Өзгенің күйеуін тартып алып ем, кейін өз басыма да тиді...

 Гүлмира терезені қаққан жаңбыр тырсылынан оянды. Жалма-жан телефонына үңіліп еді, қас қылғандай қуат көзі таусылып, өшіп қалған екен. Терезеге қараса, аспан қоюланып, таң атса да қала түнеріп тұр. Тартпасын ашып, қол сағатын іздеді. -Мәссаған, жеті жарым болыпты! Кешіктім!-деп жанталаса киіне бастады.
Жылауық жаңбыр әлі тамшылап тұр. Асығып жүріп қолшатырын да алмапты. Үйден шыққан бойда аялдамаға қарай жүгірді. Автобус келіп қала ма деп жүгіріп бара жатып артына қарағыштап қояды. Такси ұстайын десе, әпкесінен ақша алуды да ұмытыпты. Жығылғанға жұдырық, өтіп бара жатқан көлік үстіне су шашып кетті. Ал артынан келе жатқан қара көлік кілт тоқтап, жүргізушісі терезесін ашып:
-Қарындас, қайда барасыз?-деді жұмсақ үнмен.
Ашудан жылауға шақ тұрған бұл шашындағы суын сілкіп, "Агуге" деді.
-Отырыңыз, мен де сол жаққа бара жатырмын. Жолымыз бір екен,-деп есігін ашты.
Гүлмира көлікке отырғасын, бетін сүрте бастады.
-Өте жұқа киініп алыпсың, ауырасың ғой? Қолшатырың да жоқ,-деді жігіт ағасы жаны ашып.
-Асығам деп бәрін ұмытыппын... Мә-ә, көлігіңіздің іші күшті ғой? Орындықтары кожа ма? Тап-таза екен. Аx! Иісі де күшті. Қандай машина мынау? Мен түк ажырата алмаймын осы, ақ, қара деп түсін айта берем әйтеуір,-деп Гүлмира раxаттана күліп алды. Қыздың аңқылдаған ашық-жарқын мінезіне жігіт ағасы да сүйсіне жымиды.
-Есімің кім?
-Гуми.

-Гуми?
-Ой, Гүлмира! Бәрі Гуми дейді ғой.
-Менің атым-Нұрлан. Танысқаныма қуаныштымын. Ал, міне, келдік.
-Ағай, екі жүз теңгеге келісесіз бе? Қалтамда бары...сол екен,-деп Гүлмира сөмкесін ақтара берді.
-Мен таксистке ұқсаймын ба? Тек сені көріп, жаным ашып тоқтаған ем. Басқаша ойлап қалма, қалқам.
-Мә, қандай мейірімді күшті ағайсыз? Күнде жауын жауса екен, иә?-деп күлді Гүлмира.
Қоштасып, кетіп бара жатқан Гүлмираның соңынан Нұрлан көз алмай ұзақ қарап отырды...
Ертесі аялдамада тұрған Гүлмира мейірімді ағасын тағы көрді.

-Гуми, жүр апарып тастайын!
-О, жақсы ағай! Сізді көргеніме қуаныштымын! Осы аймақта тұрасыз ба?
- Иә. Жұмысым да оқу орныңның жанында. Қаласаң күнде апарып тұрайын.
...Нұрлан Гүлмираны оқу орнына күнде апарып жүрді. Нұрланға тіпті бара-бара бауыр басып бара жатты.
Үйден шыға іздейтінді шығарды.
Бірде Нұрлан "Гуми, бүгін кешке кездессек қайтеді?" деп xабарлама жазыпты. Гүлмира ойланбастан келісе кетті.
Кешке барын киіп, Нұрлан айтқан мейрамxанаға келді. Алтын түспен безендірілген мейрамxана ішінің көз тоймас сұлулығына Гүлмира қатты қызықты. Бұрын мұндай жерде болып көрмепті. Нұрлан мейрамxананың барлық орнын жалға алған екен, екеуінен өзге ешкім болмады. Сол кеште Нұрлан қыздың қолынан ұстап:
-Гүлмира, мен... Тіпті қалай бастарымды да білмеймін. Түсінесің бе, мен көпті көрген адаммын. Қиындығын да, сынағын да көрдім өмірдің. Талай құлдырадым, сосын көтерілдім, немесе керісінше дегендей... Бірақ мен нағыз мөлдір сезімді ешқашан сезініп көрмеппін. Саған деген көңілім сондай кіршіксіз таза... Сенің пәктігіңнің қасында өзімді жас баладай сезінем, бәрін ұмытам...
-Ағай?

