«Пәктік белгісін» тігіп береді екен
Соңғы кездері қандай да бір себеппен «пәктік белгісінен» айырылған қыздардың оны гинекологтарға тіктіріп алатыны жөнінде жиі айтылып жүр. Бұл жел сөз емес. Кей мамандардың айтуынша, ондайлардың қатары бүгіне көбейіп келеді дейді мамандар.
30 мың теңгеге «қыз» етеді
Бүгінде бұл тақырып жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Солардың бірқатарына көз жүгіртіп көрген едік, тосын жайлар жөнінде білдік.
Бүлінген пәктік белгіні тігу Алматы жақта 30 мың мен 75 мың теңгенің арасында екен. Яғни мұның біріншісі бірер күнге жарайтыны да, екіншісі – ұзаққа шыдайтыны.
Осының ішінде «қысқамерзімдігін» кез келген клиника жасай алатын көрінеді. Яғни гинеколог «перденің» қалдығын оған сіңіп кететін арнайы жіппен тігіп береді. Операция жергілікті анестезия беру арқылы амбулаторияда жасалады. Оны «қыз» қажетті кезден бірнеше күн (3-5 күн, 1-2 апта) бұрын жасатады. Ол көбіне қыз ұзату және үйлену тойының алдында жасалады. «Қыз» өзінің «қақ-соқтан» аман екенін осылай дәлелдейді.
Мұндай операцияның «ұзақмерзімдігін» гинекологтар «қызға» күтілген мезеттен біршама ұзақ уақыт бұрын салып береді. Бұл кезде «перденің» өзі тігілмейді, оны «жамауға» қынап аузынан ұлпалар алынады. Операция жалпы наркоз арқылы жасалады. Пациент отадан кейін стационарда бір күн болуы тиіс. Мұндай операцияны жасатқан жан өзінің жай-күйіне, ағза мен жас ерекшелігіне қарай амбулаторияда немесе клиникада 15-20 минуттан (операция біткесін) бірер сағатқа дейін бақылауда болады. (Операцияның өзі 15-20 минутқа созылады) Бәрі жақсы шықса, үйіне жіберіледі. Ол ауыр зат көтермеуі, белсенді қимылдан сақтануы, талтайып отырмауы керек. Жалпы, мамандардың айтуынша, мұндай операция жасатуға көбіне жасы 25-ке дейінгілер барады екен. Күніне осындай оншақты ота жасалады. «Жұмыс» негізінен мамыр-қазан айларының аралығын қамтиды.
Бәрі де «бетімен кеткендер» емес
«Пәктік белгісінің» өзі қыз баланың жыныс мүшесінде болатын табиғи жұқа кілегей қабатты перде. Ол алғашқы жыныстық жанасу кезінде жыртылады, қанайды. Жалпы, онда тамыр көп емес, олар тез жиырылады, сондықтан қан тоқтаусыз кетпейді. Онда жақсы қан айналуы жоқ, сондықтан өздігінен «жамалып» қалмайды.
«Пәктік белгісі» әркімде әрқалай. Біреуде – нәзік, ал біреуде оның созылғыштығы басым, тесілмей қала алады. Бұл көбіне бала кезде спортпен айналысқан қыздарда кездеседі. Яғни ол алғашында ауырсыну сезінгенімен пердеден қан шықпайды.
Кей қыздар зорлыққа ұшыраған немесе алданған болуы мүмкін. Кей қыздар құлап жарақаттап алған болуы ықтимал. Олар кейін ұятқа қалмас үшін амалсыз «перде» тіктіреді. Бұл жерде мәселе адамның тәрбиесінде, тегінде, ар-ұятында тұр. Яғни «пердені» ермекке, біреуді алдау үшін, таңқалдыру үшін тіктіретіндер де жоқ емес.
40 жасында жасатқан
Мұндай операция жасайтын гинекологтардың тәжірибесінде оның өзін де таңқалдыратын оқиғалар болып тұрады екен. Мысалы, бір әйел 40 жастан асқанда жасатыпты. Күйеуін «риза» ету үшін мерекеге «сыйлық» арнаған.
Дегенмен мұндай жастағыларға «перде» тігу – күрделі іс. Себебі ол қыз күндегідей емес, оның қалған бөлігін «жамау» үшін қынап аузынан ұлпалар алынады. Сосын оны «перде қалдығын қосып тігу керек.
Негізі мұндай операция гименопластика деп аталады. Оны бірнеше мәрте жасауға болады. Бірақ ота жасау барған сайын қиындай түседі. Себебі «перде» ұсақ бөліктерге бөлініп кеткен, сондықтан қынап аузынан ұлпалар көптеп алынады. Бір тұсты қайта-қайта тіге берген сайын оның жарақаты жазылуы қиындай түседі.
Сондықтан, жалпы алғанда, «қыздар» мұндай отаны ондап емес, бір-екі, үш-төрт мәрте ғана жасатады екен. Негізінен күйеуге тиіп алғасын бұл істі доғарады.
Жас 18-ден асқан болуы тиіс
Гименопластика жасы 18-ден асқан «қыздарға» жасалады. Алдымен ол толық медициналық тексеруден өткізіледі. (Оның ақысы операция ақысынан бөлек). Қанның жалпы және биохимиялық сынамасы, оның ұйығыштығы, жүрек күйі, жыныс жүйесінің флорасы тексеріледі. ВИЧ-ке, В және С гепатиттеріне тексерілуі керек. Әбден тексеріліп болғасын консультациядан өткізіліп, ота сосын барып жасалады. Операциядан соң кольпит, вагинит сияқты жағымсыз жанама әсерлер сезілуі мүмкін.
«Қыз емес» дегенге селт етпейтіндер көбеюде
Қазақ халқында қыз тәрбиесіне көп көңіл бөлінген, баратын жеріне абыройын сақтап жетуі маңызды болған. Ал мамандардың айтуынша, бүгінгі қазақтар бұл мәселеге аса көңіл бөлмейтін болыпты. Ол тек Қазақстанның Оңтүстік өңірі тұрғындары үшін ғана маңызды болып қалған. Мысалы, Алматы жақта бұдан «трагедия» жасамайды, ашық айта салады деседі.
«Ал Шымкент, Қызылорда, Тараз жақта жұрт бұған әлі де мән береді, – дейді мамандар. – Дегенмен қазақтар арасында «перде» мәселесіне аса назар аудармайтындар қатары артуда».
Яғни, мамандардың пайымынша, бұл заман ағымына қарай ортаға сіңіп жатқан қалыпты құбылыс сияқты.
Мамандар соңғы кездері гименопластикаға Оңтүстік өңірде өскендер жиі жүгінеді дегенді айтып жүр. Бұл рас па, жалған ба?
Рас болса, ол жақсы ма, жаман ба?
Ең бастысы, қыз бала өз абыройын қорғай білсін, ер-азаматтар нәпсі жетегінде азғындыққа бармасын дейміз. Иба, иман, әдеп, ұят, ар-намысын бәрінен биік ұстаған ұлт қыздарына гименопластика деген нәрсе (бетін аулақ қылсын, әрине) зорлық-зомбылыққа ұшырап қалғандар мен «керегін» жазатайым жарақаттап алғандарға ғана қызмет етуі керек шығар.
Десек те, ғаламтор беттері «Қыздық перде салып беремін» деген жарнамаға толып тұр...
А. ҚАЛАМҚАС.