Қайын ініме ғашықпын...

Қайын ініме ғашықпын...

Мен бүгін қолыма қалам алып өзімнің сүйіп оқитын «Алаш айнасы» порталына хат жолдап отырмын. Менің басымнан кешіп жүрген қайғым өзімнен кейінгі жастарға сабақ болар деген үміттемін. Адам болған соң өмірде әртүрлі қиындық кездеседі екен. Сол қиындықтың бірі өзіңнің жақын адамыңа ғашық болу. Мен осы бір жауапсыз махаббаттың отына күйіп жүрген жанның бірімін.
Мен Алматы облысынында дүниеге келдім. Өзіміз ауылды жерде өстік. Әкемнен ерте айрылдым. Әкенің аялы алақанын, әкенің қамқорлығын көрмей өстім. Ең болмаса бала болып әкеге еркелей де алмадым. Содан болар менің мінезім өте тұйық болды. Қиналсам да іштей мұңайып, айналамдағыларға сыр ашпайтынмын. Бала болып далада асыр салып та ойнамадым. Себебі, артымнан ерген екі інімді ес білгелі бері бағып келдім.
Міне, осылай қоңыр күздей салқын күндер өте берді. Менің де мектеп бітіретін кезім жетті. Мектепті орташа бағамен бітірдім. Қалаға оқуға барғым келді, бірақ үйдегілер мені жібермеді. «Сенің оқуыңа төлейтін ақшамыз жоқ. Қалаға оқуға барған қыздар бұзылып кетеді. Шошаңдамай үйде тыныш отыр. Оданда тұрмысқа шығудың қамын жаса», – деп апам ұрсып берді.
Қатарымнан қалдым. Бала кезімде дәрігер болсам деп армандайтынмын. Ол бала арманның бәрі де көкке ұшты. Содан не керек бір күні көршіміз үйге келіп «почтаға келген хаттарды үйді үйге жеткізіп тұратын адам керек екен. Қызың үйде бос жатпай сол жұмысқа кіріп алсын. Өзінің киім-кешегіне ақша табады ғой», – деп апама келіп айтты. Оны естіп апам екеуміз де қуанып кеттік. Ертеңіне алып-ұшып почтаға бардым. Почта бастығы маған біраз сұрақтарын қойып, ұзақ қарап отырды да «ертеңнен бастап жұмысқа кіріс. Егер жұмысты жасай алмасаң, шығарып жіберемін», –деді.
Ертеңіне қобалжып, абдырап бірінші күн жұмысыма бардым. Өзім іштей қуанып жүрмін. «Үйде апамның айқайын естіп жатқанша, кешке дейін жұмыс жасап баратын болдым», – деп те қоямын. Ауылдың шетінде орналасқан үлкен үйге әр айдың басында бір қорапқа оралған зат апарып беремін. Сыртына жазылған жазуы да әдемі екен. Сол қорапқа қараймын да, ішін ашып көргім келеді да тұрады.
Келген сәлем-сауқатты алып үлкен үйге бардым. Үйдің есігінің алдында қазақы үлкен төбет ит жатыр екен. Менің төбемді көре сала әупілдеп есімді шығарды. Қанша айқаласам да, үйдің ішіндегі адамдар еститін түрі жоқ. Кеш те батып барады. Ызаға булығып тұрмын. Бір кезде сол үйге қарай бір бойы аласа келген ер кісі беттеді. Оны көріп қуанып кеттім. алдынан «ағай, ағай» деп жүгіріп шықтым. «Сіз мына үйде тұрасыз ба? Сіздердің иттеріңізден кіре алмай тұрмын. Қорапты алып, мына жерге қол қойыңыз», – дедім. Әлгі кісі маған қарап аң-таң болып біраз тұрды.