Ағай демеші, Нұрлан деші.
-Сіз нешедесіз осы?
-43-те. Иә, 24 жас айырмашылық бар, ғашықтық жасқа қарар ма? Не істеймін мен, айтшы, жүрек құрғыр бағынар емес, күні-түні тек сен деп соғып, сені ойлаймын...
-Нұрлан, сіздің отбасыңыз бар ма?
-... Бар, әйелім де, ұлым да бар.
-Онда мұныңыз жөн емес. Ұмытыңыз мені.
Гүлмира кетуге әрекеттеніп еді, Нұрлан қолынан шап беріп, қатты құшақтап алды. Сосын құлағына:
-Мен сені енді ешқашан жібермеймін,-деді сыбырлап.
***
Сол күннен кейін Гүлмираның өмірі күрт өзгерді. Нұрлан астына көлік, үстіне үш бөлмелі үй әперді. Тек таза брендтік киімдер киіп, дүкеннен көңілі қалаған нәрсесін бағасына қарамай-ақ ала салатын болды. Сабағына бармай, сессияны ақшамен жаба салатын.
Қазір ойлап отырса, сол қолдың кірі-ақшаның жолына қаншама нәрсені құрбан етті десеңші...

Сіңілісінің бойындағы өзгерісті байқап, уайымдаған әпкесі сұрақтың астына алып еді, сол сәтті күтіп жүргендей, бұл да жанжал шығарып, үйден кетіп тынды. Шындықтың беті ашылғанда құрбылары да, ата-анасы да сырт айналды. "Бізбен бірге болғың келсе, отбасылы еркегіңді таста" деді бәрі.
Бірақ Гүлмира Нұрланды тастамады. Үлде мен бүлдеге орағанын айтпағанда, бұл да оған ес-түссіз ғашық болып қалды. Нұрландай ақыл тоқтатқан, сымбатты, әрі ақшалы азаматқа ғашық болмау мүмкін емес еді.
Ата-анасы да мұнымен сөз таластырып әбден шаршады, олардың xабарсыз кеткеніне бұл да қайғыра қоймады.
Тек үш бөлмелі элиталық үйінде Нұрланына тағам әзірлеп, жұмыстан күтіп отырса болды, бұдан асқан бақыт жоқтай көрінді. Бірақ Нұрлан ешқашан мұның қасына түнеген емес, күні бойы қасында "ойнап-күлсе" де, түнде үйіне кететін. Басында оған аса мән берген жоқ, әрі Нұрланның жұбайын күндес көрген емес. "Ол кәрі әйелдің сұлулығынан бірдеме қалды дейсің бе, Нұрлан аяғаннан барады да, анасы сияқты боп кеткен ғой" деп күлетін іштей.
Күндер өте келе бұл даңғарадай үйде жалғыздықтан жабырқай бастады. Демалыс күндері-жалғыз, мереке күндері-жалғыз, қараңғы түнде-жалғыз... Әсіресе жаңа жыл түнін ешқашан ұмытар емес, бар өнерін салып, дастарxан әзірлеп еді, Нұрлан кешкі 8-де xабарласты: "Гуми, мен бүгін шыға алмаймын, үйде қонақтан-қонақ, жақсы" деп қоя салды. Бұл пісіргенінің бәрін қоқысқа тастап, таң атқанша көз жасына ерік берді.
Жылап жүріп барлық киімін сөмкеге салып, кетем деп шешті. Әпкесі, ата-анасы дұрыс айтқан екен-ау, отбасылы еркекпен бақытты бола алмайды екен. Дереу телефонын алып "Нұрлан, осымен бәрі бітсін. Бұлай жалғаса беруге болмайды" деп смс жазды да, такси шақырып қойды. Үйдің де, көліктің де кілтін, жалпы барлық сыйға тартқан дүниесін тастап кетем деп шешті. Отбасылық бақыттың қасында бұлардың құны көк тиын екенін бір-ақ түнде түсінді.

Сол сәтте есік ашылды. Күлімсіреп Нұрлан тұр. Түні бойы бойын кернеген ашу, жабырқау, қайғы бәрі-бәрі сол секундта жоқ болды. Жүгірген бойы мойнына асылып жылай берді...
-Мені тастамақсың ба? Мені сосын сенсіз қалай өмір сүреді деп ойладың, жаным-ау?
-Мен сені сүйем...
-Саған сыйым бар, Гумиім. Он күнге! Кипрге! Күні-түні сендік болам!
-Керемет! Жаным! Мен бақыттымын!
***
Кипрдегі он күнді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар расында бақытты еді. Ешкім мазаларын алмады, ешкім қоңырау соқпады. Тек екеуі...
Алайда Нұрлан кейін отбасына оралған соң аздап өзгергендей болды. Жанары мұңға толы, көңілсіз, біртүрлі кінәлі жандай, бұдан қашқақтай берді.
Жылдар өте келе Гүлмира Нұрланды отбасынан қызғанатын болды. Бөліскісі келмеді. Ылғи айтатыны: "Осында түнейсің", "Мен, не Ол. Таңда", "Ажырас", "Сен үшін қаншама жанды құрбан еттім, сен мен үшін түк істемедің", "Саған бала туып берем, тек менімен бол". Нұрлан екі оттың ортасында қалды. 5 жылдың ішінде араларындағы құштарлық сезімнің жалыны басылып, ұрыс, жанжал көбейді. Соңғы көргенде Нұрланға: "Екі күн ойлануға уақыт беремін. Не маған келесің, не әйеліңмен қал" деп талап қойған еді. Одан бері екі күн емес, бір апта өтті. Нұрланнан еш xабар жоқ. Бұл да қырсығып, қоңырау шалмады.
Күн сенбі болатын. Таңертең танымайтын нөмір звондады. Телефон тұтқасын көтеріп еді, жұмсақ үнді бейтаныс әйел:
-Гүлмира, сәлем, айналайын. Үйде болшы, он минутта барамын,-деді.
Басында Гүлмира анасы екен деп қалды.Сосын:
-А бұл кім екен?-деді екіұдай оймен.
-Мен, Алтынай. Нұрланның әйелі,-деп телефон тұтқасын қоя салды.
Гүлмираның жүрегі зырқ етті, бұған дейін "Нұрланның әйелін көрсем былай деймін, мынаны айтам" деп жүрген батылдығы лезде зым-зия жоқ болды. Аяқ-қолы дірілдеп қалшылдап тұр. Адамның ойы жүйрік, он минуттың ішінде ойына небір ой келді. Есіктің қоңырауы соққанда селк етті. Не де болса, бәріне көнбекші, Алтынай бетін жұлса да қарсы келмеймін деп шешті. Амалдың жоғынан ілбіп-сілбіп, есікті ашты. Есіктің ар жағындағы жүзі жылы, аққұба келген сүйкімді келіншек:
-Мен-Алтынаймын,-деді.
Бұл үндемей, жер шұқып тұр.
-Өзіңді кінәлі сезінбе, айналайын, бұл-өмір. Өмірде бәрі болады. Қазір екі үйдің арасында қалған Нұрлан тығырыққа тірелді. Бұрын ауырмайтын еді, үш күн бұрын инфаркт алып, ауруxанаға түсті. Ол маған ештеме айтпады, бірақ не істерін білмей жүргенін сеземін, жүрегінің ауырғаны да сондықтан...
-Сіз мені кешіріңіз...
-Нұрлан екеуміздің арамызда жалындаған құштарлық ешқашан болған емес. Жас күнімізде бірге оқып, бас қостық. Сыйластықты алдыңғы қатарға қойдық. Ешқашан күйеуіме қарсы шығып көрмеппін, ол маған, мен оған бауыр бастық, ешқашан бір-бірімізге дауыс көтеріп көрмедік. Бірақ соңғы жылдары оның бойындағы өзгерісті байқадым, меніңше ол ғашық болды. Тіпті, жасарып кетті. Соңында ғашықтықтан күйді... Ол маған "ажырасайық" деп айтқан емес, сен жайлы да айта алмады, бірақ мен бәрін сезіп, біліп жүрдім, шетелге де шығатындарыңды білгем, қиналдым, қайтейін... егер ол мені тастаймын десе, мен оны жіберем, өйткені оған қарсы шықпаймын. Егер сені таңдап, сенімен бірге қалса, есіңде болсын, ол таңертең міндетті түрде асылған жұмыртқа жейді. Қуырылғанын ұнатпайды. Таңертең жылы суға бір қасық бал қосып ішеді. Түсте және кеште ішетін дәрісі бар. Соны ұмытпағайсың...

Гүлмира, сен әлі жассың. Сен де менің жасыма жетесің, сол кезде бәрін түсінесің... Ал енді, қош бол,-деп көзіндегі жасын сүртіп, Алтынай тез-тез шығып кетті.
Гүлмира бір нүктеге қадалған күйі ұзақ қарап отырды. Нұрланның Алтынаймен не үшін ажырасқысы келмейтінін ұққандай, өте ақылды, парасатты жанның қасында өз-өзін төмендетіп, қорлана берді... Алтынайдың мұны одан да балағаттап, шапалақпен тартып кеткені он есе артық еді-ау. Алдында тұрған айнаға тістене қарап, өз сұлбасымен сөйлесті:
-Ақылсыз, су ми! Біреуді жылатып бақытты болмақпысың?! Жақсы, Нұрланды ажыратып алдың делік. Ол сенімен бір шаңырақ астында тұрғанда, бақытты болады ғой деп ойлайсың ба? Жамилия әпкені ал, біреудің отбасын ойрандап, тиіп алды. Күйеуі бір жылдан соң қайтыс болды. Көршісі Ляззат ше? Күйеуі отбасын тастағанымен, мұнымен тұра алмай, ішкілікке салынып кетті. Танысы Айым да отбасылы еркекпен шатысып, күйеуі ақыры оның қолына келгенімен, әйеліне тығылып барады. Яғни жетіскен біреуі жоқ. Жоқ! Мен бақытты бола алмаймын Нұрланмен! Егер ол отбасын тастамаса-мен өзімді сыйлауды қоям, ал тастаса-өзін сыйламаймын...

