Өзімді алып қашқан жігітті соттатып, өмір бойы жалғыз қалдым...
"Отбасы - ошақ қасы" оқырмандары, Сіздерге ішкі жансарайымды ашып, шерімді тарқатуға бекіндім. Ресей киноларынан қиналған жандардың шіркеуге барып көрінбейтін бір дінбасы «бейнесіне» ішкі сырын айтып, мұңын шаққанын көріп менің де бұрыс-дұрысын айтатын тыңдаушым болса деп армандаушы едім, енді міне сол сәттің сәті түскендей.
Мен Көкшетау өңірінің қызымын. Есімім Маржан. Жасым қазір елуге жақындап қалды. Қазір үйде сексеннен асқан анамды бағып күн кешіп жатқан жайым бар. Біз үйде алты жан едік. Әкем ертеректе өмірден озған. Екі ағамның өз жанұялары бар. Қыздар да өз орындарын тапқан. Тек, үйде жеке өмірде бағы жанбай ана болу, жар болу бақытына ие болмаған - мен ғана. Мүмкін, Алла маған сол бір уақытта бақ сыйлап, сол басқа келген бақты өзім тептім бе деп те ойлаймын. Енді бәрі кеш екенін білсем де күнімді анамды күтіп, әпкелерімнің балаларын бағып-қағуға арнап жүрмін. Бәрі түсінікті болу үшін оқиғаның басынан бастап баяндап көрейін, ар жағын оқырман өзі ойланар.
Мектепті бітіргеннен соң, Көкшетау қаласында аспаз мамандығын алып шықтым. Жоғарғы оқу орнына түссем деген ойым іске аспады, конкурстан өтпей қалдым. Ауылдың қыздарымен бірге арнайы жатақханада тұрдым. Ол кезде әкем жарықтық тірі еді. Ауылда анам мен әкем ғана, қалғандары жан-жақта. Осылайша Көкшетауда төрт жыл жұмыс істедім. Ағаларым үйленді. Әпкелерім тұрмысқа шықты. Сол балаларының қызығын көріп, біраз уақыттан соң әкем дүние салды. Ауылда анам жалғыз қалды. Мен Көкшетау облысының Архат есімді жігітімен танысып, алғашқы махаббаттың қызықты күндеріне мас болып, күндерім өтіп жатты. Табиғатымнан мінезім қиын болды десем артық айтпаспын. Үйдің кенжесі болғандықтан ба өз дегенімді істейтін жан едім. Екі сөзге келместен бұрылып жүре беретін әдетім де бар. Бірақ тілімді тапқан адамға менен мейірімді адам жоқ. Өзім ұнатпайтын адамдармен сөйлескім келмесе сөйлеспей қоятынмын. Бірден ортаға кіріп кету деген маған мүлдем жат. Ұнамаса бірден бетке былш еткізіп айтып салып, көңілге қарау деген жоқ.
Сегізінші наурыз жақындап қалды. Қыздардың сүйіктілерінен күтетін бір сыйлығы бар ғой. Мен де сол сияқты Архаттан бір тарту күтіп жүрмін. Сегізінші наурыз күні Архат тосын сый тартпақ түгілі сол күні мүлдем маған келмеді. Алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылды. Басқа қыздардың жігіті солай жасаса бірден сөгетін әдетім бар еді. Намыстан өртеніп барамын. Келесі күні Архат салпиып келіп тұр, қолында гүлі бар. Жігіттің сөзін тыңдайтын мен бе, бірден "кет, көзіме көрінбе" деп гүлін бетіне лақтырып, кетіп қалдым. Сол күйі Архатпен сөйлеспедім. Қырсыққан күйі кете бардым. Жастығым болар себеп-салдарын білмей жатып, бірден өз бетіммен шешім шығардым. Үйдегілер шешімімен ауылға кететін болдым. Анам-жалғыз, мал-жан бар дегендей. Бірден келістім. Ақымақ басым кімді қиратпақпын десеңізші, Архатқа деген өкпем қара қазандай, ауылға кетіп өзімше өш алмақпын. Кейінен Архат үйленіп кетіпті. Қазір қалың жұртты басқарып отырған ел ағасы.
