САН СОҚТЫРҒАН СҰЛУЛЫҚ САЛОНЫ немесе мен қалай алдандым

Осы 40-қа келген жасымда біреуге алданамын, біреу мені сазға отырғызады десе сенбес едім. Алайда шайтан түртсе, қара басып сан соғып қалуың оп-оңай екен.
«Алаш айнасының» оқырмандарына күйінішімді шығарып, бір жеңілдемесем, ойлай-ойлай ішім күйетін болды. Бірақ, басым аман, бауырым бүтін ғой, қайда шашылмай жатқан ақша дейсің деп өзімді жұбатып қоямын.
Сонымен, басынан бастасам... Тапа-тал түсте ұялы телефоным «әндетіп» қоя берді де, тұтқаны алғаным сол еді ар жағынан сондай жағымды дауыс менің атымды әкемнің атымен қоса мәйпездей айтып, «сізді қуантқалы хабарласып тұрмын» деп бастады әңгімесін. «Сіздің аты-жөніңізді Бақыт есімді құрбыңыз бізге жазғызып кетті, тегін бет күтімін жасатауға лайық бірден-бір құрбым деді», - деп менің танауымды делдитіп қойды. Жаңадан ашылып жатқан сұлулық салоны болғандықтан көпшілік алдында абырой жинау үшін жарнамалық акция жүріп жатқанын, қыз-келіншектердің бетін тегін тазалап, майлап, уқалап, түрлі тәсілмен ем жасап беретінін айтып сендірді.
Сонымен ертеңгі келетін уақытымды белгілеп, «жеке куәлігіңізді ала келіңіз, себебі тегін ем болған соң міндетті түрде аты-жөніңізді, сіз екеніңізді анықтап, көз жеткізуіміз керек», - деді.
Талай жылдан бері бетімдегі қара дақтарым не жасам да, қандай ем жасасам да кетпей жүрген-тін. Қандай әйел адам жамалының жарқырап жүргенін қаламайды дейсіз?! 
Бірақ, секемшіл көңіл оның тасасында бір түйткіл барын сезгендей: «Тегін нәрсе дегенге сеніңкіремей тұрмын. Ол мені соңында ешқандай жауаптылыққа міндеттемей ме?» деп сұрап қоямын. Әлгі қыз жоқ, жоқ дегенді айтып, бәйек болып жатыр. Сонымен, сендім.
Ертеңіне келісім бойынша айтылған мекенжайға келдім. Келген бетте өзін «Настя» деп таныстырған қыз мені өзімен ертіп әкетті.
Кіргеннен бет күтімін жасауға кірісе сала сұрақтың астына алды дерсің: «Жасың қаншада? Қандай крем қолданасың, масканы қанша уақыт жиілікте қолданасың, күйеуің бар ма? Қайда істейді? Жалақың қанша?» - сұрақты үйіп-төгіп тастағанынан-ақ сансырап қалдым-ау деймін. Кейбір сұрақтарына жауап беруге қарадай қысылдым. Тіпті әлгі қыздың жымиған түріне қарап оның сізге керегі қанша деп айтуға аузым бармады. 
Бетімнің бір жартысына 10 минут шамасында жағатынын жағып, айна алдына алып келді. «Қараңызшы, қандай өзгеріс бар? Оң жақ бетіңіз сәл салбыраңқы тартқан, ал мен күтім жасаған сол жақ бетіңіз жинақы болып қалды. Көзіңіздің маңайынағы ұсақ әжімдер де сол жағыңызда байқалмай қалды. Ал мына қара дақтарыңызға қараңыз, аз-маз терінің астынан тарқаған кейпі байқалады», - деп сол жақ бетімнің жақсылығын, өзгерісін үйіп-төкті. Шынымен солай ма, жоқ сендіріп айтқан соң ба, маған айнадан солай көрінді.
Қолымнан ұстап дедектетіп отырып, диагностика бөлмесіне апарды. Ондағы әйел бетімдегі түрлі ауытқушылықтардың атын атап, түсін түстеп, диагноз қойып берді. Мұның бәрін дереу емдеуге кіріспесе болмайтынын айтты. Бет терісінің ылғалдығы қажетті мөлшерден 3 есе кем, бет тамырлары терінің үстіңгі қабатына тым жақын орналасқан т.б. айта берсем көп.