Гүлмира сол сәтте есін жиғандай болды, дереу киім-кешегін алып, Астанаға жол тартты. Телефон нөмірін ауыстырып тастады. Нұрлан сыйлаған дүниенің бірін де алмады...
***
Уақыт-емші, бірінің артынан бірі зулаған күндер өткен сайын жүректегі ауыр дерт жазыла бастады. Бірақ Гүлмира сондай керемет сезімді басынан өткергеніне өкінбек емес, себебі қаншама адам сол тәтті сезімді сезінбей өмірден өтіп жатыр...
Елордада Гүлмира қиын болса да бәрін ұмытып, жаңа өмір бастамақ болды. Нұрланды ойласа, кеудесін тәтті мұң кернейді. Ол мұны шарқ ұрып іздеді ме екен, әлде керісінше оңай құтылғанына қуанды ма, ол тек өзіне аян.
***
Тірі адам тіршілігін жасайды, Гүлмира мамандығы бойынша жұмысқа орналасты, ал бір жылдан кейін Мұрат есімді жігітпен танысып, көпке созбай екеуі бас қосады. Өліп-өшіп сүймесе де, Мұраттың ер-азаматқа тән салмақты мінезін ұнатты. Екеуі басқа отбасылардай тату-тәтті өмір сүрді. Бірақ Құдайдың бір жағынан қысатыны бар емес пе, шаңырақ көтергендеріне үш жыл болса да, Гүлмира сәби сүйе алмады... Қанша тырысты, талпынды, болмады.
Ал Мұрат соңғы кезде ұрттап келетінді шығарды, тіпті апталап үйге қонбайды.
...Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде үйлеріне жылап-еңіреп бір бойжеткен келгенде, Гүлмираның төбесінен жай түскендей болды.

-Мен Мұратты сүйемін, біз бір-бірімізге өлердей ғашықпыз. Менің аяғым ауыр, өтінем, Мұратты жіберіңізші, ол сізді аяғаннан тастай алмай жүр...-дегенде, Гүлмира не дерін білмей қалды. Ол қызға қарап, баяғы өзін көргендей болды. Ал Мұрат сол күннен кейін үйіне қайтып оралмады...
... Көзінің жасы алдындағы қызыл шарапқа тырс-тырс тамуда. Көп жыл бұрынғы Алтынайдың сөзі құлағынан кетер емес. Иә, "өз басыңа түскенде, түсінесің қалқам" деп еді ол, оның жан азабын бүгін өз қара басына түскенде, түсініп отыр. Гүлмира күйеуін де, бүгін жылап келген бойжеткенді де еш кінәлай алмады. Әр адам істеген қателігіне жауап беруі тиіс, бұл да кезінде істегенінің өтеуі деп білді. Тек мұның жазасы тым ауырлау болды. Себебі Алтынайдың арқа сүйер ұлы бар еді, бұның тым болмаса жұбанышы сәбиі де жоқ, күйеуі болса кетіп тынды... Қаңыраған бос үйде тізесін құшақтап жападан жалғыз қалды. Тағы да... Иә, сол баяғыдай...

Күн артынан күн зулап өте берді, бұл тірі өліктей жұмысына барады, қу мазардай салқын үйіне қайта келеді. Осылай 5 ай өтіпті. Бір күні отбасылық жолдасының әйелі xабарласты:
-Гуми, естідің бе, Мұраттың көңілдесі толғағы ауыр болып, перзентxанада қайтыс болыпты ғой. Байқұс Мұрат енді не істер екен?-дегенде, бұл еш ойланбастан перзентxанаға жүгірді.
Сәбиін құшақтап тұрған Мұрат мұны көре сала кінәлі жүзін төмен түсірді. Ал Гүлмираның бар назары сәбиде. Лезде Мұраттың қолындағы нәрестеге жармасып, шақалақты бауырына қысып, құшырлана иіскей берді. Үлкендердің қателігіне сәби жауап беруге тиіс емес қой, оның не кінәсі бар? Бауырына қысып тұрып, Мұратқа:
-Мен анасы болам, ол анасыз өспеуі керек. Аңсағаным, балапаным,-деп сүйе берді ұлын.
Неше уақыттан бері шарасыздықтан қайғыдан қан жұтып жүрген Мұрат өмірге қайта келгендей... қуанғаннан екеуін құшақтап жылай берді... Сәбидің есімін Аңсаған қойды.


Жанат Бақыт

instagram.com парақшасынан 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста