Сақалдылар ағамды адастырып жіберді...
Құрметті «Алаш айнасы» газетінің ұжымы! Сіздердің порталдарыңыздың тұрақты оқырманымын. Әлеуметтік тақырыптағы дүниелерді тұрақты оқып тұрамын. Менің жасым 25-те. Жезқазған қаласында тұрамын. Сіздерге өзімнің ағам туралы жазуды жөн көрдім. Ол қазір дін жолына түсіп, сақал қойып, бүгінгі қоғамнан алыстап кетті. Осы жағдай мені ғана емес, әке-шешем мен туған-туыстарымызды да қатты алаңдатады.
Ерік қазір 27 жаста. Қарағандыда политехникалық университеттің тау-кен ісі бойынша инженер мамандығын бітіріп, қаламыздағы өндірістік компанияда жұмыс істеп жүрген. Жалақысы да жақсы болған соң отбасымыздың тірегі болды. Мерекелік сыйақылар мен жұмыстағы табысы үшін ақшалар аз болған жоқ. Табысты еңбек еткен ол көп ұзамай көлік алды. Бізге үнемі көмектесіп, әкемнің мойнындағы несиесінің тезірек төлеп бітуіне жәрдем етті. Қаладан үй алдық дегендей... Ағамыз үйленгенде оның қарындастары – біз қатты қуандық. Шешем де келінді болып мәз. Әкем немере сүйетін күн алыс емес екенін айтып масаттанды.
Ол жұма намазынан қалмайтын. Бұрынғыдай ара-тұра ішуін қойды. Тұрақты тартатын темекісін тастады. Біз оған шексіз қуандық. Әсіресе мешітке жиі барғанына әкемнан артық ешкім мәз болмаған шығар. Ол үнемі көлігінде діни әндер мен уағыз тындайтын. Біздің де жиі тыңдауымызды сұрайтын. Біз оның бетін қайтармадық. Арада алты айдай уақыт өткенде ол намазға жығылды. Біз оған шексіз риза едік...
Бір жыл өтер-өтпесте ағамыздың бізге шектеуі көбейе бастады. Жеңешеме хиджап киюін талап етті. Қалада өскен қыз ағамды сүйсе де, онысын орындай қоймады. Біздің де артық жүріп-тұруымызға түрлі шектеулер қойылып, үйде кішігірім цензура пайда болды. Қит етсе ширк дейтін әдет тапты. Ол ештеңе емес. Ағамның достарынан қорқайық дедік. Себебі, оның қасында сақалдары қауғадай, қара киімді жігіттер көп еді. Оранып алып, жүзін көрсетпейтін келіншектерімен үйге қонаққа келгені бар.
Әкем ағамды қатты жақсы көргенімен, өзінің ақылын айтып, өйтіп шектелмеуін сұрады. Алайда ағам сол жолы әкеме қарсы шықты. «Сіз осылай десеңіз, мен сізді сыйламаймын. Күнәдан тыйылуымыз керек. Ішетін болсаңыз аттап баспаңыз бұл үйге» дегенінде бәріміз үнсіз қалдық. Ақыры жеңешем ағамның «қыспағына» шыдай алмай, біржола кетіп қалды. Ағама да керегі сол болуы керек, талақ айтып, үш рет смс-пен хат жазып (оны ажырасқан соң жеңешем айтты), ажырасып тынды. Көп ұзамай біздің үйде қап қара болып оранған, әңгімесін арабтың сөзімен бастайтын және жиі араластыратын жеңгеміз пайда болды. Ағам бұрынғыдай той жасауға қарсы болды. «Рәсуа жасаудың қажеті жоқ. Жеңгелеріңмен ахилар таныстырды. Кеше неке қидық. Енді бізбен тұрады» деді, әке-шешеммен таныстырмастан.
Жеңешеміз ашылып сөйлей бермейтін, көбіне бөлмесінен шықпайтын, тек ағамыз келгенде ғана төбе көрсетеді. Бізге айтатын әңгімесі оранып жүру керек дегеннен аспады. «Машаллах» деген сөзіне құлағымыз үйрене алмады. Сөйтсек, онысы қазақша «Құдайға шүкір» деген сөз екен ғой. Шешем қазақшалап айтсаң деп тілек білдірген. Бірақ, безерген күйі жеңешеміз кірпідей жиырылды да қалды. Ағам тыңдайтын уағыздарда мейірімділік, кішіпейілділік туралы көп айтылғанымен, жеме-жемге келгенде оның ісінен керісінше, еш мейірім табын байқай алмаймыз. Қит етсе, ширк дейтін ол арс-арс етіп бізге қаһарын төгуге дайын тұрады. Оның үстіне иегіне сақал қойғалы түрі де тым суық болып кеткендей. Бұрынғы күлім қағып тұратын жанары біз үшін шыны көз секілді болып шыға келді. Бірде үйге келген туысымыз ханафи мәзһабымен жүру керектігін, салафтардың дендеп бара жатқанын айтқаны сол еді... Ағамыздың жалы күжірейіп, ақыры туысымыздың үйден кетуіне септігін тигізді.