Бірақ, маған әлгі кісінің қарағаны ұнамаған еді. Ол қорапты алып тұрды да «күн батып қалды, мен сізді үйіңізге дейін жеткізіп салайын» деді. Мен бейтаныс ер кісіден қорқып, «жоқ, рахмет» деп бұрылдым да кетіп қалдым. Бірақ әлгі кісі, мен үйге жеткенше соңымнан қалмай еріп келді. Ауылды жер болған соң дала қараңғы, үй жоқ, жазық дала да кездеседі. Соңыма түскен кісіден қорқып үрейленіп үйге әзер дегенде жеттім-ау. Бәрінен де бұрын бейтаныс кісіден құтылғаныма қуандым.
Бір күн Әдеттегідей үйді аралап почтамды таратып, шаршап үйге қарай жаяулатып келе жатқан едім, жаныма бір жеңіл көлік келіп тоқтады да «Сара апаның үйіне қалай баруға болады?» деп сұрады. Ойымда еш нәрсе жоқ. «Ол кісі менің көршім, сіздерді ертіп барайын ба?» дедім. Бар ойым дайын көлікпен үйге жетіп алу еді. Көліктің ішінде отырған екі жігіт пен қыз да қуанып кетті. Мен көлікке отырып, жол сілтеп келемін. Көрші Сара апамның үйінің қасынан келгенде, көлік аққан жұлдыздай зымырап қаланың шетіне қарай зуылдап өте шықты.
Сөйтіп, өзім ішіне кіре алмай жүрген зәулім үйге келін болып түстім. Соңымнан еріп, мені қатты қорқытқан бейтаныс кісі менің өмірлік жарым болып шыға келді. Мен осылай алып қашудың құрбаны болдым. Ұнатпасам да, елдің сөзінен ұят деп қала бердім. Жолдасым менен тоғыз жас үлкен. Сөйтіп жаңа өмір бастадым. Таңертең ерте тұрып үйдегі 5 сиырды сауып, ыстық нанды тандырға көміп, енемнің, атамның, жолдасымның шайын беріп жұмысқа қарай асығып жүгіремін. Кешке дейін үйді-үйді аралап жүгіріп шаршап үйге келемін. Келе үйдегілердің тамағы, малды жайғаймын. Осылай күндер өте берді. Күйеуімді ұнатпасам да, амалымның жоғынан бірге тұрып жүрдім. Ай сайын үлкен қорапқа салып үйіне сәлем-сауқат жіберетін қайным екен. Бір күні үйге келсем, енемнің көңілі жадырап, мәз болып жүр. Сөйтсем, қалада жұмыс жасайтын қайным үйге келеді екен. Түнімен тәтті тағамдарды пісіріп ұйқы көрмеген бойы жұмысқа кеттім.
Енеме қарсы сөйлеуге қорқамын. Ол кісіге қарап ауыз ашсам болды, жолдасымнан таяқ жеймін. Сол үшін жұмған аузымды ашпай жүре беремін. Кешкісін жұмыстан шаршап келсем. Төргі бөлмеде шай үстелдің басында қайным отыр. Бойы ұзын, шашы тұнық қап-қара бұйралау келген. Қыр мұрынды, аққұба жүзді. Көрген қыз ғашық болатындай нағыз серінің өзі дерсіз. Кірген бойда қайныма қарап тұрдым да қалдым. Тура бір өнер жұлдызын көргендей күй кештім.
Жолдасым менің таңғала қарағанымды байқаса керек, қасыма келіп шынтағымен бүйрегіме нұқып қалды. Сонда ғана есімді жинап, өз-өзіме келдім. Отыра қалып шай құя бастадым. Менің жолдасым мен қайнымның түсінігі жермен көктей. Қайным әйел адамның жанын жақсы түсінеді. Үйдің тірлігіне үнемі қолқабыс етіп жүреді. Қайным өзімнен 5 жас үлкен. Менің жолдасым да оқыған, білімді адам. Бірақ, ауылда тұрғаннан кейін болар, түсінігі мүлдем басқа.
Таңертең ерте тұрып сиыр саууға шығамын. Қайным маған көмектесіп жанымда жүреді. Тандырға нан жабамын. Ал, қайным тандырға от жағып береді. Самаурынға шай қоямын. Қайным самаруынға құятын суды құдықтан тартып әкеліп береді. Екеуміз әртүрлі тақырыпта әнгіме айтамыз. Ол маған қаладағы қызықтарын айтып береді. Менің жүзіме күлкі үйіріліп, бал-бұл жанып жүре бастадым. Қайнымның қасында жүріп жұмыстан да, үйдің тірлігінен де шаршағанымды ұмытып кеттім.
Қайнымның еңбек демалысы да бітуге таяп қалды. Оның кететін күні жақындаған сайын жүрегім езіліп, өзімнен-өзім жылай бердім. Кейде «Шіркін-ай, мені неге қайным алып қашып кетпеді екен» деп өкінемін. «Осыдан үш ай бұрын жолдасым алып қашып келгенде, қалмай кетуім керек еді. Сол кезде қайын ініммен танысар едім» деген ой да маза бермеді. Қайным қалаға кеткен кезде үйдегілерге көрсетпей екі көзге ерік бердім.
Қайныма деген сезімімді іштей тұншықтырып келемін. Қайным қалаға кеткенен кейін оны ұмытармын деп те ойладым. Бірақ, мен қателесіппін. Жақында дүниеге ұл бала алып келдім. Жолдасым ұлды болғанына қатты қуанып жүр. Ал, менің бар арманым қайнымның қасына бару еді. Оған деген ғашықтық сезімім өзегімді өртеп барады. Кейде не істерімді білмей аласұрамын. Қазіргі өміріммен қош айтысып, қайныма барып өзімнің сезімімді білдірсем бе деп те ойлаймын.
Қайным қалаға кеткелі бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Көз алдымнан оның бейнесі, құлағымнан даусы кетпейді. Екеуміз бірге өткізген сол күндерді еске алып, өзімді жұбатып қоямын. Ал, қайнымның маған деген сезімін білмеймін. Ол маған мен секілді ессіз ғашық па? Жоқ әлде маған тек ағасының әйелі ретінде ғана қарайды ма? Осы ойлар маған маза берер емес. Егер, қайнымның да маған деген махаббаты шынайы болса, бәрін тастап оның соңынан еріп кете берер едім.
Мүмкін, менің бұл ойым дұрыс емес те болар. Менің жүрекжарды сырымды оқыған адам, мені түсінбейтін де болар. Ессіз қатын дер. Бірақ, өмірде ең қиыны өзің тұрмыста болып, өзге жігітке ғашық болғаннан ауыр қайғы жоқ екен. Себебі, мен қазір сары уайымға салынып, қатты жүдеп кеттім. Керек десеңіз өмір сүргім де келмейді. Жөргекте жатқан ұлым үшін ғана өмір сүріп келемін. Жолдасым екеуміздің арамызда ұлымыз болмағанда, мен бұл үйде бір күнде тұрмас едім.
«Алаш айнасы» порталының тұрақты оқырмандары, басыма түскен ғашықтықтың азабынан еш құтыла алар емеспін. Қайным менің алғашқы махаббатым. «Жүрекке әмір жүрмейді» деген сөз қате айтылмаған екен. Қайныма ғашық боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмеген еді. Адам айтса сенгісіз күйді басымнан кешіп келемін. Нәзік жанды абзал аналар мендей адасқан сіңілілеріңізге айтар кеңестерің болса аямаңыздаршы. Жасым болса енді ғана жиырма бірге толды. Жастайымнан тағдырдың тауқыметін көріп келемін. Енді, міне ғашықтық дертке өртеніп жүрмін. Сезімімді қанша жасыруға тырыссам да қолымнан келер емес. Қайнымды көргім келеді де тұрады. Оның даусын естіп, жылы-жылы сөздерінен қуат алғым келеді. Мен қайнымның әйелі болғым келеді.
Сүймеген адаммен қош айтысып, қайныма деген сезімімді білдіріп, өзімнің махаббатым үшін күрессем бе? Әлде ауылдың сөзінен ұят деп сүймеген жанның қасында жүре берсем бе? Шырмауытқан ойдан арылуға көмектесіп, дұрыс жол сілтейді деген сенімдемін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста