Өмір жолдары әртүрлі, тағдырлары бұралаң жандарды көріпте естіпте жүрміз. Бақытты адамдарға біріміз қызыға қарасақ, енді біріміз қызғана қараймыз. Меніңде өмірім кішігірім хикая десемде болады. Сол өмірімнен сіздерге баяндап сыр шерткім келеді. Сөз қолдауларыңызға мұқтаж болып жазып отырмын. Өтініш, ойларыңызды жазбас бұрын жақсылап жинақтап алып, дұрысынан саналы түрде ұшқыр әрі жетік етіп жеткізгендеріңізді қалаймын. Мұнда жазбас бұрын көп ойландым. Айналамдағы адамдарға бірдеңе айтуға да қорқамын себебі біреуі күле қараса енді біреуі не ойлайтынын кім білсін. Әңгімем өз өмірім жайында.
Жаратушым маған көрікті аямай берген. Аяқ қолым бүтін денім сау. Аллаға шүкір деймін жетім емеспін, отбасым аман, ошағым бүтін. Өмірім қиындыққа толы демеймін, мүмкін мен нағыз қиындықтың қандай боларын әлі көрмегенде болармын. Алла қаласа намаз бастаймын деген ниетім бар, ин ша Алла сүрелер жаттап жүрмін. Мен ауылды жерде, қарапайым отбасында, екі қыз екі ұлдың ең тұңғышы болып өстім. Әке- шешемнің берген тәрбиесін терісінен көрсету мен үшін өліммен тең. Кішкентайымыздан жоқшылық қасіретін көп тарттық. Сондықтан болар әкем араққа салынып кетті. Екінің бірінде бар мәселе дейтін боларсыздар? Ия, әкем ішіп алыпты дегенді естігенде бәріміз жан- жақа қаша бастайтынбыз. Мас күйінде үйге келіп шешеме тарпа бас салып ұра жөнелетін. Сайтан суға құнығып, салынып кеткені сонша әкемнің көзіне ештеңе көрінбеді. Қыс айларында анам бізге нан табамын деп үйден таң бозарып атпастан шығып кететін, қас қарайғанда денесін әрең сүйреп келгендей үйге келіп құлайтын. Солай айқай- шуға толы өміріміз өтіп жатты. Әкемнің таяғына шыдай алмаған анам бір күні мүгедек жанға айналды. Шешемнің бұл сиқын көргенде біз қалай қарап тұрайық? Көзіміз жасқа малынып еш құрғамайтын, сөйтіп әркім өз арбасын өзі сүйреп кетті...
Өмір бізді ерте есейтіп жібергендей. Алғаш нан табуға кеткен күнімді есіме алсам 6-шы сыныпта оқып жүрген өрімдей ғана қыз екем. Қайбір жарытып жұмыс жасайды дейсің, дала жұмыстарымен айналысып тапқан тиын- тебенімді әкеліп анамның алақанына салғанда менен бақытты жан болмаушы еді. Мектеп қабырғасында жүріп нан табуды бірге алып жүру оңайға соқпады. Сабағым жайында қалды. Сол жылдары мен түнгі ұйқының қадірі мен маңдай термен ақша табу қандай болатынын білдім. "Ата- ананың разылығы Аллахтың разылығы",- дейді ғой хадис шарифтерде. Аузыма салған әр үзім нанның адал болуына барынша тырыстым. Ал анам болса үйде емес ауруханада көбірек болатын. Талай түнімді қайғырумен, талай таңымды жылаумен атырдым. Өзегімді бір өксік жұлмалап, тамағымда бір тас тұрғандай жұтынсам ауырып дұрыс демалуыма кедергі жасайтын. Бірақ біреудің біреу үшін басын ауыртатын заман ба? Әкемнің туыстары тіпті сыйлауды қойған, үйге іздепте келмейтін. "Балалық шағымның өзіне тән дәмін татырмады, бала болып ойнап еркелеп өспедік",- деп әкемді жазғырмаймын. Себебі, Құдай мені жарату үшін тап осы адамды таңдап алды емес пе? Құдайдың ісіне қарсы шығып қаhарына ұшырағым келмеді. "Әкең тентек болса байлап бақ",- деуші еді ғой. Сыртқа қайтіп теуіп шығасың? Осылай жүріп бір күні мектеп бітіретін уақытта келіп жетті. ҰБТ деген сынақ мені қарсы алды. Оған жатпай- тұрмай дайындалдым, сенерім бір Алла ғана болды. Күндіз- түні оқып грант деген құрғырға әйтіп- бүйтіп жүріп қол жеткіздім. Астана қаласындағы мен деген ең мықты жоғары оқу орнына тапсырып өзіме тиесілі орынды ойып тұрып алдым десемде болады. Құдайдың маған берген ризығының бірі деп есептеймін. Себебі, мен оқыған жылдары бұндай мүмкіндіктер тіптен аз болды. Әне- міне деп диплом алатын уақытта келіп жетті. Қуанышымда шек болмады. Дипломымды алып, әке- шешемді асыраймын, бауырларымды алға сүйреймін, асулардан асамын белестерді бағындырамын деп алдыма көптеген мақсаттар қойдым. Бірақ, өмір! Бәрі мен ойлағаннан әлдеқайда қиын болды. Мамандық бойынша еш ақысыз жұмысқа тұру біздің қалада мүмкін болмады. Соңғы жылдарым маған тым ауыр соқты. Кедергілер көлденеңнен шыға берді шыға берді. Ал артынан жетпегендей миыңда қатерлі ісік бар деген диагнозды естігенде төбемнен жай түскендей болды. Әкемнің түрі анау, ал құр сүлдері қалған анама қарасам көздерінде тұнып тұрған мейірімділік пен тек қайғы- мұңды ғана көрем. Сараптамалардың нәтижесін алып ең жақсы деген жеке клиникалардың біразына бас сұқтым, бірақ өкініштісі сол бәрі бір диагнозды айтты. Енді қәйттім? Жайымды шешеме айтсам байғұстың жүрегін езіп жіберемін- ау.. Сол жақ тұсым сыздап ауырады. Етегім жасқа толып еңірегім келеді, бірақ мұңымды барып кімге шағайын?!
Айнұр,
Астана