Жеңгеміздің жүрісі бізге онша ұнай қоймады. Бізбен, туысымызбен араласудың орнына белгісіз ахилар мен белгісіз «сестраларымен» тым сөйлескіш-ақ. Бірдеңе болса солардан ақыл сұрап, діни тұрғыда мәселені шешуге бейілді. Ағамыздың тым тақуа болуы әулетімізде біраз түсініспеушіліктің орын алуына әкеліп соқты. Әкемнің інісі Тұрардың ұлының шілдеханасы, нағашымның ұлының тойында айтылған беташар дегеннің бәрі оның ойынша дінге қайшы болып шықты. Осы үшін ол тойға бармады және біздің де бармауымызды талап етіп, оның күнә болатынын айтып, түсініксіздеу арабтың бір сөздерімен зәре құтымызды қашырғаны... Бірақ біз тойдан қалмадық. Жеңешеміз біз келген соң сәлем салу мен тұсаукесердің дінге қайшы екенін, адаспауымыз керектігін айтып түсіндіріп, мәселені дінге әкеліп тірей берді. Осындай жағдайлардан кейін біздің ағамыздың үйінде тұруымыз күннен күнге қиындай берді.
Біздің сыныпта бірге оқыған Мая намаз оқиды. Жасырмаймын, басынан орамалын тастамайды. Бірақ ол ағам секілді тым қатал әрі діни әңгімелермен шектеу қоя бермейді. Жеңешем секілді ширк деген әңгімені айтып көрген емес. Күнә туралы ара-тұра айтатыны бар, бірақ қоғамнан жырақтанған емес. Сонысымен қатар, ол кейде радикалды ағымнан аулақ жүруімізді айтып отырады. Ал ағам мен жеңешем... Жеңешемнің ағайын-туыспен танысып, араласпай жатып, бізге әмірлік ете бастауы шешеме ұнаған жоқ. Сол себепті, бірінші күннен бастап екеуі ортақ тіл табыса алмады. Әкем болса ағам бірінші жеңгеммен ажырасқан соң олардың бар-жоғын ұмытқандай. Бірінші жеңешем Әмина үйде болғанда жылылық лебі есіп тұратын. Туған-туыстармен де тіл табысып, әзіл-қалжыңы жарасатын. Қаланың қызы дегені болмаса кез-келген істі дөңгелетіп, барған жерінде көмектесіп, қазан-ошаққа араласып кетуші еді. Шешеммен де әңгімесі таң атқанша таусылмайтын. Бәрінен әкемді күтуі, оның асты-үстіне түсіп құрақ ұшып қызмет көрсетуі нағыз қазақы еді. Ал қазіргі жеңешем... Оның үнемі ширк деп мазамызды алуы, көп нәрседен тыя беруі бізді ғана емес, туған-туыстардың да алшақтауына әкеліп соқты. Қазір туыстар той жасап немесе үйіне қонақ шақырса ағам мен екінші жеңешемді шақырмайды. Әкемнің де ағама көңілі қалды. Осындай жағдайдан кейін біз сіңілім екеуіміз әкемнің інісінің үйінде тұратын болып шештік. Бұл біздің ғана емес, әке-шешемнің, әкемнің інісінің де қалауы болды. Қазір ел қатарлы тұрмыс кешіп жатырмыз. Бірақ үнемі ағам туралы, оның өткен шағы туралы ойлаймын. Әмина жеңгемнен бірге тұрған кездегі сәттер біз үшін ең тәтті, қимас кезеңге баланады. Ол қазір жұмысынан шығып, көлігін дін жолында қызмет етіп жүрген (мешітте істемейді) «браттарға» көмек ретінде сатып, ақшасын беріп жіберіпті деп естідім. Мұны ағамның сыныптасы айтты. Ол да қазір ағаммен бұрынғыдай араласпайды. Ағамыз оқшауланып, белгілі бір ортамен ғана араласады. Осының түбі жамандыққа апармаса екен деп алаңдаймын. Оған кінәлі – оның жаңа достары, сақалды жігіттер деп ойлаймын. Себебі, солармен араласа бастағалы отбасымыздан береке кетіп, жеңешеммен ажырасып, басқасына үйленіп кетті. Тезірек бәрі бұрынғы қалпына түссе екен. Шешем екеуіміз үнемі осыны Алладан тілейміз.