Қол көтерген күйеуін өлтіріп, сотталған әйелдердің тағдыры
Әйел қатыгез немесе маскүнем ерін өлтіріп алған кезде, заң бойынша көбіне «Қажетті қорғану» бабын қолданылу керек. Бірақ тергеу немесе сот ісін қарау кезінде бұл бап ескерілмей қалады.
Қырғызстанда әйелдер колониясында отырған 350 сотталушының 100-ге жуығы «Адам өлтіру» бабымен жазаланған. Бұл сотталушылардың 25 пайызын құрайды. Жартысынан көбі көзі тірісінде өзіне зорлық-зомбылық жасаған күйеуін немесе бірге тұрған ер адамды өлтірген.
«ҚАТТЫ ҰРДЫ, ШЫДАЙ АЛМАДЫМ»
Мээргүл 10 жылдан астам бірге тұрған күйеуін өлтіріп алған. Сол үшін оны сегіз жылға соттады. Оның айтуынша, ері жиі ішімдік ішкен, күнде ұрыс-керіс шығарған. Соңғы ұрыс күйеуінің ажалымен аяқталды.
 
«Сол күні ол тағы да мас болып келді, мені ұра бастады. Төбелес кезінде ол пышақты қолына алды. Мен «болды, бәрі бітті» деп ойладым. Қыздарым қасымда еді. Олар шыңғырып жатты... Не болғанын әлі күнге дейін түсіндіре алмаймын, әйтеуір пышақ оның төсіне қадалды. Жедел жәрдем шақырдым, милиция келді, мені тұтқындап алып кетті» дейді ол.
Мээргүлдің айтуынша, оның ата-анасы мен жақын туыстары жоқ, сондықтан кәмелеттік жасқа толмаған екі қызын сауықтыру орталығына жіберген, үлкен қызы &ndash 11 жаста, кішісі &ndash 6 жасар.
«Уақытында ажырасып кетсем, мұндай жағдай болмайтын еді. Оны жақсы көрдім. Балаларымыз болды, осындай жағдай болады деп ойламыппын» дейді әйел.
Бұл отбасында ұрыс-керістің көбі қызғаныш пен ішімдіктің кесірінен туындайтын. Мээргүл күйеуі өзін көкала қойдай етіп сабағанда бірнеше рет милиция шақырғанын айтады.
- Ол мені қатты ұратын, шашымнан сүйрейтін. Ылғи денем көгеріп жүретін. Екі рет қолымды пышақпен кесті, тыртығы қалып қойды. Бір айға жуық қолымды көтере алмай, үйде жаттым. Ауруханаға баруым керек еді, бірақ ол «жоқ, үйден емделесің» деді. Сол кезде түрмеге түсуден қорқып, мені әдейі дәрігерлерге жібермесе керек. Оны тыңдамай баруым керек еді, оны түрмеге қамағанда бәрін түсінер ме еді, - дейді ол.
Мээргүлдің айтуынша, күйеуі ішіп алған кезде қолына пышақ, балта немесе таяқ алып әйелінің соңынан жүгіруді әдетке айналдырған. Енді қазір өзі «адам өлтіруші» деп айыпталып, түрмеде отыр. Балалары ана мейірімінен құр қалды.
&ndash Қыздарым жақсы, оларға ана керек қой... Оларға барғым келеді, мені сағынып, жылап жүр. Әркез «анашым, қашан келесіз?» деп сұрайды. Сотталдым деп айтпадым, кішкентай ғой, түсінбейді. «Әкелерің өлгендіктен бізге айыппұл салды, енді біраз жұмыс істеуім керек» дедім. Оларға соққы болмасын деп сотталғанымды айтпадым, - дейді ол.
ІС ҚАЙТА ҚАРАЛУЫ МҮМКІН
Қырғызстанда соңғы жылдары әйелдер жасаған ауыр қылмыс саны көбейіп кетті. Қазіргі кезде Степное ауылындағы колонияда 350 әйел отыр, олардың көбі «Адам өлтіру» бабы бойынша сотталған. Әйелдер жасаған қылмыстар арасында екінші орында «Есірткіні заңсыз сату, тасымалдау және сақтау» бабы тұр. «Адам саудасы» және «Алаяқтық» бабымен сотталғандар да көп.
