Қит етсе жұдырық ала жүгіретін күйеуімді не істеймін...
"Отбасы - ошақ қасы" айдарының оқырмандары, маған ақыл қосып, кеңес берсеңіздер екен. Таяқ жеуден шаршадым. "Қарадан- қарап күйеуі әйеліне қол көтермейді, кінә-әйелде"деп ойлаушы едім...
Дәл қазір үйге қонақтар келе жатыр. Ал мен болсам бір бөлмеге қамалып отырмын. Неге дейсіздер ғой, ия? Өйткені, мені күйеуім аямай өлімші етіп сабады. Бетімде көретін жер жоқ. Көзім де жылап -жылап ісіп кеткен. Ел бетіне қарайтын бет жоқ. Ұяттан өртеніп барамын. Көрші үйде тұратын абысыным келіп қонақтарды күтуге дайындалып жатыр. Таңертең ерте тұрып барлығын дайындап, өзімше мәз болып жүрген едім...
Менің есімім- Мергүл. Жасым жиырма алтыда. Қарапайым ортада өскен ауылдың қызымын. Ата-анам көрші ауылда тұрады. Менен кейін үш інім бар. Ата-анам қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп еді, өмірімде көрерім алда екен. Ауылда мектепті бітіріп, облыс орталығына барып жоғарғы оқу орнына шамам жетпей, колледжге оқуға түстім. Колледжді бітіріп, ауылыма келіп балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа тұрдым. Інілерім де ер жеткен, тек кенжеміз мектеп қабырғасында. Өз үйімде жұмысымды істеп, тірлігімді жасап жүріп жаттым.
Бір күні балабақшада бірге жұмыс жасайтын Әсия есімді әріптесімнің туған күнін атап өтуге аудан орталығына бардық. Ата-анам да еш қарсылықсыз рұқсаттарын берді. Осы уақытқа дейін ата-анама жаман сөз естірткен емеспін. Сол туған күнде Айдарбек есімді азаматпен таныстым. Айдарбек көрші ауылдың жігіті екен. Үш досын ерте келген Айдарбек Әсияның курстас досы болып шықты. Аудан орталығында электр энергиясы саласында қызмет етеді екен. Осылайша екеуіміз бір-бірімізді ұнатып қалдық. Кейіннен Айдарбек біздің ауылға жиі келгіш болып кетті. Ақыры, ол маған үйлену туралы ұсыныс жасады. Мен де жігітімді сүйіп тұрғандықтан еш қысылмастан келісімімді бердім. Мен үшін дүние дөңгеленіп кеткендей болды, өзімше болашағымды елестетіп мәзбін. Ол кезде "қандай жанұяға барамын, әкесі кім, анасы кім?" деген сұрақтар мазаламақ тұрмақ, миыма да келген емес.
Құда түсіп сырға салып, ұзату тойын жасап ата-анам бақыт тілеп шығарып салды. Атам мен енеммен бірге тұрып, кейіннен барлығымыз Айдарбектің жұмысы үшін аудан орталғына қоныс аудардық.
Айдарбектің туған ағасының үйінің жанынан үй сатып алдық. Маған бірден жұмыс табылмағандықтан, енеме болысып үй шаруасымен айналыстым. Абысыным өте жақсы келіншек, олар да жұмыстан соң тамақты біздің үйден ішетін. Балаларына да біз қарадық. Өміріме риза болып, күйеуге шыққан жақсы екен деп жүріп жаттым. Аяғым да ауырлап дүниеге бірінен соң бірін туып екі қыз әкелдім.
Қыздарымның бірінің тілі шығып екіншісі апыл-тапыл жүре бастағанда енем "өнер" шығара бастады. Күйеуім үнемі үйде баламен отырсың ғой деп маған планшет, айфон, киім-кешек те алып берді. Шақырған жерлерден де қалдырмады. Үнемі өзінің жақсы көретінін де есіме салып асты-үстіме түсіп жүретін.
Енеме жақпайтыным- ұл тумағандығым. Абысынымның ұлын құдайындай көріп, менің баламнан бөліп отырады. Үнемі бір жерден тығып сол ұлға бірдемелерін беріп, немесе шәй үстінде менің қыздарымды кемсітіп, зекіп отырады. Ұлға бірдеме әкеп берсе, қыздарым қызығып сұрайды, бала емес пе? Қазірдің өзінде бала психологиясы бұзылып бара ма деп ойлаймын. Оның үстіне ұл немересіне «қыздарға көрсетпе деп, тығып же» деп жаман үйретеді. Ол тәрбиеден соң абысыным ұлы да екі қызды аямай ұрып, үнемі тиісіп жүреді. Мен іштей жүрегім аурыса да балалар арасына түспеймін. Астарын дайындап, кірлерін жуып үнемі тілдерін табуға тырысамын, бірақ менің ата-енеме жағу мүмкін емес екен. Соңғы кезде енемнің өтірікші екенін де байқадым. Күйеуіме мен жоқта мен жасамағанды жасады деп, айтпағанды айтты деп өтірік жылап истерика шығарады. Кейде әртіс болып жүрегі қағып, қан қысымы көтеріліп кетеді. Оны көрген күйеуім менен өш алады, еш сөзге келместен таяқ астына алады. Кейде күйеуім де жаным ашиды. «Өтірік» деп айтсам да маған сенбей жылап жатқан анасына сенеді. Ал, мен таяқ жеп аламын да дым білдірмей жүре беремін. Күнде «ұл тумайсың» деп те миымды жейді. Бүгін шыдамым жетпей күйеуіме түгел айттым, сол үшін де таяқ жедім. Тура мені ұрғанда өзі сияқты еркекті ұрғандай ұрды. Үлкен күректей жұдырығымен басымнан, құлағымнан ұрғанда, түк естімей талып қалдым. Оянсам, қасымда абысыным отыр басымды құшақтап. Кішкентай қызым "әке, кәкай" деп қояды балапаным сол , сезеді ғой анасының қиналғанын. Қыздарыма қосылып өзім де жыладым.
Соңғы кезде шын ойлана бастадым. Күйеуім ашу үстінде мені өлтіріп қойса екі қызым жетім қалады ғой. Оның үстіне қыздарымның қорқып өскенін де қаламаймын. Осы уақытқа дейін өз ата-анама ештеме де айтқан емеспін. Жүректерін де ауыртқым келмейді. Ажырасып кетейін десем екі періштемнің болашақтары да алаңдатады. Ата-анам да ел бетіне қалай қарайды деп те уайымдаймын.
Күйеуім бар жасаған жақсылығын бір-ақ күнде құртады. Өйткені, ол анасының сөзін сөйлейді. Атам енемнің сөзінен шыға алмайтын момын адам. Енем бір туысқандарымыздың тойында тост бірінші берілмеді деп үстелді төңкеріп тастаған адуынды адам. Үнемі ол кісінің ойлағаны болмаса, үйде ұрыс-керіс. Әрине, ұрыс-керіс күйеуім екеуіміздің арамызда. Күйеуім соңғы кезде арақ ішіп келетінді шығарды. Басым қатып, балтырым сыздап мен отырмын. Бүгін де таяқтың құрбаны болдым. Қызын қонағындай күтіп құрметтеп, қол көтермек тұрмақ дауыс көтергенді ар санайтын қазақтың қызымын ғой. Бұл таяқтан құтылар күн бар ма екен...
Айман, Қарағанды