмедім демеймін, бірақ мынандай сорақы нәрсе болады деп ойламаппын. Киімдерім жыртылған, үсті-басым лас, ебіл-дебілім шыққан күйде ауылға келдім. Келсем, Әлимәш менен әлдеқайда ертеректе үйге келіп алыпты. Менің түрімді көріп шошып кетті.
Ертеңіне ауыл іші гулеген сөз. Әке-шешем туыстарым да өре түрегелді. Ақыры ата-анам Марланға «Өзің Мадинаға үйленесің, болмаса, барлығыңды өмір бойына соттатамыз» деп қорқытты, сөйтіп мен мектепті бітірместен тұрмысқа шықтым.
Бірақ, екеуміз тұрып кете алмадық. Үш айдан кейін-ақ ажырастық. Сонымен не мектепті аяқтай алмай, не некем баянды болмай, ақыры қалаға кеттім.
Қалада асханада ыдыс жуушы, мейрамханаларда даяшы, қонақ үйде еден жуушы сияқты біраз жұмыстың басын шалдым. Қонақ үй деген аты бар болғанымен, мұнда бір-бірімен бірге уақыт өткізуге келетіндер көп болатын. Оған қоса келген қонақтармен бірге уақыт өткізетін қыздар өздерін ұсынатын. Мен ай бойы еден жуып, еңбектеніп жүріп 30 мыңды әрең тапсам, мұндағы қыздар мұндай табысты ары кеткенде бір-ақ аптада тауып алатын сияқты. Содан мен де ойлана бастадым. Қонақ үйдегі еден жуушылықты бірте-бірте басқа жұмысқа ауыстырдым.
Сөйтіп, менің де табысым жақсара бастады. Киімім, тұрмысым түзелді. Біраз уақыттан соң өзімнен 8 жас үлкен жігітке тұрмысқа шықтым.Ол бірақ менің жеңіл жүрісім туралы мүлде білмейтін. Мен оған қонақ үйде әкімші әйелдің оң қолы екенімді айтып сендіріп қойған едім. Бірақ мені оның бір де бір туысы жақтырған жоқ. Үйдің шаруасын бір кісідей дөңгелентіп істедім. Мынау жеңіл, мынау ауыр деген жоқпын. Бірінен кейін бірін үш қызды дүниеге әкелдім. Алғаш аяғым ауырлап қалғанда қатты қорықтым. Бірақ мен сондай іспен айналысқаныма қарамастан бақытты отбасы едім. Күйеуім мен десе ішкен асын жерге қоятын. Үш қызымызды да қатты жақсы көрді. Мен отбасы бақытын сезінгеннен кейін өз ісімнен жиіркене бастадым. Енді ол істі мүлде қоямын деп шештім. Балалардың тәтті қылықтары, күйеуімнің мені аялай қараған жанары менің өмірде отбасы бақытынан асқан ештеңе жоқ екенін сезінуіме әсер етті.
Бірақ бұл бақытым да ұзаққа бармады. Күйеуім жолдастарымен бірге ішімдік ішіп, төбелесіп, арасындағы біреуін оңбай таяққа жығыпты. Бірге болған жолдастарының бәрі бірге істі болса, ұзаққа кететінін ойлап, ол бар кінәні өз мойнына алып, сотталып кете барды.
Сонымен үш қызды асырау жүгі маған түсті. Қазір бұрынғы «енді бармаспын» деген жұмысыма қайта шықтым. Қазір қонақ үйде емес, саунада жүрмін. Табысым жаман емес, істеп жүрген ісімді ешкім қолдамаса да, сол табысыммен қыздарымды оқытып, жақсы бір маман болып шығуына жағдай жасасам деймін, сонда мен сияқты болмас еді. Баяғыда анам «мен сияқты сауыншы болады» десе, мен қазір қыздарыма «мен сияқты болады» деп мүлде айтқым, тіпті ойлағым да келмейді. Қазір жасым қырыққа таяды. Біраз уақытта өзім де бұл істі қоятын шығармын. Тек, қыздарым менің қандай жұмыс істейтініміді біліп қоймаса екен деймін.
Мадина, Алматы.
alashainasy.kz