Әйелдер колониясының басшысы Аман Искендеровтің айтуынша, «Адам өлтіру» бабымен сотталғандардың біразы &ndash отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдамағандар.
«Қазір жазасын өтеп жатқан 300-ден астам әйелдің 22-сі жеңіл қылмысы үшін, ал 100 әйел ауыр қылмысы үшін сотталған. Өте ауыр қылмысы үшін 220 әйел айыпты деп танылды. Біз Қырғызстан Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша кімдерді соттау керектігін талдап, қараймыз ғой. Кейде адамды асқан қатігездікпен өлтіру оқиғалары кездеседі, бірақ көбіне отбасылық ұрыс-керіс кезінде болады» дейді ол.
Аман Искендеровтың айтуынша, қаңтардың 1-і күні күшіне енген жаңа кодекс пен қылмыстық-атқару құқығы саласындағы заң бойынша әйелдерге қатысты сот үкімінің көшірмесі сотқа жіберіледі. Сол кезде үнемі зорлық-зомбылық көрген, сондай жағдайда қылмысқа барған әйелдердің ісі қайта қаралуы мүмкін.
2019 жылдың басында Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы адам құқығы жөніндегі жыл сайынғы баяндамасын жариялады. Құжатта 2018 жылы Қырғызстанда «адам құқығына қатысты көпжылдық проблемалар әлі де алаңдататыны» айтылған. Атап айтқанда, елде әйелдер мен балаларға күш көрсету азаймаған.
Құқық қорғау ұйымы отбасылық зорлық-зомбылықтың азаймай отырғанына назар аударады, соңғы екі жылда Қырғызстанда әйелдер мен балаларға күш көрсету бойынша 9 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Елдің ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2018 жылы отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 4700-ден астам іс тіркелген.
Көптеген жағдайда ұру мен зорлық-зомбылық жасауға қатысты істер тіркеледі. Статистика бойынша, бұл қылмыстың көбін ер адамдар мас күйінде жасайды. 2018 жылдың сегіз айында 4600-ден астам ер адамға және 216 әйелге күзет ордері берілген.
«Кылым шамы» құқық қорғау орталығының жетекшісі Азиза Абдирасулованың пайымдауынша, тергеу мен сот істі қараған кезінде «Қажетті қорғану» бабын міндетті түрде есепке алуы керек.
- Қорғаныс мақсатында немесе болған жағдайға шыдамай өлтіріп алатын кездер болады. Мұндай кезде солай болғанын дәлелдей алмайды немесе оған назар аудармайды. Әйелдің шыдап келгені, ешкімнен көмек сұрамағаны, оған қиянат жасалғанын ешкім білмегені анықталады. Сот кезінде де үнсіз қалады. Екіншіден, зорлық-зомбылық көргенде милиция шақырған, бірақ ол еш шара қабылдамаған, қорғаушылары «күдіктіге бұрын да озбырлық жасалғанын» дәлелдеуі тиіс. Әйелдердің өздерін зорлық-зомбылықтан қорғай алуы керек. Әйтпесе ол ерін өлтіреді, балалар ата-анасыз қалады немесе күйеуі әйелін қатты соғып, өлтіріп тастайды не мүгедек болып қалады. Сондықтан мұндай жағдайға жеткізбей, ажырасып кеткендері жөн. Адамдар не дейді деп шыдап жүре беруге болмайды. Өмір бір-ақ рет беріледі, - дейді ол.
ТАЛҚАНДАЛҒАН ТАҒДЫРЛАР
Баткен ауданының Лейлек аудандық соты қаңтардың 29-ы күні 1970 жылы туған әйел А.А. қатысты істі қарады. Ол «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпты деп танылып, сегіз жылға сотталды. Қырғызстан Жоғарғы сотының дерегінше, ішімдікке масайып, ұрыс шығарған ерін әйелі шалғымен ұрған.
