«Шайтан түртіп жүр мені» — әйелімнің көзіне шөп салдым…
Мен негізі адалмын. Әйелімнің көзіне шөп салып көрмеппін. Басқа қыз-келіншектерге көз салу, мен үшін күнә секілді болып тұратын. Бірақ амал не… Жақында сол тазалығыма кір жұқтырып алдым.
Өткенде іссапармен Астанаға бара қалдым. Ол жерде қаншама курстастар бар, былайғы достар бар. Жапырлай қарсы алды. Күнде бір үйге қонаққа барамын. Үйіне шақыра алмағандар обедке шақырып риза етіп жатыр.
Содан бір-екі курстасым «Астананың аязынан тоңдың ғой, сені жақсылап бір «терлетейік» деп саунаға шақырды. Сыйлап тұрса, бәлсініп қайтемін? Бардым. Ішіп-жеп, «жүз грамдатып» отырмыз. «Нағыз терлейтін кез келді, ана шақырған «машалкалар» келді ме?», деп олар бір-біріне иек қақты. Алғашында түсінбей қалғанмын. Сөйтсем, «машалка» деп отырғандары қыздар екен. Курстастарым маған бола екі жезөкшені шақырып қойыпты.Өте сымбатты екі сұлу қыз кіріп келгенде «оу жігіттер бұларың не? Мен ондай емеспін. Әйеліме адалмын» деппін ғой. Олар қарқылдап күлді.
«Көке, бұлар Астананың ең сұлу әрі ең қымбат қыздары. Бұлармен министрлердің өзі бір болуды армандайды. Мен білемін ғой бәрін», деп биліктің жоғары бір тұтқасында жұмыс істейтін бір курстасым артымнан итеріп, демалатын бөлмеге қыздармен бірге кіргізіп жіберді. Әлгінде ішкен арақтың қызуы бар. Содан не керек, қайдан шықсам одан шығайын деп қыздарды құшақтап аунай кеттім…
Бірақ үйге оралған соң бір айдай әйелімнің бетіне тік қарай алмай жүрдім. Әйелім де бірдеңе болғанын сезген сияқты. Бірақ бар сырын ішке сақтайтын ақылды жан ғой. «Не болды?» деп сұрамады. Бірде төсекте жатқанда Астанада болған жайтты айтып, кешірім сұрадым. «Болары болып қойған соң несіне айттың? Жезөшелермен жатамын деп ару жұқтырып алмашы. Бөтен әйелдің дәмін бір таттым деп анау жұмыстағы Шалқар досыңа еріп кетпеші», деді де бір күрсініп қойды.
«Құдай сақтасын, Шалқардай манякқа ешуақытта жоламаспын», деп ант-су іштім әйелімнің алдында.
Шалқар демекші, жұмыста бір бөлмеде отыратын сондай қызметтес жігіт бар. Сері, жүргіш. Аузының салымы бар. Көзі түскен қыз-келіншектерді құр жібермейді. Ол жігіттің бір сиқыры бар ма, сөйлесіп, тиіп кеткен қыздар соныкі. Алақандай қалта дәптеріне қанша қыз-келіншекпен жатқанын нөмірлеп отыратыны тағы бар. Өткенде жігіттердің ортасында «бүгінге дейін 1447 қызбен төсектес болыппын. Оның 955 «европейка», қалғандары «азиаткалар» деп есіп сөйлеп тұрғанын естіп қалғанмын. Әрине, оның айтқандарына жігіттер көп сене бермейтін. «Бөсіп, есіп сөйлей беретін шығар» дейтінбіз. Бірақ жұмыстағы бір сұлу келіншекті қалай түсіргенін көрдік. «Қанша жанталассаң да ол саған қарамайды. Күйеуін жақсы көреді. Отбасым деп қалған, оңтүстіктің тәрбиелі қызы ғой» дескенбіз. Шалқар «бәрбір сындырамын» деген. Уақыт өтіп жатты. Шалқар әлгі келіншектің тілін тапты ма, әйтеуір жұмыстан қайтқанда көлігіне мінгізіп, үйіне жеткізіп салып жүретін. «Одан арыға ол келіншек жеткізбес», деп жүргенбіз. Сөйтсек бір күні Шәкең «мына видеоны көріңдер» деп, соткадан бір нәрсені көрсетті. Төсекте құшақтасып жатқан екеуі… Ана келіншек Шәкенің ыңырсып жатып, «сен болмағанда мұндай ләззатты білмей өмірден өтер ме едім. Ешкімге айтпашы, кездесіп тұрайық» демесі бар ма?
«Өй, сен найман емес, нағыз шайтан екенсің» деп жігіттер бас шайқасқан. Сол Шалқардың жүргіштігі туралы әйеліме бірде айтқан едім. Әйелімнің «Шалқарға еріп кетпе» деп жатқаны сол.
Әрине, Шалқардай сері бола алмаспын. Бірақ Астанаға барып, өзге қыздармен жатып келген соң, көңілімде «неге ара-тұра қыдырып, өзіме ұнаған қыздармен көңіл көтермеске» деген ой кетіп жүр. Бөлмеде бірге отыратын Шалқардың үнемі ыңыранып айтып отыратын «Жігіттер жас кезіңде, ойна да күл» деген әні де маған әсер ете бастаған сияқты. Шалқармен жатып жүрген ана бір келіншек маған да қатты ұнайды. Бәлкім, ретін тауып тамырын басып көрсем бе, деп ойлап қоямын.
Бірақ отбасыма, әйеліме деген адалдық оған бөгет болатын сияқты. Алайда жұмыстағылар «қыдырмайды, жарына адал, таза» дейтін ана келіншек жасырын Шалқармен кездесіп, күйеуінің көзіне шөп салып жүргенде, оның жанында мен еркек емеспін бе, деген де ой келеді.
Бәлкім, мені шайтан түртіп жүрген шығар. Білмеймін…
Ерік Төлеш