Осылайша ауылға келдім. Мектепке кітапханаға орналастым. Сырттай бөлімге оқуға түстім. Мектепті үшпен әрең бітірген едім, мектепте оқымаған оқуды енді оқып мәзбін. Анам да біраз адуынды, ешкім көп бетіне келе бермейтін, басынан сөз асырмайтын еді. Келіндері мен қыздары алдында зырдай жүгіретін. Клуб меңгерушісі Асхат ағайдың көңіл-күйі жақсы болса анда-санда кино болады. Ол киноға ауылдың бүкіл кемпір-шалы орындықтарын сүйретіп баратын. Кейде аудандардан көркемөнерпаздар концерті келеді. Арасында өзіміз де концерт қоямыз. Қыста қатты аязда үйден шықпай, ерте ұйықтап күніміз өтіп жатты. Ол кезде ауылда теледидар көретіндей қазіргідей таза көрсететін сандық телевидение жоқ. "Байлар да жылайды", "Изаура", "Дикая Роза", "Спрут" сынды сериалдарды қай көршінің сол күні теледидары жақсы көрсетеді сол үйлерді аралап көреміз. Кейде біздің де үй кинозал болып кетеді. Тіпті ауылда свет те болмайтын күндер жиілеп кететін.
Ауыл арасы жақын болғандықтан көрші ауылдан дискотекаға қыз-жігіттер де келіп тұратын. Бірақ, анам өте қатал болғандықтан мен көп бара бермейтін едім. Қыстың қақаған аязында қойлар төлдеп жатқан уақыт еді. Тұлыпты жамылып, шамды ұстап қораға қарай беттедім. Бір кезде түсініксіз жағдай болып кетті, мені біреулер ат-шанаға салып, алып қашты. Мен айқайлап, жұлқынсам да қарайтын емес. Көрші ауылда тұратын Есен деген жігіт екен. Менен үш жас үлкендігі бар. Ауылына келсек барлық шам жарқырап, үйдегілері күтіп отыр. Ел-жұрт басыма орамалын байлап, шашуын шашып әлек. Мен одан сайын долданып, басымдағы орамалды жерге атып ұрдым. Бір адамның сөзіне құлақ асып тыңдайтын емеспін. Мені үлкендер жұбатып шаршады, тіпті бір әйелдің шашын да жұлып, итеріп жібердім. Есенге тіпті көз қиығымды да салмадым, жан алатын Әзірейіл көргендей жиырылдым. Тұрмыстары да оңып тұрған жоқ сияқты, «қайда келдім» деп қоямын іштей. Осылайша таңды көзіммен атырдым.
Артымнан қуғыншы келді. Қасымда туысқандарым бар анам үйді басына көшірді. "Оңбағандар әкесі жоқ деп басынып, жарымағандар, соттатамын сендерді" деп біраз тілдеп жатыр. Ол да ешкімді тыңдайтын емес, анамды көріп, сөзін естіп жинала бастадым. Ешкім сөзіне қарамастан, анам мені жетектеп алып кетті. Осылайша ауданға барып алып қашты деп арыз жаздық. Есеннің анасы туысқандарымен бірнеше рет келіп, кешірім сұрап аяғымызға жығылды. Қой-сиырына дейін әкелді. Анам да мен де жібитін емеспін. Әпкелерім мен ағаларымды да тыңдамадық. Сот болды, Есен бірнеше жылды арқалап кете барды. Бірақ сол кезде мен тараптан Есенге деген бір де бір аяушылық сезім болған жоқ. Ауылда да аяғымды алшаң басып, тік жүрдім. Шынын айтсам, сол кезде ісіме өкінген де емеспін. Ал, ауылдастар арасында "Есеттің отбасын менсінбеді" деген алып-қашпа әңгіме жүріп жатты.
Мен сол күйі тұрмысқа шықпай қалдым. Қазір өткеніме көз жүгіртіп өкінемін. Мүмкін, сол уақытта қала салсам әп-әдемі жанұя болып кетер ме едік. Өкінгенмен бәрі кеш. Мүмкін басқа салған тағдырым осы болар, әлде "адам тағдырын өзі жасайды" дейді ғой, мүмкін сол кезде анам екеуіміз үлкен қателік жасадық па? Қартайған анам әлі күнге дейін ол туралы сөз қозғап, "күйеуге тимедің" деп те мені табалаған емес. Бәрі ішінде болар. Кейіннен Есен түрмеден шығып, үйленді. Қазір үлкен қарапайым отбасы. Ал сол оқиға туралы бәрі ұмытқан, тек мені жасым келген сайын мазалайды...