Сонымен не керек, әлгі «Настя» менің қолыма прайс-парақ ұстатып, осы косметиканың бәрін алсаңыз, анадай жеңілдік бар, мынындай жеңілдік бар, 5 процедура тегін, біздің косметиканы пәленше деген әнші, түгенше деген актриса қолданады дегендей миымды айналдырды. Әлгі косметикасының жиынтығы менің жалақымның сомасынан 6 есе көп. «Бір ғана бет үшін бәленбай жүз мыңдап ақша шашатын жағдай қайда?» деп ойлағаным сол еді, ойымды оқып қойғандай: «Егер айына 20 мыңнан төлейтін шамаңыз болса, басқаға емес, тура сізге ғана сондай мүмкіндік жасайын енді», - деді қинала. Мен күмілжіп тұрмын. Зуылдап отырып, көрші бөлмеде отырған банк қызметкерінің алдына апарды. Ол құжатымды алып, тексеріп көрді де, 1 жарым жылға 20 мыңнан төлеп отыратындай несие қағаздарын алдыма ұсынды. Шала-шарпы оқып, қағаздарға қол қойдым. 10 құрбыңыздың аты-жөнін телефонын айтыңыз деп тықақтап отырған соң, ең жақын деген 3-еуін айттым. Қолыма үлкен бір чемонданды ұстатып, мойныма несиені іліп есігінен шығарып салды. Әбден далаға шыққанан кейін ғана есімді жидым. Сонда ғана не істеп, қандай алдамшы нәрсеге ұрынғанымды ұғындым.
Жұмысқа қайта келген құрлы, ішім удай ашып, отыра алмадым. Ал жаңағы салонның қызметкерлері сағат құрғатпай телефон шалады, «Тегін процедураға ертең қай кезде келесіз», «Директордың сізге, яғни VIP клиентке деген сыйлығы бар, қашан алып кетесіз?», «Бүгін кешке бет күтімін жасарда маған міндетті түрде хабарласыңыз, мен түсіндіріп айтып отырамын» дегендей маза бермеді.
Жұмысқа келген бетте интернеттен әлгі компания туралы ақпарат іздегенім сол еді, олардың алаяқтығы туралы қаптаған пікірлер нөпірінің астында қалдым да одан сайын шошыдым. Келісімшартты бұзып, чемодандарын қайтарып берген адамдар да көп екен. Солай етсем бе екен деп біраз ойландым да, не болса да, аяғына дейін өзім ем жасап көрейін, мүмкін бетімдегі дақтар кетер деген оймен өзіме қалдыруды жөн көрдім. Олардың маған қайта-қайта телефон шалып жүргені – айнып қалмасын, косметика құтыларын бүгіннен қалдырмай ашып тастаса деген ойы екенін де ұқтым. 
Кешкілік «Бетімізге қашан күтім жасаймыз? Мен сізге айтып түсіндіріп тұрайын» деп хабарласқан қызға ішімдегіні жайып салдым: «Мен нұсқаулық бойынша күнде өзім-ақ бетіме күтім жасаймын. Мені тегін процедураларыңа шақырмай-ақ та қойыңдар, бармаймын да. Ертең тағы пәлен жүз мың теңгенің чегін қолыма ұстатып тұрарсыңдар төле деп. Рақмет. Қасыңдағыларға да айт, мені мазаламасын, әйтпесе, үстілеріңнен шағым түсіремін» дедім. Содан жыр-жырт, ешқайсысы звондамады. Бірден өзім оларға байланыс телефонын берген үш қызға қоңырау соғып, компанияның алдауына түсіп қалмаңдар, шақырса бірден бас тартыңдар деп ескерттім.
Сөйтіп, айдың-күннің аманында алданып, ақыры мойныма 1 жарым жылға неисе іліп отырмын. Әлгілердің тілі майда ма, жоқ гипозы бар ма, соны ұқпадым. Өзімді: «Ең бастысы осы емнен нәтиже болып, бетім тазарса, болды емес пе?» деп сендірген боламын. Әй, ақымақтық-ай десеңші.

Салтанат САБЫР,
Талғар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста