Қайын атаммен көңіл қосып жүрген әпкемді қайтем....
"Отбасы - ошақ қасы" оқырмандары, менің жазбамды оқып біреу-күлер, біреу-балағаттар. Бірақ, менде басқа амал жоқ. Күйеуім сезіп қоя ма деген қорқыныш тағы бар. Не істерімді білмей басым қатты...
Мен Көкшетау өңірінің қызымын. Үйде екі қыз және жалғыз ініміз бар. Әпкем менен алты жас үлкен. Ата-анам зейнетақыға қарап отырған жандар. Әпкем мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай облыс орталығына жұмысқа тұрды. Жұмысы-сатушы. Кейіннен Қарағанды жаққа тұрмысқа шықты. Ал мен болсам оқуымды бітіріп, Көкшетау қаласына жоғарғы оқу орнына студент болып қабылдандым.
Әпкем - Қарлыға жездеммен мінездері келіспей, екі жылдан соң ажырасып қайтып келді. Жездем жаман жан емес сияқты еді, бірақ әпкеме бір жақпай-ақ қойды. Үнемі көңілі толмай есі шықты, ақыры бір баласын жетектеп ауылға қайтып келді. Ата-анам іштей көңілдері түссе де үнсіз қабылдады. Ұлын бауырларына басты. Әпкем ұлын ата-анамның қамқорлығына тастап, Көкшетау қаласына кетті. Ол кезде мен екінші курсқа аяқ басқан кезім еді.
Көкшетауда тағы бір шағын дүкенге стаушы болып кірді. Мен жзатақханада, ол қыздармен пәтер жалдап тұрды. Анда-санда пәтеріне де барып тұрдым. Қасында өзі сияқты тұрмыста болған қыздармен тұрады екен. Әңгімелері жарасып, кафеге барып қыдырғыш болып кеткендей. Үйлеріне барсам, Қарлыға менің тезірек кеткенімді қалап тұратын сияқты болып көрінетін. Үнемі қолыма ақша мен азық-түлік ұстатып, "сау бол" деп шығарып салуға асық еді. Бұрынғыдай емес өзі де әрленіп, әдемі киініп, шаш үлгісін де өзгертіп үлгеріпті. Ұлын ұмытқан, тіпті ата-анама анда-санда ғана хабарласады. Бар көмегі- дүкеннен бір сөмке тәттілер жіберіп тұрады екен.
Осылайша, мен үшінші курсқа келдім. Қарлыға өміріне де үйренгенбіз. Бір күні Қарлыға екі баласы бар азаматқа тұрмысқа шығатындығын айтты. Әйелі қайтыс болған, балалары ер жетіп кеткен болашақ жездеміз Қарлығадан он екі жас үлкен екен. Әпкемнің екінші рет отбасын құру бақытына ие болғанына іштей қуанып жүрдім. Енді мен жатақханадан шығып, Қарлыға әпкемнің қолында тұратын болдым. Әпкем дүниеге бір ұлды әкелді. Үй-жайы бар жездеміз де жайлы адам, өзімен өзі жұмысына барады, теледидарын қарап, анда-санда ақырын ғана әңгімесін айтып отыра беретін. Балалары да ер жеткен ақылды, артық "жас отбасын" мазаламайды. Жездеміз вахталық жұмыста істейді. Айына бір рет Астана қаласына жұмысқа кетеді. Он күннен соң қайтып келеді.
Мен өз бақытымды кездестіріп, тұрмысқа да шықтым. Қазір Көкшетау қаласында ата-енеммен бірге тұрамын. Енем-көп сөйлей бермейтін сабырлы жан. Екі жыл болды қант диабет ауруына шалдығып, науқастанып жүр. Үйде болғаннан аурухана төсегіне таңылғаны көп. Ал, атам болса зейнетке шықса да бір мекемеде күзет қызметінде жұмыс істейді. Үлкен жер үйіміз де бар. Күйеуім банк саласында жұмыс істейді. Өзім екі баламен үйде отырмын.
Мені мазалайтын соңғы кезде үлкен "проблема" бар, ол- Қарлыға әпкем мен менің қайын атамның ара-қатынастары. Ел біле ме білмеймін, мен ашық та анық білемін десем де болады. Бірнеше рет көзім де жеткен. Енем ауруханада жатқан кезде Қарлыға әпкем де біздің үйге әр нәрсені сылтауратып келгіш болып алды. Жездем вахталық жұмысына кеткенде атам сол үйдің "құтты қонағы", үйге де қонбай қалады. Қайда болатынын сезсем де білмегенсіп жүремін. Күйеуіме айтуға еш батылым бармайды, тіпті қорқамын. Ал, әпкемді бір рет сөзге тартып көрмекші болып едім, қарқылдап күліп әзілге айналдырып "құдашадан құр қалғанды ... атады" деп өз алдына бет алды сөйлейді. Енем ештеме білмейді және білмесе екен деп тілеймін. Әпкемнің қылығы бір күні әшкере болса, отбасымыз ойрандай бола ма деп те қорқамын. Үйге келгенде Қарлыға атама батылданып сөйлегенін көргенде жерге кіріп кете жаздаймын, бар-жоқтысын киіп түлкі құсап бұраңдап шолжаңдап, құтты мода көрсетуге келгендей сылқылдап үйде сағаттап отырып алатынын қайтерсіз. Туған әпкем қылығын ата-анама да айтуға батылым жетпейді. Тіпті, бір ағайындардың тойында менің атама жабсып билегенін көргенде жер болдым. Жездемді адам құрлы көрмейді, жасқанбайды да, арасында өтірік күліп алдай салғанын көргенде өз әпкем қылығынан жиіркеніп те кетемін. Егер бір әңгіме бастасам, ертең өзімді кінәлі қылып шықпасына кім кепіл, олардан бәрін күтуге болады. Ағайын-туыс, ел-жұрт соқыр емес қой, бір күні шындық беті ашылса не істемекпін? Жездеме де жаным ашиды, бұл сұмдықты ұлдары білсе Қарлығаны бір күнде тұрғызбасы анық. Ал, күйеуім білсе не боларын кім білсін?
Анар, Көкшетау
alashainasy.kz/