Қатынынан қорықпайтын қазақ жоқ
Бүгінде «әйелімнен қорықпаймын» деп, өтірік намысқа беріліп, отбасының шаңырағын шайқап жүргендер көп. Сондықтан осы мәселе жайлы өз ойымды айтсам деймін.
«Анау әйелінен қорқады, мынау әйелімен ақылдаспай тірлік істемейді, пәленше әйелінің сөзінен шықпайды, төленшеге әйелінен жақын адам жоқ тағы біреуді қатынжанды» деп, өзгелерге сын айтып, «әйел жолда, бала белде» деп бөсетіндер бар. Десе де, солардың өздері де әйелінен қорқады. Өйткені әйелінен қорықпайтын еркек жоқ. Тек соны мойындауғы ерлігі жетпейді, қорқамын деуге өтірік намыс жібермейді.
Не айтса да қалыс айтпайтын атам қазақ «әйел мойын, еркек бас, мойын қайда бұрса бас солай бұрылады» дейді. Орынды және дәл айтқан. Алла тағала әйелді еркектің қабырғасынан жаратқан. Қабырғаң сөгілсе, құлайсың. Сондай-ақ қазақта «қабырғаңмен кеңес» деген сөз бар, яғни әйеліңмен кеңес деген сөз. Демек әйелмен ақылдасып, айтқанына жүрсең жаман болмайсың.
Негізі еркектің бәрі әйелінен қорқады. Тек олар әйелінен қорқатынын мойындайтындар (нағыз ерлер, өйткені мойындау да ерлік) және әйелінен қорқатынын мойындамайтындар (жалған намыстылар, кеудемсоқтар) болып екі топқа бөлінеді.
Еркектердің әйелінен қорқатынының бір мысалы: Бір ғана мысал, жай ғана мейрамханада бір әйел кісімен тамақтанып отырған күйеуіне әйелі телефон соғып, «қайдасың?» деп сұраса, қай еркек болмасын «бір шаруамен жүрмін не жолдастармен бильярд ойнап жүрмін» дейді. Қай топқа жататын еркек болса да шынын айтпайды. Өйткені, әйел кісімен тамақтанып отырғанын айтса, еркек басына пәле тілеп алады. Онда әйел ерін үйге кірмей жатып, есік алдынан бүйірін тянып қарсы алары сөзсіз. Ал бүйірін таянған әйелден бәрін де күтуге болады. Еркек жұбайына ол әйел адаммен араларында ештеңе жоқ екенін, онымен тек жұмыс бабымен кездесіп, бірге тамақ ішкенін түсіндіре алмайды. Сондықтан «...машайық қашыпты» демекші өтірік айтып құтылады. Ал, неге шындықты айтпағанын сұрай қалсаңыз, нағыз ерлер «өйткені мен әйелімнен қорқамын» деп ашығын айтады. Ал кеудесін соғатындар «болмашы нәрсеге әйелімнің көңілін бұзбайын дедім» деп түлкі бұлаңға салады. Менің ұқпайтыным базбіреулердің әйелінен қорқатынын неге мойындамайтыны?!. Әйелден қорыққанның несі жаман? Менің ойымша оның айыбы да, жамандығы да жоқ.
«Мен әйелімнен қорықпаймын, сыйлаймын» дейтіндер де бар. Негізі сыйлау мен қорқудың арасында шекара жоқ. Қазақта « адам қорыққанын сыйлайды» деген сөз бар. Сондықтан «сыйлаймын» деп сызылғанша, қорқамын деп ерлікпен мойындаған абзал. Әйелінен қорыққан еркек қорқақ еркек деген сөз емес. Сондықтан әйелден қорыққан айып емес. Өйткені оның пайдасы болмаса, зияны жоқ. Осы орайда әйелден қорқудың бір пайдасын да айта кетсем. Жалпы алғанда, әйелден қорыққанның пайдасы көп. Ең бастысы әйелден аяқ тартатын еркек көзін сүзгенге жібін үзіп, бассыз кетпейді. Бойдағы бар қуатын «танаға» берген «өгізде» не қалады дейсіз? Шылауын тартып тұрмаса, еркек біткеннің үйсіз, күйсіз халге душар болуы анық. Осы тұста ойыма оралған анекдотты айта кеткен жөн болар.
– Ертеде бір әмірші уәзірлеріне бір еркек пен он әйелді аралға апарып тастап, бақылауды тапсырады. Арада бір ай өткенде, уәзірлер олардың не істегенін білмек болып барса, ұрыс-керіс, шашылған қоқыс, аралда тәртіп жоқ. Сөйтсе, әйелдер жалғыз еркекке де, бір-біріне де бағынбай, әрқайсысы өз білгенін істеген. Сосын уәзірлер әміршінің бұйрығымен бәрін кері қайтарып, олардың орнына аралға 10 еркек пен бір әйелді апарып тастайды. Арадан тағы бір ай өткенде барса, айнала тап таза, баспана тұрғызылған, бір еркек отын шауып, бір еркек от жағып, қазан асып, енді бірі су тасып, бәрі шаруамен айналысып жүр екен. Ал жалғыз әйел биікте орналасқан арнайы жасалған орында жантайып, бұйрық беріп жатқан көрінеді. Уәзірлер көрген білгенін әміршіге айтып келеді. Мұны естіген әмірші «бүгінен бастап еркек кіндіктінің барлығы әйеліне бағынсын» деп жарлық шығарады. Сол кезден бастап еркектер әйелдеріне бағынып келеді екен.
Расымен де, көп жағдайда еркек баспен ойлай бермейді. Сондықтан еркекті еркіне жіберуге болмайды. Ал әйелден қорқатын еркек тапқанын үйіне әкеледі. Ондай үйде ұрыс керіс болмайды. Ал, әйел еркектің әкелгенін ұқсатып, сол үйге, бала-шағаға жұмсайды. Сонда ол дұрыс емес пе? Сонда әйелден қорыққаннан не жамандық көреміз? Міне 30 жылдан бері әйеліме бағынып, соның айтқанымен жүріп келемін. Одан зиян шеккен жайым жоқ. Әйелсіз еркек мал шашады. Қазақтың еркекке қарата «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деуі осыдан болса керек. Әйел бар жерде береке бар. Өз басым әйелімнен қорқамын да, сыйлаймын да. Соның арқасында берекеті келіскен жанұя болып отырмыз. «Әйелге бағынбаймын» деп берекелеріңізді қашырмаңыздар, еркектер!