Ері басқа бөлмеге барып жатады, бірақ есін жимайды. Әйел күйеуін ашу үстінде ұрғанын мойындады, себебі ері өзін ұрмақ болған. Айыпталушы сотта күйеуі жиі ішіп алып, өзін жиі ұрып-соққан айтқан.
Жақында Шу облыстық соты күйеуін өлтірген әйелдің шағымын қарап, Панфилов аудандық сотының шешімін күшінде қалдырды. Бұған дейін Панфилов аудандық соты күйеуінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген әйелді сегіз жылға соттаған еді. Кәмелеттік жасқа толмаған екі баласын әлеуметтік қорғаудың аймақтық басқармасына беру туралы шешім қабылданды.
Сот процесі кезінде Анастасия (аты өзгертілген) азаматтық некедегі ерінің өзі мен екі баласын жиі ұрғанын айтты. Қырғызстан Жоғарғы сотының сайтында «2018 жылы шілденің 12-сі күні болған қайғылы жағдайға арақ себеп болған» деп көрсетілген.
Сот кезінде күдікті әйел ерінің өзін ұрып-соққанын, кейін пеште қайнап тұрған сорпаны кішкентай баласына құйғанын айтты. Кейін әйел бензин толы шөлмекті алып, оны күйеуіне құяды да, ұрғанын доғармаса өртеп жіберетінін айтып, қорқытады. Әйел «сөз тыңдамаған» ерін өртейді, еркектің денесінің көп бөлігі күйіп, көз жұмады.
Анастасия сот процесі кезінде балалары кәмелеттік жасқа толғанша жазасын өтеу мерзімін кейінге қалдыруды сұрады. Бірақ сот оның өтінішін қабылдамады. Шу облыстық сотының шешімімен қазір ол Степное ауылындағы колонияда жазасын өтеп жатыр.
«ШЕНЕУНІКТЕРДІ АҚТАЙДЫ&hellip»
«Бір дүние &ndash Қырғызстан» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Толекан Исмаилованың айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бері Қырғызстан бостандық пен гендерлік теңдік принципін ұстанғанына қарамастан, экономикалық дағдарыс салдарынан әйелдерге көп қысым түсті.
-1996 жылдан бергі статистиканы қарасақ, көбіне әйелдер жапа шегеді. Отбасылық қысым, зорлық-зомбылық, ұрып-соғу мен миграция кесірінен әйелдер баласына өзі қарап қалады. Жақында Internews.com деректер жариялады. Оған қарасақ жағдайы төмен отбасынан шыққан сотталушылардың сотта жеңілгені, әлі бостандыққа шықпағанын көруге болады. Ақталушылардың көбі &ndash шенеунік. Бұған адвокаттардың да қатысы бар. Тергеушілер кезекші қорғаушыны шақырады, олар қолдарын қусырып, бос отырады. Сондықтан «адвокаттарға сенбеңдер» дейміз. Оларға ақша төлейді, бірақ одан еш пайда жоқ. Қазіргі кезде ешкімге сенбей, заңды барынша пайдалануға тырысу керек. Сотта әйелдердің жеңгені туралы бір-екі ғана дерек бар, - дейді ол.
Мээргүл болса қыздарымен кездесуді армандайды. Ол әлі жеті жыл жазасын өтейді.
«Балаларыммен бірге болғым келеді. Бірақ не амал бар... Күндіз-түні қыздарымды ойлаймын. Күн суықта олар тоңып қалмады ма деймін, мүмкін қарындары аш шығар деп ойлаймын. Бірақ шыдау керек...» дейді әйел.
Статистика бойынша, Қырғызстанда 3 миллион 155 мыңға жуық әйел тұрады. Түрлі сауалнама деректері бойынша, 15 жастан 49 жасқа дейінгі әйелдердің 25 пайызы зорлық-зомбылық көрген. Яғни, әр төртінші қырғызстандық әйел зорлық-зомбылыққа тап болған.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды