Салақ әйел алсаң, жарты әйел алғандай бір жағында өзің жүреді екенсің
Көшеде келе жатып, үйленді деп естіген танысыма жолықтым. Аялдамада әңгімелесіп отырып қалдық. «Құс құтты болсын» деп қолын алдым. Ол қуана қоймады. «Келін қайдан?» дедім. «Солтүстіктен» деді. «Келініңіз міне мынау» деді соткасынан көрсетті. «Үлбіреген періште ғой мынауың» дедім. «Баяғыда біреу елдің Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай деген екен, соның кебін киіп тұр бірақ» деді ол өкінгендей. Сөйтті де: «Жаңағы үлбіреген бет мені алдап соқты ғой» деді күрсініп. «Неге?» деп мен шошып кеттім. «Келін тура жиырма сегізде, бір баламыз бар. Келісті денеге, үлбіреген бетке мәз болып, бәріміз алданыппыз. Алғаш көргенде үй ішім де қуанған. Бәрі оны періштеге теңеген. Сөйтсек, салақтың салағы, көк долы болып шықты. Алғаш анам ары үйретті, бері үйретті. Бір дастархан жиюды бір апта үйретті.
Әйелге тән қасиеттердің бәрін үйрету мүмкін емес. Ыдыс-аяқты таза ұстау, үйді жию, бәрінен мақұрым. Анам үйрете-үйрете ығыры шығып, бізді бөліп қойды. Бөлек тұрғаннан кейін дастарханды ашып қалсаң, не жоқ. Шаш қыстырғыш, вареньенің үстінде өлген шыбын, тазалап отырып нан жейсің. Айтсаң, бәлеге қалдың, тілі ұзын, шулатып жібереді. Адам өз кінәсін түсініп, ұялушы еді. Бұл шу шығарып, қорқытады. Жуылмай үйілген ыдыс, төсекті бір аптада бір жинамаймыз. Жата кетеміз. Мені де үйретіп алды. Бірде үйде кіре беріп, жуылмаған ыдыс-аяқтың арасындағы горшокты қағып кеттім. Неге төкпейсің, баққаның бір бала, неге үйге қарамайсың деп еркек болып ұрыстым. Жап аузыңды, менде бар қол, сенде де бар, алып тастап өтпейсің бе деді ол. Кісі келеді десе, зар жылайды. Нан илесе, орамал салмай, аузымыздан шаш алып отырамыз. Тамақ жасаса, бір беті күйе, бір беті ұн болып, шикі не күйіп кеткен, не тұзы жоқ, не тұзы ашты, дұрыс жасай алмайды. Азық-түліктің ақшасына ішің ашиды, үнемдеу дегенді білмейді. Екеумізге бір қазан ұнамайтын тамақ жасап отырғаны. Алыпсоқтан да артылып, шашылып жатады. Бір күні бір сыйлы кісіні ертіп келдім. Тамақ дұрыс болмай қалады деп ойлады ма, сорпаға қатқан нан турап шай берді. Ұялғанымнан мелшиіп қалдым. Кеткен соң айтсам, қатқан нанды жараттым, енді үйге келмесе келмесін деді. Кір үйіліп жатады. Кейде киім таппай, сол кірлердің ішінен дұрысын тауып киетін кездер де болады. Бір әкіреңдесең, бір тазалайды, бірақ екіншісінде қалпына түседі. Қашан адам боласың, тамақ анау, үй мынау, кір анау десең, жылап шешесін шақырады да еңірейді. Маған бұрын шешесі күн көрсетпеп еді, енді мына қатынбасша күн көрсетпеді деп жылағанда, шешесі бір жағына өзің шық, баламен бәрі де бір жағына шығады. Кісі келсе, көмектес болмаса адам тап дейді. Алып кетсе екен десең, ондай сөз аузынан шықпайды.
Енеме ашуланып, мен де досым Еркештің үйіне кетіп қалам. Еркештің сұлу болмаса да қап-қара әйелінің пысықтығында шек жоқ. Қай уақытта барсаң да тап-таза. Үсті таза, басында орамал, жиіркенбей тамақ ішесің. Біздің үйде тамақ ішіп отырып, тіліңмен неше түрлі нәрсені тауып отырасың. Еркештің әйелі үш баламен енесі де жоқ, күйеуі мен құсап араласпайды. Кішкене күтіп отырсаң, алдыңа дәмі тіл үйіретін тамақ келе қалады. Өз үйіңнен өзің жиіркенгенде, Еркештікіне барып, демалып, әңгімелесіп жетісіп қалам. Мен қашанғы бара берем. Еркешке үйге жүр деу мен үшін уайым. Біздің үйдегідей тамақ ішіп көрмеген Еркеш біздің тамаққа күлуі де мүмкін. Езілген тамақ келе ме, шикі тамақ келе ме, күйген тамақ келе ме, тұзы бары келе ме, тұзы жоғы келе ме, әйеліңе сенбейсің не өзің істей алмайсың. Бірдеңе айтсаң, ол шулатып жіберуі мүмкін, соны ішің біледі. Ең оңай тамағы сорпаға қатқан нанды турау, пияз қуыру, жұмыртқа қуыру. Осы үшеуін кісіге де жасай береді. Ұяласың, айтсаң, шулатасың. Бәрін білесің де үндемейсің. Екі шұлықпен қазанды ұстап түсіре салады. Киерде мына аппақ шұлық күйе ғой десең, кеше қазанды ала салып едім, басқасын кие салсаңшы дейді. Басқасының бірің тапсаң, екінші сыңары жоқ. Дүкеннен ала салсаңшы дейді. Бірде шай ішіп отырып, шайдың дәмі сабын татығанын байқағаным бар. Шәугімнің бетін ашсам, ішіне бала сабын салғышты салып жіберіпті. Ол шаймен бірге қайнапты. Ал айтсаң, мен әдейі салдым ба деп алдын ала шу шығарады. Түнімен сериал көру, түске шейін ұйқы, көршімен әңгіме, үйдің ішін желдетілмеген күлімсі. Мұғалім деген бір дипломы бар. Қазір үйде отырғанда осындай. Жұмысқа шықса, сол диплом маған уайым. Өзі салақ қалай жұмыс істейді. Әлде мен үйді жинап үйде отырам ба. Әке-шешесі отызға жақындағанша, тәрбиелей алмаған қызды күйеуі қалай тәрбиелесін. Бұндай жағдайда ұрыс шыққанда төркіні алып кетсе жақсы ғой, қуанасың. Өзі салақ, тілі салақұлаш, ә десе мә дейтін көкбет әйелден ығырың шығып жеңіліп, өмір бойы өкінішпен бірге өмір сүресің. Пысық әйел алсаң, екі әйел алғандайсың. Салақ әйел алсаң, жарты әйел алып, бір жағында өзің жүріп, кісі келсе, бір әйелдің істегенін екеулеп істейсің. Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шыққан деген мақалды бабаларымыз қалай тауып айтқан».
Иә, жан жарасына бастым ба, әйтеуір танысымның айтары көп екен. Түсінгенім сұлу деп қызығып алғаны өте салақ болып шығыпты. Дегенмен бәрін тыңдап тұруға уақыт көтермеді. Қош айтысып автобусыма отырдым. Иә, жігіттер расында жігіттер осы беттің әріне көп алданады. Ал сол сұлу қыздың түріне ісі сай болмай шығады кейін. Расында, «Сұлуды аңсап сор қума» дегендей, қыздың жақсысы сұлуы емес мінезі жақсы, пысығы, ер-азаматын сыйлап күте алатыны. Хадисте де «Қоқыста өскен қызыл гүлге қызықпаңдар» деп бекер айтылмаған-ау дедім.
Алдаберген Үсен